Қоғам • 09 Қазан, 2022

Отбасы ойраны ойлантады

370 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Коронавирус пандемиясының салдары әлем елдерін эконо­ми­калық жағынан әжептәуір тұйыққа тірегені белгілі. Содан болар, оқшаулау шараларынан кейін әлеуметтік мәселелер, соның ішінде тұрмыстық зор­лық-зомбылық фактілері қоғам назарынан тыс қалғандай. Мә­селен, кейінгі жылдары Жам­был облысындағы дағ­да­рыс орталығына зорлық-зом­бы­лық­тан араша іздеп бара­тын аналар күрт көбейген. Өкі­ніш­тісі, ерімен араздасып ат құй­ры­ғын кесіскен арулардың дені – көпбалалы аналар.

Отбасы ойраны ойлантады

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Қысым көрсеткендер жазадан құтылмайды

Елімізде тұрмыстық зорлық-зом­бы­лықтың құрбаны болған ана­лар­ға әле­уметтік көмек көрсететін орта­лық­тың барын екінің бірі білмейді. Білмеген соң жылдар бойы ерінің ессіз әрекетіне көніп, төзімі таусылған келіншектер келеңсіз оқиғаға ұрынып жатады. Орталықтың қызметі туралы шалыс естігендер үйден қашқан ананың әрекетін қоғамға жат пиғыл санайды. Біреудің қайғысына таныс-білістігі жоқ бәзбіреудің жаны ашушы ма еді? Әйтпесе, қазақ қоғамы әуелден қызды қырық үйден тыйып, қызын төрге шығарды емес пе? Мейлі, нарық заманы делік, алайда бауыр еті баласының әкеден жырақта өскенін қалайтын кім бар дейсің? Дағдарыс орталығындағы аналардың тағдыры әрқилы.

Отбасындағы жанжалдың ушы­ғуы­­на көбіне ішкілікке салынған және әйелін сыйламайтын ер азаматтар түрт­кі болады. Бұл қатарда құмар ойын­ның құрығынан шыға алмай, ашу-ызасын әйелінен алуға арланбайтындар бар. Соған қарамастан әйелге қолдан келгенше көмек көр­се­тетін мекеме мамандары ерлі-за­йып­тыларды табыстыру жолын із­дейді. Ал әйеліне әмірін жүргізуге намыстанбайтындарға заң жүзінде қатаң шешім қабылдау жайын қоғам белсенділері бұған дейін де сан мәрте қаузаған. Осы жайтқа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та назар аударып, «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауында тұрмыстық зорлық-зомбылық дерегіне қатысты заңның қатаңдатылатынын атап өтті.

Мемлекет басшысы тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілерін анық­тау­да кедергілер кездесетінін айтып, полиция қызметкерлерін осындай дауларда мұқият жұмыс істеуге шақырып отыр. Қалай десек те заң баршаға ортақ, тұлғаның құқығы мен бостандығын шектеуге ешкімнің хақысы жоқ.

Дағдарыс орталығының директоры Жамал Қалыбекова әйеліне қол көтеруден тайынбайтын азаматтарға қатысты Заңның күшейтілгені дер кезінде қабылданған шешім болғанын айтады.

– Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заңды қатаңдатқан дұрыс деп ойлаймын. Өйткені орталық ашылған сәттен-ақ бізден көмек сұ­ра­ған аналардың ахуалын мұқият зерделеп, көріп-біліп отырмыз. Осы уақытқа дейін әйеліне қол көтерген ер-азаматтар ары асса 10 күн жазасын өтейтін. Бірақ қателігін түсініп, үйіне барған соң әйелінен кешірім сұрап, тәубеге келетін ерлер некен-саяқ. Көбі «көресіні үйге келгенде көрсетемін» деп жұдырығын түйіп отырады. Әйел тағдырын ойрандағандар кем дегенде бір ай жазасын өтесе, бәлкім, кінәсын мойындап, сабасына түсер ме еді? Сол аралықта ерлермен психологтер сөйлесіп, кеңес берсе, оның өзі үлкен олжа, – дейді Жамал Дүйсенбайқызы.

Орталықта орын тапшы

Тараз қаласындағы дағдарыс ор­та­лығы қаланың шеткі аумағында ор­налас­қан. Өйткені түн ортасында жарының қайда кеткенін зәбірлену­ші­нің күйеуі мен туыстары білмегені дұрыс. Ана мен баланың қауіпсіздігі үшін мекеменің қабырғасы биік қа­ла­нып, бейнебақылау камералары қойылған. Мекемеде қызмет алу­шы­ның еркін жүріп-тұруына, бос уа­қытында бала тәрбиесімен айналысуына қолайлы жағдай жасалған. Орталықтың ережесінен бастап, ас мәзірі, арнайы кабинеттер мен басқа қажеттіліктер Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің бұйры­ғымен бекітілген стандарттарға сай болуы қажет. Зорлық-зомбылық құр­баны болған нәзік жандыларға алты ай бойы әлеуметтік-тұрмыстық, ме­ди­­циналық, психологиялық, педа­го­гикалық, еңбек, мәдени, эконо­микалық және құқықтық көмек көр­се­телетіні де осы құжатта бекі­тілген.

