Пікір • 22 Қыркүйек, 2022

Реформаларды сәтімен аяқтау қажет

1437 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кезектен тыс президенттік сайлау 20 қарашада өтеді. Тиісті Жарлыққа Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды. Бұл кезектен тыс сайлаудың алдыңғылардан айыр­ма­шылығы сайлауға деген көзқарасты түбегейлі өзгертетін маңызды элементтерді қамтиды.

Реформаларды сәтімен аяқтау қажет

Біріншіден, кезектен тыс Президент сайлауын өткізу туралы 1 қыркүйекте хабарланса, Жарлыққа бір айдан кейін қол қойылды. Яғни қоғамдық талқылау мен дайындық жұ­мыстарына уақыт берілді.

Екіншіден, Президент ал­дағы парламенттік сайлау тура­лы кемінде алты ай бұрын жариялады. Саяси күш­терге өздерінің саяси бағ­дар­ламаларын әзірлеу және үгіт-насихат жұмыстарын жүр­гізу үшін дайындалуға уақыт бөлінді.

Үшіншіден, алдағы сайлау – бетпе-бет келіп тұрған ішкі және сыртқы сын-қатерлерге берілген жауап. Бізге басталған саяси және экономикалық реформаларды аяқтау керек. Сондықтан саяси институттардың жаңаруы әлеуметтік-экономикалық саланы нығайтуға мүмкіндік береді.

Қазақстанда саяси рефор­малар құр сөз жүзінде емес, нақты іске асырылып жат­қандығы ешбір күмән келтіруге келмейтін шындыққа айналып келеді. Ең бастысы, бұл көзқарастар мен идеялар құр айтылған күйінде қалып қой­май, заң жүзінде орындалатын ұстанымдар мен нақты мемлекеттік саясатқа айнала бастады. Ұсынылып отырған нақты саяси реформалардың кешені тәуелсіз Қазақстанның демократиялы, ашық және теңгермелі саяси жүйесін қа­лыптастырып, оны түбегейлі орнықтырудың не­гізі болмақ. Еліміздегі қолға алынып жатқан батыл қадамдар еліміздегі қо­ғамдық-саяси қатынастарды азаматтардың ұстанымда­ры мен құндылықтарын өзгер­ту негізінде оны жаңаша қа­лыптастыруға бағытталған. Мұнда мемлекеттік биліктің барлық институтын реформалау негізінде бүкіл мемлекеттің жұмыс істеуінің тиімділігін көтеруді мақсат етеді. Ендеше, аталған саяси реформаларды жүйелі түрде, популизмге ұрынбай, терең жəне жан-жақты ойластыра отырып жүргізуге де ерекше мән беру керек.

Азаматтардың конс­титу­циялық құқықтарын қорғау мәселесі Конституциялық сот құру, Адам құқықтары жөніндегі уəкілге конституциялық кепіл­діктер мен иммунитет беру арқылы өз шешімін таппақ. Қоғамды дəйекті түрде демократияландыру бағытында іске асырылып жатқан осы іс-шаралар мемлекеттің орнықты əрі басқаруға икемді болуын қамтамасыз етері анық.

Бұл – өте маңызды сәт, өйт­кені әртүрлі себепке бай­ланысты алдағы кезең­дер экономикалық даму тұр­ғы­сынан қиын болуы мүмкін. Бізге экономикалық және әлеуметтік қиындықтарды ең­сере алатын мықты саяси жүйе қажет.

 

Әсел ӘБЕН,

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы ҚСЗИ-дің Алматы қаласындағы өкілдік басшысы