Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
XX ғасырдың 20-30 жылдарындағы білім беру тәжірибесін жаһандану кезеңімен салыстыра қарастырып, заманауи білім беру жүйесін жетілдіруде ағарту саласының сол жылдардағы жетістіктерін пайдаланудың ұтымды тұстарына Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғалымдары зерттеу жүргізіп, «ХХ ғ. 20-30 жылдардағы дәстүрлі қазақ қоғамын жаңғырту саясатындағы зайырлы білім мен ағарту жүйесі» гранттық жобасына арқау етті.
Зерттеу жұмыстарының қорытындысына орай өткен дөңгелек үстелде Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты директорының кеңесшісі, саяси ғылымдарының докторы, профессор С.Борбасов тарихшы-мамандар еңбегінің нәтижесіне тоқталды.
«Қазақстандағы Ағарту халық комиссариатының қызметі архив деректерінде» баяндамасында бас ғылыми қызметкер, тарих ғылымдарының докторы, профессор Оразгүл Мұхатова ХХ ғасырдың 20-30 жылдарында білім беруге атсалысқан ұлт зиялыларының еңбегі жайында айтып өтті. Профессор келтірген мәліметтерге сүйенсек, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы 1921 жылдың 18 қаңтарында Орынбор қаласында өткен Бүкілқазақстандық оқу-ағарту мәселелеріне арналған конференцияда мектептердің санына емес, сапасына назар аударып, қысқа мерзімде курстар ашу қажеттілігіне мән берген. Мұғалімдердің біліктілігін көтеру мақсатында Алматы, Семей, Ақмола, Орынбор, Орал, Ақтөбе, Торғайда бір жылдық семинариялардың ашылуына ықпал етті. Мұндай курсты бітіргендер ауылдық мектептерге жіберілсе, Семей қаласында ұйымдастырылған қысқа мерзімді курста 67 орыс және 90 қазақ мұғалімі дайындықтан өткен. 1920 жылдың маусым айынан бастап 4 айлық курс ашылып, онда 100 шақты мұғалім білім алған. Профессор осы орайда мұғалімдерді даярлау курсы бойынша бірқатар олқылықтың орын алғанын жеткізді. Себебі жоспарланған курстар ашылмай қалған. Оңтүстік Қазақстан облысындағы халыққа білім беру бөлімі 1937 жылдың 1 ақпанынан бастап 105 адамға 7 айлық мерзімдегі курс ашуға тиіс болған. Алайда тиісті шаралар жеткілікті жүргізілмегендіктен, жиырма күнге шегерілген. Шақырылғандар толығымен келмей, 77-сі ғана тіркелген. Мұндай жайт оңтүстік қана емес, еліміздің барлық ауданында орын алып, оған қажетті қаражаттың бөлінбеуі, болашақ мұғалімдердің әл-ауқатының төмендігі, тұрмыс жағдайлары себеп болған.
Еліміздегі Орталық мемлекеттік архив, Президент архиві, Ресей, Өзбекстан архивтері материалдарына сүйенген жоба жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты Айнагүл Қаипбаева «Қазақстандағы Ағарту халық комиссариатының қызметі архив деректерінде» тақырыбында баяндама жасады. Осы орайда ғалым «Тарихи дерек көздерін сараптай келіп, республикалық Ағарту халық комиссариатының кеңестік билік кезеңінің алғашқы ширегіндегі қазақ қоғамын жаңа үкіметтік жүйеде қайта жаңғырту жолында зайырлы білім беру, сауат ашу науқанын қарқынды іске асыру, Қазақстандағы ғылымның әлеуетін қалыптастыру, өзге де мәдени сала бойынша Ахмет Байтұрсынұлы, Смағұл Сәдуақасов, Ораз Жандосов, Темірбек Жүргенов сынды ұлт қайраткерлері жоғары кәсібилікпен басқарған ағарту комиссариаты заманына сай ағарту жұмыстарын атқарғанын дәйектейді. Әйтсе де, архив қорлары құжаттарының ауқымды бөлігі ғылыми айналымға қосылғанымен, жекелеген құжаттар әлі де болса терең зерделеуді қажет етеді» деп атап өтті. Сонымен қатар ағарту саласын ұйымдастырған халық комиссариатының атауы орыс тілінде «Народный комиссариат Просвещение» деп аталса, кеңестік кезеңге қатысты қазақ тілді еңбектерде «Халық ағарту комиссариаты» деген қате аудармамен жазылған. Сондықтан, бұл олқылық ескеріліп, зерттеулерде Ағарту халық комиссариаты деп қазақ тілінде дұрыс аталғаны абзал» деген ұсынысын білдірді.
