Қазақстан • 13 Қазан, 2022

Қасиетіңнен айналдым, Қарқаралы...

316 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

«Қарқаралы» деген сөз менің жадымда сонау бала кезімнен құлағыма сіңді. Алматы облысы Жамбыл ауданында Бұғымүйіз-Бесмойнақ деген тау баура­йында дүниеге келіппін. Көршіміз Тілеген Жақыпбаев пен Райля Исаева деген кісілер болды. Екеуі де мұғалім еді.

Қасиетіңнен айналдым, Қарқаралы...

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Тілеген аға – математик, Райля апай неміс тілінің мұғалімі. Райля апай домбыра тартып, ән айтатын. Сол кісінің «Қарқаралы басында жалғыз арша» деген әні әлі күнге жүрегімді шымырла­та­ды.

Кейін Мәдидің «Атыңнан айнала­йын, Қарқаралы» деген әні осы бір жерді көруге ынтызар етті.

Ержеттік, өстік, қызмет атқардық. Сол атақты Қарқаралыны екі рет көруге Ал­ла нәсіп етті. Екеуі де халық ақыны Ғабдиман Игенсартовтың есімімен байланысты.

Осыдан 20 жыл бұрын ұстазым, академик Рымғали Нұрғалиұлы, академик Ақселеу Сейдімбек, атақты жазушы Қойшығара Салғарин бар Қарқаралыға келдік. Ол кезде Парламент Мәжілісінің депутаты едім.

Ғабдиман Игенсартов – Қазақстанның ха­лық ақыны. Ол жолы сөз де, төр де Рекең мен Ақаңа тиді. Ара-тұра әңгі­ме­ге араласқаным болмаса, мен қонақ кәдеден аса алмадым. Ел көру, жер көру, Қарқаралының бал қымызын ұрттап, ауыз­ды қазы-қартасымен майлап дегендей, қонақ болып қайттым.

Қарқаралы десе Қарқаралы екен. Жер бетіндегі пейіш осындай-ақ болар. Қарағай, қайың ну болар, әні мен күйі шу болар, себелеп түскен ақ жаңбыр, жерге түскен нұр болар. Қимай, қызығына той­май кетіп едім.

 Желмая уақыт желіп өтті. Көзді ашып-жұмғанша 20 жыл өте шығыпты.

Қалта телефон шылдырлады. Қоңы­рау шалған журналистикадағы шәкіртім, Парламент Сенаты комитетінің төрағасы Бейбіт Исабаев екен.

Жөн сұрасқан соң: «Уәке, Қар­қа­ралыға барып қайтсақ қайтеді? Келі­ніңіз Әсияның атасы Ғабдиман Иген­сар­товтың 120 жылдығы. Біз осы шараға ша­қырып отырмыз», деді.

Елордада жиналыс болып, Бейбіт Исабаев інім Қарқаралыға өзі бара алмады.

Есіме сол 20 жыл бұрынғы сапар түсті. Енді Рекең де, Ақаң да жоқ. Әсия келініміздің қайын атасы Өксікбай аға да жоқ. Қойшекең, Қойшығара Салғарин емделіп жүр екен. Тәуекел! Алыс та болса, көңілге ыстық жерге барудың не қиындығы бар. Осылай, 10 маусым күні Қарқаралы қайдасың деп тартып отыр­дық.

Қасымда Ұлттық қауіпсіздік комите­ті­нің генералы Аманжол Жанқұлиев, экс-сенатор, белгілі қайраткер Төлебек Мұқашев бар.

Енді басқаша. Сөз салмағы маған түс­кендей. Еуразия ұлттық универ­си­те­тінің кафедра меңгерушісі Серікзат Дүйсенғазы да болды. Ол Ғабдиман Игенсартов ағамыздың шығар­ма­шы­лы­ғынан кандидаттық диссертация қорға­ған әрі Қарқаралының күйеу баласы екен.

Әрине, бірінші кезеңде Қарқаралының өткен тарихына үңілдім.

