Медицина • 09 Қазан, 2022

Қан неге ұйиды?

559 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қарап отырсақ, аты алғашқыда аса қорқынышты болып естілмейтін кеселдер бар. Өкінішке қарай, жүре келе, яки аяқастынан ажал құштыратын да осы жасырын дерттер. Мәселен, обыр мен ЖИТС, немесе түрлі апаттарға қарағанда, жүре келе қанның ұюынан өмірімен қоштасатын адамдар көп. Нақты деректерге сүйенсек, тромбоэмболияның 25%-ы қайғы әкеледі. «Тромбоэмболия» деп отырғанымыз – аурудың аты емес, түбі инфаркт, инсульт сияқты ажал құштыратын қауіпті кеселдерді шақыратын ағзадағы ауытқу, қан тамырындағы кінәрат. Қан неліктен ұйиды?

Қан неге ұйиды?

Әдетте, қан тамырларына зақым келгенде қан жоғалтуынан қорғану үшін ағза тромбтар түзеді. Бірақ қанның қоюлануына құрамының өзгеруі, ұйығыштықтың жоғарылауы, су, дәрумен, минералдардың жетіспеушілігі, жасушалар мен тіндердің қышқылдануы, көкбауыр жұмысының бұзылуы, созылмалы күйзеліс сияқты түрлі жағдай әсер етуі мүмкін. Бұл ті­зімге қарасақ, тромб түзілуіне дұрыс емес өмір сал­ты мен дұрыс тамақтанбау тікелей әсер ете­тінін түсінеміз. Сонымен қатар тромб түзі­луіне сәулелену мен көп қан жоғалту ықпал етеді.

Мамандардың нақты мәліметтеріне сүйен­сек, әлемде тромбоздан әр қырық секунд са­йын бір адам өледі. Бұл ауру жүрек-қантамыр аурулары бойынша өлім-жітімге душар ететін себептердің басында, үшінші орында тұр. Қазақ­станда 40-60 жас аралығындағылар арасындағы көктамырлық тромбоздың асқынуы 1 мың адамға 5 оқиғадан келеді. Жыл сайын елімізде тромбоздың түрлері бойынша 5 мыңнан аса пациент дәрігерге жүгінеді. Және ең бір кереғар жағдай, операциялар, тамырлық катетерлер қою сияқты іс жүзіндегі барлық инвазивті медициналық араласулар көктамыр тромбозын өршітуге себепші екен. Сондықтан науқастың бір жерін емдеймін деп, екінші жағын дертке душар етіп алмау үшін қауіпті жағдаймен санасып, дер кезінде алдын алу аса маңызды.

Бұл мәліметтермен Алматыдағы Прези­денттің Іс басқармасы медициналық орталы­ғының Орталық клиникалық ауруханасында алдағы уақытта өтетін «Ішкі аурулар клиникасындағы тромбоздар» І ұлттық конференциясы қарсаңында Тромбоздар мен гемостаз жөніндегі қазақ қоғамының төрағасы Ахметжан Сүгірәлиев бөлісіп отыр. Бұл аурухана әзірге тромбоздарға шалдықтырмау мен алдын алу­дың барлық халықаралық ұсыныстары енгізіл­ген жалғыз аурухана. Ахметжан Сүгірәлиев – тромбоздар туралы егжей-тегжей білетін аса тәжірибелі маман. Дәстүрлі ем жүргізген кезде қиындық туындаған, яки нәтижесі болмаған сырқаты күрделі науқастар осы дәрігерге жиі жүгінеді. Профессордың өмірлік тәжірибесінде тромбозы бар әйелдерге өз дәрігері жүктілікті тоқтату, яғни баланы алдырып тастауды ұсынған жағдайлар жиі кездеседі. Өйткені тромбоз аяғы ауыр әйелдердің өміріне өте қауіпті. Алайда мұндай жағдайда профессор емдеу ісін бірден өз қолына алып, нәтижесінде дертін асқындыр­май, дені сау балалар өмірге келіп, анасы да аман қалып жатады. Осының бір мысалы, соңғы келген пациентінің біріне жүктілікті қадағалай­тын өз дәрігері тіпті, жатырын алып тастау туралы ұсыныс білдірген. Осы ретте әйелдің өмірін де, ең қымбат аналық ағзасын да сақтап қана қоймай, дүниеге егіз баланың келуіне септескен профессорға бірнеше сауал жолдаған едік.

