Қазақстан • 04 Қазан, 2022

Аңызға айналған әулет

263 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін

«Апыр-ау, кішкентай Абыралы, сен қандай ғажап, қасиетті жер едің!», деп әйгілі жазушы Әзілхан Нұршайықов айтқандай, Абыралы өңірінен қазақтың небір жақсы мен жайсаңдары шыққаны белгілі. Соның бірі – мемлекет қайраткері, биыл дүниеге келгеніне 100 жыл толып отырған Рымбек Смақұлы Байсейітов.

Аңызға айналған әулет

«Тектіден текті туады, тектілік тұ­қым қуады» деген бар ғой, болашақ қайрат­кердің әкесі Смақ Байсейітұлы да (1895-1942) алыс-жақын өңірге аты мәлім балуан, әнші, күйші, өнерпаз болған жан екен. Халық композиторы, әнші, ақын әрі батыр Мәди Бапиұлымен үзеңгілес дос болған деген дерек бар. 1922 жылдың 8 қа­занында бұрынғы Семей облысына қарасты Абыралы өңірінде, Мәремік тауының етегіндегі Смақ қыстауында өмірге келген Рымбек жасынан еңбекке ерте араласып, шымыр да ширақ болып өседі. Есепшілік курсты бітіріп, кеңшарда есепші қызметін атқарып жүрген бозбала ел басына күн туғанда өз қатарымен бірге майданға аттанып кете барды. Екінші дүниежүзілік соғыста жүріп, КОКП мүшелігіне өтті, зеңбірек командирі, взвод командирі, аға сержант болды. Калинин майданында, І Балтық майданында жүріп, соғысқа бастан-аяқ дерлік қатысты. Рымбек Смақұлының соғыстағы ерліктері жайында жазушы Ә.Нұршайықов «Майдан жазбаларында» тамаша суреттеп жазып кеткен. Ол Р.Байсейітовпен 100-бригаданың құра­мында бірге соғысқан қарулас досы еді. 1943 жылдың қаңтарында Великие Луки қаласы үшін кескілескен шайқастар жүріп жатады. Бұл бағыттағы шайқастардың маңыздылығы кезінде «Кіші Сталинград» деп бағаланған болатын. 100-бригада жауынгерлерінің жау танктеріне қарсы ерлікпен соғысуын майдангер жазушы Мәскеу түбіндегі панфиловшылардың шайқасынан кем санамайды. Жаудың бірде-бір танкі Великие Лукиге өте алмай қалады. Бір ғана Р.Байсейітовтың взводы жаудың 11 танкісін жойған. Оның үшеуін Рымбек Сма­құлы тікелей өзі жойып­ты. Ерлікпен қаза тапқан Ә.Бимурзин және минадан жарақат алған Р.Бай­сейітов Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылады. Алайда жоғары жақ оларға «Отан соғысы» орденін ғана беру туралы шешім шығарады. Осы­лай­ша, майданда қаншама қазақтың қа­һар­мандығы лайықты бағаланбады де­сеңізші!

Соғыстан кейін бір-бірінен көз жа­зып қалған қаруластар Әзілхан мен Рым­бек арада біршама жылдар өткенде Үкімет үйіндегі бір жиналыста кездей­соқ жолығып, қуана қауышады. Біреуі «Социалистік Қазақстан» газеті редак­торы­ның орынбасары, екіншісі Қаржы министрінің орынбасары болып қызмет атқарып жүрген кез екен.