1824 жылы 24 шілдеде Ресей им­перия­сының отарлық саясатына сәйкес Сенаттың шешіміне орай, Омбы облы­сы­ның Қарқаралы ішкі округі бойынша Қар­қа­ралы қаласы құрылыпты. Оған 1822 жылғы Сібір қырғыздарының Жар­лы­ғы себеп болған.

Қала болғанымен жергілікті қазақтар шұрайлы, нулы-сулы жерлерден айырылып, босқынға айналады. Біразы Алатау-Тарбағатайға жер ауысуға мәжбүр болады. Ал біразы Торғай-Ырғызға көшеді.

«Арғын көшкен» деген сөз тарихта осылай қалған екен. Тіпті Жанақ пен  Түбек ақындар айтысқанда бұл жағдаят ресми реңк алатыны бар. Түбек ақын:

«– А, Жәке, арғын қайда,

найман қайда?

Арғын болсаң, Қарқаралы

қалаң қайда?»,

– дегені осы бір ауыр кезеңді мең­зейді.

Әрине, Қарқаралыға келіп, Құнанбай қажы мешітіне бас сұқпай кету мүмкін бе? Тарихи жәдігерді ұзақ қарадым. Ке­зін­де Құнанбай қажы бұл жерді Ояз­дан сұрап алыпты. Не деген жер танығыш адам! Бұл жерді қар баспайды, су алмайды. Осы ретте Құнанбай қажының көзін көрген, жиһангез болып, патшалық Ресейдің мал санағын жүргізген, жер аударылған поляк А.Янушкевичті ерік­сіз еске аласың. Оның «Күнделіктер мен хаттар» немесе «Қазақ даласына жа­сал­ған саяхат туралы жазбалар» атты ең­бегіне жүгінсек, ол Құнанбай туралы былай деп жазыпты:

«Құнанбай бидің жасы Барақ сұлтан­нан біраз үлкен. Бұл да дала өңіріне атымен кең жайылған адам. Қарапайым қазақтың баласы. Табиғат оған кесек ақыл, ғажайып ес және жүйрік тіл берген. Іскер, өз аталастарының игілігі тура­лы қам жейді, дала заңдары мен Құран қағидаларының білгірі, қазақтарға қа­тыс­ты ресейлік уставтарды бес сауса­ғын­дай біледі, қара қылды қақ жарған би және өнегелі мұсылман. Қарапайым Құнанбай әулиенің даңқына бөленген. Одан ақыл сұрауға жас та, кәрі де, кедей де, бай да шалғай-шалғай ауылдардан келіп жатады.

Тобықты руының сеніміне ие болып, ол ел билеушінің қызметіне сайланған. Ол өз қызметін бақайшағына дейін біліп, бар қайрат-жігерін сарқа төгіп атқарады, иегін көтерсе болды, әр бұйрығы, әр сөзі орындалады».

Иә, Қарқаралы сырға толы. Қаншама нәрседен бейхабар екенбіз. Өлкетану му­зейіне келгенде Мәди бабамыздың «Атыңнан айналайын, Қарқаралы» деген сөзінің сырын ұққандай боласың.

Мұнда екі деректі көріп, тәнті бол­дық. Атақты Қоянды жәрмеңкесінен ақша қойылған сейф-сандықты көрдік. Ке­зінде Швейцарияда жасалыпты. Жал­ғыз кілті бар. Бірақ сейф-сандықтың өз сыры бар екен. Қолыма кілтті берді, ашып көруге кеңес берді. Кілт ұңғысына түс­пейді. Біраз айналдырдым. Болмады. Кілт­­тің бір шетінде аздап шығыңқы те­мір істек тұр. Бар гәп осында екен. Сан­дық-сейфтің бір шетінде тесік бар. Сол тесікке кілттің істегін салғанда, құ­лып сырт ете түсті. Сандық ашылды. Бұл сейф күні кешеге дейін аудандық банк­те жұ­мыс істеп тұрыпты. Енді құнды жәді­ге­р ретінде музейде тұр.

