Тарих • 05 Қазан, 2022

Әлшекей – дара күйші

414 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Орталық Азиядағы қос өзеннің аралығы – Мауреннахр өлкесінің тарихы өте тереңде. Әр заманда Танаис – Силис – Канг – Яксарт – Сейхун деген атауларға ие болған Сырдария аймағының мәдениеті де сонау антика дәуірінен бастау алады. Сақ тайпаларының билеушісі Томирис, қанқұмар Кир патша, ел аузында Ескендір Зұлқарнайын атанған Александр Македонский әскері де бұл өлкенің топырағын басып, суын ішкен. Осындай санғасырлық тарихы бар аймақта бой көрсеткен әдеби-музыкалық құбылыстардың түп-тегін анықтау, жинау мен зерттеуге келгенде атқарған жұмыстарымыздан әлі жүзеге аспаған істеріміздің көбірек екені байқалады. Әрине, оның себебін аға буын зерттеушілеріміздің еңбектерінен іздеген ләзім.

Әлшекей – дара күйші

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Бір ғана мысал. Кешегі кеңестік кезең­дегі қазақ әдебиетінің тарихына Сыр бо­йынан шыққан көрнекті жырау, жыршы немесе ақындардың бірі де енгізілмей келді. Олардың дені ұлттық әдебиет дең­гейіне көтеріле қоймаған, аймақтық сипаты ғана бар мұралар қатарында сөз болып, аудан көлемінен аса қоймады. Балқы Базар, Омар Шораяқов, Қарасақал Ерімбет, Кете Жүсіп, Қаңлы Жүсіп сияқты қисса ақындары мен жыршы-жырауларды насихаттау әр ауданның өз ішінде ғана жүзеге асырылып келді. «Үш ғасыр жырлайды», «Бес ғасыр жырлайды» сияқты хрестоматиялық басылымдарға еніп келген бірен-саран өлеңдері болмаса, әдеби мұралары туралы ғылыми-танымдық материалдар «Қазақ әдебиетінің тарихы» деп аталған академиялық зерттеу еңбектерге енген емес. Бұл жағдай ХХ ғасырдың 60-жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясының Әдебиет және өнер институты жарыққа шығарған қазақ әдебиеті­нің тарихына арналған басылымдардан ­орын алып келді.

Әдебиеттану ғылымының басы-қа­сын­да болған М.Қаратаев, Ә.Тәжібаев­тар­дан бастап бірде-бір әдебиетші қа­зақ әдебиетінің тарихына Сыр бойынан шық­қан ақын-жырауларды енгізу мәселесін сөз қылған емес. Ұлттық әде­бие­тіміздің тарихы курсын жасағанда олардың шығармаларын қамту мәселесі мүлде ескерілмей келді. Әйтпесе Базар жырау, Нұртуған, Тұрмағамбет, басқа да айтулы ақындарымыздың шығармалары неден кем?

Жасыратыны жоқ, Сыр бойынан шық­қан сол дүлдүлдердің есімдері мен еңбектерін алғаш рет республикалық дең­гейге көтеріп, әдеби-ғылыми оралымға қосқан ғалым Ә.Қоңыратбаев. Біреуге ұнар, біреуге ұнамас, бірақ шындық осы. Ауыл арасында ғана айтылып жүрген Нұртуған Кенжеғұлұлы есімін де алғаш баспасөз бетінде сөз етіп, айналымға тү­сірген Ә.Қоңыратбаев болатын. Әр жыл­дары «Жұлдыз», «Қазақ әдебиеті», «Сыр бойы» сияқты әдеби газет-журнал беттерінде Сыр сүлейлері туралы мақа­лаларын жариялап, кейін «Қазақ әде­биетінің тарихы» атты оқулығына енгізгені баршаға мәлім. Сол кезден бастап Сыр елінен шыққан ақын-жыраулардың есімдері мен шығармалары жалпы қазақ руханиятының санатына қосылған еді.

