Саясат • 10 Қазан, 2022

Мемлекет игілігін еселеген

395 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Биылғы барыс жылы әлем үшін ғана емес, еліміз үшін де оңай болған жоқ. Қазір де жан-жағымыз тыныш емес, әлемдік геосаяси ахуал тым күрделеніп барады. Осындай қиын-қыстау кезеңде етек-жеңімізді жинап, мұқият болуымызды уақыттың өзі талап етіп отыр.

Мемлекет игілігін еселеген

Қаралы қаңтар оқиғасы бізге тәуел­сіздік деген асыл құнды­лық­ты ғана емес, бірлік пен бей­­біт­шіліктің қадірін де жете түсін­дірді. Сол оқиғадан кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көтерген «Жаңа Қазақстан» идея­сы ауқымды реформалар мен оң өзгерістерге бағыт берді. Хал­қы­мыз жалпыұлттық референдумда саяси жаңғыру бағдарын қолдап, Конституциялық реформа Жаңа, Әділетті Қазақстанды құру жолындағы жаңаша қадамға жол салды. Осы саяси жаңғыру эконо­микалық өзгерістерге жалғасты. Біз оны Қазақстан Президентінің хал­қымызға арнаған «Әділетті мем­лекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қо­ғам» атты Жолдауынан анық кө­ріп отырмыз. Құжат жария­ла­нғаннан бері жұртшылық талқы­сына түсіп, кең қолдау тапты. Мем­­лекет басшысы бұған дейінгі Жол­­дауын­да саяси реформаға мән бе­р­­се, осы жолы әлеуметтік-эконо­ми­­ка­лық дамуға баса назар аударды.

Президент өз сөзінде: «Біз «Азамат-бизнес-мемлекет» ара­сын­дағы қатынасты түбегейлі өзгер­теміз. Мемлекет, ең алдымен, бәріне бірдей мүмкіндік бе­ріп, әділдік орнатады» дей оты­рып, осы бағытта нақты жүзеге аса­­тын рефор­малардың бес бағ­дарын ұсынды.

Біздің экономикамызда жылдап қордаланып қалған проблемалар баршылық. Еліміздің әлі күнге дейін шикізатқа тәуелділігі мен еңбек өнімділігінің төмендігі және инновацияның жеткіліксіз екендігі ешкімге жасырын емес. Сонымен бірге Ұлттық табыс­тың игілігін елдің бәрі бірдей көру үшін нақты жолдарын қарас­тыру керек. Осы бағытта Пре­зидент макро­экономикалық тұрақ­тылық­ты қамт­амасыз ету, экономиканы әрта­раптандыру және цифрландыру туралы нақты айтты. Осыдан-ақ шағын және орта бизнес пен адам капиталын дамыту, заң үстемдігін орнықтыру кезек күттірмейтін уақыт талабы екенін түсіндік.

Мысалы, әлемдегі өрке­ниет жолына түскен елдердің экономикасында шағын және орта бизнес жоғары деңгейде дамыған. Біз де осындай деңгейге жету үшін осы салаға айрықша қолдау қажет. Сонымен қатар маңызды құжатта жаңа экономикалық бағ­дарымыздың басты басымдық­тары ретінде жеке кәсіпкерлік бастамаларды ынталандыру, яғни мемлекеттік капитализмнен және мемлекеттің экономикаға шек­тен тыс араласуынан бас тарту, бәсекелестікті дамыту, яғни бәріне бірдей мүмкіндік беру, сондай-ақ, ұлттық табысты әділ бөлу туралы жан-жақты сараптал­ған. Бір жағынан, эконо­ми­каның тұрақты өсуі салық саясатына тікелей байланысты. Мемлекет басшысы фис­калды реттеу ісін қайта жаңғырту үшін 2023 жылы жаңа Салық кодексі әзірленіп, жұмыс барысында бетпе-бет кездесу мүлдем болмайтындай етіп, салықтық бақылау қызметін то­лық цифрландыру керектігі  айтылды. Қасым-Жомарт Кемелұлы салық реформасы туралы айта келіп, соның аясында «сән-салта­натқа салық» салуды енгізу туралы сөз қозғады.