Облыстық жұмыспен қамтуды үй­лес­тіру және әлеуметтік бағдар­ла­малар басқармасының жанынан құрылған орталықтың ашылғанына – 8 жыл. Осы аралықта мекеме мамандары 1 040 адамға әлеуметтік қызмет көрсеткен (325 әйел, 715 бала). Оның ішінде 143 әйел және 314 бала орталық қызметкерлерінің арқасында отбасымен қайта қауышып, тату-тәтті өмір кешуде. Қазір 27 қызмет алушыға шақталған орталықта орын тапшы. Мұндайда мекеме басшылығы түн ішінде көмек сұрап келген нә­зік жандыларды қабылдап, кейін Шымкент қаласындағы 50 орындық орталыққа жіберуге мәжбүр. Бірақ бұл ұсынысты көп ана құптамайды. Өйткені кесімінен айнымаған аналар күйеуімен ажырасуды көздесе, сот процесі өткенше екі қаланың ара­сында сенделуге мәжбүр. Ал кү­йеуінен зәбір көрген ананың қал­та­сына әлдебіреу ақша салып, арқа­сы­нан қағып шығарып салмайтыны тү­сінікті. Сол үшін де мамандар кей­де үйіне қайтуды жоспарлаған ке­­лін­шектердің отбасымен кеңесіп, амал­сыз ертерек шығарудың қамына кіріседі.

Орталық директорының айтуынша, 2017 жылы Шу ауданынан кеңес беру кабинеті ашылған. Кейін осы тәжірибенің тиімділігі байқалғанда Меркі, Сарысу, Жуалы ауданында қосымша кеңес беретін кабинет қарас­ты­рылған. Әзірге аудандағы мамандар тек психологиялық көмек көр­сетеді. Егер жәбірленушінің жағда­йы тым күрделі болса, мамандар оны Тараз қаласындағы орталыққа жолдайды. Көп жағдайда кеңес беру кабинетіндегілер істі аудандық полиция қызметкерлерімен ақылдасып тын­дыруға күш салады. Соған қара­мастан бірер күнде қалаға жақын ауданның бірінен 7 баласы бар ана келіпті. Бірақ орталық тәртібі бойынша медициналық тексеруден өткенше оқшау бөлмеге орналасқан анамен жүздесу мүмкін болмады. Мекеменің кеңес беру кабинеті Тараз қаласының орталығында да бар. Онда төрт психолог пен заңгер тәулік бойы жұмыс істейді. Мамандар шұғыл түскен қоңырауды қабылдап, күйеуінен қысым көрген нәзік жандыларға байланыс арқылы қолдан келгенше көмек көр­сетеді. Әйелдерді қабылдауына ша­қырып, психологиялық тұрғыда шың­дайды. Отбасылық жағдайды ушық­тырып алмауды ойлап, арадағы мәселені бір кабинеттен-ақ ақылға салып шешетін ерлі-зайыптылар болса қанекей? Алай­да қазірдің өзінде психологке ба­рып, кеңес алуға арланатындар көп. Қала берді, кеңес беру кабинеті жайында естімегендер басым. Отбасылық жанжал туғанда қос тарап дүрлікпей, мамандардың ықпалымен татуласып жатса, ажы­рас­қан отбасылардың саны азаяр ма еді? Өкінішке қарай, әзірге мұны елеп-ескеріп, кеңес беру каби­нет­терін жан­дандырып жатқан ешкім жоқ. Бұл да болса орталық­тағы орын тап­шы­лығына белгілі бір деңгейде кері әсер етуде.

Бала тәрбиесіне ата-ана жауапты

Дағдарыс орталығындағы мамандар үйдегі дау-жанжал бала психикасына әсер ететінін айтады. Мысалы, орталықтағы көпбалалы ананың 10 жа­сар баласы әкесінен көргенін бала­лар­ға көрсетіп, қатарластарын күшпен тыңдатқысы келеді.