Соғыстан туған жерге аман-есен орал­ғаннан кейін, Р.Байсейітов 1946 жылдан бастап Семейдегі ұн комбинатында, салық инспекциясында еңбек жолын жалғастырады. Жұмыс істей жүріп, Семей қаржы-экономика техникумын жеделдетіп оқып бітіреді. Бүкілодақтық қаржы институтын алты жыл бойы сырттай оқиды. Адалдығы мен іскерлігі арқасында қызмет сатысында өрлей береді. Семейдегі қаржы бөлімінің аға инспекторы, бөлім бастығы болады. 1951 жылы Алматы қаласына шақырылып, Қазақ КСР қаржы министрлігінің бас­қарма бастығының орынбасары атанады. Министрдің көмекшісі, бөлім бастығы қызметтері сеніп тапсырылады. 1958-1961 жылдар аралығында Қазақ КСР Қаржы министрлігінің мемлекеттік кіріс­тер басқармасының бастығы, 1961-1974 жылдарда Қаржы министрінің бірінші орынбасары, Баға жөніндегі мем­лекеттік комитеттің төрағасы лауазым­да­рын иеленеді. 1974-1984 жылдар ара­лы­ғында Қазақ КСР Қаржы министрі бо­лады.

Рымбек Смақұлының майдандағы және бейбіт өмірдегі жоғары марапатта­рының кейбіреулеріне тоқтала кетсек,

І және ІІ дәрежелі Отан соғысы ордендері, екі мәрте Еңбек Қызыл Ту ордені, Ха­лықтар достығы ордені, көптеген медаль мен Құрмет грамоталары, Қазақ КСР Жо­ғарғы Кеңесінің депутаты, Қазақстан Компартиясы ОК мүшесі, ҚР еңбек сіңірген экономисі, Қаржы ісінің үздігі атақ­тары, т.б. Ол Одақтық дәрежедегі дербес зейнеткер ретінде еңбек демалы­сына шыққан. Абзал азамат, қоғам қай­раткері Р.Байсейітов 1991 жылы 2 тамызда дүниеден өтті. Республика бас­шылығында ұзақ жыл бірге қызмет атқарған Дінмұхаммед Қонаевтың өзі топырақ салып тұрып: «Қазақстанның бір тиынына да қиянат жасамай өткен азамат-ай», деген екен.

1994 жылы Семей қаржы-экономи­калық техникумына (кейіннен колледж), қаладағы орталық көшелердің біріне Рым­бек Смақұлының есімі берілген.

Р.Байсейітов атындағы Семей қар­жы-экономикалық колледжі оның жүз жылдық мерейтойына орай іс-шаралар ұйым­дастырып жатыр. Алматы қаласында Наурызбай батыр көшесіндегі өзі тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылған. 2006 жылы оның туған ауылы – Қайнарда Рымбек мешіті ашылды. Бұл мешіттің ашылуында ол кісінің артында қалған жан-жары Мағрипа Смағұлқызының, балаларының еңбегі зор. Енді сол жөнінде азырақ сөз етпекшіміз.

Мағрипа Смағұлқызы да текті әулет­тен шыққан, көпбалалы отбасының кен­жесі болатын. Ауылдан Семей қаласына білім қуып келіп, мұғалімдер даярлайтын екі жылдық училищені бітіреді. Өмірлік жары Рымбекпен де Семейде бас қосып, қиындығы мен қызығы аралас өмір кешті. 10 баланы дүниеге әкелді, ядро­лық полигон зардабынан ерте қайт­қан бесеуінен басқасын тәрбиелеп өсірді.

Жасынан ибалы қыз, инабатты келін, абзал ана бола білген Мағрипа әже бертін келе дін жолына бет бұрып, Мекке-Мә­динаға жеті рет қажылық парызын атқа­рып қайтты. Күнделікті өмірде де иман­дылықтың, мейірімділіктің үлгісі бола білді. Бұл отбасымен 1991 жылдан бері таныстығым бар болғандықтан, өзім де куәлік ете аламын. Студент ке­зі­міз­де Мейірбек ағам екеуіміз Ма­ғрипа (Ма­қыш) апаның немере ағасы Дәуіт Кен­же­ұлының Алматының қақ орта­сындағы пә­терінде паналап жүрдік. Менің анам ата жағынан алғанда Мақыш апаға сіңлі болып келеді. Сондықтан болар Ал­ма­тыға келген сайын әке-шешемді үйіне шақырып, дәм татқызатын еді.

