Білім • 03 Қазан, 2022

Балаларды сөз өнеріне баулыған

311 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Табиғатынан жаны нәзік, адам баласына тек жақсылық жасап, ай­наласына шапағатын шашып, көпшілікке қуаныш сыйлап жү­ретін адамдар болады. Сондай жанның бірі – қазақ тілі мен әде­бие­ті пәнінің білгірі, ұлағатты ұстаз, ақын Жұмагүл Нәлібаева.

Балаларды сөз өнеріне баулыған

Мектепте 8-9 сыныптарда оқып жүрген кезімізде Талапты ауы­­лында ақындар мектебі бар еке­нін, Жұмагүл есімді қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі әр саба­ғында әдебиетке құштарлығы бар балаларды өлең шығаруға ма­шық­тан­дыратынын естіп, аудан ше­тін­дегі ауылға қарай аң­са­рымыз ауып тұратын. Басқа оқушылар сыртынан қызыға қарайтын аудан орталығындағы үл­кен мектепте оқысам да, «шір­кін, сол мектепте оқитын оқу­шы­­лардың арманы жоқ шығар» деп, сол сабаққа қа­ты­суға құмар­та­тынмын. Ара-тұра аудандық мә­дениет сарайында өтетін дәс­түрлі оқушылар айтысына қа­тысамыз, Көкмарданнан келе­­тін Дина Жаргөбенова, Гүлнұр Садыбаева, Ниятолла Бөрібаев, Абай Маханов, Мұхтар Маханов сияқты қыз-жігіттердің айтысын көреміз. Жандарында жанашыр бапкері Жұмагүл апай жүреді. Сондай кезде сол құрбыларыма қызыға да, қызғана қараймын.

Менің 8 сыныпта оқып жүр­ген кезімде мектебімізге Күләш Ахметова есімді мұғалім келді. Бізге ағылшын тілінен сабақ берді. Өзі өлең шығаратын, шы­ғар­машылыққа жаны құмар ол біл­генін үйретіп, жақын тар­тып әңгімелесетін. Бірде Көк­­мар­дандағы мектептен ауысып келгенін, Жұмагүл апай­мен бірге жұмыс істегенін, ақын­дар мек­­те­бінде қандай іс-шаралар өткі­зілетінін, қаласам мені сол мек­тептегі үйірмеге алып бара­тынын айтты. Мен қуанып, үйде­гі­лер­ден сұранып, армандап, жете алмай жүрген мектепке барып, Жұмагүл Нәлібаеваның үйірмесіне қатыстым.

Ақындық сабақтан байқа­ға­­ным, оқушылар өте еркін, ойын ашық­ айтады, өлең шы­ға­руға, ұйқас түрлерін ажыра­туда алдарына жан салмайды. Ем­тихан тапсыруға барған адам­­дай өзімнен-өзім қы­сы­лып отыр­ға­нымды білемін. Қыс­ты­гүні болу керек, сағат кешкі 17:00-18:00 шамасында Күләш апайымыз екеуміз автобусқа мініп, ауылымызға қайттық. Кетіп бара жатып «біздің үй неге осы ауылда болмады екен» деп қиялдағаным әлі есімде. Сонда мен үшін бар­лық қызық сол Көкмардан ауы­лын­да қалып бара жатқандай бо­лып көрінген еді.

Әрине, мұның бәрі ақындық өнерге деген құштарлықтан туған сезім болса керек. Кейіні­рек жоғары оқу орнына түсіп, студент атанған кезімде де Жұ­ма­гүл апайдың саба­ғы­на қа­тыс­қым келіп жүретін. Бірде Бекарыс Шойбековке «Бекарыс, осы Жұмагүл апай неге жо­ға­ры оқу орнында сабақ бермейді екен. Түк­пірдегі ауылда жүре бергенше үлкен қалаға келіп, үл­кен аудиторияларда сабақ бере­тін адам ғой» дегенімде, ол: «ондай періште апайдың сол періште кү­йінде ауыл­да сабақ беріп жүре бергені де дұрыс шығар», деген еді.

Өне­ге­лі өмір жолында талай ақын шә­кірт­ даярлады. Әрбір оқу­шы­ны өз маман­ды­ғы­ның шебері бо­луға жетеледі. Мықты маман ғана емес, жақсы азамат болуы үшін де аянбай тер төкті. Отырар ауда­нындағы әрбір әдеби-мәдени іс-шара­лар­дың жанында жүзінен нұры төгілген ақжарқын апайымыз­ды кез­дестіреміз. Маржан Есжа­но­ва, Айгүл Асанова, Абай Ма­ханов, Мұхтар Маханов, Дина Жаргөбенова, Ниятолла Бөрібаев, Мейрамкүл Құрманәлиева, Серік Сейітман сияқты ұлтжанды ақын, журналист ұл-қыздардың нағыз азамат болып қалыптасуына сіңір­ген еңбегі айрықша.

Қазақтың айтыс өнерінің аспанында жарқ етіп жанып, жалт еткен Гүлнұр Садыбаева сынды қызғалдақ ақын қыздың есімін өшірмеу үшін де талай сауапты іс-шараларды ат­қа­рып келеді. Өзінің өскен-өнген же­­рін­де жыл сайын еске алып, өлең­дерін жас жеткіншектерге жат­­­татқызып, Гүлнұр Садыбаева атын­­д­ағы ақындар айтысын, жазба ақын­дардың мүшәйрасын ұйым­дас­ты­руды да дәстүрге айналдырды.

Жұмагүл апайымыздың жү­ре­гін жарып шыққан өлең­де­рі­нің өзі бір төбе. Ол кісі аз болса да саз жазады, өлеңнің санына ғана емес, сапасына баса назар аударады. «Балбұлақ», «Сен аман бол, бауы­рым», «Сіңлілеріме», «Адуын ене», «Әкімге», «Құт ме­кенім – Отырар», «Біздің ауыл» деп аталатын өлеңдерін оқи отырып, әдемі бір сезімге бөлен­ге­ні­міз­ді айта кеткіміз келеді.

Ақын, ибалы келін, аяулы жар, ардақты ана, бұл күн­де не­мерелерінің әжесіне айнал­ған Жұмагүл Нәлібаева саналы ғұмы­рын бала оқытуға арнаған ұла­ғат­ты ұстаз. Жай ғана қатардағы мұғалім емес, әрбір оқушыны жеке тұлға деп қабылдайтын, талай бұ­лақ­­тың көзін ашқан, бұл күнде елі­­м­із­дің түкпір-түкпірінде түрлі қызмет ат­қарып жүрген ел азамат­та­ры­ның сүйікті тәлімгері.

 

Анар ЖАППАРҚҰЛОВА,

Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры,

филология ғылымдарының кандидаты

 

ШЫМКЕНТ

Соңғы жаңалықтар