Руханият • 05 Қыркүйек, 2022

«Біз екеуміз» қалай дүниеге келді?

4482 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

2000 жылдардың бастапқы кезінде жарыққа шыққан «Біз екеуміз» әні бірден хитке айналып кеткен болатын. Таудың таңғы самалындай тыңдаған сайын жаныңды рахатқа бөлейтін ғажап әннің әрбір тармағынан романтикалық сипат сезіліп тұрады. Сөзі мен сазы үйлесе кеткен шығарма әнші Досымжан Таңатаровтың орындауында көпшіліктің көңілінен шыққанымен, туындының авторлары туралы жұрт көп біле бермейді.

«Біз екеуміз» қалай дүниеге келді?

Сол кезде теледидар пультін басып қалсаңыз да, радионы қосып қалсаңыз да «Біз екеуміз» алдыңыздан шыға беретін. Өйткені нағыз сұранысқа ие әнге айналып кетті. Әйтеуір жұрт та кейде ыңылдап:

«Қалықтап ақ қанат ақ қар,

Сыр тыңдап мүлгиді бақтар.

Кең далам құшағын жайып,

Есімде қауышқан шақтар.

Мөлдіреп жұлдыздай көзің,

Жүректі тербетті сезім.

Біз екеуміз, біз екеуміз,

Қауыз жарған гүл екенбіз»,

деп әндетіп жүретін. Бір сөзбен айт­қанда, дәл осы ән Досымжан Таңата­ров­тың да төлқұжатына айналып кетті.

Әдемі тармақтармен әдіптелген әннің авторы – Құлан өңірінің тумасы Дүйсенәлі Бықыбаев. Мемлекеттік қызметтің сан түрлі сатысынан өткен ол зейнетке шыққанға дейін облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасын басқарды. Қандай қыз­метті атқарып жүрсе де, ол музыка әле­мінен алыстамаған. Қолынан домбырасын тастамаған композитордан аталмыш әннің шығу тарихы туралы сұраған едік.

«Тұрар Рысқұлов ауданы әкім­дігінің мәдениет бөлімін басқарып жүр­ген едім. 1996 жылы аудан әкімі­нің орынбасары қызметіне ауыстым. Тәуелсіздіктің елең-алаң шағында халық қатты қиналды. Біз жұрттың мехнатын түсіне отырып, қолдан келгенше еңбектеніп жүргенбіз.

Бір күні қатты шаршап келіп, қо­лыма қасиетті домбыраны алдым. Қажыған кезде домбырамды шер­тіп, шер тарқататынмын. Сол кезде келін­шегім де қатты сырқаттанды. Осы ән сол кезде жарық көрген болатын», дейді ол.

Дүйсенәлі Бықыбаевтың айтуынша, әннің сөзін жергілікті ақын, 40 жыл бойы аудандық «Құлан таңы» газетінде қызмет атқарған Кәріпжан Нүсіп жазған екен.

«Ауылда өскен талай жастың қа­натын қатайтқан Кәрекеңмен бауыр ретінде жақсы араластым. Бір күні сол кісінің үйінде шай ішіп оты­рып жаңадан жазған әнім туралы айт­тым. «Осы бір әнге сөз керек болып тұр, аға», дедім Кәрекеңе қара­тып. Ол кісі: «Мен негізі балалар ақы­ны­мын ғой. Қалай болады?» деді. Мен де қой­мадым. «Үйдегі келі­ніңіз сыр­қаттанып жүр. Өзіңіз жеңе­шеме қалай ғашық болдыңыз? Сол шақты еске түсірсеңіз жазасыз», дедім жұлып алғандай. Арада біршама уақыт өткен­де ағам хабарласып тұр.

«Әй, Дүйсен, үйге соқпай кет­тің ғой. Келсеңші» деді. Барсам, лирика­лық әнге сөз жаза алмаймын деген көкем 18 шумақ өлең ұсынып тұр. Барлық шумағы тастай. Алайда әнге төрт шумақ жеткілікті екенін айтып, ішінен қажетті шумақтарды таңдап алдым», дейді композитор.

Д.Бықыбаевтың айтуынша, күн­дер­­дің күнінде әнді өзі орындап отыр­­­ғанын көрген Досымжан Таңа­­та­ров­тың шығармаға аңсары ауған. Осы­­лайша, аталған шығарма жаңа­дан ғана таныла бастаған әншінің қоржынына түскен.

«Бұл әнге қатысты еш ойланған жоқпын. Мен мына өлеңді айтамын дедім бірден. Өйткені «Біз екеуміз, біз екеуміз, қауыз жарған гүл екенбіз», деген екі тармақта әннің негізгі өзегі тұрғанын бірден түсіндім. Марқұм Кәріпжан ағаны да жақсы танимын. Ауданда жүргенде талай іс-шараларда қасында болғанмын. Дүйсен ағамнан бірнеше ән алғаныммен, «Біз екеу­мізді» жарыққа шығаратынымды ойланбастан айттым.

Расында, ол кезде мен өз-өзімді енді таба бастағанмын. Елордаға келіп, репертуар іздеп жүргенмін. Әннің өңдеу жұмыстарын Ұлықпан Жолдасовқа жасаттым. Сирек те болса, тыңдарманын бірден табатын әндер болады. Бұл шығарма да халықтың жүрегіне бірден жетті. Репертуарымдағы ең бір салмақты, жұрт жиі сұрап орындататын әнге айналды. Ғажап туындының елге тез танылуына Дүйсен ағаның алдында інісі ретінде қуанамын», дейді Д.Таңатаров.

Жүректің қылын қозғайтын тамаша ән алғаш теледидардан шыр­қалғанда, сөзін жазған Кәріпжан Нүсіп балаша қуанған көрінеді.

«Бір күні Кәріпжан ағам қоңырау шалып тұр. «Әй, Дүйсен, теледидарды қосшы», дейді аптығып. Қоса қойсам Досымжан орындап жатыр екен. «Ән таңдайық» деген бағдар­лама болуы керек. Оны Нұрлан Өнербаевтың ұйытқы болуымен «Қазақ радиосы» ұйымдастырған көрінеді. Бағдарлама байқау ретінде кезең-кезеңімен жыл соңына дейін жалғасады. Ал «Біз екеуміз» ай сайынғы рейтингте бірінші орыннан түспеді. Жыл соңында есептей келе қорытынды шығарғанда бұл шығарма «Жыл әні» атағына ие болып шыға келді. Бір күні жеңіске жеткеннен кейін алған сыйлықтарын көтеріп Досымжан келіп тұр. «Досымжан, Кәріпжан ағаңның алдына барып батасын алайық», дедім. Осылайша, Кәрекеңнің үйіне барып, батасын алған болатынбыз. Қысқасы, «Біз екеуміз 1999 жылы жазылғанымен, халыққа 2003 жылы тарады», дейді Дүйсенәлі Бықыбаев өз ойымен бөлісіп.

Саналы ғұмырында мемлекет­тік қызметті атқара жүріп, көптеген ­тамаша ән жазған Дүйсенәлі Бықы­баев ­зейнетке шыққаннан кейін ер­кін көсіле түскен сияқты. Әлі күн­ге қолынан қасиетті домбырасын тас­тамаған Дүйсекеңнің ондаған әндерін әр деңгейдегі әншілер орындап жүр. Досымжан Таңатаровтың репертуа­рында да бірнеше шығармасы бар. Әйткенмен, «тоғыз ұлым бір төбе, Ер Төстігім бір төбе» деген сияқты «Біз екеуміздің» орны бөлек. Өйткені бұл ән ретроға айналып кетті.

 

Жамбыл облысы