Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»
Әңгiменi ә деп бастап, үш-төрт сөйлем оқуыңыз-ақ мұң екен, әлдебiр дүниелiк музыка сызылып, сыңсып қоя бередi. Сол мұңды һәм бойлауық музыка әңгiменi оқып бiткенше бiр үзiлмейдi.
Бұл қайдан шыққан музыка? Ненiң музыкасы? Сазсырнайдың үнi ме? Жоқ, шаңқобыздың уiлi ме?
Бұл – адам жанының музыкасы. Бұл – адамды адам еткен, адамды адамдық кейiпке ендiретiн киелi сезiмдердiң, яки Аңсау мен Сағыныштың уiл-үнi. Соның көркем сөзбен таңбаланған нотасы.
Әңгiменiң басты кейiпкерi – бақташы Қалтырауық шал. «Қалтырауық шал қылшылдаған жiгiт кезiнде де қалтырауық едi, өмiр бойы осы кемiстiктен азап шегiп келедi». Қалтырауықтың өмiрi де, жағдайы да, күйi де – аттылы кiсiнiң жанындағы жаяудай тым қораш, тым жұпыны, тым күйкi. Бiрақ осы шалдың жүрегi қалай нұрлы, әдемi десеңiзшi?!
Қасиеттi Хадисте мынадай тәмсiл бар:
«– Я, Расулалла, айтыңызшы, адамдардың абзалы қайсы?
– Әрбiр таза жүректi адам – адамның абзалы.
– Таза жүректiлiк деген не?
– Көркемдiктi жақсы көру. Әдемiлiктi аңсай бiлу» (Әл-Бұхари риуаят еткен Хадистен). Демек адамның абзалдығы атақпен, мансаппен, ақшамен емес, оның көркемдiктi көре бiлу, әдемiлiктi сезiне алуымен өлшенедi екен. Қалтырауық шал да өз көңiлiнiң емiн әдемiлiктен iздейдi. Өз жанын өзi әдемiлiкпен шуақтандырып, әдемiлiкпен жұбатады.
Ендi осы жерде аздап шегiнiс жасауға тура келедi. Өзi туасы кемiс (яки қалтырауық) болса, өзiнiң не қайрат-күшi, не асып-тасып бара жатқан өнерi болмаса, оның үстiне өмiр бойы ауыл-үйдiң сиырын бағудан қолы бiр босамаса, мұндай қалтырауықтың өмiрiнде өзiн-өзi жұбата алатындай нендей мән, қандай әдемiлiк, қайбiр мағына болуы мүмкiн? Жарайды, өмiрдiң мәнi әдемiлiкте-ақ болсын делiк. Бiрақ Қалтырауықтың өмiрi әдемi емес қой: төменшiк, сұрқай, қадiрсiз, қорлықты. Оны басынатындар да, қалтасында ақшасы бола тұра сиырының ақысын бермей кететiндер де аз емес...
Рас, Қалтырауықтың өмiрi әдемi емес. Әдемi деуге ешкiмнiң аузы батып бара қоймасы да анық. Алайда Қалтырауықтың өмiрi әдемi болмаса да, оның өмiрiнде әдемi сәттер бар! Әдемi сәттердiң жүректе қалдырған әдемi iздерi бар! Қай жылы едi? Баяғыда («...қарап отырса, содан берi де қырық жыл өтiп кетiптi»), бозбала шағында Қалтырауық «тамағы ақ қағаздан да аппақ» сұлу құдашаның, қылықты бойжеткеннiң тұсына барып:
Бiздiң ауыл Бурылдың төрiнде отыр,
Өзiң көрген баяғы жерiнде отыр.
Шыныменен көңiлiң бiзде болса,
Сағат сайын көзiме көрiн де отыр, –
деп шалқыта бiр ауыз өлең айтқан. Мiне, осы сәулелi, сирек сәттi Қалтырауық ұмыта алмайды. Ұдайы есiне алып, әлгi тым қысқа, тым шолақ, баянсыз, бiрақ тәттi, шұғылалы, әдемi сәттi көкiрек көзiмен, көңiл дүниесiмен жиi iздейдi. Аңсайды. Iздеген, аңсаған сайын көңiлдiң кiрiн, тiрлiктiң азабы мен қорлығын сағыныштың нұрымен жуып кетiрiп, әлдебiр мейiрлi, шұғылалы, кешiрiмдi кейiпке енедi...
Көркемдiктi жақсы көру, әдемiлiктi аңсай бiлу арқылы өз жанын өзi жылытып, өз көңiлiн өзi жуындырып жүрген Қалтырауық шалдың жүрегiндегi шұғыла мен нұрға, қанағат пен ынсапқа қарап отырып, Дәуiт пайғамбардың шамдалының жарығы түскендей өз жаныңыз да нұрланып, кеңейiп сала бередi.
Шерхан Мұртазаның «Алтын тiкенi» – шап-шағын болғанымен, жүз жасаған бәйтеректiң тамырындай аса терең, сырлы, қазинелi әңгiме. Мұнда бәрi бар: поэзия да, пәлсапа да, психология да, музыка да!
* * *
1994 жыл. Шерағаң – республикалық «Қазақстан» телерадиокорпорациясының президентi. Сол кезде мынадай бiр үрдiс бар едi. Әр тоқсанда (әрбiр үш айда) бүкiл облыс әкiмдерi мен күллi республикалық мекемелердiң басшылары арнайы жиынға шақырылатын және бұл жиынды Қазақстан президентi Н.Назарбаевтың өзi өткiзетiн.