Екінші таңғалғаным, Алтын адам бей­несі болды. Түсіндірме жазбасын оқып, таңғалдым. Арқаның алтын адамы. Бұл – ерте Темір дәуірінің ескерт­кі­ші. Қасым Аманжолов атындағы селолық округтің Талды деген жердегі қо­рықтан табылған. Бұл маңда 6 сақ патшасының қорымы бар екен. 2010 жылдан бері зерт­теле бастапты. 130-дан астам алтын бұйым, 14 садақ жебесі, тас моншақтар табылған. Ғалымдар оны б.ғ.д. VI-V ғасыр­дың ескерткіші деп отыр. Демек Қарқаралы жері – атам замандардан бері қазақтың жері мен елі.

Қарқаралы жері қазақтың атын шы­ғар­ған тұлғаларға бай. Мұнда Мәди, Қасым Аманжоловтың, Жұмат Шанин­нің, Алаш ардақтылары Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, Ә.Ермековтің ізі қал­­ған. Қазір үш арысқа арнап Қарқара­лы­ға кіре берісте тамаша ескерткіш қо­йылған.

Кеңес одағының батырлары Нүркен Әбдіровтің, Мәртбек Мамыраевтың, Қазақстанның тұңғыш ғарышкері, Кеңес Одағының батыры, Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіровтің, басқа да ондаған, жүз­деген ұлт қайраткерінің іздері сайрап жатыр. Солардың қатарында Сарыар­қаның саңлағы атанған, Қазақстанның халық ақыны  Ғабдиман Игенсартов тұр.

Кеңестік дәуірде жазылған шығар­ма­лар­дан бас тартуға бола ма? Әрине, жоқ. Өйткені олар өткен заманның тарихи бет-бейнесін жасаған көркем дүниелер берді. Ол қалай болғанда да біз өткен жол. Сол заманның кескін-келбеті.

120 жылдық торқалы тойы аталған Ғабдиман Игенсартов бабамыздың әде­би-рухани мұрасы бізге қажет пе? Әрине, қажет. Кеңес одағы тұсында өмір сүріп, қоғам қайраткері деңгейіне көтерілген поэзияда, журналистикада жарқын із қалдырған, Қазақстанның халық ақыны атанған Ғабдиман Игенсартовтың өмір жолы – халықтың өмір жолы, тарихтың ізі.

Патшалық Ресейдің қысымын көрген қазақ халқы жаңа заманды дұрыс қа­был­­дады. Жоғалғанын, өшкенін тапты. Ақын-жазушылар сол заманның жақ­сы­лығын жырлады, көркем образ жасады. Қаншама қанды репрессия, ашаршылық, қиыншылық болғанына қа­рамастан, халық болашаққа сенді. Әр­қайсысы заманның тарихи шындығын жазды.

Ғабдиман ағамыз 1929 жылы Қазақ АССР Орталық комитетінің мүшесі болып сайланды. Сол жылы Мәскеуде өткен XIV бүкілресейлік кеңестер съезі­нің делегаты болды. Дәл сол кезең­де Қар­қаралыда туған жас қазақ азама­ты­ның мұндай құрметке ие болуы оның азаматтық, ұлтжандылық қасиеттерін көрсетті. Ол тұғырлы тұлғаға айналды.

Бірақ кеңес одағының репрессияшыл саясаты Ғабдиман Игенсартовты да айналып өткен жоқ. Ф.Голощекиннің солақай саясатына қарсы өз көзқарасын білдіріп, өлеңдер жазды. Халықтың шынайы қасіретін жырға қосты.

Сөз құдіреті нағыз идеологиялық қару болатын. Бұдан коммунистік жүйе қатты сескенді. Сондықтан да респуб­ликада «игенсартыпшылдыққа» қарсы науқан басталды. Сол жылдарда шыққан газеттердің сарғайған беттерінен осындай деректерді тауып аласың.

Бұл саяси науқан ақыры Ғабдиман Игенсартов ағамызды «халық жауы» етті. Сотталып, Сібірге айдалды. Айдаудан кел­геннен кейін Ғабдиман Игенсартов аға­мыз қалам ұстау құқынан айырылды. Амал жоқ, қаламын шахтерлік күрек пен қайлаға ауыстырды.