– Бір күні он жасар бала ұлдарды ұрып, қыздарға тиісуді шығарды. Бала­мен сөйлесіп шаршаған психологтер болған жайды бүге-шігесіне дейін айтып берді. Содан баламен әңгімелескенде ол өзгеге өктемдік танытып қана сыйлатуға болады деген оймен жетіліп жатқанын білдім. Демек бала әкесінің озбырлығын дұрыс көреді. Біздің орталықтағы аналарға «Балаға жақын болыңдар, тәрбиесіне көбірек көңіл бөліңдер», деп шырылдайтынымыз содан. Ма­ман­дардың кеңесін түйсініп, бала тәрбесіне басымдық беретіндер де бар. Бірақ аналардың көбі тәрбиеге селқос қарайды. Жуырда осындағы бір ана үш баласын орталық маңындағы мектепке апарды. Кейін ол жұмысқа шыққысы келетінін айтқанда, біз жар­тыкүндік жұмысқа орналасуды ұсын­дық. Алайда ана барлық шаруаны мектеп пен орталық қызметкерлеріне артып қойғысы келеді. Әрине бізде тәрбиеші, психолог, мұғалім де бар. Бірақ ана шапағатын көрмеген ба­ла­ның болашағы қалай болмақ? Біз осындай жайтты аналарға қанша айтсақ та, түсіндіре алмаймыз. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген. Баланы дүниеге әкелген соң оған әуелі ата-ана үлгі көрсетуге тиіс. Меніңше, ересектер баланың керек-жарағын алып берсе іс бітті деген ойдан ада болу керек. Бала тәрбиесіне ата-ана жауапты. Әсіресе бүгінгі балалар ширақ әрі белсенді. Смартфонға үңіліп, телеарна­дан «Ма­­ша и медведь» деген сериал кө­­ріп өскен балалар Машаның іс-әре­­ке­тін дұрыс көреді. Ондағы бас ке­йіп­­кердің қолды-аяққа тұрмайтын тыным­сыздығын қазіргі балалардан көре­міз. Қазақтың тәрбиелік мәні зор мультфильмдері қайда? Баланың еркелігі жайында мұғалім шағым айтса, ата-аналар баласының ығына жығылып, мұғалімді кінәлап жатады. Қазір әр мектепте психолог бар, жас отбасылар солардың кеңесіне құлақ асса дейсің. Отбасылық психологке баратындар аз. Салдарынан үйлі болған соң барлық жауапкершілікті әйелге артатындар көбейді. Мәселен, балаға төленетін жәрдемақыны қал­та­ға басып, соған ішімдік сатып ала­тын ерлер туралы жиі естиміз. Бала­ның аузы­нан жырып алған ақша­ны ұсататын ерлер баласын, әйелін ойлайды деп айту қиын, – дейді мекеме директоры Ж.Қалыбекова.

Осы ретте білікті психолог Айгүл Тұрсынбайқызын сөзге тартып, пікі­рін білдік.

– Пандемия кезінде жеке қабыл­да­уыма келетін ерлі-зайып­тылар күрт көбейді. Оқшаулау шараларынан кейін ағайын-туыс емен-жарқын араласып, біріне бірі ерекше құрмет көрсете бас­таса, кейбір отбасыларда керісінше, ұрыс-керіс көбейіп, тұрмыстық зор­лық-зомбылық фактісі жиіледі. Қазақ отбасыларында ер-азамат тұр­мыс­тың қамымен жиі түзде жүрсе, індет тараған тұста үйде отыруға мәжбүр болды. Осы ретте ескеретін жайт, ер­­лер физикалық тұрғыда мығым бол­­ғанымен, психологиялық жағы­нан әйелдерге қарағанда әлсіз болып келеді. Кейбір азаматтардың ішім­­дікке әуес болып, құмар ойын­да­рының арбауынан шыға алмай қалатыны содан. Тіпті нашақорлыққа салынудың өзі әлсіздіктен. Қоғамда экономикалық мәселелер де ерлерді қатты алаңдатады. Зорлық-зомбы­лық­­тың негізгі себептері осыдан шы­­­ғады. Кейде ерлі-зайыптылар ара­­­сын­дағы опасыздықтан кикіл­жің туып жатады. Осы қатарға жоспар­лан­баған жүктіліктің салдарынан некелескендерді қоссақ болады. Яғни ажырасуға бірнеше фактор итер­ме­­лейді. Ең қиыны, ата-анасының қасында еркелеп өскен бала мен толық емес отбасыдан шыққан баланың арасында айырмашылық болады. Өйткені «бала ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі». Ата-ананың ажырасуы – бала үшін үлкен трагедия. Тіпті екі жасар баланың психикасына да үйдегі жағдай белгілі бір деңгейде әсер етеді. Сондықтан кез келген жас отбасын құрарда осы мәселелерді ескеруі қа­жет, – дейді психолог.

Қарап отырсақ, отбасы ойраны жылы жауып қоя­тын шаруа емес. Сондықтан жастар отба­сылық мәсе­ле­нің де көлеңкелі тұстары барын қаперге алғаны дұрыс. Болашағымыз баянды болсын десек, бала тағдырына жүрдім-бардым қарауға болмас. Әри­не, Балалар жылы қарсаңында Үкі­мет ел болашағына серпін бо­лар­лық бағдарламаларды іске асыруда. Осындайда ажырасудың алдын алу шараларын да мықтап ой­лас­тырса дейсің. Өйткені бала тағ­дыры ел тағдыры емес пе?!

 

Сәндібек ПІРЕНОВ,

журналист

 

Жамбыл облысы