Осы дәстүрлi жиында Шерағаңның атына Елбасы қатты сын айтты. Сөзiнiң ұзын-ырғасы мынаған сайды: Өскемендегi орыс ағайындар дәл қазiр «Қазақстан» телерадиокорпорациясының жұмысына қатты наразы. Өйткенi қазақша хабарлар күрт көбейiп кеткен де, орысша хабарлар мүлде азайған. Бұ қалай? «Ресейге кетемiз, Ресейге көшемiз!» деген сөздер де осындайдан кейiн өрбитiнiн неге ескермеймiз? Бiздiң мемлекеттiк саясатымызға құлықсыз қарап, таразының басын тең ұстауға мойны жар бермесе, онда бiз де Шерхан Мұртазаның орнына басқа адам, басқа кадр қарастырамыз және т.т.
Үзiлiс кезiнде Шерағаңды iздедiм. Өйткенi сынның бiр ұшы Қазақ радиосына да тиiп жатты (ол кезде мен Қазақ радиосының бас директоры едiм). Шерағаң Президенттiк аппараттың жауапты қызметкерiн былай шығарып, жекiп тұр екен:
– Шындыққа жанаспайтын мұндай деректi президентке кiм бередi? Әрине, сендер бересiңдер! Түймедейдi түйедей етiп көрсетiп! Әйтпесе қазақша хабарлар орысша хабарларға қарағанда сәл ғана басым. Бұл жерде аттан салатындай ештеңе жоқ. «Қазақстанда қазақша көбейiп кеттi» деген не сұмдық?! Қазақстанға қазақша ешуақытта көптiк етпейдi! Қарағым-ау, сен ағылшындардың «Бiздiң Англияда ағылшынша көбейiп кеттi!» дегенiн естiдiң бе? Не болмаса, өзбектердiң, француздардың? Естiген емессiң және естiмейсiң де!..
Шерағаңның күйiнетiндей де жөнi бар едi. Егер жаңылыспасам, дәл сол кезде электронды ақпарат құралдары (Қазақстандiкi бар, Ресейдiкi бар) тәулiгiне республикамызда қазақ тiлiнде – 9 сағат, орыс тiлiнде 180 сағат хабар таратып жатқан болатын.
Не керек, Шерағаңның үзiлiстен кейiн жарыссөзге шығатыны белгiлi болды. Шерағаңа:
– Кiшiрейе салыңыз, тiптi кешiрiм сұрай салыңыз! Қатты айтпаса, қатаң сынамаса, оның несi президент?! «Өте орынды сынадыңыз, ендi бұл сыннан тиiстi қорытынды шығарып, кемшiлiк-терiмiздi түзеуге бар күш-жiгерiмiздi жұмылдырамыз» дей салыңыз!» дегендер де табылды, сонымен бiрге:
– Жарыссөзге шықпай-ақ қойыңыз, жағдайды ушықтырып аласыз. Бұл жерде үндемеген, үндемей құтылған абзал, – деушiлер де болды.
Сонымен Шерағаң жарыссөзге шықты. Кiшiрейген де жоқ, кешiрiм сұраған да жоқ. Себебi...
«Өз зиялыларына қырғидай тиген өкiметтен мен ешуақытта кешiрiм сұрамаймын!» Бұл – Жүсiпбек Аймауытұлының сөзi. Ақтық сөзi. 1931 жылы дар алдында айтқан сөзi. Егер Жүсiпбек Аймауытұлы өз әрiптестерi секiлдi кешiрiм сұрай салса («кешiрiм сұраудың» нәтижесiнде Жүсiпбектiң жанындағы тоғыз адам аман қалған), тiрi қалатыны күмәнсiз едi. Ж.Аймауытұлы кешiрiм сұрауды қажетсiз деп тапқан. Неге? Бiз ұлтымызды сүйгенiмiз үшiн ешкiмнен кешiрiм сұрамауымыз керек! Алладан да, адамнан да! Егер кешiрiм сұрадық па, онда бiз ешуақытта ұлт бола алмаймыз. Құнсызданамыз, арзандаймыз. Керiсiнше, ұлтын сүйе алмағандар, ұлтын сүйе бiлмейтiндер сұрасын кешiрiмдi! Бұл – Жүсiпбек Аймауытұлы ұстанған принцип. Шамамен, Шерағаң да осы принциптi ұстанды. Өйткенi таразыға түскен мәселе – ұлттық мүдде, ұлттық тiл туралы едi. Ал Шерағаң ұлттық мүдденi, ұлттық тiлдi, ұлттық мәселенi ешуақытта саудаға салған емес!
Шерағаң сөзiн сабырлы бастады. Қазақ радиосында да, «Қазақстан» телеарнасында да қазақша хабарлардың орысша хабарларға қарағанда сәл басымдау екендiгiн айта келiп, оның себептерiн санамалап шықты. Мәселен, Қазақ радиосын тек Қазақстандағы қазақтар ғана емес, сонау Қытай мен Ресейдегi қазақтардың да, Өзбекстан мен Қарақалпақстандағы қазақтардың да тыңдайтынына тоқталды. «Қазақстан» телеарнасындағы хабарлар орысша хабарлардан сәл басым түсiп жатса, оның балаларға арналған қазақша хабарларды көбейту зәрулiгiнен туындап отырғанын алға тартты. «Срыбных басқарып отырған «Казахстанская правда» газетi қыр соңымызға түсiп алды, – дедi сонымен бiрге Шерағаң, – «Қазақстан» телерадиокорпорациясы туралы күн аралата бiр мақала басады. Мақалаларының бәрi – «жаптым жала, жақтым күйе». «Қазақша хабарлар күрт көбейiп, орысша хабарлар мүлде азайды» деген өтiрiк деректi өрттей қаулатып жүрген де – осы газет!».