Мақыш апаның да, Рымбек ағаның да туып-өскен жері – Абыралы өңірі. Се­мей полигонының ашылуы салдарынан 1954 жылы таратылып кеткен, тарихы мол өңірдің орталығы Қайнарда 2006 жылы үлкен бір мешіт құрылысы аяқталды. Оны Мағрипа Смағұлқызы өз балаларының демеушілігімен салғызып, «Рымбек мешіті» деп атап, халыққа теңдессіз сыйлық жасады. Ондай сапалы, біртұтас кешен түрінде салынған мешітті үлкен қалалардың өзінде кездестіру қиын. Діни оқуды бітіріп, 1996 жылдан бері осы өңірде имам қызметін атқарып жүрген Талғат қажы Семейғазыұлы Рымбек меші­тінде имамдығын жалғастырды.

Өмірге келгеніне 100 жыл толған Рым­бек Смақұлының, оның бұдан бір жыл бұрын дүние салған зайыбы Мағрипа Сма­ғұлқызының жарқын бейнелері ел жа­дынан ұмытылмақ емес.

 

Қайырбек ШАҒЫР,

Жазушылар одағының мүшесі

 

Халқым деп ғұмыр кешкен

Абыз ана Мақыш қажы Смағұлқызы Бай­сейітова 1928 жылғы 10 қыркүйекте бұрынғы Семей облысы Абыралы ауда­нының Киікқашқан-Тоқтамыс батыр ауылында дүниеге келген. Ата-тегіне келсек, Қазыбек биді дүниеге әкелген Қаракесек руынан тараған Қыдыралы атасы. Арғы атасы Маштақтың Смағұл, Кенже деген балалары болған.

Смағұл атамыз – өз қарамағындағы халықтың жағдайын жасаған, елінің елеулі азаматы болған жан. Он саусағынан өнер тамған, ағаштан жабдық, темірден түйін түйген ұста адам болыпты. Інісі Кен­же де отар-отар қой ұстаған ауқатты кісі болған екен. Екі ағайынды аталарымыз сол заманда елінің қамқоры болған абзал азаматтар еді деседі.

Мақыш тәтеміздің анасы Күлшім Рах­манқызы апамыз да халқына сыйлы, ұлағатты ана болған, абысыны Хадиша апа екеуі екі отбасы бір үйде тату-тәтті өмір сүрген. Балалары Мақыш, Дәуітті сол кезде Семей қаласындағы апайлары Сәтима, Бәтиманың қолдарына оқуға жі­бер­ген. Бала Дәуіт агроном оқуына, қыз бала Мақыш мұғалімдік оқуға түсіп оқи­ды. Сұрапыл соғыстың біткен кезі, 1946-1947 жылдар. Сол кезде соғыстан аман оралған жас жігіт, жауынгер Рымбек Бай­сейітов ағамыз да қаржы-салық саласында қызмет етіп жүрген екен. Бойжеткен қыз Мақыш апаймен танысып отбасын құрып, ғұмырлық жар, адал шаңырақ болған. Рымбек ағамыздың әкесі Смақ ата Жалықпас ұрпағы, белгілі балуан болған екен. Смақ балуанның жамбасы жерге тимеген деп халық аңыз етіп айтатын еді. Анасы Кәжей апай қаталдау болған екен. Қарындасы Бәтіш апай болған еді.

Рымбек Байсейітов Отанын, халқын сүйген ақылды, ойшыл, адал, абзал аза­мат болған. Қазақтың маңдайына біт­кен бір­туар тұлға десек, артық емес. Семей облысында еселі еңбегімен көзге түсіп, Алматыға, Қазақ КСР Қаржы минис­тр­лігіне шақырту алады. Жас отбасы Рым­бек ағай мен Мақыш апай екеуі Алматыға қоныс аударып, Рымбек аға министрлікте қызмет ете бастайды.

