Пікір • 15 Қыркүйек, 2022

Діни білім негізі

603 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстанда азаматтарға діни сенім құқықтарына байланысты зайырлы немесе діни білім алуларына жан-жақты мүмкіндіктер жасалған. Мемлекеттік білім беру бағдарламасында жастарға білім беру сапасын арттыруға арналған қолайлы бағыттары айқындалған. Діни білім алуға ниет білдірген жастарымызды діни адасушылық пен радикализмнен сақтандыру мақсатында бірнеше санаттағы орта, жоғары және жоғары білімнен кейінгі білім бағдарламалары қарастырылған.

Діни білім негізі

Қазіргі таңда әлемнің түкпіріндегі және Таяу Шығыс пен Ауғанстан айма­ғындағы діни ахуалдың күрделенуіне байланысты азаматтарымызды шетелдегі теологиялық оқу орындарына барып білім алулары белгілі бір дәрежеде қауіпті болуы мүмкін.

Еліміздегі теологиялық білім алудың субъектісі ретінде Нұр-Мүбарак университетінде «Исламтану», «Теология» мамандықтары бойынша бакалавр, магистратура, докторантура санаттарымен оқу бағдарламасы бар. Нұр-Мүбарак университеті 2001 жылы Қазақстан мен Мысыр мемлекеттері арасындағы ресми келісім арқылы ашылған Орталық Азиядағы ең үлкен жоғары оқу орны болып саналады. Университеттің академиялық жұмысында Мысырдағы әйгілі Әл-Азһар университетінің профессорлық-оқытушылық құрамындағы мамандар дәрістер жүргізеді, осындай басымдықтар арқылы ислам дінінің білім, ғылым әлеуетін отандық және шетелдік мамандардан алуға болатын мүмкіндіктері тиімді ұйымдастырылған.

Сонымен қатар білімді зайырлы ұстанымдармен ұштасқан білім беру бағдарламасы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің философия және саясаттану факультетінде дінтану және мәдениеттану кафедрасында «Исламтану» мамандығы бакалавр, магистратура, докторантура санаттары бойынша мамандарды даярлайды. Әл-Фараби бабамыздың танымы үлкен мұрасы арқылы қалыптасқан діни білім қайнарын отандық жоғары оқу орындарынан қарастыру – қазіргі мектеп түлектеріне бағдар.

 

Алмасбек ШАҒЫРБАЙ,

Философия, саясаттану және дінтану институты дінтану орталығының директоры