Пікір • 07 Қазан, 2022

Көптің көкейіндегіні дөп басты

114 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

«Халық қаласа, хан түйесін сояды» деген тәмсілдің қазіргі заманда да өміршең екендігіне көзіміз жетіп отыр. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Павлодар облысының жұртшылығымен кездесуде өңір халқының көкейінде ұзақ уақыттан бері жүрген, шешімін күткен ең маңызды, толғақты мәселелерді көтерді. Мемлекет басшысы Ертіс бойын жайлаған өңірге деген ықыласы ерекше екенін айтып, бұл аумақта республикаға үлгі болатын әлеуметтік-экономикалық бастамалар жүзеге асып жатқанына айрықша тоқталды.

Көптің көкейіндегіні дөп басты

Жалпы, біздің облыс жөнін­дегі мағлұматтарға Қасым-Жомарт Кемелұлының өте қанық екенін байқадық. Ертіс-Баян өңірінде туып, кейін тұтас Алаш еліне қыз­мет еткен тарихи тұлғалар мен мәдениет қайраткерлерін, отандық ғылым мен білім сала­ларына өлшеусіз үлес қос­қан ғалымдарымызды тізбек­теп, Мәш­һүр Жүсіп, Мұса Шорманов, Көпеев, Қаныш Сәтбаев секілді бір­туар перзенттеріміздің барша Қазақ елі үшін мақтаныш екенін жеткізді. Мұны есті­генде ерекше қуанып, мере­йіміз көтеріліп қалды.

Павлодар облысын дамы­тудың басымдықтары туралы айтқанда бес негізгі бағы­тымызды айқындап бер­геніне куә болдық. Олар – индустриялық-инно­ва­циялық әлеуетті нығайту, экологиялық мәселелерді шешу, сумен қамтамасыз ету мәселесі, өңірдің инфра­құрылымын дамыту, креатив­ті индустрия мен туризмді дамыту. Бұл басымдықтар­дың қай-қайсысын болмасын жүзеге асыру түптің түбінде сапалы білім беруге, отансүйгіш жас ұрпақты қалыптастыру мәселелеріне барып тірелетіні айқын. Осы ретте Президент биылғы Жолдауында жариялаған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Павлодар облысында алдағы 3 жылда 10 мектеп салынатынын айтып, заманға сай оқу ордаларында білім игерген жұрттың мерейі үстем болатынына тағы бір мәрте мән берді. Олардың құрылысын сапалы жүргізу – өзімізге сын.

Бәрімізге белгілі, көк­темде қар ерісе, жазғы мезгіл­де жаңбыр жау­са Пав­лодар қаласының көше­лері суға көлкіп, кішігірім Венеция­ға айналып шыға келеді. Шаһарда нөсер кәрізі жүйесінің жоқтығы тұр­ғын­дарды қиындыққа тіреп отыр. Жылдар бойына сағызша созылған мәселені шешуді Президент Үкіметке жүктеді. Білуімізше, жаң­быр суына арналған кәріз жүйе­сінің жобасы да­йын көрінеді. Оның құрылысы әуелі сол­түстік-батыс бөлігінде жүр­гізіліп, Екінші Павлодар шағын ауданын қамтиды. Одан соң екінші кезеңде сол­түстік-батыс аумақта жүр­гізіліп, Зеленстройдың дре­наждық жүйесін өміршең етеді. Соңынан қаламыз­дың өзге бөліктері де қосылады деп күтілуде. Осы жұмыстар келесі жылы басталып кететіні бізді айрықша қуантты. Се­бебі күн жылы мезгілде көл­кіген судан көшелерімізде көлік кептелісі орын алып, жер үй­лерді су басатыны бар. Бұл ма­шақаттан таяудағы жыл­дарда құтылатынымыз анық.

Әр жаз сайын мазамызды алатын шыбын-шіркейге қарсы күрестің де жергілікті халықтың көңілінен шықпай отырғанын Президентіміз жақсы біледі екен. Мына Ертіс бойын жайлаған көп елді мекендер, соның ішінде Павлодар, Ақсу қалалары мен бірнеше аудан жұртшылығы жәндіктерден қатты зиян шегіп келеді. Оларды жоюға миллиардтаған теңге қаражат бөлінгенімен, нәтижесін ел көре алмауда. Мемлекет басшысы осы мәселені реттеуді, оған ғылыми әдіс-тәсілдерді енгізіп, шетелдік тәжі­рибені тартудың уақыты жет­кендігін айтты. Расында, біздің өңірде шыбын-шіркейге қарсы күрес шаралары тек биологиялық және химиялық өңдеумен ғана шектеліп келе жатыр.

