Қазақстан • 15 Қыркүйек, 2022

Бейбітшілік бастамасы

269 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Дүниежүзілік және дәстүрлі дін басшыларының съезі – Қазақстанның аса маңызды бастамасы. Бұл – діндер және өркениеттер арасындағы шиеленістерді сабасына түсіруге себепші болатын дуалы ауыз дін басшыларын біріктіретін бірегей форум. Қазіргі әлемдегі рухани және моральдық құндылықтарды нығайтудағы діннің, білім мен діни ағартушылықтың рөлі, бейбіт қатар өмір сүрудегі діни лидерлердің қосар үлесі тәрізді ортақ мәселелер негізінде құрылған диалог өзара ынтымақтастықтың келешегін кеңінен ашып, қазіргі заманның зорлық, фанатизм, экстремизм және лаңкестік тәрізді жағымсыз көріністерін еңсеруге түрткі болады.

Бейбітшілік бастамасы

Астанада бұған дейін өткен Дүние­жүзілік және дәстүрлі дін басшы­ларының съездері тәуелсіз Қазақстан тарихында ғана емес, әлемдегі аса ірі халықаралық іс-шаралардың бірі болды. Бұл съездер Қазақстанның дінаралық сұхбат үдерісіне қосқан қомақты үлесі болды және төзімділік, өзара түсіністік пен ынтымақтастық қағидаттарын нығайтуда әлемдік қауымдастықтың алдында айрықша орын алды. Форумдардың сәтті өтуі Қазақстанға үлкен саяси дивидендтер әкеледі, қазіргі заманның аса өзекті проблемаларына жауап бере алатын мемлекет ретінде халықаралық аренадағы еліміздің беделінің артуына себепші болды.

Дүниежүзілік діндер съезіне ұқсас іс-шараны XIII ғасырда Қарақорымда Шыңғысханның өткізгені туралы деректер тарихнамада кездеседі. Деген­мен, дінаралық сұхбат мәселесі соңғы жүз жылдықтарда өзекті түрде көтері­ле бастады. Христиандар мен мұсыл­ман­дардың алғашқы ресми кездесуі 1970 жылы 20 желтоқсанда Ватиканда жүзеге асты. Конфессиялар арасындағы келесі бір маңызды іс-шаралар 1972 жылдың 18 шілдесінде Ливандағы ислам-христиан кездеуінде, 1974 жылдың 9-15 қыркүйегінде Кордовадағы ислам-христиан конгресінде, 1974 жылдың 11-17 қарашасында Тунистегі христиан-ислам коллоквиумында, 1986 жылы Италияның Ассизи қаласында эку­мендік бата жасауға көптеген дін өкіл­дерінің жиналуы діндер арасындағы сұхбатқа жол ашты. Ал Әлемдік және дәстүрлі діни конфессиялардың Бүкілдүниежүзілік съездерінің елордада өткізілуі осы дінаралық сұхбатты одан әрі дамыта түсті және бұл үде­ріске әртүрлі дін өкілдері мекен ететін біздің еліміз де белсене араласты.

Осындай халықаралық және жер­гілікті форумдарда дінаралық сұхбат мәселесінің көтеріліп, талқылануы қазіргі әлемде діннің өте маңызды рөл атқаратынын, діннің ізгілік пен бейбітшілік негізінде адамдар мен қоғамды топтастыра алатынын, діннің заман талаптары мен қауіптеріне лайықты жауап бере алатынын, діннің адамгершілік мәдениетті көтеретінін, дінаралық келісімнің игілік екенін мойындауға әкеледі.

 

Бахытжан САТЕРШИНОВ,

профессор, философия ғылымдарының докторы