Экономика • 04 Қазан, 2022

Қырыққабаттан тарықпайды

131 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Павлодар ауданында жиын-терім науқаны аяқталуға жақын. Жергілікті диқандар биыл жалпы көлемі 92,2 мың гектарға егін салған еді. Егіс танаптарының 4,8 мың гектары картоп және 3,4 мың гектары көкөніс түрлері. Қыркүйек айының жылдағыдан жылы болуы шаруалардың ала жаздай төгілген терінің жемісін төкпей-шашпай жинап алуына мүмкіндік беріп отыр.

Қырыққабаттан тарықпайды

Ауданның кәсіпкерлік және ауыл ша­руа­шылығы бөлімінің басшысы Динара Досанованың мәліметінше, картоп егістік­терінің 81 пайызы жиналып, гектарынан орта есеппен 330 центнер өнім түсуде. Қазірдің өзінде 128,7 мың тонна картоп жиналған. Ал көкөністердің 88 пайызы алынып үлгерді. Сондай-ақ биыл жергілікті шаруалар алғашқы қар түскенде 13 мың гектардан майлы дақылдарды орады.

– Біздің өңір сапалы картоп және көкө­ніс түрлерімен танымал. Картоп өсірумен негізінен «Андас» ШҚ, «Асхат» ШҚ, «АgroCult» ЖШС, «Маяк» ШҚ, «Заря» ШҚ, «Родник» ШҚ, «АгроСоюз» ФҚ сияқты ірі шаруашылықтар айналысады. Өнімділік өткен жылдың деңгейінде сақталып отыр. Соңғы жылдары суармалы танаптардың үлесі артып, бүгінде аудан бойынша 15 мың гектарды құрады. Суармалы жерлерде негізінен картоп пен көкөністер, сондай-ақ жемшөп өсіріледі. Жиын-терім науқанына өңір бойынша 2 565 бірлік ауылшаруашылық техникасы жұмылдырылды. Ауданда егіншілік­пен жалпы саны 158 шаруашылық айналысады. Негізі орақ кезеңінен кү­тілген жоспарлар өз межесіне жетуде. Ди­қандарымыз жеткілікті көлемде астық пен көкөніс, картоп жинайды, – дейді бөлім жетекшісі.

Айтып өтейік, биыл «Павлодар» ӘКК» АҚ-ның иелігіндегі тұрақтан­дыру қорына аталған өңірдің көкөніс өсірушілері жыл­дағыдай арзан бағаға картоп пен көкөніс түр­лерін тапсырады. Қысқы уақытқа сақта­латын өнімдер бойынша қазірдің өзінде «Андас» шаруа қожалығы 200 тонна сәбіз бен 1 мың тонна картоп, ал «Родник» шаруа қожалығы 50 тонна пияз бен 50 тонна қы­рыққабат жеткізуге меморандум жасасты.

Жалпы, биыл Ертіс өзені бойында­ғы фермерлер қырыққабат пен пияз танаптарын кеңейтіп, нәтижесінде өңіріміз көкөніс түрлерімен барынша қамтамасыз етіледі деп күтілуде. Жыл басында облыс басшылығы жергілікті дүкен сөрелерін қыста өзіміздің қырыққабатпен қамту туралы тапсырма берген. Өткен қыс пен көктем айларында оңтүстіктен жеткізілетін көкөністің тым қымбат екендігін тұрғындар бірнеше мәрте мәселе етіп көтеріп, жергілікті шенеуніктер бұл түйткілді шешуге уәде еткен еді.

Облыс әкімінің орынбасары Мейрам Өтешов биыл шамамен 14 мың тонна қырық­қабат жиналатынын, бұл былтырғыдан 48 пайызға көп екенін, ал пияз 6 мың тоннадай болып қалаты­нын айтады. Нәтижесінде, пияз бо­йын­ша жергілікті сұраныстың 84 ­па­­йы­зы, қырыққабат бойынша 50 пайызы өтелмек.

Павлодар ауданында жаңадан көкөніс сақтау қоймаларын салу үрдісі де жақсы сақталып отыр. Об­лыстағы қоймалардың үштен бірі осы өңірге тиесілі. Черноярка алқабындағы суармалы жерлердің өнімі қысқы уақытқа сақтауға жарамсыз болған­дықтан онда жиналып жатқан көкөніс пен картоп негізінен егіс басынан көтерме бағада сатылып кетеді.

 

Павлодар облысы