Әйгілі хореографияны астаналық театр сахнасына көшірген – Ресей Үлкен театрының солисі Тимофей Лавренюк. Х мерейтойлық маусымдағы алғашқы премьера бас дирижер Арман Оразғалиевтің жетекшілігіндегі симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен өтеді.
Айтулы туынды ХХ ғасырдағы балет өнерінің қайталанбас үлгісі саналады. Жарқын, қарама-қайшылыққа толы музыка, Майя Плисецкаяға арнап қойылған хореографиялық концепция – мұның барлығы қойылымның құндылығын арттырары сөзсіз. Әйгілі балерина Кармен рөлін сомдауды сахнаға алғаш аяқ басқан кезден армандаған екен.
– Бұл балеттің сахналық ғұмыры өте ауыр еді. Кеңестік өнер үшін ол нағыз сын болды. Еркіндікті ту еткен, сезімі албырт Карменнің хикаясы талай балетмейстердің шабытына қанат бітіріп, ал ең мықты балериналар осы партияны орындауға құштар болды. Осы күні бұл балетті дүние жүзінде қояды. Әр қойылым сайын оның жаңа тынысы ашылып, жаңа қырынан көрінеді. Бұл – нағыз шедевр. Карменнің бейнесі – ынтық сезім, әйел затының көз тартар сұлулығы мен асыл болмысын суреттейді. Сонысымен де қойылым көрерменін бейжай қалдырмайды, – деді театрдың көркемдік жетекшісі Нұрлан Канетов.
Опера тақырыбына музыкалық транскрипция жасаған композитор – Родион Щедрин. Ол ерекше ынтызарлықпен жұмыс істеп, әйгілі опера мен Проспер Мерименің новелласындағы психологиялық астарлы ойды музыка тілімен өрнектей білді. Ал кубалық балетмейстер Альберто Алонсоның жарқын әрі бірегей хореографиясының арқасында кейіпкерлердің сезімі мен арман мұраты барынша нанымды суреттелгені соншалық, «Кармен-сюита» би өнеріне құштар жандардың сүйікті балетіне айналып, танымал театр сахналарынан тиісті орнын алды.
Жорж Бизенің көпшілікке танымал опера жауһары «Кармен» 1875 жылы жарыққа шықты. Сол кезден бері испан сығанының бейнесі француз композиторының музыкасымен байланыстырылады. «Кармен-сюита» балетінің әлемдік премьерасы 1967 жылдың 20 сәуірінде Үлкен театр сахнасында өтті. Балеттегі басты тақырып ретінде – сыған қызы Кармен және оған ғашық болған сарбаз Хозенің қайғылы тағдыры алынған.
Айтулы туындының музыкасын балет өнерінен алыс жандар да жақсы біледі. Испан фольклорының әуенімен өрілген музыка симфониялық концерттерде де жиі орындалады. Демек сыған қызының тағдыры арқау болған бұл қойылымының да көрерменін қуантары сөзсіз.