Алматы қаласында жас отбасының ғұмырдария өмірі басталады. 1952 жылы Шолпан есімді қыздары дүниеге келеді. Ағамыз өзінің қызметтегі орасан зор ең­бегі­мен, адалдығымен, біліктілігімен Қа­зақ КСР Қаржы министрі қызметіне дейін көтеріледі. Ал ардақты асыл ана Мақыш апамыз үй тірлігімен, балаларға дұрыс тәрбие беру ісімен айналысады. Оқуларының нәтижелі болуын бірінші жолға қойған ата-аналар – осы кісілер. Бұл тұрғыда «Тәрбие – тал бесіктен», «Ұя­да не көрсең, ұшқанда соны ілесің», деп хал­қымыз бекер айтпаған екен.

Шолпан өте ақылды алғыр қыз болып, жоғары оқуын ойдағыдай аяқтап, адал еңбек сіңірген халқының қызы, үлгілі отана болды, жұбайының аты – Ғабдынасыр. Айман да жоғары оқу орнын тәмамдап, банк саласында лауазымды қызмет ат­қарған. Отбасылы, жұбайы – Құлақсу.

Бақытбек Рымбекұлы – Мәскеу қала­сында білім алған, бала күнінен алғыр, ақылды, ақ ниет, өз ісіне мықты аза­мат. Кезінде Бақытбекке Мәскеуде қыз­мет етуге ұсыныс жасалған. Бірақ өз еліне еңбек сіңіргісі келген жас маман Қа­зақ­станның Ұлттық банкінде қызмет ат­қаруды ұйғарған. Осылай туған еліне қызмет ете жүріп, Отанының дамуына үлес қосқан, Қазақстанда бірінші кооператив банкін ашқан. Кооператив банкін дамытып, өркендете отырып, оны «Банк ЦентрКредит» дәрежесіне көтерді. Әр қазақ үшін қуанышты жағдай, Отанына адал еңбектің дәлелі.

Осы жерде Бақытбектің жан жолдасы Лена Әділханқызы Зықаева жайлы айтпай кетуге болмайды. Ленаның ата-анасы – Әділхан ағай, Қалима апай ағарту саласында қызмет еткен парасатты жандар. Бүгінде Бақытбек пен Ленаның алтындай балапан тәтті немерелері бар.

Мұратбек үйдің кенжесі еді, ақылды, ақ жүрек парасатты жан болған. Зайыбы – Құралай. Мейірімді жандар. Құралайдың ата-анасы – Әкімбек пен Клара.

Әр отбасында бір ерекше жан болады. Сақ­тандыру саласында қызмет атқарған Роза – сондай ерекше тұлға. Жұбайы Сүйін­дік қажы өмірден озды. Роза – анасы Мақыш апайдың үлгісімен бала тәр­биесін бірінші орынға қойған бақытты әже. «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» деген сөздің дәлелі осы ша­ңырақ. Кенже қызы Роза апамыздың ор­нындағы алтын қазық болып отыр.

Абыз ана Мақыш апайымыз – 7 рет қажылыққа барған акпар қажы. Меккеге еліміздің Құран кітабын апарған. Елім-жерім, халқым аман болсын дейтін тілекші, бауырмал, асылдың тұяғы акпар қажы, асыл ана Мақыш апайымыз ойлана келіп, балаларымен ақылдаса отырып, 2005-2006 жылдары Семей об­лысының Абыралы өңіріндегі Қайнар ауылында үлкен мешіт салдырды. Елдің хал-жағдайын ойлай отырып, сауап үшін деп мешіт жанынан қатымхана, Құран-ас беретін дәмхана салдырды. Осы мешітті салғанда құрылыс, жоба жұмыстарына атсалысқан жиеніміз – Аяған Таңатұлы. Сәтима апамыздың немересі.

Қазақ еліне еңбегі сіңген жан жары Рымбек ағай мәңгілік мекеніне кеткенде ақылды асыл ана дін жолын таң­дап, балаларыма, халқыма тілекші бола­мын деп еді. Иә, Мақыш апа 7 рет қа­жы­лыққа барды. Мекке-Мәдинаға елі­міздің Құран кітабын апарып қойды. 2009 жылы балаларының қолдауымен, демеушілігімен Құран Кәрімнің арабша оқылуымен бірге қазақша аудармасы да берілген көптомдық кітабын басып шы­ғартып, халыққа тегін таратқызды. Мұн­дай қызмет – Алла тағаланың алдында туған елге тағзым, халқына құрмет, ерекше сезім. Әрине, Рымбек ағамыз өмір­ден ерте кеткенде Мақыш апайдың өзінің мұндай іс-шара жасауы – Рымбек аға­мыздың рухы үшін, бала-шағалары үшін ғұмырлық сауап.