Осыдан соң, Шерағаң күндей күркiреп, найзағайдай шатырлады:
– Телерадио дегенiмiз не? Ол – уыз! Уызында жарымаған, уызға жарымай өскен бала не болады? Оны бәрiңiз де бiлесiздер! Қазiргi күннiң балалары теледидарды емiп өседi. Балаларға арналған қазақша хабарларды көбейткенiмiз де сондықтан! Қазақтың радиосы мен Қазақтың мемлекеттiк телеарнасында «қазақша көбейiп кеттi...» деген не сұмдық?! Президенттiң айналасындағы азаматтарға айтарым, шатаспаңдар олай! Өзгенi де шатастырмаңдар!
Бұдан кейiн көзәйнегi жалтырап Елбасына қарады:
– Аса мәртебелi президент мырза! Жаңа Сiз өте қатты айттыңыз. Сiздiң сөзiңiз маған ауыр тидi... Алпыстан асқан жасым бар, осы уақытқа дейiн ешкiмнен қызмет сұраған емеспiн! Осы қызметке жiберген де – Өздерiңiз! Мен – жазушы адаммын. Менiң қаруым – қолымдағы қаламым! Бәлкiм, қызметiмдi тартып аларсыздар, бiрақ менiң қолымдағы қаламымды ешкiм де тартып ала алмайды!
Әлi күнге дейiн есiмде, Шерағаңнан кейiн 15 адам сөйледi. Кiлең марқасқалар! Қазақтың жақсы менен жайсаңдары! Бiрақ солардың бiрде-бiреуi (қанша дегенмен ұлттың мүддесi таразыға түсiп жатқан жоқ па?!) «Шерхан Мұртазаның сөзiнiң жаны бар. Ескеру керек екен...» деген жадағай жәрдем, жаяу қолпашқа жарамады.
Ә, айтпақшы, Олжас Сүлейменов пiкiр бiлдiрген едi ғой. Ол не дедi? Олжекең былай дедi:
– Срыбных ауырып қалып, бүгiнгi жиынға келе алмады. Шерхан Мұртазаның ортамызда жоқ адамды сыртынан сынауы, сыртынан ғайбат сөз айтуы адамгершiлiкке жатпайды! Срыбных – менiң досым! Ол – турашыл, мемлекеттiң мүддесiн күйттеп жүрген адал азамат!
Ал ендi мемлекеттiң, яки Қазақстанның «мүддесiн күйттейтiн сол турашыл, адал азамат» қайда қазiр? «Әйт, шу, қарақұйрық» деп, баяғыда бала-шағасын алып Ресейге кетiп қалған. Бiржола! Естуiмiзше, Мәскеуде тұрады. Бiр кездерi Қазақстанда тұрғанын, Қазақстанның азаматы болғанын ұмытып та кеткен...
Ләйла ше? Ләйла Бекетова? Жоғарыдағы жиыннан соң көп ұзамай-ақ Шерағаң қызметтен шеттетiлiп, оның орнына Ләйла Бекетова келген болатын.
Қазiр Ләйла Бекетова Женевада (Швейцарияда) тұрады. Күйеуi В.В.Храпунов – Швейцарияның ең бай адамдарының бiрi. Қазақстанның қыруар байлығы мен қаржысын қымқырған ерлi-зайыптыларды бiздiң билiк сотқа тарта алмай әлек. Жақында ғана тергеушiлер анықтады, күйеуi Храпунов Алматының әкiмi болып тұрған кезiнде Ләйла Бекетованың тек қарақан басының(!) бiр Алматының өзiнде(!) 4 коттеджi, 9 үйi, 50-ге жуық жер телiмi болыпты!..
* * *
Бiр азамат iрi әрi жауапты қызметке тағайындалды. Осы азамат жөнiнде Шерағаңнан сұрадым:
– Бiлушi ме едiңiз, бұ кiм? Қазаққа жаны ашитын азамат па, жоқ әлде...
– Мен бұл жiгiттi танымаймын, – дедi Шерағаң, – Бiрақ әкесiн сырттай бiлушi едiм. Мұның әкесi, Құдай қылса қайтерсiң, өзi қазақ бола тұра бар ғұмырын қазақты жек көрумен, қазақтардан безiнумен өткiздi. Аулада қазақ балаларымен ойнап жүрген өзiнiң баласын көрсе, терiсiне сыймай ашуланып, айғай салады екен.
– Әй, Пәленбай, шапшаң берi кел!
Содан алдына келген баласына:
– Мен саған қашанғы айтам қазақ балаларымен ойнама деп! Ойнағың келе ме, еврейлердiң, орыстардың баласымен ойна! Қазақтың баласымен ешуақытта ойнаушы болма! Жолама оларға! – дейдi екен. Әрине, орысшалап айтады ғой. Осылай деп тұрғанын талай адамдар көзiмен көрiп, құлағымен естiген... Осындай ортада, осындай отбасыда өскен бала қай бiр оңушы едi...
Көп ұзамай-ақ Шерағаңның айтқаны айдай келдi. Әлгi азамат өзi басқарып отырған саланы түгелдей орыс тiлiне көшiрдi. «Түгелдей орыс тiлiне көшiргенi» несi? Бұрындары бұл салада iс қағаздары қазақ тiлiнде де жүргiзiледi екен. Соны тоқтатты. Iс қағаздары тек бiр-ақ тiлде, орыс тiлiнде ғана жүргiзiлетiн болды. Осы салада қызмет iстейтiн қазақтардың арасында ұлттық тiлге жаны ашитын азаматтар бар болатын, оларды да бiртiндеп жұмыстан кетiрiп тынды...
Шерағаңның бiр «қайраткер» туралы осыдан отыз жыл бұрын айтқаны да айна-қатесiз келдi де қойды.
