Қоғам • 15 Қыркүйек, 2022

Оқушыны ынталандыра білейік

434 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өзіміз зейнет жасында болсақ та, көп жыл ұстаздық еткендіктен, бір құлағымыз қашанда мектеп жаққа түрулі жүреді және ондағы кейбір жағдайлар бізді де айтарлықтай алаңдатады. Соңғы екі жылдағы коронавирустың әуре-сарсаңы мектептердегі оқыту үдерісіне де өте-мөте кедергі болғанын білеміз. Әйтсе де одан бұрынғы Білім министрлерінің әр үш жылда ауысып, әрқайсысы мектеп бағдарламасына өз «жаңалығын» енгізіп, оқушының миын атала еткенінен де хабардармыз.

Оқушыны ынталандыра білейік

Мектеп оқушыларының кеңестік кезеңде білімге құштарлығы өте жоғары еді. Сондықтан да кеңес ғалымдары мен инженерлері әлемдік рейтингте ең алдыңғы қатардан орын алатын. Балалардың оқу-білімге деген салғырт көзқарасы еліміз егемендік алғаннан кейінгі жылдары басталды. Сөйтіп, жасыратыны жоқ, кержалқау, жан ауыртпай оңай ақша тапқысы келетін, ұрлық-қарлықтан да жиіркенбейтін балалар көбейді. Ал мектептердің сен сабақ оқымасаң да, кітап бетін ашпасаң да «үш» қойып, сыныптан сыныпқа өткізіп, қолыңа аттес­тат ұстататынын тағы көрді. Мұндай жағдайда оқушыларда қандай білім болсын?!

Оқушы оқу-білімнің неге қажет екенін бастауыш сыныптан бас­тап зерделеуі керек. Соны алуға ұмтылуы керек. Ал біздің білім беру жүйемізде сол қажеттілікті оқушыға сезіндіріп, оның қызығушылығын оятатындай ынталандыру тетіктері бар ма? Бар дей алмасақ керек. Біздіңше, бүгінгі оқу процесін артқа тартып отырған, міне, осындай олқылықтар және бұған жауапты ведомство тарапынан да үлгерімі төмен оқушыны сол сыныпта қайта қалдырмау керек деген талаптың қойылуы дер едім. Ең жаманы, осының бәрі мұғалімдер қауымын жастарға үлгі боларлық, елдің, жердің қамын ойлайтын тұлғалы азаматтан жасқаншақ, тым қарабайыр тобырға айналдырып бара жатыр.

Осындай проблемаларды жеделдете шешпей, істің тоқырап, «Баяғы жартас – сол жартас» қалпында қала беретіні анық.

 

Бердалы РЫСБЕКОВ,

зейнеткер ұстаз

 

Түркістан облысы,

Келес ауданы