Руханият • 05 Қазан, 2022

Umai ұлттық сыйлығы өнер саласындағы үздіктерге беріледі

471 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Биыл тұңғыш рет отандық мәдениет және өнер қайраткерлерінің шығар­машылық жетістіктерін қолдау, дамыту және насихаттау мақсатында Umai ұлттық сыйлығы тағайындалған еді. Жалпы жүлде қоры 54 млн теңгені құрайтын сыйлықта төрт номинация бойынша 19 жүлде табыс етіледі. Атап айтсақ, «Театр өнері», «Музыкалық орындаушылық өнер», «Хореографиялық өнер», «Театрдағы бейнелеу өнері». Осыған орай Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте өнер саласындағы алғашқы ауқымды сыйлықтың шарттары мен мәдениет саласындағы басқа да жобалар талқыланды.

Umai ұлттық сыйлығы өнер саласындағы үздіктерге беріледі

Алқалы жиынға қатысқан Мә­дениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов биылғы Балалар жылы­ның аясында «Үздік балалар спектаклі үшін» арнайы жүлде тағайындалғанын атап өтті.

«Сыйлық 2022 жылы Қазақстанның шығармашылық ұжымдарына және жекелеген өнер қайраткерлеріне 2020 жылғы қыркүйектен бастап 2022 жыл­ғы шілде аралығына дейінгі екі театр­лық, концерттік, шығармашылық мау­сымдағы спектакльдер, концерттер, шы­ғармашылық жобалар, өнер туын­дылары үшін табысталады. Ал сый­лық мөлшерінің ең төменгісі 2 млн­ тең­геден басталып, ең жоғарғысы
10 млн теңгеге дейін барады», деді вице-министр.

Сондай-ақ оның айтуынша, «Театр өнері» номинациясына жалпы сомасы 22 млн теңгені құрайтын жеті сыйлық еніп отыр: «Опера өнері» (опе­радағы ерлер және әйелдер партиясы үшін), «Актерлік шеберлік» (драма­лық немесе музыкалық-драмалық спек­­­такльдердегі ерлер және әйелдер рөл­­­дері үшін: оперетта, мюзикл, рок-опера, музыкалық комедияда), «Үл­­кен режиссура», «Спектакльдің үздік көр­кемдік безендірілуі», «Үздік музы­калық-драмалық спектакль».

Одан бөлек жалпы сомасы 6 млн теңгені құрайтын 3 сыйлықты «Му­зыкалық-орындаушылық өнер» но­ми­нациясындағы жеңімпаздар алады: «Үз­дік дәстүрлі орындаушы (ән айту)», «Үз­дік дәстүрлі орындаушы (ас­­папшы)», «Үздік музыкалық ансамбль (классикалық/халықтық)». Ал «Хо­рео­графиялық өнер» номина­ция­сында жалпы сомасы 18 млн тең­­гені құрайтын бес ақшалай жүлде анық­талды. Олар «Үздік би ұжымы» (би ансамбліне: халық, заманауи және эстрадалық билер), «Балеттегі үздік орындаушы» (ер/әйел балет солисі), «Үз­дік хореограф», «Үздік балет спек­таклі» аталымдары бойынша беріледі.

Жалпы сомасы 6 млн теңгені құ­райтын «Бейнелеу және сәндік-қол­данбалы өнер» номинациясы қол­өнер шеберлеріне арналған. Олар таға­йын­далған сыйлықты «Үздік сәндік-қол­данбалы өнер туындысы» үшін алады, ал «Бейнелеу және сәндік-қолдан­балы өнер» екі сыйлығына көркем сурет­шінің/графика жұмысы, сондай-ақ заманауи өнердегі (перфоманстар, инста­ляциялар, арт-нысандар және т.б.) жобалар ие болады.

Сонымен қатар Umai-2022 сый­лығы аясында Балалар жылына орай­ластырылған «Үздік балалар спектаклі үшін» 2 млн теңге көлеміндегі арнайы сыйлық бәйгеге тігілді.

Брифингте сөз алған Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Астана Опера» Мемлекеттік опера және балет театры директорының орынбасары Төлеу­бек Әлпиев аталған театрдың Umai ұлт­тық сыйлығын өткізу алаңы болып отыр­ғанын атап өтті.

«Сыйлықтан үміткер кез келген спектакль, ол ұлттық болсын, әлде клас­сикалық немесе заманауи спек­такль болсын, оның креативті шеші­мі болуға тиіс. Сондай-ақ ол инно­ва­циялық элементтерді де қамтуы керек. Қойылымдық топтың спектакльдің музыкалық бөлігін ауыстыра алмайтыны түсінікті, бірақ визуалды бөлігі, яғни спектакльдің сценографиясында, көркемдік идеясында, музыкада, әртістің шеберлігінде жаңа көзқарас болуы қажет», деді ол.

Ал Бейнелеу өнері бойынша сөз сөйлеген суретші-зергер, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Берік Әлібай әр өнер адамы үшін мәдениет пен өнер саласындағы тұңғыш Umai ұлттық сыйлығын иеленудің маңызы зор еке­нін айтты.

«Жалпы, қол өнерінің зергерлік (алтын, күміс, өңдеу), ұсталық (қара металды өңдеу), ағаш өңдеу, тоқыма, кес­те­леу, тері өңдеу, киіз басу, керамика және т.б. түрлері бар. Міне, осыншама жан-жақты бағытта тер төгіп жүрген да­­рынды үміткерлер көп боларына се­­нім­дімін. Сондықтан аталған номина­цияда жеңімпазды анықтау қиынға со­ғары анық. Еліміздегі бейнелеу және қол­­данбалы өнердің болашағына зор үміт­­­пен қараймыз. Себебі беріліп жат­­­­­қан сыйлық өнер адамдарын бір құл­­­шын­­­дырады деп ойлаймын», деді зергер.

Сондай-ақ жиын барысында Музы­калық өнер бағыты бойынша Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Ардақ Балажанова баяндама жасады.

Umai сыйлығы Қазақстандағы мәдениет және өнер саласында бұрын-соңды болмаған жаңашылдық. Ол туралы естігенде, мені, ең алдымен байқауда өнер адамдарына тақырып таңдауда еркіндік берілгені қуантты. Басқа байқаулардағы секілді мұн­да тақырыптық шектеу жоқ, кез келген өнер адамы өзінің инновациялық туын­дысын ұсына алады. Үздік дәс­түрлі орындаушыны таңдаған кезде сарап­тау комиссиясының мүшелері дәстүрлі әншілердің қандай мектептен шыққанына, аймақтық ерекшелік­тері­не де мән береді деп ойлаймын. Атауы айтып тұрғандай, дәстүрлі өнер тіке­лей халықтан тараған, оған басқа ешқан­дай мәдениет араласпаған», деді А.Балажанова.

Айта кетейік, аталған сыйлыққа өті­нім­дерді қабылдау 9 желтоқсанға дейін жалғасады.

Бұдан бөлек, брифингте жас отан­дық жазушыларға мемлекеттік қолдау көрсету, жас ақындар мен жазушыларға жаңа есімдерді ұлықтау мақсатында жыл сайынғы «Айбоз» арнайы әдеби сыйлығы тағайындалғаны да айтылды. Сондай-ақ 2023 жылдан бастап жыл сайынғы жас жазушылар мен ақын­дар үшін арнайы Президенттік әдеби сыйлық тағайындау қарастыры­лып отыр­ғаны хабарланды.