– Сендер мұны бiлмей жүр екенсiңдер, әлi-ақ көресiңдер, қазаққа он мың орыс жабылып жүрiп жасай алмайтын жамандықты мұның жалғыз өзi жасайды! – деген едi.
Шерағаңның бұл жерде «он мың орыс» деп отырғаны – әрине, шовинист орыстар, империяшыл, өктем, өркеуде орыстар.
Қазiр жаңағы «қайраткер» бүкiл өрен-жаранымен (әйелi, қыздары, жиендерi, достары, шәкiрттерi және т.т.) қазақ тiлiне қарсы. Өзi қазақ болғаннан кейiн ғана тартынып жүрген сияқты, бұл «қайраткер» әлi-ақ «Қазақ тiлiнде оқуды, қазақ тiлiнде бiлiм алуды, қазақ тiлiнде жазып-сызуды, қазақ тiлiнде сөйлеудi, жалпы қазақ тiлiн қолдануды мүлде доғарсақ қайтедi, осы...» дегендi де айтады. Бұған шек келтiрмей-ақ қойыңыз...
* * *
1950-70 жылдары аралығында 700 қазақ мектебiнiң жабылып қалғаны жөнiндегi деректi тапқан да (қалай тапқанын, қайтiп iндеткенiн сұрамаппын) және соны алғаш рет жарияға шығарған да – Шерағаң. Бұл дерек тұңғыш рет Сағат Әшiмбаев жүргiзетiн «Қарыз бен парыз» телехабарында айтылды. Айтқан – Шерхан Мұртаза.
– Бұл 700 мектептiң зардабын бiз әлi 700 жыл тартамыз, – деген едi Шерағаң. Сол расқа айналып келедi...
* * *
Қарап отырсаңыз, Шерағаңның өмiрi – қиян-кескi күрес.
«Лениншiл жастың» (қазiргi «Жас Алаш») бас редакторы болып жүрген кезiн Шерағаң былай еске түсiредi: «Брежнев кезiнде Чернышев дегендердi алып келдi Қазақстанға. Әйелi (Брежнева) «Қазақконцерттiң» бастығы едi. Күйеуi де сонда iстейтiн. Солар «Қазақконцерттi» әбден жеп бiтiрiп, тамтығын қалдырмай жатқан кезде «Лениншiл жаста» «Қазақконцерт, хал қалай?» деген мақала басылды. Бұл мақала бомба болды. «Лениншiл жастың» қоғамға, бюрократизмге тастаған бомбасы едi. Ақыры әдiлдiк жеңiп, Чернышевтер Қазақстаннан кетiп тынды...».
Өзiмiз де шет-жағасын көрдiк, Шерхан Мұртаза басқарған «Социалистiк Қазақстан» газетi (қазiргi «Егемен Қазақстан») бар-жоғы бiр жылдың iшiнде екi облыс әкiмiнiң (о кезде «облыстық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы» деп аталатын), бiр министрдiң, бiрнеше аудан басшыларының орнынан кетуiне себепшi болды. Не үшiн? Қазақтың мүддесiне жүрдiм-бардым қарағаны үшiн.
Мұның сыртында газет қаншама дүмбiлез кадрлар мен тоңмойын шенеунiктердi, «ұлы халықтың өкiлiмiн...» деп кеудесiн соғатын едiреңбайларды, карта ойыны мен ойнасқа тоймайтын директорларды, ұлттың несiбесiн жеген озбырларды, ертеңiн ойламайтын шолақ белсендiлердi тәубесiне келтiрдi десеңiзшi. Шымкенттегi кiрпiш зауытының «тарихын» зерттеп, тарих ғылымдарының кандидаты атағын алған ғалымсымақты айдай әлемге әшкере қылды. Қасиеттi қара шаңырақтың қасиетiн кетiргенi үшiн Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дың журналистика факультетiнiң деканы Кузьменконы орнынан алғызды...
Шерағаң сонда да қанағаттанбайды:
– Әй, сендердiң денелерiңде ағып жатқан қазақтың қаны емес. Балықтың ба, бақаның ба, бiрдеңенiң қаны... Әйтпесе, ана Арал теңiзiнде тұқымы тұздай құрып бара жатқан көксеркенi (балықтың түрi) жазар едiңдер ғой. Қане, көксеркенi кiм жазады? – деп, қарауындағы журналистердi тағы бiр қиырға бағыттайтын.
* * *
Тәуелсіздігімізді жариялағаннан кейін көп өткен жоқ, бір күні Шерағаң газет ұжымын жинап алып былай деді:
– Мен бүгіннен бастап Шерхан Мұртазаев емес, Шерхан Мұртаза боламын. Біле білсеңдер, сезіне алсаңдар, түсіне алсаңдар, «-ов», «-ев» дегендер – зорлықшыл елдің, үстем империяның, яғни отаршыл Ресейдің біздің әрқайсымыздың маңдайымызға қыздырып басқан құлдық таңбасы. Қарғыс таңбасы! Міне, тәуелсіздік алдық, еркіндік алдық. Енді менің құл болғым келмейді! Қыздырып басқан құлдық таңбаны көрмейтіндей, осы таңбаға көндігіп жүре беретіндей біз мал емеспіз! Қылша мойнымызды құлша иіп келгеніміз де жетер, енді құлдық таңбасынан, қарғыс таңбасынан біржола құтылайын деп шештім. Қазақта Ғұмар Қараш дейтін кісі болған, татарда Ғабдолла Тоқай, Сәйфи Құдаш бар, ал енді түріктер мен әзербайжандар түгел осылай жазады, мен де сол ата-бабаларымыздың жолын тұтынып, Шерхан Мұртаза болуды жөн көрдім. Әлкей Марғұлан деген сияқты ғой. Ертеңгі «Егемен Қазақстанда» «Бас редактор Шерхан Мұртаза» деп жазылады. Өзгелерге, әсіресе редакциялық алқа мүшелеріне айтарым, «-ов», «-евті» алдыру, не болмаса қалдыру – әрқайсыңыздың өз еріктеріңізде. Ешқандай зорлық жоқ...
