Қазақстан • 09 Қазан, 2022

Сот-сараптамалық қызметінің жаңа мүмкіндігі

397 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Еліміз үшін ең басты құндылық – адам және оның құқы. Әрине, құқық пен бостандықтың сақталуында ең алдымен әділет органдарының қызметі орасан зор. Әділеттілікті қамтамасыз етуге ұзақ ғасырлардан бері үлес қосып келе жатқан сот-сараптамалық қызметтің тарихы мен бүгініне тоқталсақ. Өйткені, тарих пен бүгінді тұтас қарамай қазіргі жетістігіміз бен кемшілігімізді салыстыру және ажырату мүмкін емес.

Сот-сараптамалық қызметінің жаңа мүмкіндігі

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Бүгінгі таңда сот сараптама­сымен айналысатын орталық Әді­лет министрлігіне қарасты мекеме. Оның алғашқы құрылымы 1951 жылы сәуір ­айында алғаш рет Қазақ КСР Министрлер кеңесінің Заң ко­мис­сиясы жанын­дағы Алматы кри­миналистикалық ғылыми-зерттеу зерт­ханасы ретінде жасақталды. Атал­ған мекеме базасында КСР ҒЗИ-дің Целиноград бөлімі қалыптасты. Кейін Қазақстан Республикасы Үкі­метінің 1997 жылғы 11 тамыздағы №1245 «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Сот сарапта­масы орталығын құру туралы» Қау­лысымен Қазақ КСР ҒЗИ-дің Цели­ноград бөлімінің базасында Астана қаласының аумақтық ғылыми-өнді­рістік сот сараптамасы зертханасы құрылды. Зертхананың бастапқы қа­лыптасу кезеңінде ұжым штаты 25 қызметкерден тұрды.

2003 жылы Әділет министрлігі Сот сараптамасы орталығының аппараты мен астаналық аумақтық бө­лімшесінің орналасуы мен техни­ка­лық жабдықталуына түбегейлі өзге­рістер енгізілді. 2013 жылдан бас­тап Астана қаласының аумақтық ғы­лыми-өндірістік сот сараптамасы зертха­насының атауы «Орталық Сот сараптамасы институты» болып өзгертіл­ді.

«Сот сараптамасының кейбір мә­селесі туралы» Қазақстан Рес­пуб­ликасы Үкіметінің №34 қаулысына сәйкес «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі­нің Сот медици­насы орталығы» республикалық мем­лекеттік қазыналық кәсіпорны оған «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің сот сараптамасы ор­талығы» мемлекеттік мекемесін қосу жолымен қайта құрылды. Қай­та ұйымдастыруымен және жаңа құ­рылым бекітуімен байланысты Астана қаласы бойынша Орталық сот сараптамасы институты «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Сот сараптамалары орталығының» РМҚК филиалы «Астана қаласы бо­йынша сот сараптамалары инсти-­
ту­ты» болып өзгертілді.

Қазіргі кезде Астана қаласы бойын­­ша сот сараптамалары институ­ты қа­зақстандағы сот саласындағы бел­сен­ді әрі жоғары өндірісімен танымал. Инс­титуттың терең тарихы мен ғы­лыми базасы және ел астанасында ор­наласуы ел арасындағы ықпалы мен та­нымалдығы артып келеді. Институт­қа алыс аймақтардан арнайы «Астана­ның сот-сараптамасына жүгінемін» деп келушілер жиі кездеседі. Өйтке­ні, көпшіліктің пікірінше Астанада­ғы сот өндірісі сапалы әрі тиянақты жүргізіледі. Бұл – халықтың берген бағасы. Әрине, алдағы уақытта да инс­титут қызметкерлері сапалы өндіріс пен қоғамның жоғары ықыласына ие болу үшін жігерін аямайды. Оны қазіргі басшылық құрам мен білікті сарапшылардың тәжірибесінен және институттың негізгі зерттеу бағыт­та­ры­нан көруге болады.

Институт әртүрлі деңгейдегі сарап­тамаларды зерттеуге мүмкіндік бере­тін заманауи құрал-жабдықтар­мен жабдықталған. Институт әрқилы қылмыстық, азаматтық, әкімшілік істерді тергеу, қарау барысында құқық қорғау органдары мен сот­тар­­дың қажеттіліктерін толық қам­та­масыз етуді өзінің міндеті санайды. Сарапшылық, ғылыми-зерттеу және ғылыми-әдістемелік жұмыстар инс­титутымыздың басты бағыты болып саналады. Институтта ғылыми дәрежесі бар мамандар, оның ішінде PhD, магистрлер жұмыс істейді. Астана қаласы бойынша Сот сараптамалары институтында сот сараптамасының 54 түрі жүргізіледі. Институтта заңды және жеке тұлғалардың өтініші бо­йынша ақылы сараптама жүргізу жолға қойылған. Сараптамаларды Астана қаласының ғана емес, Қазақстанның өзге де өңірлеріндегі құқық қорғау органдары мен соттары тағайындай­ды. Институт сарапшыларының білімі мен біліктілігі кез келген сараптаманы жоғары кәсіби деңгейде сараптап беруге толығымен жетеді. Сарапшылар сараптама жүргізумен шектеліп қалмай, ғылыми, оқу-әдістемелік құралдар шығарумен де айналысады.

