Руханият • 29 Қыркүйек, 2022

Ғибратты ғибадатхана

616 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елорда төріндегі Ұлттық музейде бауырлас Түркия мен Қазақстанның дипломатиялық байланыс орнатқанына 30 жыл толуына орай Түркияның Қазақстандағы елшілігі мен Юнус Эмре түрік мәдениет орталығы бірлесіп, «Тарихтың бастапқы нүктесі: Гөбеклітепе» атты фотокөрме ұйымдастырды.

Ғибратты ғибадатхана

Мәдени шараны ашып, көпшілікке оның маңызы жайлы таныстыр­ған Юнус Эмре түрік мәдениет орталы­ғы ди­ректорының міндетін атқарушы Алмагүл Исина ханым, бұл реткі көрме сөре­сі­не Түркия елінің Шанлыурфа өл­кесі Өренжик ауылы маңындағы Гөбеклі­тепе ежелгі ғибадатханасынан табыл­ған аса құнды 30 жәдігердің фотосы қойылып отырғанын жеткізді.

Мамандардың айтуына қарағанда, аталған жәдігерлер 1995 жылы жүр­гі­зілген қазба жұмыстары кезінде табылған. Бұлар неолит дәуіріне тән, шамамен 8000- 12000 жыл бұрынғы мұралар екен. Яғни адам қолымен жасалған жер бетіндегі ең ежелгі дүниелердің бірі.

Жәдігер-тастардың өң бетінде жабайы жануарлар мен өсімдік түрлері бедерленген. Биіктігі 2-6 метр, салмақтары 2-40 тонна. Жәдігерлер арасында әсіресе «Т» әрпі пішіндес тастар өте көп кездесе­ді. Ал алып жатқан аумағы 12 футбол ала­ңын­дай. Бірақ бұл жерден археологтер адам баласына тән (сүйегі, қолданған бұ­йы­мы, қонысы) ешнәрсе таппаған. Сол се­беп­ті де, жұмбаққа толы құпия көп. Соның бірі – ғибадатхана жер астына адамның қолымен көмілген. Оған не себеп, бұл да құпия. Келесі құпия – ол дәуірде бүгін­гідей құрылыс материалдары болмағанын ескерсек, мұндай үлкен ескерткіштерді кім, қалай тұрғызғаны белгісіз.

Тіпті, бұл ғибадатхана Хетт, Лидия, Шумер, Майя, Месопотамия өркениет­терінен мың жыл бұрын салынғанын ескерсек, әлем тарихындағы жаңа бір мәдениет үлгісі болуы әбден мүмкін, дей­ді мамандар.

«Гөбеклітепе мәдениеті жылдар бойы тарих сабақтарында айтылып келе жат­қан «Көшпелі қауым тек егіншілікті үйрен­геннен кейін ғана отырықшы болды», деген тезисті жоққа шығарады. Яғни аңшы­лықпен күнелткен қауым Гөбеклітепе сияқты діни орталықтарда бас қосып, отырықшылық тұрмысқа көше бастағаны айғақ. Бұл тарихи жағы­нан алғанда үлкен сенсация», дейді зерт­теушілер. Қазіргі таңда бұл жерде 15 мо­ну­менталды храм және 200-ден астам обелиск бар екені анықталды.

Бұл жәдігерлердің қалай табылғаны жайлы айтар болсақ, 1983 жылы Махмұт Кылыч есімді азамат жер жыртып жүріп, көмулі жатқан қашалған тас тауып алады. Оны музейге тапсырады. Бұл тас бертінде мамандардың назарын аударып, алғаш рет 1963 жылы Ыстанбұл және Чикаго университеті бірлесіп, ғылым докторы Халет Чамбел және профессор Роберт Джон Брейдвудтың басшылығымен ғибадатхана аумағына зерттеу жұмысы жүргізіледі. Бұлар табылған олжаларға сүйене отырып, Шанлыурфа аймағындағы Бирис қорымы мен Сөгут егіс даласында құнды артефактар бар екенін анықтайды. Бірақ қазіргі сенсациялық жаңалықты 1994 жылы Гейдельберг университетінің ғалымы Клаус Шмидт ашады. «Бұл мұралар та­рихқа деген көзқарасқа түбегейлі өзгеріс әкелді», дейді неміс археологы Л.Клер.

Дәл қазіргі таңда түркиялық Догуш және Шахенк холдингтерінің демеу­шілігімен профессорлар Мехмет Оздоған мен Гүлриз Козбе зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Үсті қалың топырақпен көмілген ғибадатхананы толықтай ашу ісі шамамен әлі 150 жыл жалғасады, дейді археологтер.

Бұл ғибадатхана 2011 жылы ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік құнды мұ­ра­лар тізіміне уақытша, 2018 жылы тұрақты тіркелген. Қазіргі таңда ежелгі Гөбеклітепе ғибадаханасына келушілер көп. Соңғы 3 жыл ішінде кешен 1,3 миллион турист қабылдаса, виртуалды нұсқасын 2 миллион адам тамашалапты.