Қазақстан • 28 Қыркүйек, 2022

Түгел түркінің тұлғасы

3599 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Өткен ғасырдың ауыр жүгін арқалап, ұлт болмысының кемел­денуіне аянбай қызмет еткен, жаңа дәуірде де өзінің ұста­нымынан бас тартпай, жарқын болашақ үшін ерен еңбек сіңірген ағзам жандардың бірі – қазақтың көрнекті жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Шерхан Мұртаза.

Түгел түркінің тұлғасы

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Түгел түркі жұртына аты шық­қан ардақты жазушы тірі болса биыл 90 жасқа толар еді. Бұл – қазақ жұртының ғана емес, ұлы көштің Атажұрттан Анадолыға дейін ғасырлар бойы ізін салған алып географияның бойымен мекендеген түркітілдес елдердің ұлы тойы.

Жазушы Шерхан Мұртаза­дан қалған рухани мұраны тіз­бек­теп, қазақ оқырманына көр­сет­кен артық болады деп санай­мыз. Дегенмен, түрік тіліне ауда­рылған «Қызыл жебе» рома­ны­ның екі томы, «Ай мен Айша» ро­маны, бір топ әңгімелері мен пуб­­лицистикалық ой-толғам­дары түркі әдебиетінің асыл жауһар­ларына айналғанын айтуымыз керек.

Көрнекті жазушы Кеңес Ода­ғының қылышынан қан тамып тұрған кезінде де өзінің публи­цистикалық мақалаларында ұлт­тық рух, тәуелсіздік, ұлт пен тіл тақырыптарын жиі-жиі қозғап жүрді. Ал Тәуелсіздік жылдарында ол саяси еркіндік берілгеніне қарамастан, рухани еркіндік пен ұлттық болмыс туралы сөз қозғап, тіл мәселесін көтеріп, халықтың мұң-мұқтажына айналған өзекті тақырыптарды ылғи да айтып, өткір дүниелерін, терең ойларын баспасөз беттерінде де жариялады. Бұл ойларды жазушы өзінің көркем шығармаларына да арқау еткен болатын. Өйтке­ні жазушының қайбір көркем әңгімесін оқып көретін болса­ңыз, ол шығарма ұлт тағдыры туралы өрбиді. Негізінен жазушы өзінің шығармаларында оқырманға ақыл-кеңес бермейді, бағыт-бағ­дар сілтемейді. Ол әңгімесін баян­­дай келе, оқырманға фило­софиялық ой салады. Осылайша ойлауға, ойлануға итермелейді. Ал кей жерде жазушы шеберлік­пен оқырманды әңгімесіне үйіріп әкетеді де, жер астынан қазына тауып бергендей, үйретеді, ашып көрсетеді.

Шерхан Мұртазаның адам мен қоғамды қаншалықты таны­ғанын, тіршіліктің заңын, жаратылысты, тарихты және тарихи эволюциялық дамуды қан­шалықты терең білгенін жазу­шылық шеберлігі арқылы және көркем тілді биік деңгейдегі қол­данысы арқылы жеткізіп отыр­ғандығын байқаймыз. Со­ның нәтижесінде жазушы тек әдебиетші ретінде ғана емес, ойшыл, философ ретінде де оқыр­манды ойласуға шақырады және ой-толғаудың әлеміне қарай алып шығады.

Шынтуайтына келгенде, Шерхан Мұртаза әлемі – өте күр­делі әлем. Өйткені оның өн бо­йында қаламгерлік те, қайраткерлік те, ұстаздық та, ойшылдық та бар. Оны көзіқа­рақты оқырман шығармаларын оқып анық көз жеткізе алады. Ол күшеніп жазбайды. Жазған да емес. Еркін сілтейді. Сеніммен баяндайды. Біліп айтады. Өткір сөзбен тіліп те жібереді. Ұйқас үшін емес, нақты шегелеп жет­кізеді. Демек біз айтқан қасиет жазушының бойында табылмаса, оны нық сеніммен жеткізе алмас еді және өз оқырманын да сендіре алмас еді ғой.