Шерағаң сөйлесе, жүрегіңе жеткізе, санаңа сіңдіре, көкейіңе құйып алатындай етіп сөйлейді ғой. Бәріміз де өз фамилиямыздан «-ов» пен «-евті» түгел алдырып тастадық.
* * *
– Мұхтар Әуезов те, Шерхан Мұртаза да, мен де 28 қыркүйек күнi дүниеге келiппiз. Жалпы, 28 қыркүйек – тек ұлыларды дүниеге алып келетiн қасиеттi күн, – деп Орағаң, Оралхан Бөкей екi көзi бiрдей жұмылып, иығы селкiлдеп, иығымен бiрге иығына түсетiн ұзын шашы да селкiлдеп, рахаттана бiр күлер едi.
Аздан кейiн байсалды қалыпқа енiп:
– Әне бiр данышпан Шерағаң екеумiздi менсiнбей «Е, е, бұлар жазушылыққа журналистикадан келгендер ғой...» дейдi мұрнын шүйiрiп. Не сонда, жазушылыққа дәрiгерлiктен, не болмаса ЦК-дан келу керек пе?! Эрнест Хэмингуей кәсiби журналист болған. «Жүз жылғы жалғыздықтың» авторы кiм едi, иә, сол Габриэль Маркес, ол да журналист болған. Керек болса, қазақ қаламгерлерiнiң 70 пайызы – жазушылыққа журналистикадан келгендер. Мәселе – жазушылыққа кiмнiң қайдан келгенiнде емес, талантында. Талант тас жарады! Шерағаң журналистикада «Журналистиканың Жуковы» атанды. Ал жазушылығы ше? Талай-талай мықтыларды шаң қаптырып, жарты жолда қалдырып кеттi емес пе?! Талант қай жерде де талант! – дер едi.
* * *
Шерағаң журналистикада «Журналистиканың Жуковы» атанды. Неге? 1941-1945 жылғы соғыста Сталин Жуковты қайда салмады, қайда жібермеді?! Кілең қиынға жұмсады, ылғи ұрыстың тағдыры қыл үстінде тұрған, таразының басы қай жаққа ауары белгісіз сұрапыл шайқастарға апарып салды: Ленинград қоршауы, Мәскеу қорғанысы, Курск доғасы, Киев, Брест және т.т. Соғыс өнеріне аса жетік дарынды қолбасшы барған жерінің бәрінде де жеңіске жетті. Салыстырмалы түрде алғанда, Шерхан Мұртаза да Қазақстанның баспасөз саласында осы Жуковтың ерлігін қайталады ғой. «Жас Алашқа» (Ол кезде «Лениншіл жас» деп аталатын) бас редактор болып келді, газетті жайнатып жіберді. «Жалынға» барды, оны да жайнатты. «Қазақ әдебиетіне» бас редактор болып тағайындалды, газет те түлеп, түрленіп, құлпырып шыға келді. Шерхан Мұртаза «Жұлдыз» журналына бас редактор болып келгенде журналдың таралымы 60 мыңның о жақ, бұ жағында екен. Журналдың таралымын Шерағаң әуелі 175 мыңға жеткізіп, артынан 200 мыңнан асырды ғой.
«Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетін қазақтың әдеби-мәдени зиялылары «Ертелі-кеш партияның қаулыларын басады. Одан қалса, жоғары лауазымды шенеуніктердің баяндамаларын басады. Осы газеттің қатып-семіп қалған ұстанымы мен ресмилігі-ақ шаршатты...» деп, «Социалистік Қазақстанды» оқудан да және оған жазылудан да қашқақтайтын. Осы газетке Шерағаң бас редактор болып келгеннен кейін аз ғана уақыттың ішінде бұл газет зиялының да, зиялы еместің де, үлкеннің де, кішінің де іздеп жүріп оқитын газетіне айналды.
Шерағаңның «Қазақстан» телерадиокорпорациясын басқарғандағы еңбегі – ол өз алдына бір төбе.
* * *
Шерағаң кадрға ерекше мән беретін. Қол астына талантты журналистерді, дарынды қаламгерлерді жинауға күш салатын. Сонан кейін қарақан басының ғана қамын ойлайтын журналистерді көп ұстамайтын, жұмыстан шығарып жіберетін. Ұлттың мұңын мұңдай білетін, ұлттың жоғын жоқтай білетін журналистерді ұнататын. «Өз пайдаңды ойлама, елдің, ұлттың пайдасын ойла! Өз пайдаң соның ішінде», дейтін Шерағаң ұдайы. Қазір қарап отырсам, әулиенің аузынан ғана шығатын сөз екен ғой.
Мал шаруашылығы саласында «селекционер» деп аталатын мамандық бар. Бұл мамандықтың иесі қошқар болатын қозыны, не болмаса тұлпар болатын құлынды бір қарайды да, тани қояды. Шерағаң да бұл тұрғыда нағыз редактор-селекционер еді. Бір мақаласын, бар болғаны бір ғана мақаласын оқып, мықты журналист, мықты қаламгер болатын жасты тани қоятын.
«Жас Алашқа» бас редактор болып келгеннен кейін Шерағаң осы газеттің Маңғыстау облысындағы тілшісі етіп Фариза Оңғарсынованы, Шымкент облысына тілші етіп Мұхтар Шахановты, Қарағанды облысына тілші етіп Ақселеу Сейдімбекті алды. Бұл – 1963 жыл, бұл кезде Фариза Оңғарсынованы да, Мұхтар Шахановты да, Ақселеу Сейдімбекті де ешкім танымайды. Шерағаң бұлардың бірді-екілі өлеңі мен мақаласын оқып, осындай шешімге келген ғой.
