Ахмет Байтұрсынұлы • 03 Қазан, 2022

Ақаң және қазақ радиоcы

528 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

ХХ ғасыр басындағы әлеуметтік-саяси өмірдің жандануымен ұлттық элитаның елдік мәселені шешуге бағытталған қоғамдық қызметтері, сол кездегі басты бұқаралық ақпарат құралдарының бірі – баспа ісі мен баспасөздің кең тара­луына алғышарттар қалыптастырды. Білімді, көзі ашық интеллектуал қауымның ортасында ұлттың ұлттық мәні мен мазмұны, соған сәйкес әлеуметтік саяси санасы, бейнесі талқыланып, ұлттық мүдделері саяси деңгейде тұжырымдалып, ұлт болып қалыптасудың негіздемелері идеялық деңгейде баспасөзі арқылы халыққа жеткізілді. Бұл арнада қазақ халқының ұлттық рухы мен сана-сезімін оятуға бағытталған Ахмет Байтұрсынұлының «Маса» атты шығармасы мен Міржақып Дулатұлының «Оян, қазақ!» атты еңбектерінің маңызы зор болды.

Ақаң және қазақ радиоcы

Ақаң бастаған алаштықтар қа­зақ даласына өз үндерін жеткізудің төте жолы баспасөз hәм ақпарат құралдары екеніне баса мән беріп, оларды көптеп ашуға, таратуға кі­рісті. Ұлттық идея тұтастығы мен бір­лікті күрес нәтижесінде қазақ тари­хында елеулі еңбек атқарып, ұзақ ғұмыр сүрген қазақ баспасөзі – «Қазақ» және «Айқап» соның жемісі іспетті жарыққа шықты. Осы екі басылым қазақ элитасының күресіне адалдығын сақтаған, қазақ халқы­ның ұлттық тұтастығын, ел мен жер бірлігін жақтаған, жалпыұлт­­тық, демократиялық мақсаттарды жү­зе­ге асыруға күш салды. Сондық­тан да «Қазақ» алғашқы бейрес­ми жалпыұлттық саяси баспасөз ретін­де танылады.

Алаш күрескерлерінің арман-аңсары мен мақсат-мұратын бұ­қара жұртқа жеткізетін ақпа­рат құ­ралдарын бірден-бір ұйым­дас­­тырушы Ахмет Бай­тұр­сын­ұлы­ның сөзімен айтсақ: «Аталы жұр­ты­мыздың, ауданды ұлтымыздың аруақты аты деп, газетамыздың есі­мін «Қазақ» қойдық». Мұның өзі, баспасөздің рәміздік белгілерінен де көзге шалынады. «Қазақтың» бірінші бетінің оң жақ шекесінде қазақтың киіз үйі, оның етегінде ірі араб графикасымен «Қазақ» деп жазылған. Бұл рәміздердің өзінің де ұлттық бірегейлік сананы қа­лып­тастырудағы орны ерекше екенін айта кету керек.

«Қазақ» газеті ХХ ғасыр ба­сын­­­дағы ұлтжанды азаматтарды бі­рік­тіріп қана қоймай, Алаш идеясын уағыз­даушы бірден-бір ақпарат құ­ра­лына айналды. Шын мәнін­де өзі­не дейінгі қазақ басылымда­рын­дай емес, «Қазақ» газеті бұқара ха­лық­тың мұңын мұңдады, жоғын жоқ­тады. Және басылым Алаш қай­­­рат­керлерінің ұлт мүддесін ашық тал­­қылайтын пікірталас мін­­­бері қызметін атқарды. Алаш қай­­рат­­кер­лері өздерінің елдік пен бір­­лік жолында жүргізіп жатқан жұ­­мыс­тарын қазақ жұртының қа­был­дап, халықтың ұлттық намы­сын ояту мен саяси санасын көтеру­дегі баспасөздің пәрменін жоғары баға­лады. Бұл ретте Алашорда кө­семдері Әлихан Бөкейхан мен Ахмет Бай­тұр­сынұлы қараңғы қазақ даласына Алаш үнін жеткізетін басылымды шы­ғару ісін ұйымдастырып, 1913 жылы 2 ақпанда Орынбор қала­сын­да «Қазақ» атты қоғамдық-саяси жә­не әдеби-мәдени газетті дүниеге әкелді.