Жолдаудағы екінші: нақты секторларды дамыту бағдарында ауыл шаруашылығы саласы­на арнайы тоқталған. Шын мә­нісінде, қазір елімізде бұл саланы айтарлықтай дамыту үлкен проб­лемаға айналып отырға­ны рас. Өйткені осы саладағы

ахуал мем­­лекетіміздің азық-тү­лік қауіп­­сіздігіне тікелей әсер ете­ді. Сон­дықтан Мемлекет басшысы елі­міздің ауыл шаруашылы­ғы өнім­дерінің көлемі мен оның қосымша құнын арттыру стратегиялық міндетіміз екен­дігін мәлімдеді. Сонымен бірге үкімет агроөнеркәсіп саласын субси­диялаудың ұзақ мерзімге арналған жаңа тәсілдерін әзірлеуге тиіс және оған бөлінген бюджет қара­жаты­ның қайтарымы болуы керек екенін жеткізді. Енді мемлекет қаржыны оңды-солды шашып, ысырап етуге жол бермейді.

Қазір ауыл шаруашылығы­на арналған жер туралы толық­қан­ды ақпарат жоқ. Осы ретте Қасым-Жомарт Кемелұлы игерілмей жатқан жерді қайтарып алу жөніндегі комиссияның қызме­тіне жеке тоқталып: «Комис­сия жұ­мы­сының аясында ауыл шаруа­­шылығы мақсатындағы 2,9 мил­лион гектар жер мемлекетке қай­тарылды. Жылдың соңына дейін кемінде 5 миллион гектар жер­ді қайтарып алу жоспарланып отыр. Игерілмей жатқан немесе заңсыз берілген жер көлемі 10 мил­лион гектарға жуықтайды. Үкі­мет пен әкімдіктер келесі жыл­дың соңына дейін осы жерлерге қатыс­ты нақты шешім қабылдауға тиіс. Қазір жер мәселесін тексеруге жария­ланған мораторий де күшін жойды. Бұл қадам жұмысқа оң ықпа­лын тигізеді деп ойлаймын» деді.

Еліміздің басты құндылығы – адам. Сондықтан Жолдауда ұлттық байлықты тең бөлу және баршаға бірдей мүмкіндік беру – реформаның басты мақсаты болып отыр. Ұлт саулығы жақсы болса ғана қоғам орнықты дами­тындығы даусыз. Тәуелсіздік алған­нан бері еліміздің денсаулық сақтау саласына біраз реформа жүргізілді. Оның жетістігі де, кемшілігі де болғаны жасы­рын емес. Сонда да осы саланың жағдайы әлі де көңіл көншіт­пей­ді. Мемлекет басшысы осы Жолдауда денсаулық сақтау саласына айрықша маңыз беріп, оған қаржының жеткілікті бөлінбеуі қалыпты жағдайға айналғана назар аударды. Соның кесірінен, жұрт сақтандыру жүйесіне қосылса да, медициналық қызмет толық көлемде көрсетілмей отыр­ғандығы айтылды. «Үкімет­ке денсаулық сақтау саласын және жалпы әлеуметтік саланы қаржыландыру жүйесін қайта қарауды тапсырамын. Бүгінде еліміздегі 650 елді мекенде емдеу мекемесі жоқ. Алдағы екі жылда бұл ауылдарда медициналық және фельдшерлік-акушерлік бөлімшелер салынып, қажетті құрал-жабдықпен толық қамта­масыз етіледі. Осылайша, мемлекет бір миллионнан астам адам­ның алғашқы медициналық-санитар­лық көмек алуына мүмкіндік жасайды. Ұлттық жоба аясында 32 аудандық аурухана заманға сай жаңарып, ауданаралық көпсалалы мекемеге айналады» деді.

