Руханият • 30 Қыркүйек, 2022

Қос басылымның мерейтойы

403 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Алматы қаласындағы Ұлттық кітапханада Qazaqstan dauiri халықаралық қоғамдық-саяси газетінің 30 жылдығы және осы басылымның бел баласы «Мөлдір бұлақ» республикалық балалар журналының 20 жылдығына орай «Қазақ баспасөзі: бүгіні және ертеңі» атты конференция ұйымдастырылып, шара аясында газеттің «Ұлт шырағы» атты мерейтойлық жинағы және қос басылымның Бас директоры Сәуле Мешітбайқызының «Намыс қайрағы» атты публицистикалық кітабының тұсауы кесілді.

Қос басылымның мерейтойы

Биыл жарық көргеніне 30 жыл толып отырған Qazaqstan dauiri халықаралық қоғамдық-саяси газеті алғаш 1992 жылы 17 қаңтарда «Заман – Қазақстан» деген атпен жарық көрген еді. Кейін 2000 жылы «Қазмедиа» ЖШС-ның құрамына еніп, басылым аты «Қазақстан – Zaman» болып өзгерді. 2019 жылдың қаңтар айынан бастап Qazaqstan dauiri деген атпен шығып келеді.

Қос басылымның мерейтойы аясында, конференцияда алғашқы болып сөз алған қоғам қайраткері Сәуле Мешітбайқызы кітап оқу мәдениетін қа­лыптастыруда баспасөздің орны бөлек. Газет-журнал оқымасақ, кітап оқу мә­дениеті қалай қалыптаспақ. Кезінде Алаш арысы Міржақып Дулатов «Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің өзі де мықты» деген екен. Демек Алаш арысы айтқандай, қазақ баспасөзі – қазақтың үні һәм мұңы десе, келесі кезекте сөз алған қайраткер- журналист Марат Тоқашбаев, ең әуелі басылымның өсіп-өркендеуіне еңбек сіңірген тұлға­лар: Қазақстанның халық жазушысы Қалтай Мұқамеджанов, сондай-ақ Дидахмет Әшімхан, Шәмшидин Пәттеев, Рақымбай Қанафин, Болат Бодаубай, Бейбіт Сапаралы, Жұмабай Шаштайұлы сынды көрнекті қаламгерлер екеніне тоқ­та­лып өтті.

Одан кейін конференция тақы­ры­бы­на байланысты: «Қазақ­стан­дағы бұқаралық ақпарат құралдары қазақ және орыстілді деп бөлінеді. Орыстілді басылымдар елімізде азаматтық қо­ғамды нығайту бағытын ұстанса, қазақтілді басылымдар түгелдей ұлт­тық азаматтық-мемлекеттік формула­с­ымен жұмыс істейді. Бұл үрдіс соңғы кез­дері тым қатты қарқын алуда. Қа­зір интернет дәуірі. Адамдар қажет жаңалықты қолдарындағы гаджеттері арқылы біліп отыр. Сондықтан осы салаға күш салған дұрыс. Болашақта басылымдардың қағаз нұсқасы жойылады деген ұғым қате. Екеуінің де қатар өмір сүруге құқығы бар», деді Марат Бәйділдаұлы.

Ал белгілі қоғам қайраткері Дос Көшім «Қазақ баспасөзінің болашағы жайлы айтар болсам, оның ертеңі күңгірт. Әлеуметтік желі дәстүрлі баспасөзді ығыстырып барады. Мем­лекет осы бағытта дабыл қағатын кез келді. Үкімет тарапынан «Қазақ бас­пасөзін дамыту жөнінде» арнайы бағдарлама керек» десе, «Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы Төлен Тілеубай: «Шынымен қазір баспасөздің жағдайы алаңдатарлық күйде. Саусақпен санарлық қазақ басы­лым­дарының таралымын қарап шығып, оларды цифрлы медиамен де салыстырдым. Менің түсінгенім, қазақ баспасөзі жолайрықта тұр. Қағаз газеттер дәурені аяқталмауы үшін салиқалы сараптамаға, іргелі зерттеуге көшуі керек», деді

Осы орайда, қағаз басылымдардың мәселесіне байланысты Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінің төрағасы Қанат Ысқақов өз ойын білдірді. «Қазақ басылымдарының қазіргі ахуалы және болашағы жөнінде айтылып жатқан пікірлер өте орынды. Егер газет, кітап оқымаса саналы қоғам, зерделі ұрпақ, зиялы қауым қа­лай қа­лып­тасады. Бұл мәселені шешуд­ің те­тіктері қарастырылып жатыр. Бірін­­ші­ден, баспасөзді субсидия неме­се салықтан босату. Екіншіден, тара­лым мә­селесі бойынша, өңірлерде те­гін дүң­гір­шектер ашу. Қазпоштаның жұ­мысын жандандыру. Үшінші мәселе, қазақ аудиториясының өсуіне орай қаражат қарастырылып жатыр, деді комитет төрағасы.

Ал «Қазақ газеттері» ЖШС-ның бас директоры Шәмшидин Пәттеев, қазақ басылымдарын қаржыландырудың тетігі мемлекеттік әлеуметтік серік­тестік статусын белгілеуге байланыс­ты. Осы мәселені билік ескерсе... Бұл тиімді жоба әрі қазақ басылымдарын қаржыландырудың төте жолы. Осы жоба қабылданса, біраз мәселе ше­ші­лер еді, деген пікірін ортаға тас­тады. Ақын Шаяхмет Құсайынұлы, қазақ баспасөзі ұлттық идеологияның жоқ­ты­ғынан ақсап жатқандықтан қазақ оқырмандарын көбейтудің көзі – қазақ мектептері екеніне тоқталды.

Бұдан кейін, мінберге көтерілген шешендер қазақ баспасөзінің қанат жаюы­на қазақ тілінің қоғамдағы орны мен қолданыс аясы үлкен әсер етіп отырғанын, сонымен қатар күн өткен сайын қаржы-экономикалық салаларда қазақ тілі ешқандай қажеттілікке жарамай «ақша тіліне» айнала алмауы оның болашағына зор зиян. Қазақ баспасөзі дегеніміз – қазақ тілінің қо­ғам­дағы көрсеткіші. Тіл түзелмей – ел түзелмейді. Ал елді түзеудің жолы – баспасөз. Өткен ғасыр басында ұлт зиялысы Сәкен Сейфуллин «Қазақ тілі кеңсе тіліне айналмай – бағы жанбайды», дегеніндей қазақ тілі жалпы қоғамды толық қамтымай, қазақ басапсөзі ілгерлемейді, деген пайымдарын жеткізді.