Бұдан көретініміз: жергілікті әдеби-мәдени құбылыстарды дер кезінде анық­тап, озық үлгілерін республика деңгейіне шығару үшін білікті мамандар мен зерт­теушілердің ыждаһатты еңбегі қажет. Бол­маса руханият мәселелерінің бір ғана нұсқаумен шешілмейтіні белгілі.

Дәл осындай жағдайды 175 жылды­ғы аталып өткелі отырған күйші Әлше­кей Бектібайұлы (1847-1932) шығар­ма­шылығынан да байқауға болар еді. Кезін­де қазақ музыка фольклорының көп­те­ген жауһар үлгісін жинаған А.В.Затае­вич, халық арасынан шыққан дүлдүл күй­ші­лердің шығармашылығын зерделеген А.Қ.Жұбанов, ондаған халық аспабын ғасырлар қойнауынан аршып алып, қалпына келтірген Б.Ш.Сарыбаев, басқа да зерттеушілеріміздің іргелі еңбек­терінен Әлшекей күйлері туралы мәлі­меттерді кез­дестіру қиын. Қазақтың көр­некті музыка зерттеушілері оның күйшілік өнері мен мұрасын ұлттық музыка тарихына қоспай кетті. Жекеленген ғалымдар­дың ондаған жыл бойғы еңбегінің арқасын­да Сыр сүлейлерінің әдеби мұралары ұлттық әдебиет тарихына қосылған болса, Әлшекей күйлерінің басына ондай күн енді туып келеді.

70-жылдары аудандық, облыстық газет беттерінде Тынысбек Дүйсебеков жа­риялаған Әлшекей күйлері туралы пікір­лермен таныса бастаған едік. Бірақ Әлшекей күйлері жан-жақты жиналып, жа­рияланбағандықтан біздің заманымызға сол мұраның жұрнағы ғана жетіп отыр.

Иә, Әлшекейдің күй мұрасы ғылыми танымнан жырақ қалып келді. Оның себебін анықтап жатқандар да болмады. Күйлерінің көркемдігі төмен бе, образдық әлемі солғын ба, әлде орындау техникасы осал ма деген мәселелерге дүре тиген емес.

Кейбір деректер бойынша Әлшекей Қазан төңкерісі тұсында өзбек жеріне қарасты Жызақ, Самарқан жағында кіре­кеш болыпты. Сол тұста Сыр бойы қазақ­тарының бір тобы Қытай асып жатса, екінші тобы Памир тауларын сағалап, тәжік жеріне барғаны тарихтан жақсы мәлім. Әлшекей бай тұқымынан деген деректер де бар. Бірақ оның анық-қанығын әлі де зерттей түскен жөн.

Тәжікстан жағына қоныс аударып, елінен алыс жерде көз жұмған Әлшекейдің артында бірде 50, тағы бірде 100-ге тарта күй қалған деген дерек айтылады. Бүгінде оның «Тоқырау», «Нарсоққан», «Қара жорға», «Адасқан қаз», «Айша мен алты тарақ», «Бөпемен тартыс», «Егілген», «Бәйге», «Тай қуу» және «Аққу кеткен», «Егес», «Жаяу кербез», «Отарба», «Тай­шұбар», «Тепеңкөк», «Терісқақпай», «Шер­лі» сияқты оннан астам күйі мәдени ора­лымға еніп келеді. Соңғы жеті күйдің орын­даушысы Тынысбек Дүйсебеков болса, «Тоқтаған», «Толқын» деген күйлерді жеткізген Әбдіқадыр Әбдіқалықов. Олар «Қазақ күйлері антологиясының» Сыр өңірі күйшілік дәстүрі деген тарауына енген.

Әлшекейдің өмірбаяны бүгінде бір­қатар энциклопедиялық анықтама­ға ен­ген. Сыр елінде туып, кейін тәжік же­рін­де қайтыс болған күйші тағдыры­ның бұ­рылыстары аз емес. Ендігі жерде Әлше­кей қазақтың күйшілік дәстүрінен қан­дай орын алады? Оның күйлерінің Абыл, Құр­манғазы, Дәулеткерей, Қазанғап ­күй­­­лерінен ерекшелігі қайсы? Тәттімбет дәс­­­түріне жақындығы қандай деген са­уал­­дардың да жауабын қарастыру керек болады.

