Әдебиет • 06 Қыркүйек, 2022

Біздің Боранбай

395 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Әдебиет туралы айтылар анықтама көп. Өнер, көркем ой, талант, шеберлік, суреткер, сезім, шабыт. Ең бастысы, әдебиет әрқашан өмірді жырлайды. Адам жанының тереңіне үңіледі. Әр сәтін, әр күйін, әр құбылысын сурет­тейді.

Біздің Боранбай

Жазуда бұл да бір машақат. Кейде уақыттан зымыран, бір жанның ғұмы­рынан қысқа дүние жоқтай кө­рінеді. Ал әдебиетте сол жұлдыздай ағып өте шыққан қас қағым ғұмыр тым ұзақ, күрделі, қатпар-қатпар сан қилы болып сезіледі. Сонда көркем шығарма оқып отырып, өмірді енді танығандай, адам­да түрлі болмыс болатынын, жақ­сы мен жаман, әділет пен жалған сынды мәңгілік ережелерден де биік бір мінездер бар екенін енді ұққандай күй кешесің.

Осы біз еркін өмір сүріп жүрміз бе? Жалпы, еркіндік деген не өзі? Болмыс па, әдет пе, мінез бе, ерігу ме? Сырттан қарағанда, әрине, айналадағы әр адам шама-шарқынша өз қалауымен ғұмыр кешіп жүргендей көрінеді. Дегенмен күйбең тіршіліктің ағысына түскен бәрімізді бір шектеулер шеңберден шы­ғар­майды. Қалай десек те, бәрібір «бұйра шаш, бадырақ көз қара бала» Боранбай-барондай еркін өмір сүре алмайтынымыз анық.

Нұрғали Ораздың «Теріс ағаш» әңгімесінің кейіпкері Боранбай-барон­ның біртүрлі болмысы, далалық мінезі, басқаларда жоқ бір қызық қасиеттері бала кезден-ақ болашақтағы ұзақ са­парларға дайындағандай. Бала Бо­ранбай мектеп кезінен оқу дегенді ұмытып, Қазығұрттағы жылқышыларға, Құм­сайдағы қойшыларға, Шошқа­бұлақ­тағы тауықшыларға кетіп қалып, «қып-қызыл қаңғыбас» болып шыға келді. Сөйткен Боранбайдың басқа сабақ­тарды былай қойғанда, әдебиетке жақын екендігінде де бір сыр бар сияқты. «Жалпы, Әлтаев жаман бала емес. Мысалы, әдебиетке бейімі бар...» деушілер табылған көрінеді».

Бала Боранбайға ауылдағы адам­дар­дың өмірі қызықсыз еді. Ол далада доп қуып, асық ойнаған балаларды, мек­тептегі достарын тіпті мен­сінбейтін. Болашақ баронның көңілі түу шалғайда. Бірде қаңғыбас Бо­ран­байдың дәл өзін іздеп келгендей ауылдың шетіне сы­ғандар таборы келіп қонады. Мұн­дайда алаң көңіл тыныш тапсын ба?.. Бала Боранбай тұнық суды кешіп өтіп, зыта жөнеліпті.

Бала Боранбайдың барондық өмірі осылай басталды. Оны сығандардың еркіндігі, еркелігі, қызыл-жасыл тұрақ­сыз әлемі елітті. Соларға қосы­лып, біраз қиыр кезді, тіпті өз ауылының қорасына түсіп, ұры атанды. Махаббатын да жо­лықтырды. Сығанның сұлуы Мух­ниса мен Боранбай темір жол бойындағы ескі вагондарда сыр шертісетін.

«Олар біреуге қысқа, біреуге ұзақ болып көрінетін өмір жайлы, бі­реу­ге баянды, біреуге баянсыз болып жо­­лығатын махаббат туралы, жалпы жарық дүниедегі тіршілік хақында бір-біріне ұзақ сыр шертіпті. Таңғы сағат тоғыздан қалмауға тырысып, асығып-аптығып жұмысқа барып, күнi бойы кеңседе отырып өзiнiң де, өзгенiң де жүйкесiн қажап, кешкi сағат алтыны әрең болдырып, автобусқа қысылып-қымтырылып мiнiп үйiне қайтатын, содан жетi-сегiз сағат ұйықтап алып, тағы да таңғы тоғыздан қалып қоймауға тырысып, будильниктiң шырылынан оянып жататын адамдар жайлы да толғаныпты. Оларды өздерiмен салыс­тырып күлiптi, оларды өздерiмен салыс­тырып жылапты да...».

