Әдебиет • 12 Қазан, 2022

Биғанымның перзенттері

503 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Әдебиеттің басты тақырыбы адам һәм адамның жаны дейміз. Яғни адам барда жазу да бар. Асыл өнердің ләззаты да, мехнаты да сол жазуда жатыр. Кейде жақсы жазатын қаламгердің аса танымал емес, даңқы да, дақпырты да жоқ, шағын бір шығармасы болады. Бір қарағанда, өзі анау айтқандай классикаға да жатпайды: тілі де, өрілуі де, динамикасы да бірсарынды, баяу. Бірақ осындай белгісіз ортақол әңгімелерде көркемдік айшықтар көзге ұрып тұрмаса да бір нәзік сезімдер, кішкентай адамдардың кішкентай арманы, кішкентай адамдардың кішкентай қылмысы, көбіміз мойындай қоймайтын өмірдің шындығы кездесіп жатады.

Биғанымның перзенттері

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Мәселен, Дулат Исабековтің сонау 90-жыл­дардың басында жаз­ған «Мәңгілік қағида» әңгімесі де осы санатта. Шығармадағы кейіпкер жалған мен ақиқат, жақ­сылық пен жамандық, махаббат пен ғадауат, ізгілік пен зұлымдық қатар ағатын өмір өзенінен әділетті іздейді. Жалпы, мына жарық дү­ниеде мәңгілік не бар? Ал әділет ше? Жаратушы Құдайдың бар еке­ніне имандай сенетін пенде әді­летке де сену керек емес пе? Бұл ен­ді шекспирлік сұрақ. Ал әді­лет пен әділетсіздік қай заман­да да, қай қоғамда да өзекті, мәңгі­лік тақырып. Кейде, тіпті адам тірі тұр­ғанда әділетті іздемеу, әділет­сіздікке ұрынбау мүмкін емес сияқ­ты көрінеді.

Шығармадағы кейіпкер тағды­ры әлдебір музыка сынды – оқып болғанша сыңсиды да тұрады. Мұң­ды әуен. Мына әңгімедегі тағ­дырдан теперіш көрген жадағай отбасынан да бойлауық бір музыка еседі.

«Кішігірім автопаркте диспет­чер болып істейтін анасы Биға­ным­ның ақшасы бұлардың тек «аштан өліп қалмауы» үшін ғана жететін. Оның алатын жүз жиырма сомы бесеуіне бөлгенде жиырма төрт сомнан келуші еді, яғни күнге шаққанда бір сомға да жетпейді. Ал бәріне киім керек, оқу-құрал керек, мектепке алып кететін тиын-тебен тағы қажет. Кейде ол балаларын мектепке аттандыру үшін тиын таппай қатты күйзелетін. «Құдай-ау, сендерді қайдан ғана туып едім!» деп еденге отыра қалып ебіл-де­біл жылаушы еді. Балалары үн-түн­сіз шығып кетеді. Қиындықпен, жоқ­шылықпен, қорлықпен іштей келіскен, қу тақыр кедейлікке көн­діккен үнсіздік».

Таусылған ана, ылғи аспанға қарап армандайтын бала, бір-бі­рі­нің қайғы-мұңын жұтқан бауыр, осының бәріне егілген, езілген жү­рек. Тұрмыстың қиындығы тірі жанды қалай қажытатынына таң­ға­ласың. Жоқшылықтан шарша­ған, жалыққан, іштей мүжілген, үміт сөнген, көңіл суыған, арман аласарған... Андас бұл қылмысқа жоқшылықтан барды. «Мені құдай кешіреді! Кешіреді!..» деп бауы­ры үшін өмірін құртты. Өйткені Биғанымның балаларында бауыр­малдықтан басқа ешбір сезім қал­маған еді.