Ал енді Оралхан Бөкейді жұмысқа қалай алғаны жөнінде Шерағаңның өзі айтып беріп еді. Бас редакторға бөлім меңгерушісі Шығыс Қазақстан облысынан жазылған бір мақаланы әкеп бермей ме? Шерағаң оқып шығады. Сөзі – нық, ойы да – мық шегедей. Мақаланың соңына қарайды, авторы – Оралхан Бөкеев. «Редакциядағылар өңдеп, жөндеп жібермеді ме екен?» деген оймен бөлімнен мақаланың түпнұсқасын алдыртады. Жоқ, ешкім жөндемеген де, өңдемеген де. Содан Шерағаң өзінің орынбасарын шақырып алып: «Сен бүгін Катонқарағайға жүріп кет. Мына жігітті алып кел, біз оны жұмысқа қабылдаймыз», – дейді. Талантты тану өз алдына, сол талантты қалай бағалай, қадірлей біледі десеңізші. Қазіргі күнгі бас редакторлар осылай жасар ма еді? Іздемек тұрмақ, қабылдауына келген адаммен ыңыранып әзер сөйлеседі...
ҚазМУ-дің филология факультетінің 5-курс студенті Әбіш Кекілбаевты Шерағаң бірден «Жас Алаштың» сын бөлімінің меңгерушісі етіп жұмысқа алады. Сонда мүйізі қарағайдай сыншылар мен белгілі қаламгерлер Шерағаңның үстінен Орталық Комитетке (ЦК) арыз жазады «...мұрнын сүрте алмай жүрген студентті бөлім меңгерушісі етіп алды» деп.
* * *
«Арыз» дегеннен шығады ғой, Шерағаңның үстінен де арыз көп жазылатын. Шерағаңның үстінен ЦК-ға, кейінірек Президент әкімшілігіне жазылған 18 беттік, 25 беттік, 56 беттік, 70 беттік, тіпті 120 беттік арыздарды да көрдік қой. Сонда не үшін жазылады бұл арыздар? Шерағаңның ұлттың мүддесін көздеп, ұлттың пайдасын ойлағаны үшін. Осы қасиеті үшін, осындай жанашырлығы үшін талай таяқ жеді ғой Шерағаң...
* * *
Әдетте, біз өте білімді адамдардың қатарына Әлкей Марғұланды, Қайым Мұхаметхановты, Мұхтар Мағауинды, Қадыр Мырза Әліні, Әбіш Кекілбаевты, Сағат Әшімбаевты, Рымғали Нұрғалиды, Азат Сүлеевті, Сәбетқазы Ақатайды, Мекемтас Мырзахметовті, Құлмат Өмірәлиевті және т.б. жатқызамыз ғой. Және бұл – әбден қалыптасқан пікір. Өз басым осы қатарға тағы да екі адамды қосар едім. Оның бірі – Шерхан Мұртаза, екіншісі – Жұмекен Нәжімеденов. Мен Шерхан Мұртазаның қол астында 12 жыл, Жұмекен Нәжімеденовтың қол астында 2 жыл қызмет істедім. Сондықтан да мұны білгеннен, көргеннен кейін айтып отырмын.
Бұл екеуі де сырт көзге өздерінің білімді екендіктерін байқата бермейтін. Және оған құштар да емес болатын. Әсіресе, Шерағаң. Жорта білмегенсіп «А, а, солай ма? Мен оны қайдан білейін...» деп қойып отыра береді. Шын мәнінде, Шерағаңның оқымағаны жоқ. Білмейтіні жоқ. Патшалық Ресей Қазақстанды қалай отарлаған? Қайтіп бұтарлаған? XVIII ғасырда, XIX ғасырда жазылған, қазіргі күні де сирек мұрағаттарда, сирек қолжазбалар қорында ғана сақталған осы еңбектердің көшірмелерін өз басым Шерағаңнан сұрап алып оқыдым. Мұндай еңбектердің Қазақстанда аты да, заты да жоқ, Шерағаң кезінде Мәскеуде оқыды ғой, сол кезде қолға түсірген сияқты...
Бұрындары 1932 жылғы аштық туралы еш жерде жазылмайтын, еш жерде айтылмайтын. Осы алапат ашаршылық жөнінде алғаш рет айтқан, нақтырақ айтсақ, ашаршылық жөніндегі поэманы «Қазақ әдебиеті» газетіне алғаш жариялаған да – Шерхан Мұртаза. Халық ақыны Нұрхан Ахметбеков кезінде 1932 жылғы аштық туралы «Күләндам» атты поэма жазған, бірақ еш жерде басылмай қалып қойған. Осы поэманы Шерхан Мұртаза «Қазақ әдебиетінде» жариялады ғой. Бұл 1985 жылы еді.
Ал енді өзгелер білмесе білмеген де шығар, бірақ Шерағаң 1932 жылғы аштық туралы, оның себеп-салдарлары туралы, мұның артында кімдердің тұрғаны жөнінде, осы аштықта қазақ байғұстың шыбындай қырылғаны жөнінде, аштық туралы Тұрар Рысқұловтың Сталинге арнайы хат жазғаны және осыған қосымша тағы да қазақтың бес азаматының Сталинге хат жазғаны («Бесеудің хаты») жайында егжей-тегжейлі білетін. Әрине, мұның бәрі – жабық тақырып, тыйым салынған тақырып, солай бола тұрса да Шерағаң өз бетінше ізденіп, мұның бәрін баяғыдан бес саусағындай біліп, көңіліне әбден тоқып алған-ды. Білген кісі, білімді кісі әманда өзіне-өзі сенімді. Білгендіктен де Шерағаң аштық туралы поэманы жариялады да жіберді.