Шерхан Мұртаза – қарымды қайраткер. Қайта құру кезеңінде, әлі кеңестік дәуірдің күн бат­паған кезде ол Алаш зиялыла­рын тануға және танытуға қызмет етті. Ұлттық тарихтың түбінде қа­лып, шаң басып қалған құнды дүниелерді қайта тірілтті. Өзінің мақалаларына да Алашты арқау етті. Өйткені ол тақырыпты өте жақсы білетін. Тұрар Рысқұлов­тың өмірбаянын әбден зерттеп, «Қызыл жебе» атты роман-эпопея жазды емес пе?!.

Том-том болып шыққан жазу­шының шығармалары бүгінде рухани қазынаға айналды. Жур­налистер одағының төрағасы Камал Смайыловпен бірге жазған «Елім саған айтамын, Елбасы сен де тыңда» атты кітабы елді елең еткізген құнды дүние болса, «Бір кем дүние» атты ой-толғамдар жинағы әлі күнге дейін оқырманның аузынан түспейтін ойлы кітап болып қалды.

Шерхан Мұртаза ұлттық болмысты көркем шығармаларын­дағы кейіпкерлері арқылы көрсе­теді, не болмаса публицистика­лық мақалалары арқылы ашық жеткізеді.

Қазақстанның саяси тұрғы­дан тәуелсіз болуына қарамастан, ол керісінше елдің егемендікке толық қол жеткізбегендігін, ха­лықтың бұл жағдайда сенімінен айырылғандығын және кейбір топтардың ұлттық болмысынан ажырап бара жатқандығын ашық айтады.

Ұлттық болмысы биік тұғыр­дан көрінген тұлғалардың бірі – Тұ­рар Рысқұлов. Жазушы­ның «Қызыл жебе» романы мем­ле­­кет және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловтың өмірбаянын ғана баяндап қоймай, оның ұлт үшін атқарған қызметін, жан-дү­ниесін, мінез-құлығын, ұлттық ұс­танымын түрлі оқиғалар мен диалогтар арқылы ашып көрсетеді. Бұл шығарма өткен дәуірде, яғни Қазақстанның әлі тәуелсіздікке қол жеткізбеген кезінде жазылған. Автордың бір сұхбатында айтуынша, бұл шығарманы ширек ғасырда зерттеп жүріп қағазға түсірген. Ұлт туралы, ұлттық ой, тұлға туралы айтуға рұқсат етілмеген уақытта мұндай кесек дүниені жазып шығару – үлкен ерлік. Өйткені бұл роман-эпо­пеяда бір ғана тұлғаның өмірі баяндалмайды, тұтас қазақ қоға­мының тартқан қасіреті, ұлт­тық болмысы, тіршілігі, салт-дәс­­түрі бояуы қанық суреттері ар­қылы жетеді. Автор роман-эпо­пеядағы алып картинаны ұлт­­тық бояу арқылы салады және сол ұстанымынан бас тартпайды.

Әсілі, жазушы Алаш рухты бол­ғандықтан, Тұрар Рысқұ­лов­тың бойындағы қасиетті баян­дап отырғанда да ұлт рухы­мен баяндайды. Сондай-ақ Алаш ­идея­сын кейіпкер арқылы жеткізеді. ­Бұл рух және идея оның бар­лық жазуларында көрініс табады. Баспасөз беттерінде ол та­лай мәрте «Қазақ» дейтін ұлт­тық сипаты бар адамдарды ұлтқа адал қызмет етуге, ұлт дегенде үнсіз қалмауға шақырған. «Демо­кратия – жүгенсіздік емес!» деп кесіп айтқан бір ғана сөзін­де осы терең мән жатыр. Ал Жел­тоқ­сан көтерілісі туралы сөз бол­ған­да, ол: «Бұл көтеріліс – импе­риа-
­лис­тік күшке көрсетілген қар­­сы­­­­лық. «Мен қазақпын!» деген жас­тардың көрген қасіретке қар­сы шыққан мінезі еді», деген-тұ­ғын. Сол сияқты жер мәселесі­не де на­зар аударып, жердің ел­дің мен­шігіндегі дүние екендігін ­айтып, шетелдіктерге сатуға ты­йым салу қажет деп биік мінбе­ден арыс­тандай ақырған болатын.