Күй – аспаптық музыкамыздың күр­делі саласы. Жыр – алғашқы, күй – соңғы құ­былыс. Жырда көпшілік түсінетін поэ­зия­лық мәтін, сюжет болса, күйде олар­дың бірі де жоқ. Демек күй дегеніміз – аспап­тық музыканың дамыған кезеңіне тән көркем құбылыс.

Кезінде А.Жұбанов қазақ күйлерін жіктеп, біріне төкпе, екіншісіне шертпе күй деген атауларды қолданғаны бел­гілі. Оның өзіндік себебі де болатын. Ба­тыс­тың күйлері үнемі қос ішекте қатар жү­ріп, бас буын, орта буын, бірінші және екінші сағаларды толық қамтыса, Орталық Қазақстанның күй дәстүрі философиялық ой-толғау үлгісінде көрінеді. Олардың әннен туғаны байқалып тұрады. Бұл аймақтың күйлері көбіне жеке ішекті қуалап отырып, тек ой аяқталатын тұста­ры – каденцияларда барып қос дауысқа ұла­сады. Осы дәстүрге Қаратаудың теріс­кейіндегі күйлерді де жатқызуға әбден болады. Олар әдетте домбыраның куль­ми­нациялық аймағына тереңдемей, орта буын, әрі кетсе бірінші сағамен шек­те­леді. Төкпе дәстүрінің образдық әле­мін бірде «Сарыарқа», «Адай» сияқты жой­қын да дауылды программалық күйлер, енді бірде «Қос алқа», «Құс қайыру» секілді лирикалық-суреттемелік туындылар құрайды. Ал шертпе күйлердің әуені жанға жайлы, ішкі иірімдері мол, тыңдаушысын ә дегеннен емес, бірте-бірте баурап алатын үн-интонацияларға толы. Оларды көңіл толқынысының барометрі десек те болады.

Әрине, бұдан келіп төкпе мен шертпе күй дәстүрлерін бір-біріне қарама қар­сы қоюға болмайды. Бұл екі түрлі стиль – құстың қос қанатындай көркем құбы­лыс. Олардың өзара ерекшеліктері домбы­раның қос ішегін қатар қамтуында ғана емес, образдық әлемінде.

Теріскейдегі шертпе күй дәстүріне құ­лақ түріп, мазмұнына зер салар болсақ, олар­дың құрылымы, музыкалық фактурасы төкпе күй дәстүрінен көп алшақ еместігін аңғаруға болады. Мұның өзі төк­пе, шертпе деген ұғымдардың шарт­тылығын білдіреді. Мысалы, Т.Мом­бековтің ел арасына кең тарап кеткен «Сал­танат» атты күйінің образдық әлемі шертпе күй дәстүрінде көрінсе де, дом­быраның қос ішегінде қатар өрбитін дыбыс­тық жүйесі төкпе күй стиліне жуық. Бірақ соңғы белгісіне қарап оны төкпе күй санатына қосу дұрыс болмас еді. «Қос­басар» деген күй атауы шертпе күй дәс­түрінің атасы Тәттімбетте де болған. «Салтанат» күйінің философиялық маз­мұны, тыңдаушысының жанын баурап ала­тын ішкі толқыныстары оның жанрын анықтауға қызмет істеп тұр.

Т.Момбеков шығармасының тағы бір ерекшелігі – домбыра күйлеріне тән кварта-квинталық үндестіктермен шектелмей, терциялық арақатынастағы үндестіктерді де ұтымды әрі көркем пайдалануында. Дәл осы терциялық үндестіктер күйге ерекше көрік беріп, оның драматургиялық сипатын күрделендіріп тұр.

