Өңір экономикасын әртараптандыру бағытындағы бастама үшін 30 гектар жер телімі белгіленді. Құны 13,5 млрд теңге болатын зауыттың жылына 24 мың тонна томат пастасын дайындауға мүмкіндігі бар. Жобаны қос компания теңдей қаржыландырады, 2025 жылға дейін іске қосылуға тиіс зауытта 154 жұмыс орны ашылады.
Облыс әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетов әкімдік тарапынан бастаманы қолдау шаралары жүргізілетінін айтып, жобаның өңір үшін маңыздылығына тоқталды. Кездесуде болашақ өндіріс орнын инфрақұрылыммен жабдықтау, жобалық-сметалық құжаттама жасау мәселелері талқыланды.
Ауыл шаруашылығы министрлігі, Қызылорда облысының әкімдігі мен KOÇ Holding түрік компаниясы және отандық Orbis Kazakhstan компаниясының араларында атқарылатын шаралар мен мерзімдері көрсетіліп, төртжақты жол картасы әзірленіп, бекітілді.
Жалпы, облыстағы өңдеу өнеркәсібінің жекелеген салаларын дамытатын бағдарлама аясында аймақта құны 654 млрд теңге болатын 46 жоба қолға алынған. Бүгінде оның тоғызы қолданысқа берілді. Оның қатарында былтырдан бері жұмыс істеп келе жатқан керамзит, ас тұзы және күріш өңдеу өндірістері бар.
Индустрияландыру бағдарламасына облыста белсенді қатысып келе жатқан өндіріс орнының бірі – «Аралтұз» компаниясы. Компания осыған дейін жаңадан 3 испан цехын іске қосқан. Бұл еңбек өнімділігін екі есе арттырып, 200-ден аса адамды тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік берді.
Осы жылдың ортасынан бері өңірде керамзит блоктары шығарыла бастады. Жаңа өндіріс орнының қолжетімді өнімі қазір бағасы аспандап тұрған кірпіш пен басқа да құрылыс материалдарына бәсекелес болып, тұтынушылардың таңдауы соған түсіп тұр.
Арал ауданында іске қосылған кварц құмын байыту комбинатының негізгі тұтынушысы жылына 120 мың тоннадан астам кварц концентратын пайдаланатын шыны зауыты болады. Шыны зауыты демекші, жыл соңына дейін бұл нысанды да іске қосу жоспарлануда. Арнайы штаб құрылып, қыркүйек айында пеші қосылды, қазан айының соңында алғашқы шыны табақшасы шығарылуы керек.
Алдағы уақытта осы зауыт төңірегінде шағын, орта кәсіпкерлік белдеуін дамыту ойластырылып отыр. Оның аясында жаңа өнім түрлерін шығаратын 8 кәсіпорын ашу бағытында жұмыс жүргізілуде. Қазір шыны-талшықты-композиттік материалдар, айна, смартфондармен планшеттерге арналған ультра жұқа шыны дайындайтын 3 жоба бойынша жұмыс басталып кетті.
Бұдан бөлек, жыл соңына дейін Қармақшы ауданындағы құс фабрикасы, балықты терең өңдеу зауыты және Қазалыдағы балық қалдықтарынан ұн өндіру цехы іске қосылуы керек. Сырдария ауданындағы күріш ақтау цехы мен Қызылорда қаласындағы құрғақ құрылыс қоспалары зауыты да биыл қолданысқа берілетін өндіріс орындары қатарында тұр. Жалпы құны 3 млрд теңгеден асатын бұл 5 жобаға мемлекетік қолдау шарасы ретінде жер телімдері үлестірілген.
Бұлардың ішіндегі ірі жоба – «Қармақшы құс» ЖШС жылына 1 500 тонна құс етін өндіреді. Құны 2 млрд теңге болатын фабрикада 60 адам жұмыс істейді деп жоспарланып отыр. Өндірісі санаулы өңірдегі фабрикаға қажетті қондырғылар алдағы айда толық жеткізіледі.
Тау-кен металлургиясы – қойнауы қазынаға бай Сыр өңірінде кейінгі жылдары пайда болған сала. Облыста қазір «Шалқия» және «Баласауысқандық» кеніштерін игеру аясын кеңейту жобалары іске асырылып жатыр. Бұл үшін әлемдегі ірі 5 кеніш қатарындағы «Шалқия» кен орнын дамытудың жаңа стратегиясы әзірленді. Стратегияға сəйкес тау-кен бөлігі мен жерүсті кешендері бойынша түзетулер енгізіліп, тау-кен фабрикасының құрылысын жүргізетін мердігер мекемені анықтау процедуралары басталды. Фабрика іске қосылғанда жаңадан тағы бір мыңға жуық жұмыс орны ашылады. Өндіріс орны алғашқы жылы жылына 2 млн тонна кен өңдесе, 2026 жылдан бастап 4 млн тоннаға дейін ұлғаяды. Ванадий өндіретін «Баласауысқандық» кен орнындағы тағы бір жобаны шетелдік инвестор «Ферролоус ресорсиз ЛТД» жүзеге асырып жатыр. Жыл басынан бері кеніштен өндірілген 265 тонна аммоний метаванадаты Ұлыбритания, Швейцария, Аустрия елдеріне, 37 тонна ферромолибден Ресей мемлекетіне экспортталған.
Қызылорда облысы