Мәселен, қазіргі күнгі бас редакторлар неге шындықты, қоғам шындығын жариялай алмайды? Өйткені бұлардың басым көпшілігі білімсіз. Қоқырайып төрде отырғаны болмаса, өрелері де – тайыз, білімдері де – саяз. Білімсіз адам ешуақытта орнықты шешім, баянды байлам жасай алмайды. Көзі де, көңілі де алаңдап тұрады. «Әлде қалай болып қалады...» деп жоғары жаққа қарап жалтақтайды да отырады...
Шерағаң сонымен қатар түркі халықтарының (қырғыз, өзбек, түрікмен, татар, башқұрт, саха, қарашай, малқар, құмық, ноғай, көкоғыз және т.б.) тарихын, тақылетін, тұрмыс-салтын, тағдырын кәсіби маманнан кем білмейтін. Кезінде Мұстафа Шоқайдың «Түркі халықтары шоқтай боп бірігуі керек. Біз біріксек қана отаршыл Ресейге төтеп бере аламыз. Әйтпесе, Ресей біздің әрқайсымызды жеке-жеке жұтып қояды» дегені, онан кейінгі Тұрар Рысқұловтың «Түркі тілдес түгел бол!» дегені де мәлім. Шерағаң да осыны ұстанды. «1920-1930 жылдар аралығында Қазақстан, Өзбекстан, Башқұртстан, Татарстан, Қырғызстан, Түрікменстанның басшылары мен зиялылары бір-бірімен жиі кездесіп, жиі кеңесіп, жиі араласып тұрған. Қазір осы дәстүр үзіліп қалды» деп қатты өкінетін Шерағаң. Сөз арасында айта кеткен орынды шығар, Шерағаңның түркітілдес халықтардың ішінде достары да көп еді. Татар жазушысы Туфан Минуллинмен жақсы араласты. Шыңғыс Айтматовпен де телефон арқылы ұзақ сөйлесіп, ой бөлісіп отырғанын талай көрдім.
«Егемен Қазақстанның» бас редакторы болып тұрған кезінде Ермұрат Бапиды (Ермұрат Бапи де – Шерағаңның шекпенінен шыққан, мектебінен өткен азамат) Башқұртстанға жіберді. «Башқұрттар туралы жазып кел!» деп. Ермұраттың башқұрттар туралы мақаласы жарық көргеннен кейін редакциялық жиында Шерағаң: «Біз Башқұртстанның астанасын «Уфа» деп жазамыз. Ал Ермұрат «Өбе» деп жазыпты. Өйткені башқұрттың өздері өз астанасын «Өбе» дейді. «Уфа» дейтінді орыстар шығарған. «Өбе» деген не сөз? Бұл «Оба» деген сөз. Қазақта да «Қособа», «Бесоба» деген жер атаулары бар ғой. Бұл да сол сияқты. Тіпті «Ақмола» дегенің де айналып келгенде осы «оба», «мола», «қорым» дегеннен шыққан....», деген-ді.
Ермұрат Бапиден кейін мені жіберді. Өзбекстанға. Шерағаң «Қазақ әдебиеті» газетінде жүргенде де мені Өзбекстанға екі рет жіберген-ді.
Біз көршілес тұрсақ та, өзбек халқын әлі жете білмейміз. Өзбектер – тек түркі мәдениетін ғана емес, сонымен бірге бойларына қалалық өркениетті, әсіресе «мәхалла мәдениетін», Шығыс өркениетін, мұсылман өркениетін мейлінше сіңірген халық. Содан да болар, өзбектер қазақтарға қарағанда әлдеқайда еңбекқор, әлдеқайда ұйымшыл, әлдеқайда ауызбірлікшіл. Біз сияқты өзгелерге еліктеп-солықтауға да құмар емес. Уақытша науқандарға да бой алдырмайды. Бірін-бірі күндемейді, бірін-бірі етектен тартып, біріне-бірі ор қазбайды... Шерағаң да «өзбектердің біз үйренуге лайықты жақсы халықтық қасиеттерін, ұлттық үлгі-өнегелерін жазып кел!» деп тапсырма береді.
Шерағаң «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы, онан кейін «Қазақстан» телерадиокорпорациясының президенті кезінде Өзбекстанда тілші ұстауға тырысты. Тек Өзбекстан ғана емес, Шерағаң түркітілдес мемлекеттерде, атап айтқанда, Татарстанда, Башқұртстанда, Саха елінде (Якутия), Түрікменстанда, Қырғызстанда, Түркияда, Әзербайжанда, Қапқаздағы түркі республикаларында меншікті тілші ұстауға барын салды. Бірақ жоғары жақты көндіре алмады, олар «қаржы жоқ...» деп безеріп отырып алды.
* * *
Шерағаңның «Жазушы» баспасынан жарық көрген «Бiр кем дүние» атты кiтабына қысқа да нұсқа ой толғаулары топтастырылыпты. Мысал үшiн осы кiтаптан «Жекеше көне ме?» деген шағын ой-толғауды тұтас келтiре кетелiкшi:
«Өз пайдаңды ойлама, ел пайдасын ойла! Өз пайдаң соның iшiнде.
Бiрақ бәрi солай ойламайды ғой.
Бiр кем дүние!»
Ендi «Сорлы» деп аталатын қып-қысқа ой-толғауға үңiлелiкшi:
«Өзгенiң көлеңкесiнде тұрғанның өз көлеңкесi болмайды.