Алаш қайраткерлері тәуелсіз­дік идеясының маңызын «Қазақ» га­зеті арқылы халық жадына жеткі­зіп, сол кездегі ең басты мәселені ­насихаттауды бірінші кезекке қой­ды. «Алаштың талапты азаматтарына» деген «Қазақ» газетінің кезекті санындағы «Қыр баласының» мақа­ласында тәуелсіздіктің өзектілігі жайында былай деп жазылды: «Бостандық, теңдік, туысқандық – ХVІІІ ғасырдан бері жарыққа шық­қан таза пікір. Мұны майданға сал­ған Франция жұртының сая­си ерлері. Осы үш түрдің бәрі біз­дің шариғаттан, Інжілден, будда оқуы­нан, Лев Николаевич Толстой фило­софиясынан табылады... Бұл үш ұран­нан бөлек адам баласының бақыт, махаббатына жол жоқ...»

Бір ғана Ә.Бөкейханның ұлт-азат­тық күресін жүргізудегі әдіс-тәсіл­дері мен қазақ ұлтының әлеу­­меттік күйін күйттеген 250-ден аса мақаласы жарық көрді. Алаш­орданың ұстанған саясаты пар­тия бағ­дарламасының жобасынан, оның лидерінің «Қазақ» газеті бетінде жа­рияланған мақалаларынан бел­гілі болатын. Басылымға басшы­­лық еткен А.Байтұрсынұлы алғашқы ре­дакторы, ал оның өкілетті өкілі М.Дулат­ұлы болды. Газет шығуын тоқ­татқан 1918 жылы басылымға Жан­ұзақ Жәнібекұлы басшылық етті.

Сол тұста қазақ зиялылары осылайша ұлт мәселесіндегі тол­ғақты мәселелер турасында ой бөлісті. Бастысы ұлттық идеяны дамыту­дың жолдары талқыланды. Ұлттық идея­ның тегершігі – ұлттың тілі мен әде­биетін, өнері мен руханиятын дамыту қажеттігі «Қазақ» газетінің бетінде осылайша көрініс тапты.

Иә, қазақ баспасөзін ұйым­дастырудағы Ахмет Байтұр­сын­ұлының еңбегі ерен. Ал Ақаңның қазақ радиоларының негізін қала­ғандығы туралы әңгіменің тиегі енді ғана ағытылып келеді. Зерек зерт­теушілердің алдағы уақытта бұл тақырыпты қотара, індете саралауы қажет-ақ тақырып. Әзірге қолдағы бар деректерге сүйенеміз.

Қазақ радиосының негізі 1921 жылы қаланды. Қазақ елінің сол кездегі астанасы Орынбор қала­сын­да жұмысын бастаған арна қыз­меті бұқара халықтың сауатын ашуға ба­ғыт­талды. Қазақ АКСР Халық Ко­миссарлар Кеңесінің 1921 жылғы 29 қыр­күйектегі шешімімен қазан айынан бастап әуе толқыны арқылы радиобюллетень беріле бастады. Қа­зақ радиосының алғашқы үні грам­мофон мен күйтабақ түрінде қа­зақ даласына тарады. «Владимир Ильич А.Байтұрсынұлы мен С.Пестков­­ский екеуін қабылдап, сөзін тыңдай­ды, өлкені басқару жөнінде бірне­ше нұсқау жасау керектігін, оларды қазақ тіліне аударып, граммофон мен күйтабаққа жазып, халық ­арасына тарату қажеттігін айтады (В.И.Ленин о Казахстане, 313-б). Радио тарихын зерттеуші, филология ғылымдарының докторы, профессор Намазалы Омашұлы өзі­нің зерттеу еңбектері арқылы Қазақ радиосының іргетасын Алаш көсемі А.Байтұрсынұлы қалағанын нақты дәлелдеді. Қазақ радиосы 1926 жыл­дың қазанынан бастап Орын­бор­дан кейінгі астанамыз – Қызыл­орда қаласында 1931 жылдың мамырына дейін хабар таратты.

