Саясат • 30 Қыркүйек, 2022

Әлеуметтік қолдаудың жаңа алгоритмдері

141 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауының әлеуметтік-еңбек саласындағы негізгі бағыттарын және Әлеуметтік кодекс жобасының нормаларын түсіндіру мақсатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі құрған арнайы мобильді топ Солтүстік Қазақстан облысында белсенді ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Әлеуметтік қолдаудың жаңа алгоритмдері

Ведомство мен еншілес ұйымдардың өкілдері облыстың шалғай аудандарын аралап Шал ақын мен Тимирязев аудандарында халықпен, жастармен, еңбек ұжымдарымен, жұмыспен қамту және халыққа қызмет көрсету орталықтарының қыз­мет­керлерімен, ауылдық округ­тердің әкімдерімен және мәс­лихат депутаттарымен кездесулер өткізді.

Тыңдаушылар алдында сөз сөйлеген мобильді топтың жетек­шісі – Еңбекті қорғау жөнін­дегі ғылыми-зерттеу инс­ти­туты  бас ди­рек­торы­ның орынбасары Әлім­жан Бек­мағамбетов Әлеу­мет­тік кодекстің негізгі норма­лары туралы айтып, Отбасының цифрлық картасын енгізуге назар аударды.

«1 қыркүйектен бастап Қазақстанда әлеуметтік-еңбек саласындағы 5 қызмет бойынша қанатқақты режімде Әлеуметтік кодекстің құрам­дас бөлігі болып саналатын Отбасының цифрлық картасы іске қосылды. Бұл – азаматтарды тиісті органдарға жүгіну қажеттілігінсіз, проактивті форматта ұсына отырып, кепіл­ден­дірілген мемлекеттік қолдау­дың қандай да бір түрін алу құқығының туындағаны туралы хабардар ететін «электрондық хабар­лаушының» бір түрі. Мем­лекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің деректері негізінде цифрлық картада 6 млн отбасы және олардың 19 млн мүшесі туралы ақпарат жинақталған. Отбасының цифрлық картасы арқылы проактивті форматта мемлекеттік қолдау шаралары 5 мың азаматқа тағайындалды», деді Әлімжан Бекмағамбетов.

Сондай-ақ ол жыл соңына дейін көрсетілетін қызметтер тізбесі кеңейтіліп, 2025 жылға қарай цифрлық карта әлеуметтік саладағы, денсаулық сақтау мен білім берудегі мемлекеттік кепілдіктердің барлық түрін қамтитынын қосты.

Сонымен қатар Солтүстік Қазақстан облысының тұрғын­дарымен кездесу барысында мобильді топ мүшелері Жол­дау­дың және Әлеуметтік кодекстің басқа да маңызды бағыттарын жүзеге асыру туралы айтып берді. Атап айтқанда, мемлекеттік жәрдемақы мен бала күтімі бойынша әлеу­меттік төлемдерді төлеу мер­зімін ұлғайту, ЕТЖ ұлғайту, Элект­рондық еңбек биржасы база­сында цифр­лық экожүйені қалып­тастыру, жұмыспен қамту саласындағы жаңа саясат, жаңа көші-қон саясаты, оқыту жүйесін дамыту және кәсіби дағдылар­ды сертификаттау, арнаулы әлеу­меттік қызметтер жүйесін жаңғырту, зейнетақы төлемдерін арттыру және т.б.