Аймақтар • 03 Қазан, 2022

Өнері туған жерде өрістеген

558 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қызылордадағы С.Айтбаев атындағы облыстық көр­кем­сурет галереясында белгілі қылқалам шебері, Қа­зақстан суретшілер одағының мүшесі Әбіл­қасым Сәр­сенбаевты еске алуға арналған «Өнерім өзіңе, туған жер!» атты шығармашылық көрме ұйым­дастырылды.

Өнері туған жерде өрістеген

Шиелі ауданындағы ая­дай ғана Аққұмшықта дү­ниеге келген Әбілқасым Сәр­сенбаев Алма­тыдағы Н.В.Гоголь атын­дағы көр­кем­сурет учили­щесін біті­ріп, аудандық пионерлер үйін­де жас суретшілер мек­­тебін ашып, шәкірттер тала­бын ұштапты. Ауылда жүрсе де бүкілодақтық шы­ғар­­машылық жастар симпозиумына қатысып, рес­пуб­ликалық «Жігер» фес­тива­лінің бірнеше дүркін лауреаты атанады. Ол тұс­та өнер адамының шығармашы­лы­ғын шыңдауына жасалған жағ­дай да бөлек еді ғой.

Сексенінші жылдардың ор­тасында қазіргі Т.Жүр­ге­нов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының дизайн факультетін бітіріп, осы оқу орнында қалған суретші шығармашылығының өзегі туған жер болды. Еліміз бен өзге мемлекеттерде қо­йыл­ған картиналарының ішінде «Аққұмшықтағы ақ үйім», «Аққұмшықтағы құ­дық», «Аққұмшықтағы ауыл» атты туындыларының орны бөлек еді. Туындыла­ры­на туған жерін арқау еткен өнер иесі былтыр дү­ниеден озды.

Көрмеде қылқалам ше­берінің туыстары мен бел­гілі суретші, мүсінші Амангелді Кененбайұлы естелік айтып, облыстық мәдениет және спорт басқармасы бас­шысының орынбасары Ер­діл­да Нұртазаұлы лебізін білдірді.

Әйгілі қайраткер, түркі әлемінің толымды тұлғасы Мұстафа Шоқай жолымен тоғыз мемлекетке барып, көр­ме ұйымдастырған сурет­­шінің соңғы туынды­лары «Ұлт тұлғасы – Мұстафа Шо­қай» және «Мұстафа Шо­қай – суретші көзімен» атты екі бірдей кітап-аль­бом еді. Шоқай туған топы­рақ Нар­шо­қыдан бастап Парижге дейін сапарлаған сурет­шінің бұл еңбектерінде қай­раткердің гра­фикалық сурет­тері, пор­треттері топ­тастырылған.

Қазіргі сурет өнерінің бо­лашағына алаңдап, кес­кіндеме, мүсін, қолөнер туралы басылым болса, осы күнгі фотографиядан көші­ретін суретшілер мен шын сурет­кер­дің айыр­масын жұрт байқар еді деп армандаған қылқалам ше­бері осы салада толымды ең­бек етті.

Осы маусым айында С.Айт­баев атындағы көр­кем­сурет галереясына Ал­маты қаласынан суретшінің 200 картинасы мен графи­калық суреті әкелініп, галерея қоры қайталанбас туын­ды­лармен толыққан. Бүгінгі көр­меге солардың 100-ден астамы қойылды.

 

ҚЫЗЫЛОРДА