Сөйткен Боранбай өзі ұлтшыл. Мух­­нисаға «той ауылда болады» деп қасарысып, оған қарқылдай күлген қызға ашуланып, бір қайырылмай, атып тұрып, ауылға тартып отырыпты. Ауылдың адамдары да аңғал ғой, шіркін. Ұрысың деп соттатқан жоқ, «алыс жолдан арып-ашып келген» барон Боранбайға айранын құйып, елжірей жөнелді. Олардың бұл мінезін қу Боранбай да біледі. Сол үшін де қорықпай, қуыстанбай, ауылына ал­шаңдап-ақ барды.

Жалғыз шешені зарлатып, ауылды шулатып, қиыр шарлап келген Боранбай барон алшаң басып жүріп, алыс Сібірге ағаш кесуге айдалады. Әрине, сонау бала шағында Құм­сай­дағы қойшыларға, Шош­қабұ­лақ­тағы тауықшыларға қа­шып барып жүр­генде күндердің бір күні Сібірге «са­парлайтынын» білген жоқ.

«Күз айының осындай көңiлсiз күн­дерiнде әлi от жағыла қоймаған қо­ңыр салқын үйде бұйығып отырып; байғұс цығандардың күнi не болды екен? Қай­да барып пана тапты? Жалпы, олар күз бен қыста қалай тiршiлiк етедi деп ойлауыңыз да мүмкiн. Әрине, бiз бен сiз сияқты қарапайым қазақтарға оны бiлу де оңай шаруа емес. Ал егер Боранбай барон болса ғой, бәрiн де тәптiштеп айтып, түсiндiрiп берер едi. Бiрақ ол қа­зiр ауылда жоқ. Алыс Сiбiрде ағаш кесiп жүр...».

Оның болмысы – барон. Оның болмысы – еркін. Боранбай осы болмысынан көп қызық көрді һәм кей­біреулердің ойынша, біраз дүниеден құр қалыпты. Осы болмысымен бас­қалардан бөтен саналды, бәрі оны біртүрлі десті. Ал адам тірі тұрғанда туабітті болмысынан айни ма?.. Бар бол­мысын жоғалта ма?..

Ол жақтан серілігін Сібірде қалды­рып кеткендей можантопай, қарапайым Боранбай болып оралды. Отбасын құрды, жұрт қатарлы өмір сүруге талпынды. Бірақ бәрібір болмысы жеңді, еркіндігі нәзік жанын жарып шықты.

Сөйткен Боранбай өзі мейірімді. Бірде солқылдақ жас шыбықты ат қып мініп, ойнап жүрген үрпек сары Ән­тайға: «Әй, ақымақ, обал емес пе?! Бұл да өзiңдей бала ғой...» дейді. Бұл – Боранбай баронның шығармадағы шын бейнесі.

Әрине, біз Боранбай-баронмен ауыл­дас болған жоқпыз. Оның қы­зықты да шым-шытырық аңыз-әңгі­мелерін өз аузынан тыңдаған жоқпыз. Бірақ қаңғыбас, елгезек, қу, мейірімді Боран­байдың бойындағы бір жылы мінез тартады да тұрады. Боранбайдың нәзік жанындағы ол мінез бізде де бардай. Бірақ жүректің сонау бір терең түк­пірінде маржандай көміліп жатыр. Сол үшін де Боранбай-баронның өміріне қызығамыз.

Планетадағы шаңның тозаңын­дай ғана салмағы бар миллиардтаған адамның өмір жолдары да сан қилы. Бәлки, Боранбай-барон сияқты болмысы бөлек, тым еркін жандар тағы бір мекенде өмір сүріп жатқан болар.

Уайым-қайғыға бас қатырып, үй-жайдың қамын ойлап, өмірін ұйым­дастыруды білмеген қаңғыбас Боран­бай-барон жарық дүниеде елу тоғыз жыл жасады. Ауырмай-сырқамай жүріп-ақ мәңгілік сапарға кете барды. Баронның соңында теріс ағашынан басқа із қалмапты. Ұрпақсыз өтті. Оның теріс ағашы да басқаларға қара­ғанда бас жағы жуандау, биік қара ағаш болды. «Сол қара ағаш қазір жапырақ жай­ған кезде тоғай жақтан келе жатқан Боран­бай-баронның бұйра шашындай дөң­геленіп көрініп тұратын».