Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында өткен «Жұмабай Шаяхметов және Қазақстанның 1940-1960 жылдардағы қоғамдық-саяси өмірі» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда тарихшы-ғалымдар көрнекті мемлекет қайраткерінің өмірі мен қызметіне әділ баға беруге байланысты ұсыныстарын ортаға салды.
Биыл 1938-1954 жылдар аралығында Қазақ КСР-нің басшысы болған, Қазақ КСР Компартиясы Орталық Комитетінің үшінші, екінші және бірінші хатшысы қызметтерін атқарған, 1954-1955 жылдары Оңтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болған көрнекті мемлекет қайраткері Жұмабай Шаяхметовтің туғанына 120 жыл. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында Ж.Шаяхметов жеңіс үшін адами және материалдық ресурстарды жұмылдыру бойынша Қазақ КСР басшылығының штабын басқарды. Оның тікелей басшылығымен республикада соғыстан кейінгі жылдарда экономиканы қалпына келтіру және жаңғырту, сондай-ақ елдің индустриялық, аграрлық, ғылыми-техникалық және рухани іргетасын қайта құру ісі жанданды. Ұлттық басқарушы кадрлар легі қалыптасты. Елімізде зауыт-фабрикалар, театр, мектеп, кәсіптік және жоғары оқу орындары, Қазақ КСР Ғылым академиясы ашылды. Қазақ студенттері үшін кеңес одағының жетекші жоғары оқу орындарына квота бөлінді. 1950-1954 жылдары Жұмабай Шаяхметов КСРО Жоғарғы кеңесі Ұлттар кеңесінің төрағасы болып сайланады. Ол халықтың мүддесі мен мемлекеттің тұтастығы жолында саясат жүргізді. Ауыл шаруашылығында, өнеркәсіп, білім, ғылым мен мәдениет саласында жоғары жетістіктерге қол жетіп, әлеуметтік жобалар жүзеге асты. 1940-50 жылдары кеңес одағының әскери-стратегиялық жобаларын іске асыруға байланысты Қазақстанның маңызы едәуір артты.
Жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті, академик Рахман Алшанов қазақ халқының болашағы үшін осындай батыл қадамдарға барып, сталиндік кезеңде өте тәуекелді шешімдерге бел шеше кіріскен Ж.Шаяхметовтің өмірі аласапыран заманға тап келгенін атап өтті. «Осынау қиын кезеңде мұғалімдер даярлайтын оқу орнын ашып, қазақ әйелдерінің білім алуына мүмкіндік жасауы ұлтқа деген сүйіспеншіліктен туған қадам. Жұмабай Шаяхметов орталық комитетке «тың және тыңайған жерлерді, игеру мал жайылымын жоюға ұшыратады, жергілікті қазақ халқының мүддесін бұзуға әкеп соқтырады» деп қарсылық білдірді. Осы кезде тоталитарлық орталық республика басшылығын түгелдей ауыстыру қажеттігі туралы шешім қабылдады. Жеке басын қатерге тіге отырып, қазақ даласында кәсіпорындардың ашылуына ықпал етуі – ел дамуының келешегін ойлаған игі іс. Сондықтан Ж.Шаяхметов есімін дәріптей отырып, ұлт жолында атқарған игі істеріне әділ баға беру – уақыт талабы», деді Р.Алшанов.
Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зиябек Қабылдинов өз баяндамасында тұлғаның елдік ұстанымы туралы айта келіп, «Сталин Шаяхметовті елдің адами, өндірістік және ауылшаруашылық әлеуетін дамытуға қосқан зор үлесі үшін «Шығыстың қыраны» деп атады. Шаяхметов көреген саясаткер, талантты ұйымдастырушы және білікті басшы бола алды. Мемлекетіміздің тарихындағы ең қиын және қарама-қайшы кезеңдерде республиканы абыроймен басқарған адамның өмір тарихы мен мемлекеттік қызметін болашақ ұрпақтың есінде қалдыру бүгінгі зиялы қауымның міндеті» деді.
«Жұмабай Шаяхметовтің ел үшін ауыр кезеңдерде еңбек етіп, әсіресе қазақ әйелдерінің білім алуы жолында Қыздар институтының ашылуына мұрындық болуы, халықтың ағарту ісіне тереңнен мән беруі тарихымыздағы ақтаңдақ беттерді зерделеуде қаперге алынуы қажет», деген пікір білдірді Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры, философия ғылымдарының докторы Г.Қанай.
Ж.Шаяхметов өз заманының тұлғасы ретінде сол кезеңдегі идеологияға қарамастан, білім, ғылым саласына мән берді. Бүгінде архивтерде ұлт қайраткерінің тұлғалық, саясаткерлік қырын ашатын құжаттар жеткілікті. Конференцияда Президент архиві директорының орынбасары Қ.Әлімғазинов, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ә.Құдайбергенов, БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесі Тіл қызметінің бұрынғы директоры А.Шаяхметов, тарих ғылымдарының докторы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры Л.Ахметова, тәуелсіз зерттеуші Р.Шаяхметов, Мемлекет тарихы институтының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Т.Әминов, тағы да басқалар қайраткер қызметінің сан қыры туралы баяндама жасады. Осы орайда тарихшы-ғалымдар еліміздің 1940-1950 жылдардағы қоғамдық-саяси және экономикалық даму мәселелерін талқылай келіп, Ж.Шаяхметовтің елді жаңғырту жөніндегі жобаларды ілгерілету мен республиканы саяси-экономикалық дағдарыстан шығарудағы ұйымдастырушылық, басқарушылық ізденістері хақындағы зерттеулерімен бөлісті.
Жұмабай Шаяхметовтің есімі «Ұлы даланың ұлы есімдері» жобасы аясындағы тарихи қайраткерлер тізіміне енген. Осы орайда конференцияға қатысушылар Қазақстан тарихының кеңестік кезеңі бойынша архив құжаттарында республика басшыларына қатысты іздестіру жұмыстарын дәйекті жүргізу, теориялық-әдіснамалық тәсілдерін дайындау туралы ұсыныс білдіріп, Жұмабай Шаяхметовтің идеялық мұрасын насихаттау, мемориалдық іс-шаралар сериясын өткізу, мемлекеттік органдарға республиканың жоғары оқу орындарының, сондай-ақ Астана, Алматы, Шымкент және Петропавлдағы орталық көшелердің біріне есімін берумен байланысты ұсыныс жасау туралы қарар қабылдады.
АЛМАТЫ