Өз көлеңкесi болмаса – өлгенi».
«Намыс қайда?» деген шағын ой-толғауын да қысқартпай сол күйiнде оқып көрелiк:
«Әлем бiздi құрметтесiн десек, өз ұлтымызды және ұлттық бейнемiздi алдымен бiздiң өзiмiз бар сезiмiмiзбен, ақыл-ойымызбен, iс-әрекетiмiзбен құрметтеуiмiз керек. Өзiнiң ұлттық бейнесiн таба алмаған ұлттардың басқа ұлттарға жем болатынын бiлiп қойғанымыз жөн» (Ататүрiк).
Ал бiзде, қазақтарда қалай? Басқа-басқа, тiптi Парламенттiң өзiнде, сенаты бар, мәжiлiсi бар, дауысқа салғанда тоқсан пайызға жуығы қазақ тiлiне қарсы дауыс бердi. Ал дәл осы Парламент қазақ тiлiн мемлекеттiк тiл деп шешiм қабылдаған болатын. Бұл не сонда? Депутаттардың басым көпшiлiгiнiң кешегi өз шешiмiне қарсы шыққаны қалай?
Жоғарыда Ататүрiк айтқан ұлттық қасиеттердiң мүлде ада болғаны ғой. Ұлттық қасиеттiң, ұлттық намыстың өлгенi ғой.
Мiне, бұл – нағыз қасiрет!
Бiр кем дүние».
Шерхан Мұртазаның мысқалдай ғана ой-толғаулары өте жеңiл оқылады. Әрине, бұл – жазушының шеберлiгi. Бiрақ осы мысқалдай ой-толғаулардағы астарлы емеурiннiң өткiрлiгi сондай, етiңнен өтiп сүйегiңе жетедi.
Шерхан Мұртазаның халықтық қалпымыз бен болмысымыз, ұлттық келбетiмiз бен намысымыз жөнiндегi ой-толғаулары неге өтiмдi? Неге бойлауық? Сорғышқа төгiлген сиядай неге санамызға бiрден сiңiп қалады?
Әрине, бұл жерде жазушының шеберлiгi (форманың ұтқырлығы, ой мен мазмұнның бiрлiгi, көп айтудан гөрi дөп айтуға ұмтылу, тереңдiк, тұтастық және тағы тағылар) жөнiнде бiраз әңгiме де қозғауға болар едi. Бiрақ бiз мұны қоя тұрып, Шерхан Мұртазаның жоғарыдағы ой-толғауларының неге өтiмдi һәм бойлауықтығының көп себебiнiң бiр ғана себеп-сырына тоқталамыз.
Егер парақұмар бастық өзiнiң қол астындағыларға: «Адал болыңдар, әдiл болыңдар, таза болыңдар! Пара алмаңдар!» десе, не болар едi? Бастықтың бұл сөзiне құлақ асу былай тұрсын, оның қарамағындағылар мен қол астындағылар iштерiнен мырс-мырс күлер едi. Неге? Өйткенi «сөз бен iстiң бiрлiгi» деген қасиеттi ұғым бар. Халық ақымақ емес, сөзi мен iсi, пiкiрi мен пиғылы екi бөлек адамды ешуақытта тыңдамайды және сыйлай да қоймайды. Тұлғалық қасиетi, яғни тұлғаға тән қасиетi жоқ адамның (сөзi мен iсi екi бөлек адамның) аузында дуа да болмайды. Аузында дуасы жоқ адамның сөзi де адыра қалады. Айдалаға кетедi. Ал ендi Шерхан Мұртаза қай жерде жүрсе де, қандай қызмет атқарса да, ұлттың мұң-мүддесi үшiн арыстанша арпалысты. Өзiнiң қажыр-қайратын, жiгерiн, намысын, бiлiм-бiлiгiн осы қасиеттi де киелi жолға бағыштады. Қасым Аманжоловтың «Жау жолына атам сенi, Бомба бол да, жарыл жүрек!» дегенi сияқты...
Сөзi мен iсi бiр жерден шығатын тұлғаның да уәжi өтiмдi келедi. Аузының дуасы бар мұндай азаматты оқырмандар да iлтипатпен сүйiне, тұщына оқиды. Шерағаңның «Бiр кем дүниесiнiң» өтiмдiлiгiнiң бiр себебi де осында жатқандай.
* * *
Тегiнде бар, топырағында бар, санасында бар азамат азбайды һәм айнымайды (дүниенi бүлдiретiндер де – тегiнде жоқ тексiздер мен топырақсыздар ғой). Бүкiл күш-жiгерiн, бiлiмi мен бiлiгiн, керек десеңiз, ақшасын да, басқасын да ұлтын өрге сүйреу үшiн жұмсайды. Мұндай азаматтар – ұлтының ырысы, елiнiң құты. Шерағаң да осындай ұлтқа – ырыс, елге – құт бола бiлген сиректер мен iрiлердiң сойынан.
Шерағаңның ұлтқа сiңiрген еңбегi ұшан-теңiз. Өз басым Шерағаңның қайраткерлiгi мен азаматтық биiктiгiн тек Алаш қайраткерлерiмен (А.Байтұрсынұлы, Ж.Аймауытұлы, Т.Жүргенов және т.б.) ғана салыстырар едiм. Одан төмендесек, Шерағаңа обал болар едi. Өзiне емес, әрине. Еткен еңбегiне. Төккен терiне. Мемлекетшiлдiгiне. Мектебiне. Ұстаздығына. Көшбасшылығына. Iрiлiгiне. Азат мiнезi мен бостан рухына. Тағлымына. Өнегесiне. Отаншылдығына. Ең бастысы, күрескерлiгiне!
Әмірхан МЕҢДЕКЕ