Форумды IAAR бас директоры Алина Жұмағұлова ашып, білім беру жүйесінің алдында тұрған жаһандық сын-қатерлерге тоқталды. Әлемде қалыптасқан жағдайға сәйкес білім беру саласындағы ынтымақтастық пен мәдени алмасудың маңызы зор әрі оған жаңа мүмкіндіктер қажет.
«Трансұлттық өзара іс-қимыл жоғары білім беру сапасын қамтамасыз ете отырып, заманауи кеңістіктегі жаңа мүмкіндіктерді, білім жетістіктерін игеруге ықпал етеді», деп атап өтті ҚазҰУ басқарма төрағасы-ректор Жансейіт Түймебаев.
Бүгінгі таңда «зерттеу университеті» – білім мен ғылымның көп тармақты мәселелерін шешуге қабілетті модель. «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ макро деңгейде білім беру және ғылыми-инновациялық қызмет нәтижелеріне қол жеткізуге бағытталған даму бағдарламасын іске асыруда. QS жаһандық рейтингінде әлемдегі ең үздік университеттер арасында 150-ші, сондай-ақ ұлттық және халықаралық рейтингтерде алдыңғы орындардан көрінуде. Оқу орнының білім беру және ғылыми әлеуетін ескере отырып, әлемдік деңгейдегі зерттеу университеті моделін құрудамыз. Бүгінде университеттік білім берудің перспективалық моделі қалыптасуда», деді ректор Ж.Түймебаев.
Жиынға қатысушылар алдында сенатор Бақытжан Жұмағұлов Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың форум қатысушыларына арнаған құттықтау хатын оқыды. «Қазақстанның ұлттық білімі қазіргі заманғы трендтерге сәйкес дамып, бәсекеге қабілетті және сыни тұрғыдан ойлайтын, еңбек нарығының қазіргі заманғы талаптарына бейімделген кәсіби құзыреттілікке ие адамдарды қалыптастыруы маңызды», делінген құттықтауда.
Бүгінде Президент тапсырмасына орай ғылым мен білім саласын дамыту басты назарда тұр. Жиында сөз алған Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек бірлесіп шешетін бірқатар міндеттерді атады. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, бірнеше білім беру моделіне назар аудару қажет. Континентальды және әлеуметтік үлгідегі білім беруде білім әлеуметтік функция ретінде, тегін, жалпыға қолжетімді болады. Ал орталықсыздандырылған, ашық модель – нарыққа икемді, бағдарламаларын нарықтың, жекелеген жұмыс берушінің талаптарына бейімдей алатынымен ерекшеленеді. Жапонияның, Оңтүстік Кореяның, Қытайдың білім беру жүйесі негізделген жұмылдырушы модельде жоғары білім беруде бірінші кезекте салалық мамандандырылған бағдарламалар міндеттеледі.
Министр атап өткендей, Қазақстанда бүгінде 120 университеттің 55 пайызы жекеменшік болса, студенттердің 60 пайыздан астамы жекеменшік оқу орындарында білім алуда. Осы орайда алда ұлттық білім жүйесіне икемді бағдардың таңдалғаны маңызды.
«Әлемдік және еліміздегі демографиялық, миграциялық ахуалды негізге ала отырып, білім алғысы келетін студенттер мен абитуриенттердің көбейгенін ескеруіміз керек», деп атап өтті министр.
Осы орайда Орталық Азия елдерінде жаңа академиялық мобильділік орталығы болу мүмкіндігінің зор екеніне тоқталып, білім берудегі цифрландыру жүйесінің тиімділігіне назар аударды. Министрдің айтуынша, қазіргі кезде академиялық инфрақұрылымдарға инвестиция салу тиімді емес. Пандемия кезінде барлық елдер үшін үлкен сабақ болған цифрландыруды қосымша оқу құралы ғана емес, негізгі қажеттілік ретінде қолданған тиімді. Сондықтан гибридті, аралас оқыту форматын өте байыпты түрде қайта қарау керектігі туындайды.
Министр сондай-ақ Қазақстан Болон процесінің бақылау тобының (BFUG) тең төрағасы екенін, елімізде BFUG өкілдігін ашу туралы декларация қабылданғанын жеткізді. «Біз Орталық Азиядағы ауқымды білім беру кеңістігін қарқынды түрде дамытамыз. Қазақстанда барлық жоғары оқу орындарының академиялық мобильділігін дамытуға мүмкіндік бар», деді өз сөзінде министр.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде 2025 жылға дейін шетелдік жетекші университеттердің бес филиалын ашу жоспарланған. Осы мақсатта Алматыда De Montfort University Kazakhstan университетінің, Атырауда И.М. Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университетінің филиалы, Алматыда «МИФИ» ҰЯЗ университетінің, Петропавлда Аризона университетінің филиалы ашылды. Келесі жылы Астанада Michigan State University педагогикалық университетін ашу жоспарда. «Әлемде орын алған жағдайларға, көші-қон визалық процестерге қарамастан, сапалы жоғары білім алуға сұраныс бар екеніне көз жеткізіп отырмыз. Білім алу үшін шетелге барғаннан гөрі өз кеңістігімізді аша отырып, ірі шетелдік жоғары оқу орындарын үлкен білім нарығына шығуға шақырамыз», деп атап өтті министр.
Форумның пленарлық отырысында Тәжікстанның VI сайланған Мәжіліс депутаты Г.Құрбонәли, Қырғыз Республикасы Білім және ғылым министрінің орынбасары Р.Абазбек, IAAR Байқау кеңесінің төрайымы Б.Әйтімова, Қазақстан Жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті Р.Алшанов, Дүниежүзілік медициналық білім беру федерациясының президенті Д.Гордон, Жоғары білім сапасын қамтамасыз ету жөніндегі Еуропалық реестр президенті К.Дитрих, Жоғары білім берудегі сапаны қамтамасыз ету жөніндегі Еуропалық қауымдастықтың директорлар кеңесінің мүшесі, Жоғары білім сапасы жөніндегі агенттік (AIKA) директоры И.Силка сөз сөйлеп, әлемдік білім, ғылым төңірегінде пікір білдірді.
Халықаралық форумға қатысушылар сандық трансформация жағдайында білім беру саласындағы үздік тәжірибелер алмасу алаңын құруға ұсыныс білдірді.
АЛМАТЫ