Өнер • 26 Тамыз, 2022

Аңыз-бейне

374 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Әдебиетте бейнесі аңызға айналған ақындардың бірі – Ахматова. Оның портретін небір шебер суретшілер салды. Мәселен, Амедео Модильяни, Кузьма Петров-Водкин, Иосиф Бродский, Алексей Баталов. Әр портреттегі ақынның тұлғасы, көңіл күйі, шығармашылығы – бәрі-бәрі ақынның өмір жолынан сыр шертеді. Өнертанушылардың айтуынша, «Ахматованың портреттерінде ондаған сыншының кітаптарына қарағанда әлдеқайда көп шындық бар».

Аңыз-бейне

Юрий Анненков, «Мұңды сұлу», 1921

Ахматованың сурет өне­рін­дегі бейнесінде Мо­дилья­ни қаламының бояуы ерекше бай­қалады. 1911 жыл. Жас ақын Анна Ахматова күйеуі Николай Гумилевпен бірге Па­­рижге ке­леді. Богемалық жұрт­­шылыққа кеңінен танымал «Ротонда» ка­фесінде ол ита­­льяндық суретші Амедео Мо­дильянимен танысады. Кез­десуден ерекше әсер алған су­ретші Ахматованың портретін жадында сақталған бейнесі ар­қылы салады. Бұл туралы ақын: «Арамызда болған жағдай оның – өте қысқа, ал менің – өте ұзақ ғұмырымның қайнар-бас­тауы еді. Өнердің шар­­пыған ыс­тық демі екеумізді де өзгерте қоймағандықтан, бұл жар­қын, елең-алаң сәт іспетті болатын», деп жазады.

Алайда кейін Модильянидің барлық суреті революция ке­зін­­де ақынның Царское село­да­ғы үйінде өрт кезінде жанып кетеді. Тек өзіне аса қымбат – Ахматованың «Түндер» алле­гориялық мүсіні түрінде бейнеленген суреті ғана сақталып қалған.

Дәл осы портрет туралы жа­­зушы-тарихшы Николай Хард­­жиев былай дейді: «Ах­ма­то­ваның образы XVI ғасыр­дың ең әйгілі сәулеттік-мүсін­дік туындыларының бірімен үндеседі. Мен бұл жерде Ми­келанджелоның ең ауқымды және сырға толы әйел образдарының бірі – Джулиано Медичи сар­кофагының қақпағындағы «Түн­дер» аллегориялық мүсінін ай­тып отырмын. Модильяни су­ретінің композициялық құ­рылы­мы өз бастауын сол «Түн­дерден» алады».

Ақынның бұдан кейінгі портреті 1914 жылы – Ахма­то­ваның танылуына жол ашқан екінші жинағы – «Таспиқ» жа­рық көрген тұста салынды. Суретші – Натан Альтман. Ав­тор ақынды замандас дос­тары­ның білетін бейнесімен салды. Мұндағы Ахматова – тә­каппар һәм әлсіз. Альтманмен бір мезгілде ақынның суретін Ольга Делла-Вос-Кардовская да салған деседі. Суретшінің қызы Екатерина есте­лігінде осы екі картинаны салыс­тырады: «Көркемөнер тұрғы­сынан ал­ғанда, менің анам салған портрет өзіме қанша ұнаса да, ақын достары мен табыну­шылары білетін Ахматова бұл портретте емес, Альтманның туын­­дысында дәл берілген деп са­наймын».

Келесі портрет – «Мұңды сұлу». 1921 жылы Ахматова Петроградта, күйеуі Владимир Ши­лейкомен (олар 1918 жылы, Ах­матова мен Гумилев ажы­расқан жылы үйленді) тұрып жат­ты. Ақынның достары Бо­рис Анреп пен Ольга Гле­бова-Судейкина шетелге қоныс аудар­­­ған болатын. Ал Ахма­то­ва ке­ңестік Ресейде қалып, өз­ге­рістер мен жақын адамдары­мен айы­рылысудың ауыр кезе­ңін бас­тан кешіп жүрді. Петро­градтағы Кирочная көше­сін­дегі үйде оның суретін Юрий Анненков салды. Ол Ах­ма­това­ны ауыр ойлардан арыл­туға тырысты. «Момын тұт­қын­­дай көрінетін мұңды сұлу, әсем ақсүйекше сәнді көй­лек жа­­санған! …Ахматова ма­ған суре­тін асқан шыдаммен, сол қо­лын кеудесіне қойып тұ­рып салдырды. Сеанс кезін­де біз түрлі тақырыпта сұхбат­тасып, майда-шүйдені әңгіме қылдық», деп жазады суретші.

Бір жыл өтер-өтпестен ақын­ның «Рухани портреті» салынды. Қалам иесі – Петров-Водкин. Бұл сурет 1922 жылы – Ахматованың өміріндегі қайғылы кезеңде салынды: бірінші күйеуі Николай Гумилев атылды, өзінің ұстазы Алек­сандр Блок өмірден өтті. Осы кезде Ахматованың екі жи­нағы – «Подорожник» пен Anno Domini MCMXXI жарық көрді. Оған екі ақынға арналған өлеңдер енді.

«Қара періште». Бұл – Тыр-са­­ның портреті. 1928 жылы Ах­матованың шығармаларын жариялау мүлдем доғарылған еді. «Мәскеудегі кештерімнен соң (1924 жылдың көктемі) менің әдеби қызметімді тоқтату туралы қаулы шықты. Мені журналдар мен альманахтарға жарияламады, әдеби кештерге шақыруды қойды».

Осы кезеңде суретші Николай Тырса ерекше материалдар – акварель мен керосин шамы күйе­сінің қоспасын пайдаланып, Ах­матованың үш портретін салды. Суретшінің бұл туындыла­рынан Осип Мандельштам ерекше әсерленді.

1939 жылы Анна Ахматова тым аз жазып, көбіне аудар­мамен, Пушкиннің шығарма­шы­лығын зерттеумен шұғыл­данды. Оның ұлы Лев Гумилев ла­герьлерде жазасын өтеп жүр­се, досы Осип Мандельштам ла­герьде қай­­тыс болды. Жал­пы, ақын өзі­нің портретін салу тура­лы ұсы­­ныс­тарды жиі алатын. Ол «бұл тақырып кес­кін­деме мен гра­фикада ма­ңы­­зын жойған» де­ген­ді жиі айтса да, «Бубновый ва­­лет» то­бының бұрынғы мү­шесі Алек­­сандр Осмёркинге са­луға рұқ­сатын берді. Суретші 1939 жыл­дың 21 маусымында мына­дай жазба қалдырады: «Анна Ан­дреевнаның үйіне күн­­де барып, оны ақ түн­дегі ше­ре­метьевтік жө­ке ағашта­ры­ның ая­сында ақ көй­лек киіп отыр­ған күйінде салып жүр­мін. Сеансты 11-де бастап, көпір­­лерге үлгеру үшін 2-де аяқ­­таймын». Ақын портретке арнап арнайы ақ көйлекке тапсырыс берді, бірақ оны тігіп үлгермеді. Сон­­дықтан көйлекті жалға алып киген. Ос­мёркин бұл пор­третін «Ақ көй­лекпен ақ түнде» деп атады.

Ақынның аңызға айналған портреттері бұдан кейін де жазылды. Мәселен, 1946 жылы Сарьян­ның қаламынан шыққан «Идеядан жұрдай бос поэзия» өкілі». Ал Ахматованың ең соң­ғы портреттерінің бірін Моисей Лянглебен 1964 жылы салды.