Бір күні бізбен бірге архив ақтарысып жүрген жергілікті журналист-зерттеуші Мұрат Кенемолдин қаланың Тыныбай мешіті маңында Ертістің жағалауына жақын орналасқан көнетоз жер үйде Роза Ибрагимова атты апай тұратынын, сол кісінің қолында әкесінен қалған Алаш арыстарына қатысты өте құнды түпнұсқа суреттер бар екенін айтты.
Маңызды хабарды естіген соң екеулеп жолға шықтық. Бардық. Роза апамыз жетпіске жетеқабыл жастағы кейуана екен. Қазақшаға тым шорқақ. Мұрат мені таныстырып жатыр. «Осылай да, осылай Астанадан келген тілші әрі зерттеуші, ең бастысы, алашшыл азамат. Осы кісіге әкеңізден қалған құнды суреттерді көрсетсеңіз?» деді. Апамыз бәлсініп жатпады, қақ ортасынан ақ жіппен орай буған папканы алып келді. Көзім бірден дәл ортасында да таудай болып Ақаң, Ахмет Байтұрсынұлы отырған бір топ адамға түсті.
Менің фотоға ұмсына қараған түрімді аңғарған жолсерігім Мұрат Муфтиұлы суретті қолына алып, екінші қатарда сол жақта шетінде отырған қара тақиялы, қияқ мұртты адамды нұсқап:
– Мына кісінің аты Хайролла Ибраһимов, бұл Роза апамыздың туған әкесі әрі семейлік абайтанушы ғалым Қайым Мұхамедхановтың ұстазы. 1916 жылдары Уфадағы «Ғалия» медресесінде оқыған. Кейін Алашорда үкiметi тұсында өз үйiнің ішінен бастауыш мектеп ашып, балаларға сабақ берген. 1937-38 жылғы жаппай жазалаудан Алла сақтап аман қалған аз адамның бірі, – деді.
Жәдігердің артқы бетіне төтешемен «1916 жыл. Үпі (Уфа)» делінген өшкін жазу түсіпті. Дереу қалтамызда жүретін жиналмалы лентасы бар сырылдақ фотоаппаратты алып шығып, осы суретті және бірқанша жеке тұлғалардың жансыз бейнесін басып алдық. Астанаға оралған соң оларды жудырып, қатты қағазға таңбалатып тастадық.
Содан бері Роза Хайроллақызынан алған аталмыш фотосуреттерге қатысты дерек жинай жүруді де ұмытпадық. Біздің ойға түскен бірінші сауал: «Ақаң бұл жерге, яғни Уфа қаласындағы «Ғалия» медресесіне не үшін барды?» екінші сауал «Суретте бейнелеген адамдар кімдер?» Ақаңнан басқа адамның бәрі «Ғалия» медресесінің шәкірттері екені анық.
1916 жылы бұл оқу орнына 10 жыл толып, осы даталы оқиғаға қазақтың Ахметі шақырылған. Нәтижесінде, «Қазақ» газетiнiң 1916 жылғы 23 желтоқсан күнгі 210-санына «Медресенiң 10 жылдық тойы» атты мақала жарияланып, бұл медреседен жыл сайын аз дегенде 30-40 қазақ баласы оқу бiтiретiндігі, осында білім алған шәкiрттер «ұлтым», «ұлтым» деп, жұртын аузынан тастамайтындығы туралы айтыла келiп, «Жасасын, «Ғалия»! Жасасын, «Ғалияны» ашып, тәрбиелеп, рухты жастар шығарушылар!» деп аяқталыпты. Ақаң осы сапарында медресе шәкірттерімен бірге фотоға түскен. Айтпақшы, бұл фотоның басқа нұсқалары да бар. Олар соңғы жылдары әр жерде жарияланып жүр. Солардың ішінде сапалысы осы сурет.
Ал «Суретте бейнелеген адамдар кімдер?» дегенге келсек, ең әуелі бұл фотоны Роза апайға анасы Мағырифа тапсырып кеткен екен. Бертінде, тоқыраудың тоңы жібіп, көбесі сөгілген тұста фотосурет мұрагерлері қаладағы алаштықтардың көзін көрген оқымысты әрі Хайролла ұстаздың шәкірті Қайым Мұхамедханұлына көз шалдырады. Қайым аға дереу қолына қаламын алып, «Қазақ әдебиеті» газетінің 1989 жылы
13 қазан күнгі санына осы фотосуретті жариялап, өзі таныған адамдардың аты-жөнін жазып шығады.
Қайым ағаның айтуынша, суретте: екінші қатарда сол жақтан бірінші отырған ұстазы Хайролла Ибраһимов, үшінші қатарда: Байтұрсынұлының дәл сыртында тұрған 1919-1928 жылдары Семейде жарық көрген «Қазақ тілі» газетінің алғашқы редакторы, журналист, педагог Мәннан Тұрғанбаев (1886-1937). Мәннанның сол жағында иық тіресіп тұрған – Абзал Жиенғалиев. Бұл кісі Семей педагогикалық техникумына Әбікей Сәтбаевтан кейін директор болған адам. Екінші қатарда, оңнан солға қарай екінші ретте отырған тұлға – Мағырифа Ибраһимованың айтуы бойынша Абылғазы Иманов деген кісі. Ал екінші қатарда оң жақтан бірінші отырған – дәрігер әрі ақын, Кеңес Одағының Батыры Мәншүктің әкесі Ахмет Мәметов.