Рымбек аға мен Мақыш қажы апамыз халқым деп ғұмыр кешкен шарапатты жандар екені көпке аян. Олар ауырғанға ем іздеп, жетімдерді жебеген асыл жандар болған. Қай уақытта болсын, кім келсе де есіктері айқара ашық, қазаны қай­наулы, үй іші қонақтан үзілмейді екен. Министр­дің үйі деп ешкім ойланбай, тума-туыс таныстар емін-еркін жайлап жатып, разы болып кететін. Тіпті сыртқы есіктері жабылмайтын еді. Қанша қазақ жастары осы кісілерден үлгі алып, жетістіктерге жетті. Менің екінші анамдай болды асыл апам. Иә, өмір жолы жарқын болған аяулы да ардақты ана Мақыш қажы апамыз бүгінде ортамыздан мәңгі мекеніне кеткені бәрі­мізді мұңайтады. Апамыздың әкесі Сма­ғұл тіпті жас кетті, анасы Күлшім 100 жасаған жан еді.

Өмір бір қалыпта тұрмайды, бір күні қолын бұлғайды дегендей, осы отба­сының тұңғышы Шолпан бірнеше жыл бұрын кенеттен көз жұмып, мәңгілік мекеніне аттанды. Арада жыл өткенде кенже ұлы Мұрат жарық дүниемен қош­тасты. Тағдыр деген осы. Ешкім қарсы тұра алмайды. О дүниеге де жақсы адам керек шығар. Осындай қайғылы мезеттер ана үшін қатты соққы, өте ауыр жағдай екені анық. Ана жүрегі бала деп соғады. Қанша жерден қайсарлық танытса да, 94 жасқа қараған шағында абыз апамыз Мақыш қажының мәңгілік мекеніне кеткеніне бүгінде 1 жыл толды. Жаныңыз жаннатта, ғамал дәптеріңіз оң жағыңызда болсын. Шамшырағыңыз мәңгі жарық болсын. Артында қалған бала-шаға, неме­ре-шөберелеріне, жа­қын­­дарына Алла ба­қытты ұзақ ғұмыр бер­сін. Еліміз­дің ір­гесі аман болсын. Ар­тында бар оңалар деген осы. Балалары ата-анаға құрмет көр­се­тіп, ауқымды ас беріп жатыр. Сауап­тан болсын.

 

Немере сіңлісі –

Бота Дәуітқызы КЕНЖИНА

 

Қайран асыл ағам, алтын жеңгем!

Рымбек Смақұлының мына фәни дүниенің есігін ашқанына бір ғасырдың жүзі болған екен. Аяулы ағамыздың жарқын бейнесін көрмегелі де отыз жылдан және асып кетті. Осынау қайраткер тұлғаны еске ала отырып, оның өмірге келген сәттеріне үңілуден бастайықшы...