Қаратаудың теріскейіндегі шертпе күй дәстүріне арнайы тоқталуымыздың өзіндік себебі бар. Өйткені дәстүр – ғасырлар тереңінен бастау алатын, тамырын тереңге жіберген мәдени-музыкалық құбылыс. Оның тараған аймағын бүгінгі әкімшілік басқару жүйесіне негіздеуге әсте болмайды. Бүгінгі Жаңақорған деген атау – кеңес заманынан келе жатқан аудандық бөлініс. Халықтық топонимия оның бәрін Сыр елі деген ұғымға сыйдырып жібереді. Сол құнарлы топырақта көгеріп, жапырақ жайған Әлшекейдің күй мұрасы Жаңақорған ғана емес, Сыр бойы ұғымына да сыя бермейді. Олай болғанда Әлшекей күйлерін қандай күйшілік дәстүр аясында тануымыз керек?

Расында, күйшіліктен гөрі жыршылық өнері үстем дамыған Сыр елінде бой көрсеткен Әлшекей мұрасын қай дәстүр­ге жатқызуға болады? Оның қазақтың күйшілік өнерінен алатын орны қайсы? Әлшекей ауыл арасында ғана домбыра шерткен күйші ме, әлде оның мұрасы қазақтың күйшілік өнеріне қосылған елеулі үлес пе? Аудан, облыс көлемінде күйшіге арналған іс-шаралар өткізіліп тұрса да, мәселені осылай қоя алмай ке­луіміздің себебі неде? Той тойлауға шебер болсақ та, Әлшекейдің күйшілік мұра­сын игеру, насихаттау, бағалауға келгенде ғы­лыми таным неге тереңдеп, ойлы, сали­қалы пікірлермен іргесін бекітіп отыр­маған. Әлшекейдің күйлерін орындау бар да, олардың көркемдік қуатын ашып, бағалау бар. Екеуі де бір танымдық үдерістің бойынан табылады: бірі – басы, екіншісі – соңы. Бізде осының алғашқысы бар да, соңғысы назардан мүлде тыс қалған. Сол себепті Әлшекей мұрасын елге танытып, оның даралығы мен өзіндік қолтаңбасын көпшілікке түсіндіре алмай келеміз.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, күйші шығармаларының құрылымы мен жалпы нобайы қос ішекте қатар жүретін төк­пе күй дәстүріне келетін сияқты. Бірақ образдық әлемі төкпе күйлерден дараланады. Әлшекейде Құрманғазы күйлеріне тән жылдамдық, ұшқындатқан әуен, қазақ даласын дүркіреткен ырғақ пен асқан орын­даушылық шеберлік нышандары байқала бермейді. Музыкалық образ жасау құралдары, күйлердің интонациясы мен құрылымы жағынан шертпе күйдің белгілері де жоқ емес. Әлшекей күйлері домбыраның екінші сағасына мүлде бармайды. Бас буын, орта буынның төңірегінде жүріп-ақ музыкалық образ, үн-кесте тоқиды.

«Күй» сөзінің семантикасы барша­мызға түсінікті. Ол дарын иесінің көркем шығарма тудыратын кезеңдегі көңіл күйі. Сол сәтті күйші өзінің шығармасына арқау етіп, домбыра үнімен суреттеп шығады. Әлшекей күйлері де сондай шығармашылық үдерістің жемісі. Оны бір ғана төкпе немесе шертпе күй дәстүріне жатқызу даулы. Әлшекей күйлері қазақ­тың күй дәстүрінен дараланып жат­қан, образдық әлемі де, дыбыстық-факту­ралық жүйесі де ерекше құбылыс. Кей­де Әлшекей шығармаларынан қазақ­тың классикалық күйлеріне тән емес үн­дерді, өзгеше дамыту принциптерін де кез­дес­тіруге болады. Шығармаларының ком­позициялық құрылымы өзара ұқсас. Бір­шама күйлері бастапқы бір ырғақ­қа құрылып, біркелкі дамып отырады. Жиі кездесетін тәсілдердің бірі – қайта­лау, алма-кезек қағыс, бастан-аяқ сақта­латын ырғақтық фон. «Терісқақпай», «Айра­уық­тың ащысы-ай», «Шалқыма» сияқты күйлердің дені осындай болып отырады. Күйлер сол біркелкі ырғақпен аяқталып кете барады. Арнайы аяқтамасы жоқ.

