Қазіргі қалыптасып отырған геосаяси жағдай мен жаһандық үдерістердің шектен тыс шиеленісіп, жаһандық процестердің динамикасы жеделдеп, еліміздің әлеуметтік дамуы қиындықтарға тап болып тұрған шағында бұл шешімнің орны мен мәні тағдыршешті сипат алары анық. Өйткені конституциялық реформа ауқымында іске асырылмақ қоғамдық-саяси өзгерістер тиісті заңдармен нақтыланып, заңнамалық процедуралар өткізілуі шарт. Конституциялық реформада көзделген барлық институционалдық өзгерістер жыл соңына дейін заңнамалық тұрғыдан аяқталуы тиіс. Президент Қ.Тоқаев ұсынған бастамалар билікті монополиялау тәуекелдерін айтарлықтай төмендетіп, саяси реформаларды нақты іске асыруға кірісу үшін ескі үлгі бойынша сайланған биліктің өкілді органдарын жаңартуға мүмкіндік береді. Ол келесі жылдың бірінші жартыжылдығында өткізіліп, Парламент пен мәслихаттардың құрамын жаңартып, депутаттардың жаңа легінің саяси сахнаға шығуына мүмкіндік жасамақ. Конституциялық реформа аясында парламентаризм дамып, ойынның әділ және ашық ережелері бар саяси жүйе құрылмақ. Саяси реформалар барысында саяси партиялар көбейеді және саяси бәсекелестік күшейеді. Нәтижесінде, бұл өкілді органдардың жұмысының тиімділігі артпақ.
Әділетті Қазақстанның құрылысы енді ғана қолға алынып отырғандықтан, бізді көптеген қиындықтар мен табандылықты талап ететін өте жауапты міндеттер күтіп тұр. Алдымен саяси жаңғыруды экономикадағы өзгерістермен ұштастырып, жаңа экономикалық саясат қалыптастыру керек. Өйткені мұнда қордаланған дамудың шикізатқа тәуелділігі, еңбек өнімділігі мен халықтың әл-ауқатының төмендігі сияқты мәселелер әлі де жетерлік. Нақты секторға бюджеттен қыруар қаржы бөлінсе де, ол қаражаттың қайтарымына және көзге көрінерлік нәтиженің мардымсыздығы мен жемқорлықтың өріс алуына халықтың көңілі толмауда. Денсаулық сақтау, білім беру саласындағы қызмет көрсетудің сапасы да бүгінгі күннің талаптарына сай келмеуде. Мемлекеттік басқару жүйесіндегі келеңсіздіктер, бос сөз бен жалынды ұрандар жұртты әбден мезі қылды. Заң мен тәртіп заман талабына, елдегі жүріп жатқан демократиялық үдерістерге ілесе алмай отыр. Сот жүйесі, күштік құрылымдар мен құқық қорғау органдарының қызметі де сын көтермейді. Ендеше осы түйткілдерді шешпек керек.
Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»
Бұл проблемаларды еңсеру үшін конституциялық реформада қарастырылып, Ата Заңымызда бекітілген саяси бағыт мызғымас және ішкі және сыртқы сипаттағы кез келген жағдайларға қарамастан өз жалғасын табуы шарт. Ол үшін бұрынғы Конституция негізінде сайланып, жаңаша басқарудың моральдық тұстарын ескере келе және мемлекет мүддесін бәрінен де жоғары қоя отырып, Президент Қ.Тоқаев Әділетті Қазақстанды құру жолындағы түбегейлі және жан-жақты реформаларды сәтті жүзеге асыру үшін халықтың жаңа сенім мандатына ие болудың маңыздылығын жақсы түсінеді. Сондықтан ол өз өкілеттілік мерзімін қысқартып, кезектен тыс президенттік сайлауға баруға дайын екендігін мәлімдеп, күзде кезектен тыс президент сайлауын өткізуді ұсынды.
Қ.Тоқаев Әділетті Қазақстан идеясының түпкі мәні елді ізгі мақсатқа жұмылдыру мен берекелі бірлікке бағдарлау екендігін ескертті. Президент әлемде қалыптасып отырған геосаяси жағдайда реформалар мен жаңару бағдарын нық ұстану арқылы олардың қарқынын сақтап, саяси мәселелердің бәрін кейінге қалдырмай шешуді ұсынды. Сонымен қатар ол басты мемлекеттік институттарды кешенді түрде қайта жаңғыртып, билікті монополизациялау қаупін болдырмай, тұрақтылықты нығайтып, қоғамдық құрылыстың қазақстандық үлгісін орнықтыруға басымдық бермек. Демек Қ.Тоқаев реформа жолын таңдау арқылы Қазақстан халқын жаңа саяси дәуірге бастап, жұртты жақсылыққа жұмылдырып отыр.
Жапсарбай ҚУАНЫШЕВ,
қоғам қайраткері