Қазақстанның 1920-1930 жылдары жоғары оқу орындарының сандық және сапалық жағынан өсуін архив қорларындағы деректер негізінде жағымды тұстарын институттың жетекші ғылыми қызметкері, PhD Арман Мұратұлы «Қазақстандағы жоғары білім беру жүйесінің қалыптасуы» тақырыбындағы баяндамасында кеңінен сипаттап өтті.
«Дегенмен, тарихи кезеңде жоғары білім беру жүйесі, оның барлық тыныс-тіршілігі мемлекеттік-партиялық органдардың тікелей бақылауында болды. Қазақстанда жоғары білім жүйесін қалыптастырып, дамытудағы сөзсіз болған табыстармен бірге теріс тенденциялар да бой көрсетті. Бұл негізінен елімізде даярланған мамандар республикада жұмыс істеп жатқан өндіріс пен ауыл шаруашылығы, педагогика, медицина т.б. әлеуметтік салаларды қамтамасыз ету бағытында жүзеге асқан. Ал бұл кезде жаңа технологияларға негізделген салаларға, экономиканың өңдеуші бағытына мамандар даярлауға дұрыс көңіл бөлінбеген. Мұның өзі жоғары білікті мамандар даярлауда социализмнің кеңестік моделінің ұлттық республикалар жағдайында әділетсіз саясат ұстанғанын көрсетеді», деді А.Мұратұлы.
«Ұлт қайраткерлерінің оқулықтар дайындаудағы рөлі» тақырыбы аясында жаңа жүйеге сай оқулықтар жазу ісіне тоқталған Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының аға оқытушысы, PhD Ардақ Амангелдіұлы қазақ зиялыларының оқулық жазып, ғылыми қауымдастыққа танымал оқулықтарды қазақ тіліне аударып, ана тілін ғылым тіліне айналдырудағы зор еңбектерін саралады. Өкінішке қарай, ұлт қайраткерлері еңбектерінің мазмұны 1917 жылдан кейінгі саяси жағдайға байланысты өзгеріске ұшыраған. Осы орайда, Ресей федерациясының мемлекеттік архиві қорында сақталған тарихи дерек негізінде 1922 жылы баспа меңгерушісі Н.Төреқұловтың РСФСР Ағарту халық комиссариаты жанындағы ұлттық азшылық кеңесіндегі Розенге жолдаған хатындағы Ахмет Байтұрсынұлының «Оқу құралы» еңбегіне қатысты пікіріне тоқталды. Хатта А.Байтұрсынұлы оқулығының мазмұны жаңа саяси жүйенің талаптарына сай түзетілгені көрсетіліп, ең бастысы, жаңа шыққан оқулықтан діни терминдер мен ұғымдар алынып, кеңестік мектеп үшін тиімді болатынына ерекше назар аударылғаны туралы жазылған. Зерттеуші жаңа оқулыққа қойылатын талаптарда балалардың түсінігі қабылдайтындай етіп, кеңестік қоғамға тән белгілердің енгізілу керектігін айтты. Келтірілген мысалдардан байқалатыны, ұлт зиялылары жазған еңбектер большевиктердің саяси ұстанымдарына сай келмегені анық.
Аталған мәселеге орай А.Қаипбаева «Архив қорлары мен республика кітапханаларының қолжазбалар мен сирек кітаптар қорында сақталған ұлт қайраткерлерінің ұлттық құндылықтарға негізделген оқулықтарының араб қарпінде жазылуына байланысты, бүгінде көптеген оқулық авторлары бұл еңбектерді еркін оқуға қиналатындықтан, тарихи тәжірибені пайдалану мүмкіндігі шектеулі» деген ұсыныс-пікірін білдірді. Сондықтан, ұлт зиялыларының тағылымы мол құнды еңбектерін түпнұсқадан қазіргі қолданыстағы кирилл немесе транслитерация үлгісінде латын қарпінде қайта жариялап, қалың қауымға қолжетімді ету керек.
Сонымен бірге тарих ғылымдарының докторы А.Қапаева, тарих ғылымдарының кандидаты Ә.Шашаев, тағы басқа ғалымдар ұжымдық монография және архив құжаттарының жинағын даярлау барысындағы нәтижелі жұмыстарға тоқталып, еліміздегі зайырлы білім мен ағарту жүйесі тарихын зерттеуді жалғастыру туралы ұсыныстарын білдірді.
АЛМАТЫ