Одан кейін аталмыш суреттің тағы бір ескірген нұсқасын портреттанушы Марат Әбдешов осы суретте үшінші қатарда тұрған Зәкір Сералиннің (алғашқы қазақ журналисі Мұхамеджан Сералиннің інісі) баласы Файз деген кісінің қолынан алған екен. Мәкең ол суретті 2008 жылы «Алматыкітап» баспасынан жарық көрген «Қазақ портреттерінің тарихы» атты еңбегінде жариялап, фотодағы адамдар жайлы біршама толық ақпар берген.
М.Әбдешовтің нұсқасы бойынша: суретте (солдан оңға қарай) бірінші қатарда еденде отырған бес адамның аты-жөні белгісіз. Екінші қатардағылар: 1. Хайролла Ибраһимов, 2.3.4 (белгісіз). 5. Ахмет Байтұрсынұлы, 6. Омар Алмасов, 7. Абылғазы Иманов, 8. Ахмет Мәметов. Үшінші қатарда тұрғандар: 1. Армия Ешеев, 2 (?). 3. Зәкір Сералин, 4 (?), 5. Абзал Жиенғалиев, 6. Мәннен Тұрғанбаев, 7. 8. 9 (белгісіз). Төртінші қатарда тұрғандар: 1. Нұрхан Еленов, 2 (?), 3. Әбдірахман Мұстафин (бармағын шығарып қолын қаусырып тұр), 4. Ишанғали Арабаев, 5-11 (белгісіз). Сондай-ақ соңғы жылдары төртінші қатарда оң шетте тұрған адамды (Әбдешовтің таңбалауы бойынша 11-ші) Ғ.Қарабалин деп жазыпты атыраулық дереккөзі. Қысқасы, суреттегі 34 адамның 15-16-сы анықталып отыр.
Осындағы бейнесі анықталған адамдар түгелдей дерлік қуғын-сүргін жылдары атылып кеткен. Мысалы, алаштанушы ғалым Қайым аға анықтаған 5 адамның 4-і атылған. Ал Марат Әбдешов анықтаған адамдардың бірі – Омар Алмасов болса, 1917 жылы желтоқсан айының 5-13 аралығында Орынборда өткен Жалпы, қазақ съезіне қатысып, Алашорда үкіметіне мүшелікке сайланған. 1920 жылы кездейсоқ жағдайда қайтыс болған. Төртінші қатарда сол жақтан бірінші болып тұрған Нұрхан Еленов туралы қостанайлық қаламгер Ғұмар Ахметчин 2015 жылы қазан айында «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрген естелігінде, бұл кісі 1914 жылы Мұхаметжан Сералиннің баласы Сәліммен бірге Троицк қаласында бастауыш орыс мектепте оқыған Жұмаш Еленовтің інісі деп жазса, саяси қуғын-сүргін құрбандары жайында ашық тізімде: Нұрхан Еленов 1893 жылы Қостанайдың Қарабалық ауданы 18-ауылында туған, 1937 жылы 30 қараша күні тұтқындалып, 1938 жылы 31 қаңтарда үкім етілген депті.
Келесі аты аталған тұлға Әбдірахман Мұстафин медресеге қазақ жазушысы Бейімбет Майлиннің ықпалымен 20 жасында келіп оқыған. Кейін бұл кісіні Майлин газет ісіне тартып, журналист атандырғаны туралы деректі кездестірдік. Сондай-ақ бұл кісіні үлкен ғалым Тұрсынбек Кәкішұлы өзінің «Садақ» эссе-кітабында тебіреніспен еске алыпты. Ал суреттегі жалғыз қырғыз ағайын Ишанғали Арабаев – Бішкекте Алаш партиясының бөлімшесін ашқан шоң тұлға. 1933 жылы белгісіз жағдайда көз жұмған.
Сондай-ақ суретте аттары аталған семейлік зиялылар Мәннан Тұрғанбаев туралы айтар болсақ, жергілікті қаламгер Мұрат Кенемолдиннің ««Ғалия» медресесінің семейлік шәкірттері» атты мақаласында: «Мәннан Тұрғанбаев 1886 жылы туған. 1910 жылы «Ғалия» медресесіне оқуға түсіп, оны 1915 жылы бітіріп шығады. Одан кейін Орынборда Ахмет Байтұрсынұлы шығарған «Қазақ» газетіне шақырылып жұмыс істеген. Алаш көсемі Әлихан Бөкейханмен бірге Түркияға сапарлап қайтқан көрнекті Алаш арысы» деп жазыпты. Жарықтық, 1937 жылы 20 тамызда ату жазасына үкім етілген екен.