– Тромбоздың 80%-ға дейіні ешқандай ауру белгілерінсіз өтетіндіктен, науқастардың көбі дерлік дәрігердің алдына кеселі әбден асқынып, дерті өршіген кезде, өте кеш келеді. Бұл кезде науқастардың терісінің түсі өзгеріп, көктамырларының түйіршіктенгені айқын, білеуленіп көрініп тұрады. Сондықтан маман оның салдарын бағалап, қайғылы оқиғаны болдырмаудың амалын дұрыс таңдай білуі маңызды. Өйткені пациенттер тромбоздың қаншалықты қауіпті екені туралы толық біле бермейді. Тромбоз бен гемостаз жөніндегі ха­лық­аралық қоғам алға тартып отырған сандарға назар аударсақ, өкпе артериясы тромбоэмболиясы мен аяқтың терең тамырларының тромбозы туралы ересектердің жартысы да естімеген. Көпшілігі тіпті тромбоздан құтылуға бола­ты­ны туралы білмейді.

– Ал коронавирус инфекциясының тром­боздың өршуіне әсері бар ма?

– Коронавирус індеті кезінде тромбоздың қаупі бірнеше есе өсті. Адамдар қорыққанынан қанды сұйылтатын дәрі-дәрмектер қабылдап, соның кесірінен қан кетуіне себепкер болды. Кейбір пациенттерді, әсіресе жастарды, дәрі рационымен емдеуге келмейді. Мұндай жағдайларда оның басқа себебін табу үшін тексеру және ерекше ем қажет болады. Алдағы күндері өтетін конференцияда ахуалы аса ауыр немесе ауыр емес пациенттерге амбулаторлық жағдайда антикоагулянттарды қабылдау бойынша жаңа ұсыныстар берілмек. Бізге ковидті емдеу бойынша да өзгерістер енгізуге тура келеді. Себебі ем-дом жүргізудің алғашқы хаттамалары жасалған кезде зерттеулер әлі жүргізілмеген еді. Бұл хаттамалар сарапшылардың пікірлеріне сүйеніп жасалды әрі тиімді болды, бірақ түзетуді қажет етеді. Айтқандай, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы біздің хаттамамызды ковидпен ауыратын науқастарды емдеу жөніндегі ең жақсы хаттамалардың бірі ретінде өзінің сайтына қойды.

– Тромбозға шалдықпаудың немесе құты­лудың жолын көрсететін ұсыныстар бар ма?

– Әрине, өзара айырмашылығы бар ар­те­риялық және көктамырлық тромбоздарға душар болмаудың халықаралық ұсыныстары бар. Дәрі-дәрмексіз жолмен емделуге байла­ныс­ты ұсыныстар тізімінде белсенді өмір салтын ұстану мен алкогольдік ішімдіктерді шектеу ма­ңыз­ды. Бұдан басқа, денені қатты қысатын киім ­кимеу, дене салмағын реттеп отыру сияқты ұсы­ныстар да бар. Ұшақпен ұшқан кезде көбі­рек қозғалуға, сұйық сусындар ішуге тырысыңыз. Егер сізге ота жасату қажет болса, стационарларда операция алдында дәрігерден тромбоз пайда болу қаупінің деңгейін бағалауын сұраңыз. Мысалы, біздің ауруханада қауіпті бағалаудың халықаралық жүйесі енгізілген. Пациент келіп түскен кезде оны дәрігер тексереді және оны емдеуде ескереді. Жалпы, дәрілерді қолдануда абай болыңыздар, ол да қауіп факторларының қатарына жатады. Коронавирус індеті кезінде вирус жұқтырғандардың көпшілігі антикоагулянттар ішті, содан қанды тоқтата алмады. Денеге медициналық тесулерді, ине салғызуды барынша аз жасатуға тырысыңыз, олар да тромбоздың пайда болуына себепші бола алады.

 

АЛМАТЫ