Мәселен, Қазақстан Жазушылар одағында, кітапханаларда, туған елінде, т.б. Дүркіреп өткен бұл тойда қаламгерге көптеген сыйлық естелікке беріліп, арқасына жетпістен аса шапан жабылған екен! Сол сыйлықтардың бірі – портативті транзисторлы диктофон. Бұны академик Мұхамеджан Қаратаевтың отбасы сыйға тартқан. Онда мынандай тілек жазылған: «Ардақты Сәбеңе 70 жасына. Мархума, Мұқамеджан. 29.05.70 ж.».
Диктофонның жалпы сипаттамасын айтатын болсақ, маркасы – «Электрон. Модель 52 Д». 1968 жылы Украинаның Полтава қаласында жасалған. Өлшемі 165х70х50 мм, салмағы 0,5 кг. Басқару жүйесіне тоқталатын болсақ, диктофонның сол жақ бүйрінде П, В, З, С әріптерімен тетікшелер орнатылған. Осындағы «П» әрпі жылдам айналдыруға арналған тетікше болса, «В» таспаға жазылған материалды ойнату тетікшесі, ал «З» таспаға материалды жазу тетікшесі, соңғы «С» ерекше қызыл түспен боялған, бұл жазбаны тоқтату тетікшесі. Диктофон «Крона» батареясымен жұмыс жасайды. Құрылғыда таспаға жазылған материалды естуге арналған алмалы-салмалы құлаққап бар. Ол тек оң құлаққа қойып тыңдауға арналған. Қалтаға, қолға ұстап жүргенге өте ыңғайлы бұл құрылғы жазушы, журналистерге өте қажет, таптырмас дүниенің бірі. Бұл ерекше құнды жәдігер келушілерімізді де қатты қызықтырады. Қаламгер музейіне оның жұбайы Мариям Мұқанова 1978 жылы сыйға тапсырған.
Құрметті оқырман, Сәбеңнің қолы тиген бұл жәдігерді көзбен көріп, қолмен ұстап көргіңіз келсе, музейге асығыңыз!
Жанар ТАЕВА,
С.Мұқанов пен Ғ.Мүсірепов әдеби-мемориалдық музей кешенінің ғылыми қызметкері