Тарих • 13 Қыркүйек, 2022

Жанкент тарихы тереңдеді

442 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Көне дәуір дерегінде Сырдың бойы сән-салтанаты келіскен шаһарларға толы болғаны жазылады. Арнасы сан ауысқан өзен жағалауын жағалай қоныстанған қалалар жайлы сол тұста әлемді кезген жиһанкездерден қалған жазбаларда да мәлімет молынан кездеседі.

Жанкент тарихы тереңдеді

Төбешікке айналған бұл ша­һарларды археологиялық зерт­теу кешегі тоқсаныншы жыл­дары тоқтап, тек соңғы онжыл­дықта қайта жаңғыра бастады. Мысалы, облыс әкімдігінің қол­дауымен 2014 жылдан бастап Қазалы ауданындағы Жанкент қалашығына Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті жа­нындағы «Археология және этно­графия» ғылыми орталығы архео­логиялық зерттеулер жүр­гізіп келеді. Соңғы жылдары бұл жұмысты Германиядағы не­міс гуманитарлық зерттеулер қо­ры қаржыландырып, Қор­қыт ата атындағы Қызылорда уни­верситеті, Ресейдегі Н.Н.Мик­лу­хо-Маклай атындағы этнология және антропология институты мен Тюбинген университеті әріп­тестігімен бірлескен үш­жыл­дық жоба аясында біраз жұ­мыс атқарылды.

Жақында өңірлік коммуни­кациялар қызметі ұйымдастырған брифингте БАҚ өкілдеріне об­лыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі КММ басшысы Ерғазы Алдана­заров, Қорқыт ата атындағы Қы­зылорда университеті жанындағы «Археология және этнография» ғылыми орталығының жетек­шісі, тарих ғылымдарының кан­­дидаты Әзілхан Тәжекеев, Н.Н.Мик­лухо-Маклай атындағы эт­но­логия және антропология институтының бас ғылыми қыз­меткері Ирина Аржанцева, Тюбинген университетінің про­фессоры, археология ғылым­дарының докторы Генрих Харке Жанкент қаласының орнында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының тарихи әрі ғылыми маңызы туралы тарата айтты.

Қазір біраз елде археология саласы бізден көп алға кеткен. Оларда археологиядан бөлек жаратылыстану ғылымдарының әдістері бойынша геофизикалық, геоморфологиялық зерттеу қатар жүреді. Осының арқасында та­былған жануарлар сүйегін зерттей отырып, Жанкентте көп ғасыр бұ­рын алғаш рет мысықтың қолға үйретілгені анықталды. Түрлі заманауи құрал-жабдықтар ар­қасында қаланың немесе ес­керткіштің салынған мерзімін, топырақ қабатынан табылған заттар арқылы сол кездегі халықтың тұрмыс-тіршілігін, тіпті сол ке­зеңдегі саяси-әлеуметтік ахуалды аңғаруға болады. Үшжылдық жоба біз үшін осынысымен тиімді. Осының арқасында Қор­қыт ата атындағы Қызылорда университеті «Археология және этно­графия» ҒЗО жетекшісі, тарих ғылымдарының канди­даты Әзілхан Тәжекеевтің жетек­шілігіндегі археологтер осыған дейін тарихи қалашықта стра­тиграфиялық қазба жұмыстарын жүргізіп, Оғыз дәуірінің тұрмыс-салт дәстүрінен хабар беретін, тарихи мүсіндер қойылып, туристер үшін қалашық ішіндегі тұрғын үйдің ежелгі қалпын көруге мүмкіндік жасалды. Жергілікті әкімдік қалашыққа баратын жол салды. Жанкенттің айналасы жөн­ге келтіріліп, мал аяғы баспайтындай жағдай жасалды.

– Халықаралық экспеди­ция­ның осы жолғы жетістігінің орны бөлек. Екі жыл пандемия кесірінен үзіліп қалған бірлескен жоба биыл қайта жалғасып, жақында ғана тарихи қаланың «жасын» анықтадық. Мәдени қабаттарын зерттеу барысында табылған дү­ниелер бұған дейінгі деректерде ІХ-ХІ ғасырларда бой көтерді делініп келген шаһардың іргесі одан көп ілгері, VІІ ғасырда қаланғанын көрсетті, – дейді жоба жетекшісі Әзілхан Тәжекеев.

ас

Н.Н.Миклухо-Маклай атын­дағы этнология және антропология институтының бас ғылыми қызметкері Ирина Аржанцева әлемдік археология үшін маңызы зор ескерткіштер шоғыры көп елде кездесе бермейтінін айтады. Сырдың бойында Италия, Түркия, Грекия мемлекеттеріндегідей мұра көп болғанымен, жасалып жатқан археологиялық қазба жұ­мыстары мардымсыз. Әлі де тыңғылықты зерттеу қажет. Осы жолы радиокөміртекті сараптама арқылы Жанкенттің «жасы» жаңарды. Қала орнын қазуда деректер бойынша зерттеліп отырған кезеңдегі оқиғалар мен ескерткіштердің уақытын, өз­ара хронология арақатынасын бел­гілеу арқылы жасалған мұндай архео­логиялық мерзімдеу әдісі еуропалық стандартқа жақындады деуге әбден болады. Жұмыс барысында қаланың «жасына» байланысты 250 дерек жинақталып, зерттелді. Ирина Аржанцева бұ­рын-соңды тарихи қалаларды қазу барысында мұндай ауқымды архео­логиялық мерзімдеу кез­деспегенін айтып отыр.

Германиядағы Тюбинген университетінің профеcсоры, ар­хео­логия ғылымдарының док­торы Генрих Харкенің айтуын­ша Жанкенттің оғыздар мекені болғаны талассыз. Тарихи қала­дағы қазба жұмыстары терең­деген сайын оның көшпен­ді­лер­дің әдеттегі көп тұрағына ұқ­самайтын, ерекше шаһар бол­ғаны анықталып келеді. Қала­ның ішкі жобалауы, қыш ыдыстар құрамы Хорезм өркениетін еске түсіреді.

Зерттеу жұмыстарына ға­лым­­дардан бөлек Тюбинген уни­верси­тетінің, Ресейдің жоғары экономика мектебінің, Мәскеу мемле­кеттік универси­тетінің және Қор­қыт ата атындағы Қы­зылорда универ­ситетінің сту­денттері қа­ты­сып жатыр. Көне қала орнынан табылған жәді­герлер археоло­гиялық зерттеу­лер зертханасында өңделіп, об­­лыстық тарихи-өлкетану му­зейіне табысталады.

Сыр бойындағы асарлар құ­пиясы да әлі толық ашыла­ қойған жоқ. Халықаралық архео­логиялық топ мүшелері егер мүмкін­дік туып жатса, алда Жеті­асар мәдениетін зерттеуге қызы­ғушылық танытып отыр.

 

ҚЫЗЫЛОРДА