Шерхан Мұртазаның публи­цистикалық мақалаларын ақта­рып, «қазақ ұлтының өкілі қан­дай болу керек?», деген сауалға жа­­уап­ іздеп, саралап қарағаны­мыз­­да, автордың пікірінше, қазақ баласы әуелі адам болу керек екен. Тәуелсіз болу керек. Жауап­кер­­шіліктен бас тартпай, заңға ба­ғыну керек. Отанға адал болу ке­рек. Жерді таза ұстап сақтау ке­­рек. Ұстанымды болу керек. Биік мұраты, асқақ арманы болу ке­рек. Мықты маман болып, тари­хын жақсы білу керек. Ұлттық өнер мен әдебиетті, мәдениет пен тілді құрметтеу керек. Халықтың салт-дәстүрін біліп, атадан қалған рухани мұраны сақтау керек. Көршімен тату, досқа адал болу керек. Рухани байлыққа назар аудару қажет. Өнерпаз болу керек. Білім мен технологияның тілін түсінетін, елдің дамуына үлес қосатын еңбекқор азамат болу керек.

Көрнекті жазушыны түркі әле­мінің мақтанышы деп айттық. Расында, оның түркі әлеміне қатысты жазған дүниелері, аңыз-әңгімелері аз емес. Ататүрік туралы жазған мақаласы да кезінде жүлде алған болатын. Тіпті өзі­нің бір сұхбатында ол қазақтың байрағында бөрінің суреті тұру керек деген. Көк бөрі туралы аңыз­ды бірнеше жерде мысалға келтіреді. Осылайша, Алты Алаш­тың тегі Түркі қағанаты екенді­гін оқырманның есіне салып, түр­кі тайпасынан шыққан бүгінгі түркітілдес елдермен қарым-­қа­ты­насты мығым ұстап, дамыту керек екендігіне үнемі назар ауда­рып отырады. Осы себеп­тен кейбір орыстілді журналистер оны тұраншыл, түрікшіл деп сы­наған да болатын.

Бір кездері ол Қазақстанда ұлт­тық телеарнаның жоқ екенді­гін, халықтың тек орыс және ба­тыстық телеарналарға телміріп қарайтынын қынжыла жеткіз­ген болатын. Оның ойынша, бұл жағ­­дай мәдени тұрғыдан жаулап алу деп саналады. Негізінен, бұл мәселе Қазақстанда ғана емес, Түркияда да орын алған. Бұл мәсе­лені ол дәл уақытында кө­тер­ген болатын. Қазір тұтас түр­кі әлемі соның зардабын тартып отыр.

Шерхан Мұртазаның пікірі бойынша, ұлттық қауіпсіздік қан­шалықты маңызды болса, ұлт­тық сананың жат дүниелерден сақ­талуы да соншалықты ма­ңыз­­ды. Өйткені ұлттық сана сан­сы­рап қалса, ұлттық болмыс бүлі­неді және отансүйгіштік қасиеті жоғалады. Мұны түсінген қай­раткер жазушы үнемі айтып та, жазып та отырды.

Ана тілі, ұлттық болмыс және мәдениет – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Тілсіз болмыс­ты, мәдениетті елестету қиын. Сондықтан тілінен ажыраған ұлт өз болмысын сақтап қалады дегенге сенім білдіру мүмкін емес. Ой-сана тіл арқылы көрі­ніс табады. Ұлттық болмыстың ішін­де сенім, салт-дәстүр, әдет-ғұрып сақталады. Ұлт өкілдері арасындағы қарым-қатынас ұлт­тық болмысты тіл және мәдениет арқылы дамытады.