Алғаш қазақ даласына Қазақ ра­диосының хабарлары граммофон мен пластинкалар арқылы таратылды. Бұл істе Ахмет Байтұрсынұлының қосқан үлесі қомақты болғандығын жоғарыдағы деректер дәйектейді. Осылайша, қызметін өте қарапайым құрылғылардан бастаған Қазақ радиолары бүгінде ғасырлық межені артқа қалдырып, уақыт талабына сай заманауи ақпарат құралы ретінде дамып келеді.

Р.Б.Сүлейменов атындағы Шы­­­­ғыс­тану институтының директоры, филология ғы­лым­дарының докторы, профессор Дүкен Мәсім­ханұлы «Егемен Қа­зақ­стан» газе­тінде 1996 жылғы 24 мамырда жа­рияланған «Отан туралы ойлар» деген мақаласында «Шалқар» ра­диосының хабарлары шеттегі аға­йынға қалай әсер еткенін былай деп еске алады: «Әлі есімде, алты-жеті жастағы кезім ғой деймін, шешем радиоқабылдағышты ашып қойып: «Қазір Алматыдан нағашы ағаларың сөйлейді» дейтін де, біреуімізді күзетке тұрғызып (ол заманда Қытайда Қазақстан радиосын тыңдау ең үлкен қылмыс болатын), «Шалқарға» құлағын то­сатын да отыратын. Содан не ке­рек, анамыз бауырының аты шық­са да жылайтын, шықпаса да жы­лайтын. Оған тұнжырай оты­рып, терең күрсініп: «Менің інім не күн көріп жүр екен?» деп әкем қо­сы­латын. Сөйтіп, олардың қимас жа­қындары, атамекендері, олар жө­ніндегі сағынышы біздің сәби жү­регімізден орын алып, құла­ғымыз­дан жанымызға өтіп, жанымыз­дан қанымызға дарып жататын... Бара-бара бұл сезім мен түйсік ұлт, атамекен, Отан деген қасиетті ұғым­дармен іліктесіп, ендігі жерде «Шал­қарды» өзіміз-ақ өліп-өшіп тыңдайтын жағдайға жеттік. Алайда біздің тыңдауымыз басқаша болды. Яғни біз «Шалқарды» ашып қалғанда, тек нағашы ағалардың атын естуді ғана армандамай, күллі Қазақ елінің – Отанымыздың ты­ныс-тіршілігімен, саяси-рухани өмірі­­­мен танысуды мақсұт етіп тында­дық. Бұл радиоқабылдағышымыз, әри­не, өз жемісін бермей қалған жоқ. Ең бірінші – қазақтың еш халықтан сорлы емес екенін ұғындық...».

Бұл – сыртта жүріп «Шалқар» радиосын тыңдаған бір ғана жанның пікірі. Ал мұндай пікірлер легі қан­шама? «Шалқар» арқылы ата­мекенінің кескін-келбетін, тұрмыс-тіршілігін, арман-мақсатын таны­ған қаншама ұрпақ ержетті, ол –  біздің мақтанышымыз. Алыстағы ағайынның сағынышынан кейін «Шалқар» атты халықаралық газет­тің жарық көргені белгілі. Демек радионы қағазсыз газет десек, «Шал­қар» аты басылымға айналған бағ­дарлама. Бұл да – осы кезінде, бұдан тура бір ғасыр бұрын Қазақ радиосын ашуға атсалысқан, негізін қа­лаған Ақаңдардың еселі еңбегінің, жемісті қызметінің нәтижесі.

 

Болатбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,

«Шалқар» радиосының директоры

Соңғы жаңалықтар