Алайда Андастың көзсіз барып жасаған қылмысы жас өміріндегі үлкен әділетсіздікке алып келді. Ол ұрлаған он екі алтын қасық пен шанышқы бір мезетте себепсіз көбейіп, бір үйдің дүниесін қолды қылды десті. Алғаны көп, алмағаны аз болып, аса қауіпті қылмыскер болып шыға келді. Өзі жетім, өзі ұры жоқ-жітіктің сөзін кім тыңдасын?..

«Мен ғой сотталдым да кеттім. Қылмысым бар болса, бар шығар, оны мойындамасқа лаж жоқ. Ал үйіме ұры түсті екен деп соншама мың сомның дүниесін ол маған неге жапты? Дүниені тапқан үстіне таба түссем деп пе? Ол дүниенің бәрін неғылмақ, не үшін жимақ? Оның айтқандарын екі милиция неге жақтады, неге жалған актіге қол қойды?»

Бұл енді өмірдің беті ашық қылмыстары. Қай заманда да кінә­сізді кінәлі қылу немесе әлсізге өк­темдік таныту, жазасына жаза қосып беру, ақиқаттан аттау, өтірік соттау аса қиын шаруа емес-ті. Бү­гін­гі қоғамда да солай.

«Қасық пен шанышқыға тоқ­сан мың сом­ның мүлкін қосып тіркеп, біреудің обалын ойламаған, өзгенің өмірі қиылып, көз-жасы көл боп жатса да шімірікпей аттап өте беретін дүниеқоңыздардың қылмысы қайда қалады?»

Жазушы бұл әділетсіздіктер арқылы заман­ның шындығын бе­реді. Мәселен, дипломның жақсы өмір сүруге көмектеспейтінін көр­се­тетін кейіпкер масаңдау жігіт. Сан­дықта екі дипломы жатыр, бірақ өзі кәуап сатады. Неге?

Кейде Тәуелсіздік кезеңіндегі бұл кейіпкер­лерді соғыс уақы­тын­дағы дәл осындай, тіпті бұдан да жаман жұпыны күй кешкен кейіп­керлермен салыстырып жатамыз. Соғыс кезінде барша ауыл адамдарының жағдайы шамалас болды – бәрі аш қарынға көк алма жеп өскен ұрпақ. Екі дәуірдегі жоқ­шылықты осы фактормен ерек­шелеуіміз керек. Әрі көркем шығар­маларда жоқшылық тек әдеби фон ретін­де алынатыны болмаса, негізгі салмақ содан туатын құбылыстарға ауады.

Қарап отырсақ, бұл кейіпкерлер бізге де бөтен емес. Биғаным да, Зү­байра да, Андас та – бізбіз. Әрине, одан бері отыз жыл уақыт өтсе де, Андастар әлі арамызда жүр. Бая­ғыдай балаң емес, аңғал емес, есейген, қатайған, таныған. Өмірдің түр­лі қиылысындағы небір қулық-сұм­дықпен, қиянатпен шама-шар­қын­ша күресіп, өз шындығын жо­ғалтпай жүр. Бәлки.

Бұл – біз сүріп жатқан қоңыр тіршіліктің сүреңсіз бір шындығы. Ақиқатында, бұл – үлкен трагедия. Ең өкініштісі, бұл трагедия қазір де жалғасып жатыр. Бүгінгі «Әділетті Қазақстан» тұсында да қаншама жас жігіттер жұмыссыз, білімсіз жүр. Біреу базар жағалап, біреу мал жағалап, енді біреу авто­тұрақ жағалап жүрген замандастарды күнделікті өмірде көп көреміз. Ал жазықсыз істі болып, әділетсіз сотталып жатқан жастардың санын кім білсін. Сонымен, Андастың мәңгілік қағидасы не? Бауыр үшін жан беру ме, қол былғап, қылмысқа бару ма? Әлде түбінде бәрібір ақиқат жеңе­ді дей ме? Жалпы, шығармадағы мәңгілік қағида қайсы? Әділет пе? Әділетсіздік пе?