Осы тұрғыдан келгенде, жа­­­­зу­шы Шерхан Мұртазаның тілге қатысты айтқаны – бір бө­лек дүние. «Қызыл жебе» роман-эпопеясында арқау болған тұлғаның рухы – ұлттық рух, тілі – қазақтың тілі. Арғысы түркі бабалардың, бергісі Алаштың ұлы рухы. Ол өзінің бір жазуында: «Қазақстан Тәуелсіздігін жариялағаннан кейін қазақтың тілі де мемлекеттік және ресми тіл ретінде жариялану керек. Нағыз тәуелсіздік деген осы! Осыған байланысты қазақ мектептеріне басымдылық беріледі. Болашақ қазақ тілінде деп ойлайтын ата-аналар балаларын қазақ мектебіне бере бастайды. Бәзбіреулердің тіл мынандай мәртебе алу керек, не болмаса анандай болу керек деп сандырақтағаны жете­ді. Олар орыс тіліне де сондай мәр­тебе бергісі келеді. Сосын мемлекеттік тіл болып шыға ке­леді. Мемлекеттік тіл дегеніңіз со­ның нәтижесінде құр сөз болып қалады. Қазақ тілінде ешкім сөйлемейтін болады, ешкімге қажет болмай қалады. Ал мұндай жағдайда ешкім өзінің баласын қазақ мектебіне бергісі келмейді. Жаппай орыс мектебіне бере бас­тайды. Кейбір ғалымсы­мақ­тар қазақ тілі мемлекеттік тіл бо­ла алмайды деп сандырақтай­ды», деп жазады. Сондай-ақ ол Пар­ламентте отырғандардың кө­бісі қа­зақ екенін, бірақ олардың кө­бісі қазақша сөзді бастап, орыс­ша жалғастырып, орысша аяқтай­тындығын жеткізеді. Оның ойын­ша, қазақ тіліне қарсы болатындар – басқа емес, қазақтың өзі.

Сонымен бірге ол тілге қатыс­ты зерттеу жүргізіп отырған ға­лымдардың да тиісті деңгейде жұмыс істемей отырғандығын айтып, ғылыми атақ-даңққа қан­шалықты лайықты, не лайық­ты емес екенін алға тартады. Оны­мен қоса телеарнада сөй­леген журналистердің де тілге нем­құрайды қарайтынын айтып сыни көзқарасын білдіреді.

Шерхан Мұртаза тәуел­сіз­діктің тілден басталатындығын ашық жазатын. Оның айтуынша, мемлекет қазақ тіліндегі теле­бағдарламалардың санын көбейту керек, тілді сақтап отыратын қаламгер қауымымен ты­ғыз жұмыс істеу керек, «заң – мемлекеттің тоғыз қабат, тор көзді сауыты» деп сипаттама бер­ген заң саласы да қазақша сөй­леуге тиіс және жерге арнайы мәртебе берілуі керек. Осылайша, мемлекет ұлттық рух пен ұлттық сананы сақтау жолында жұмыс жүргізуі керек.

Түркі дүниесіне танымал тұл­ға Шерхан Мұртаза бала кезін­де көп қиын­дық көрген. Сондық­тан халықтың тартқан қасіре­тін, ­көр­ген азабын жан-тәнімен сезінген. Жастық шағынан бас­тап, ұлт зиялысы мәртебесіне дейінгі жалғасқан өмір жолында ол қаламгерлік пен қайраткерлікті қатар алып жүрді. Тума талант ретінде ұлттық тілдің дамуына өзіндік үлес қосты. «Шерхан айт­қан» дейтін талай сөз тіркесінің авторы. Бүгінде мақал-мәтелге айналған көптеген сөздерді та­уып айтқан болатын. «Шындық – ащы әрі ажарсыз» деп ақи­қа­т-­­
ты ғана арқалады. Ойын ашық әрі анық жеткізетін. Ештеңе­ден қай­мықпай турасын айта­тын. Қажет десе сынап та жібере­тін. Сондықтан ол ұлттық идеология тұрғысынан ғана жазған жоқ. Өзінің ойын ашық айтып, елдің сөзін сөйлейтін.

Жаһандану үрдісі белең алған уақытта ол ұлттық құндылық­тар­ға ғана мән берді. Өйткені ұлт­ты жоғалтып алмау – басты мәселе еді. Бұл мақсатта атқарған қызметі бекер болған жоқ. Қазақ тіліне сіңірген еңбегінің мәңгі-бақи елдің есінде қалатыны белгілі.

Осы орайда көрнекті жазу­шының сөзімен мақаланы аяқта­ғымыз келеді: «Тілсіз ел болмай­ды. Ана тілінен ажыраған ел – өзінің тарихынан, тамырынан айырылған ел. Тілінен ажы­раған ел – ата-бабасының, әке-шеше­сінің атын ұмытқан ел. Ал ондайларды «мәңгүрт» дейді».

 

Нергиз БИРАЙ,

Памуккале университетінің профессоры, PhD

 

Түркия, Денизли