Әрине, Әлшекейдің Сыр өңірінен шыққаны дау тудырмайды. Кезінде бұл аймақта қоқандықтардың билік құр­ғаны да жасырын емес. Бүгінгі таңдағы Әлше­кейді тану Сыр елінде өтіп жатса да, күйшіні жаңақорғандық өнерпаз ретінде бағалаудың кемшін болатынын жоғарыда айттық. Сол себепті Әлшекей күйлерін арғы жерде Арқа дәстүрі, бергі жерде Қаратаудың теріскейіндегі күй дәстүрімен сабақтастыру мақсатқа көп жақын болады демекпіз.

Әлшекейдің өзі де, күйлері де күйшілер арасындағы үлкен додаға түсе қоймаған. Бірақ оның шығармаларынан өзіндік қолтаңбасы айқын байқалып отырады. Мысалы, Әлшекей күйлерінің көпшілігі бір ырғаққа құрылған әуенмен басталады. «Отарба», «Сауда Бұзар», «Терісқақпай», «Толқын» сияқты күйлердің басталуы мен аяқталуы ұқсас. Өзіндік қолтаңбасы айқын Әлшекей шығармаларының арасынан Құрманғазы, Ықылас сияқты халық композиторларына тән «Айрауықтың ащысы-ай», «Бұқтым-бұқтым», «Ақжелең» сияқты атауларды да кездестіруге болады. Егер Әлшекей шығармалары кезінде мәдени-музыкалық оралымға түсе қоймады дейтін болсақ, онда дәстүрлі күй атаулары қайдан жүр? Біздің пайымдауымызша, бұлар бері келе, кейінгі орындаушылар тарапынан қосылған атаулар болуға тиіс. Ықыласта «Айрауықтың ащы күйі» деген қобыз сарыны бар. Кейінгі орындаушылар сол шығарманы Қаратау күйшілік дәстүрі аясында Әлшекейге телуі де мүмкін ғой. Ал Құрманғазыда кездесетін «Бұқтым-бұқтым» күйінің атауы Әлшекейге қалай өткені құпия. Ол анықтауды қажет етеді.

Соңғы жылдары Әлшекей күйлері жа­зылып алынып, түрлі музыкалық-этно­­графиялық жинаққа еніп, баспа жү­зін көрсе де анықтай түсетін, арнайы зерт­тейтін мәселелері шаш етектен. Күйлерді реттеп, толықтырып, бел­гілі бір жүйеге түсіру керек. Мысалы, күй­шінің немересі тартқан «Айрауықтың ащысы-ай» мен Ә.Әбдіхалықов орындаған «Айрауықтың ащысы» бірдей емес. Екеуі екі түрлі шы­ғарма орындап, бір күй атауын атайды. Осын­дай мәселелер жиі кездесіп отырады. Оларды вариант ретінде, болмаса басқаша бағалау үшін арнайы текстологиялық зерттеу жұмыстарының атқарылуы шарт. Ол – келешектің міндеті.

Әзірге айтарымыз, Әлшекейді бір аудан­ның тумасы санап, Сыр бойының күй­шілік өнері аясында тану жетімсіз. Оның домбыраға арналған туындылары қарт Қаратаудың теріскейінде ежелден келе жатқан домбыра мектебінің бір өкілі ретінде бағалаған дұрыс болады демекпіз.

Бүгінде 175 жылдығы аталып отырған Әлшекейдің күй мұрасы – қазақтың аспап­тық музыкасына қосылған мөлдір бір бұлақ.

 

Тынысбек ҚОҢЫРАТБАЙ,

филология ғылымдарының докторы,

профессор