2013 жылғы 31 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасының құ­қық қорғау жүйесін одан әрі дамыту жө­ніндегі шаралар туралы» Жар­лығына сәйкес, құқық қорғау жүйесін модернизациялаудың мемлекеттік бағ­дарламасы бекітілді. Онда сот сараптама қызметінде туындаған проблемаларды шешудің, сол саланы көпші­лік мойындаған әлемдік стандарттар деңгейіне дейін жетіл­дірудің қажетті­лігі көрсетілді. «Қа­зақстан Республикасы Әділет ми­нис­тр­лігінің Сот сараптамалары орта­лығы» республикалық мем­лекеттік қазыналық кәсіпорнының филиалы Астана қаласы бойынша сот сараптамалары институтының сынақ зертханасы Қазақстан Республикасы­ның аккредиттеу жүйесінде «Сынақ және калибрлеу зертханаларының құзыреттілігіне қойылатын жалпы талаптар» ГОСТ ИСО/ХЭК 17025-2009 талаптарына сәйкес, сот-сарап­тамалық трасологиялық зерттеу, сот-сараптамалық баллистикалық зерттеу, сот-сараптамалық фонография­лық зерттеу (дауысты және дыбыстал­ған сөздерді спектральді зерттеу), құжат­тарды сот-техникалық зерттеу, спирт­құрамды сұйықтықтарды сот-сарап­тамалық зерттеу түрлерінен аккредиттелді.

Сот сараптамасы зерттеулерінің арасында кейіннен қосылып, қазіргі кезде сұраныс жоғары зерттеу түріне айналғандары бар. Соның бірі сот-сараптамалық фонографиялық зерт­теудің (дауысты және дыбысталған сөздерді спектральді зерттеу) орны ерекше. Өйткені күн санап цифрлы технологияның дамуы нәтижесін­де бейне және аудио форматтағы ма­териалдардың саны артуда. Яғни қазіргі кезде әрбір адам смартфон мен бейне жазу құралына ие десек қателеспейміз. Сәйкесінше, мұндай материалдардың көбеюі адамдардың арасындағы даулы мәселелер мен сот үрдісінде дыбыстық және бейне материалдарды айғақ ретінде қолданы­луын жиілеткенін атап өткен жөн. Сол се­бепті, күннен-күнге сот сараптамаға келетін бейне және аудио материалдар көбейді. Жалпы, сот-сараптамалық фонографиялық зерттеу (дауысты және дыбысталған сөздерді спектральді зерттеу) Астана қаласы бойынша инс­титутта 1998 жылдан бастап жұмыс істей бастады. Фонографиялық сараптама секторының жетекшісі А.Бек­­мағамбетова сот-сараптамалық фоно­графиялық зерттеудің Астана қа­ласында ашылуына үлесін қоса отырып, дыбыстық зерттеудің Астанадағы негізін қалаушылардың бірі болды. Алғаш фоноскопиялық зерттеу саласы сот жүйесінің халыққа ашықтығы мен қол жетімділігін жаңа қырынан көрсетті. Өйткені мұндай зерттеу 1997 жылға дейін Ішкі істер министрлігінде ғана жүргізілген еді.

Заман талабымен өзектілігі арт­қан келесі бір зерттеудің түрі сот-дінтанушылық бағыт. Бұл зерттеудің өзектенуіне еліміздегі діни ахуалдың күрделенуі мен жаһандық діни лаң­кестік қауіптің артуы себеп болды. 2000-жылдардан бастап әртүрлі кері бағыттағы діни ұйымдардың қазақ­стандағы қоғамға келтіретін заңға қай­шы іс-қимылы сот-сараптамасы­ның әдістемелік дамуына алып келді. Сол себепті Әділет министрінің 2015 жылғы 26 қаңтардағы №52 бұйры­ғы­на сәйкес сот дінтану зерттеуін сараптаманың дербес түрі ретінде енгізу туралы шешім қабылданды. Қазіргі кезде Астана қаласы бойын­ша Сот сараптамалары институтын­да сот дінтанушылық зерттеуі жүр­гізілуде. Әрине, бұл сот сараптамасы салаларының бірегейі ғана. Алдағы уақытта заман ағымынан қалмай даму институттың басты міндеті болып қала бермек.

Біліктілікті дамыту – өзекті және сараптама өндірісінің негізгі кепілі. Сондықтан, сарапшылар әрқашан ізденіс үстінде болуға тиіс. Әсіресе  жаңа технологиямен жұмыс істейтін зерттеу салалары қосымша біліктілікті арттыруды талап етеді. Осы міндет Қазақстанның құқық қорғау жүйесін одан әрі дамыту жөніндегі шаралар туралы» Жарлығымен құқық қор­ғау жүйесін модернизациялаудың мем­лекеттік бағдарламасының «Сот-са­раптама кадрларының біліктілігін арт­тыру және оларды қайта даярлау» жоспарында қамтылды.

Адам баласы талай замандардан бері әрқашан әділдікті іздеген. Әділдікті қамтамасыз ету шыншыл сот жүйесі арқылы жүзеге асады. Ал сот жүйесін нақты ғылым саласының сапалы зерт­теуі мен айғақтарды дәйектілігі, яғни сот сарапшыларынсыз елестету мүм­кін емес. Сол себепті ерте заманнан ­бері әлемнің әр түкпірінде білімді адам­нан айғақ заттарды зерттеп қарау дәс­түрі қалыптасып келді. Сарапшылық ­технология мен жалпы ғылымның ­дамуымен қатар сарапшылық дәстүр де алға жылжып отырады.

 

Анар ҒАБДУЛЛИНА,

Астана қалалық Сот сараптамалары институтының жетекші сарапшысы