1922 жылдың күзінде түзден екі бірдей құлжаны атып алып, қанжығасына өңгеріп олжалы оралған Смақ балуанның алдынан әйелдер сүйінші сұрап шығыпты. «Сүйінші, Кәжей ұл тапты!». Әрі сері, әрі мерген жігіт Смақ осы жағдайды ырым етіп, баламның ырыс-несібесі мол болады екен деп, атын Рымбек деп қояды. Смақ балуанның өзі Бөрілі болысының қазағы, руы – қаракесек ішінде жалықпас. Ас пен тойда балуан атаулыны шақ келтірмей жеңетін күш иесі екені өз алдына, әншілігі мен күйшілігі де бір басына жетерлік болыпты. Ол сонау дала серілерінің дәу­рені жүріп тұрған кезі еді ғой. Сол күндердің куәлерінің бірі, өзі де өнерпаз әрі қаламгер болған Мұқатай Тоқжігітов Смақ балуан туралы деректі туындылар жазып, жариялаған болатын. Алтын жеңгеміз, Рымбек ағаның жары Мағрипа Сма­ғұлқызы өзі жазған естелігінде наға­шыларынан естіген әңгімесі бойынша: «Смақ серінің елі Абыралы ауданының жеріндегі Мыржық тауында, Бөрлітөбе бөктерінде қоныстанған. Жайлаулары – Дегелең жазығы мен Мыржық тауының қапталдары. Рымбек сол өңірде дүниеге келген. Ал 8-9 жасқа дейінгі балалық шағы Қайнар мен Бөрілінің ортасында өтті» дегенін жазады. Осындай ортадан өнеге алған Рымбек Смақұлы жасынан өжет, еңбекқор бала болып өседі. Неше түрлі оқыс оқиғаларға да ұшырап, Алланың қалауымен, әке-шешенің дұға-тілегімен аман қалып жүреді.

Қан майданда ерлікпен шайқасып, елге аман-есен қуанышпен оралған Рым­бек Смақұлы әкесінің үш жыл бұрын өмірден өтіп кеткенін сол кезде ғана естіп, аһ ұрады. Өмірдің ащы-тұщысын көп тартқан азамат қызмет сатысымен өрлеген жылдарында да астамсып кетпей, тектілігін танытып, айналасына мейірім нұрын шашып жүретін еді. Қазақты руға, жүзге бөлмей, бәріне бірдей қарап, жақ­сыда жаттық жоқ екенін көрсете білетін. Бірі аға тұтып, бірі іні деп барған абыралылықтарға деген қамқорлығы мен пейілі де бөлек. Өйткені Мақыш жеңгеміз жазып кеткендей, «Рекеңнің көкірек түкпірінде түйін болған арманы – туған жері, атақонысы – Дегелең, Мыржық тауы, Бөрілітөбе бөктерінде атом тажалының 42 жыл бойғы ойнағы бұға­лықтанғанын көре алмай кетті. Атамекенде атом сынағын жасайтын поли­гонның орналасуы кімге оңай тиеді дейсің. Рекең осы жағдайды еске алған­да ішқұса болып, іштен тына қатты қапа­ланатын».

Өмір сүрген заманы қатал тәртіпке негізделген кеңестер одағына тура келсе де, Рымбек Байсейітов Мәскеудің өзі­не барып, ойларын ашық айтып, елі­мізге қажетті қаржы мәселелерін батыл шешіп келетін еді. Оның замандасы, Үкімет басшысы болған Бәйкен Әшімов: «Экономиканың жаппай өркендеуі қаржыға байланысты болатындықтан, республикамыздың осы жауапты меке­месін басқарған Рымбек Смақұлы елі­міздің сол жылдары қарқынды да нәти­желі дамуына зор үлес қосқан мемлекет қайраткері болғандығын ешкім жоқ­қа шығара алмайды» деген болатын естелігінде. Басқа да әріптестері ол кісінің өз ісіне ұқыпты, сөзбұйдалыққа салмайтын, істің жайын бірден байқап, дер кезінде шешім қабылдайтын іскер де білікті жан болғанын ерекше атап өтеді. Мұның шет жағасын біз де жиі байқап жүретін едік. Рымбек Смақұлының қамқорлығы аясында өсіп-жетілдік.

Сөзімді тағы бір мемлекет қайраткері Роза Есенжолованың естелігіндегі: «Үй ішінің берекесі де, ұйытқысы да әйел адам ғой. Рымбек ағаның бақытының бір шеті, жан жолдасы бола білген Мақаңа байланысты. Мақаң ағаның достарын көбейтуге, туыстарын аласартпауға, балаларына жан ана болуға, өзін өмір бойы сыйлап өтуге үлкен жұмыс істеді» деген пікірімен тұжырымдай отырып, жандарыңыз жаннатта болсын асыл аға, алтын жеңге, – дегім келеді.

Төлеубек Мұсатайұлы Мұсатаев

 

Алматы