Бұдан басқа облыс орта­лығы­ның іргесіндегі Был­қыл­дақ көлінде жиналып қалған сынапты қауіп­сіз ету­дің жолдарын іздестіруге, үл­кен за­уыттарға заманға сай сүзгі­лер орнатуға қатысты тапсырмалар беріп, Екібастұздағы көмір кеніштерінен шық­қан үйінділер мен электр стансаларындағы күл төгетін орындардың мәселесін шешуге айрықша көңіл бөл­гені Пре­зидентімізді өңір­дегі эко­логиялық түйт­кіл­дер айрықша алаң­дата­ты­­нын аңғартса керек. Өнді­ріс пен қор­ша­ған орта ара­сын­да­ғы теңгерімнің сақталуын қам­тамасыз ету өте көп қара­жатты қажет ететінін жақсы түсі­неміз. Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаевтың кездесуде белгілеген нақты міндеттері мен ұсыныстары жергілікті алпауыт кәсіп­орындардың басшыларын ойландырады деп есептейміз.

Ерке Ертістің жағасында отырып ауызсуға жарымаған ауылдар жайында әңгіме қоз­ғаудың өзі ыңғайсыз. Кезін­де Ертіс ауданында – Беловод, Май ауданында Май топтық су құбыры жүйелері жақсы жұмыс істеп, жергілікті жұртты сапалы ауызсумен тұрақты қамтыды. Тоқырау кезеңінде олардың барлығы құрдымға кеткенімен, соңғы жылдары біртіндеп қал­пына келтіріліп жатқанын байқаймыз. Алайда ауылға барғанда көп тұрғындар жаңадан салынған сумен қамту жүйелерінің дұрыс жүр­гізілмегеніне, мердігерлер құрылысты сапасыз тапсыратынына жиі шағымданады. Осындай кемшіліктерді облыс басшылығы мен жауапты органдар дер уақытында анықтап, Үкіметке жеткізбей шешіп тастап отыруы керек деп санаймын. Негізі соңғы жылдары ауыл халқының тіршілік нәріне қолжетімділігі ай­тар­лықтай өскенімен, кейбір жүр­гізілген жобалардың шикілігі көңілге қаяу түсіреді.

Ауылда туып-өскендіктен, қала­да тұрсақ та елдің жағдайына алаң­дап отырамыз. Қазір, міне, шаруа­лар ала жаздай еңбегінің жемісін көре­тін шақ. Өкінішке қарай, көп жер­де ауылшаруашылық өнімдері­нің баға­сын делдалдар тым көтеріп жібе­ретіні, өзіміздің көкөнісіміз бен картобымыз өңделмей, сырт­қа арзан бағаға тонналап сатылып кететіні қын­жыл­­та­ды. Өңірге өңдеу өнер­кәсіптері ауадай қажет. Осы мәселелердің түйінін тар­қатуға Қасым-Жомарт Кемелұлы көңіл бөлсе екен деген тілегіміз бар.

Кездесу соңында алдағы пре­зи­д­енттік сайлаудың әділ әрі ашық өтетініне Мем­лекет басшысы ретін­де кепіл­дік бере келіп, еліміз­де жүр­гізіліп жатқан рефор­малардың әлеу­меттік негізін қалыптастыратын қоғам­дық-саяси күштердің ірі коали­циясының атынан сайлауға қатыс­қаным дұрыс болады деп түйін­дегені де Президентіміздің кемел ойлай білетіндігін дәлелдесе керек. Меніңше, туған халқының жағ­дайы­мен санасқан ел басшысы бір ғана саяси күштің, бір ғана партияның бағыт-бағдарымен жүрмеуі керек. Сондықтан өз басым Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл ұстанымын, оның біздің облысқа қатысты айтқан басымдықтары мен тапсырмаларын толық қолдайтынымды айтқым келеді.

 

Ғалымбек ЖҰМАТОВ,

жазушы, «Құрмет» орденінің иегері

 

Павлодар облысы