Биыл наурыз айында Алматы қаласындағы Бас ботаникалық бағының Ботаника және фитоинтродукция институтының 90 жылдығына орай, мектеп оқушыларын ғылымға тарту үшін «Жас ғалымдар мектебі» (Young Citizen Scientist) жобасы қолға алынған болатын. Осы жобада өзін танытқысы келген балалар үшін байқау ұйымдастырылып, 14-17 жас аралығындағы 40 оқушы іріктелініп алынған еді. Бұл балалар жазғы демалыста өз бағыттарын таңдап, Ботаникалық бақ зертханаларында тәжірибеден өтіп, кәдімгі ғылыми қызметкерлердің рөлінде өздерін сынап көрудің тамаша мүмкіндігіне қол жеткізді.
Осы бастамаға ұйытқы болған Алматыдағы АҚШ Бас консулдығының БАҚ, мәдениет және білім мәселелері жөніндегі кеңісшісі Ананд Кришна бұл тәжірибе балалардың қаладағы экология және қоршаған ортаны қорғау мәселелері туралы хабардарлығын арттыруға жол ашып, ғылыммен айналысу мүмкіндігін де қамтамасыз етеді деп есептейді.
«Біздің жобамыз экологиялық дүниетанымның, экологиялық мәдениет пен жауапкершіліктің қалыптасуына ықпал етеді. Оған қоса жобаға қатысушылар арнайы білімдері мен дағдыларын іс жүзінде қолдана алады деп үміттенеміз», дейді жобаға тартылған «Шеврон» компаниясының қоғаммен байланыс жөніндегі директоры Жанар Қошпанова.
Ал тамаша бастама жайлы балалардың өзі не дейді?
Жаз бойы балалар институттың әртүрлі зертханаларының ғылыми қызметкерлері дайындаған бағдарламалармен жұмыс істеп, тұқым шаруашылығы, микология және альгология, тропикалық және субтропикалық өсімдіктер тақырыптарымен айналысты. Фитопатолог Мәдина Измайлованың жетекшілігімен фитопатология мен энтомология негіздерін, қауіпсіздік техникасы ережелерін зерттеді. Табиғаттағы экологиялық тепе-теңдікті сақтау үшін өсімдіктерді зиянкестер мен аурулардан қорғау дағдыларын пысықтады. Ботаникалық бақтағы тәжірибелік сабақтар барысында балалар ауру өсімдіктер мен зиянкестерді анықтап, материалдар жинап, гербарий материалымен жұмыс істеуді үйренді. Жәндіктердің жеке коллекцияларын жасады.
Аталған жоба аясында HelloEco компаниясы қоқысты бөліп жинау мен саналы тұтыну туралы дәрістер сериясын өткізіп, Zero Waste қоғамдық қозғалысы «нөлдік қалдықтар» тұжырымдамасымен таныстырды.
Айтқандай, жобаға арнайы қонақ ретінде АҚШ-тан балалар жазушысы және эколог-педагог Эрин Робертсон келгенін айта кету керек. Ол үш күнін Ботаникалық бақта жас ғалымдармен бірге өткізіп, қоршаған әлемді бақылау мен әдеби дағдыларды біріктіретін өзі қалыптастырған ерекше жазу әдісімен таныстырды. Эрин Робертсон «жақсы ғалым дайындау үшін біз жақсы жазушылар мен ынталы адамдарды дайындауымыз керек» деген тұжырымға сенеді.
Ал балалардың «Жас ғалымдар мектебі» жобасы туралы әсерлерінің бір парасы төмендегідей.
Ерсұлтан Тоқтамысов,
11-сынып оқушысы, Астана қаласы:
– Бағдарламаға қатысу үшін ұсынылған тақырыптардың біріне эссе жазу керек болды. Мен «Өсімдіктерді аурулар мен зиянкестерден қорғау» тақырыбын таңдадым. Себебі бұл – қазіргі әлемдегі жаһандық мәселе.
Марк Шкловский,
11-сынып оқушысы, Алматы қаласы:
– Кішкентай кезімнен басқа балалардың қорқынышын тудыратын энтомологияға, жәндіктер туралы ғылымға әуес едім. Біраз уақытқа дейін жәндіктер басқалар үшін қызықты емес шығар деп ойлап жүрдім. Осы Young Citizen Scientists туралы естіп, балалық шақтағы арманымды іске асыра алатынымды түсіндім! Бұған дейін назар аудармаған өсімдіктердің аурулары туралы көп нәрсе білдім, енді емен туралы толық мағлұматтар жазып, симптоматология арқылы оған қандай ауру әсер еткенін анықтай аламын.
Милана Калишук, оқушы:
– Мен тіл үйренуден басқа, биологияны жақсы көретінмін. Ботаника пәніне деген сүйіспеншілігімді ұстазым оятты. Бос уақытымда өсімдіктер өсірумен айналысамын, кішігірім ғылыми сынақтар жүргіземін. Қазір кез келген өсімдіктің қай жерде және қандай жағдайда жақсы өсетінін түсіну үшін шағын экожүйелер жасап жүрмін.
АЛМАТЫ