Сондай-ақ орта білімнің сапасын көтеріп, әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына барлық жағдай жасалады. Осы арқылы апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесі толық шешіледі. Халықтың әл-ауқатын көтерудің басты факторы – еңбекақыны нарықтық жағдайға сай өсіру. Осы бағытта мемлекет ең төменгі жалақыны айқындаудың жаңа тәсілін еңгізетін болды. Президент осы Жолдауында ең төменгі жалақы деңгейін 60 мың теңгеден 70 мың теңгеге көтеруге шешім қабылдады. Бұл шешім 1,8 миллион азаматтың табысына тікелей әсер етеді. Зейнетақы жүйесі туралы да сөз болды. Бұған дейін қабылданған шешімдермен бірге бұл қадам 2025 жылға қарай жиынтық зейнетақы мөлшерін орташа алғанда 27 пайызға көбейтеді. Сондай-ақ әлеуметтің талап-тілегін ескере отырып, әйелдердің зейнет жасын 2028 жылға дейін 61 жас деңгейінде қалдырылды. Сонымен қатар 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап бала күтімі үшін төлемақы төлеу мерзімін сәби бір жарым жасқа толғанға дейін ұзартылды. Жастарға жан-жақты қолдау көрсету – мемлекетіміздің бас­ты міндетінің бірі. Еңбекпен қам­­титын түрлі шаралар арқы­лы келесі жылы 100 мың жас жұмысқа орналастырылады. Жастар­дың кәсіпкерлік баста­ма­­ларына қолдау көрсету жалғасады. Оларға жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі.

Құжатта әрбір отбасы еліміз пайдаланып жатқан ұлттық байлықтың игілігін көруі керек екеніне баса мән берілген. Биылғы «Балалар жылы» аясында «Ұлттық қор – балаларға» атты жаңа бағдарлама жүзеге асады.

Осы айтылған реформаларды іске асыру үшін мемлекеттік бас­қа­ру жүйесіне серпіліс қажет. Осыған орай республика бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұрт бос сөз бен жалған ұраннан жалыққандығын айтып, мем­ле­кеттік басқару ісін қайта жаңғыр­ту туралы нақты тапсырма берді. Соны­мен қатар қоғамда заң үстем­дігі берік орнау үшін сот төре­лігі әділ болу керек екенін және құ­қық қорғау органдарын реформалау тура­лы парасатты ой қозғады.

«Қасіретті қаңтар» оқиғасы тәртіп сақшылары үшін нағыз сынақ болды. Арандатушылар­дың кесірінен шерулер жап­пай тәртіпсіздікке ұласты. Оның ақыры мемлекетке қарсы бүлік шы­ғаруға әкеп соқтырды. Жұртты арандатушылардың көбі шартты немесе жеңіл жазамен құтылып кетті. Шын мәнінде, олардың кінәсі әлдеқайда ауыр. Өйткені жағдайды қасақана ушықтырды. Соның салдарынан іс насырға шауып, қайғылы оқиғалар болды» дей отырып, қаңтар оқиғасына қатысушыларға бір реттік рақымшылық жариялау туралы шешім қабылдады. Бірақ бұл рақымшылық жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыруға қатысы бар адамдарға, сондай-ақ мемлекетке опасыздық жаса­ғаны және билікті күшпен басып алуға әрекеттенгені үшін айып­тал­ғандарға қолданылмайды.

Қ.Тоқаев Жолдауда жаңа стра­тегияға барлық реформаны іске асыру үшін уақыт қажет екеніне ашып айтты. Ол реформалардың қазіргі қарқынын сақтау мен сая­си мәселелердің бәрін кейінге қалдырмай шешу маңызды екеніне тоқтала келіп, биыл кезектен тыс Президент сайлауын өткізуді ұсын­­ды. Президент мандатының ұзақ­­тығын жеті жылмен шектеп, қай­­та сайлануға тыйым салу нор­ма­­лары елдің талқысына салынып, ол қос Палатадан қолдау тапты.

Жолдау ел дамуына тың серпін беріп, жұртымызды жаңа саяси дәуірге бастап, жақсылыққа жетелейді деп сенемін.

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

 

Абдалы НҰРАЛИЕВ,

Сенат депутаты