Тағдыр сыны ақын, қайраткер, Ғабдиман Игенсартов ағамызды қажыта ал­­ма­ды. Сағы сынбады. Забойда проходчик болып, қара жұмыс істеді. 1949 жылы өзінің атақты «Лавадағы өмір» поэмасын жазды. Ашығын айт­сақ, Ғабдиман Игенсартов қазақ поэ­зия­сын­да­ғы өндірістік тақырыпты көте­р­ген, жұ­мысшы бейнесін сомдаған тұңғыш қазақ ақыны болды.

...Каскасы шекесінде, шашын түйіп,

Самал жел еркелеткен

беттен сүйіп.

Бір ару келе жатты, қайла қолда,

Еркекше сұр кенептен шалбар киіп.

Аққұба, ашаң жүзді, ол қара көз,

Қыз еді, өткір тілді, ерке мінез.

Әсия еді аты, жалын ойлы,

Қаршыға, қаз ілгендей, қимылы тез.

Әсия кейіпкер, қазақтың жұмысшы қыз­дарының көркем бейнесіндей көрі­неді. Тойлан, Сәти секілді шахтерлер Лавада шыңдалады. Әртүрлі маман­дық игереді. Шахтадағы жарылыс, тағы да басқа толып жатқан қиын­дық­тар­ды бас­тан өткереді.

Лавадағы жағдай, шахтаның ішкі көрінісі, қиындығы мен жастардың жалынды еңбегі сүйіспеншілігімен сурет­те­леді. Тойлан мен Әсия арасындағы махаббат Лава көрігімен шыңдалады.

Ғабдиман Игенсартов поэзияның поэма жанрын таңдап алады. Эпикалық тұрғыда заман сынына үн қосады. «Тың дала», «Тыңдағы қойма», «Шынар», «Кек шешімі», «Бағдат аты қалай туған?», «Амал туралы аңыз» поэмалары көр­кем­дігімен, тарихилығымен құнды.

Журналистикада да Ғабдиман Иген­сар­товтың қолтаңбасы айқын көрі­неді. Әсі­ресе «Абай мен Әсет», «Әсет­тің кей­бір белгісіз мұрасы мен аты-жөні туралы», «Ахаң өмірінен кейбір дерек», «Қажы-Мұқанның бір күресі» сияқты деректі-танымдық мақалалары – ғылыми ортада өте құнды жәдігер. Айталық, бір кездесуде Әсет Найманбаев ақын Абай бабамызға «Інжу-маржан» әнін айтады.

Ұлы Абай: «Міне, көрдіңдер ме? Шын ғашықтық ән. Осылай салынып, оған арналған өлең де осылай болуы керек», деген екен.

Бұл абайтанушыларға қажетті деректер.

1971 жылдары қазақ тілінің мәртебесі азайып, халық арасында әртүрлі көзқарас қалыптаса бастады. Ғабдиман ағамыз осы кезде «Бүйенбайға ашық хат» деген мақаласын жариялайды. «Сөз байлығын барынша пайдалана білейік», «Сөздің мәдениеті туралы» мақаласы қалың қазақтың көңі­лі­нен шықты. Сондай-ақ «Байырғы сөздік қорымыз» туралы мақаласы тіл­ші­лер қауымына өте қажет. Мысалы, «әрдайым» , «алагеуім» сөздерінің төркінін түсіндіріп береді.

Ақын Ғабдиман Игенсартовтың өлеңдерін туған жер туралы толғау деп те атауға болады. Қарқаралы, Нұра, Ақ­то­ғай, Арқаның жайлауында, туған жерге сияқты өлеңдер арқылы ақын Арқаның көркем табиғатын асыл шабытпен және махаббатпен жырлайды. Осылай Сарыарқаның саңлақ ақыны атанады.

Ақын сөзге, асыл сөзге ерекше мән береді.

Тіл дыбыспен сөйлесе,

Ой сөйлейді қаламмен.

Онсыз бір қалай ендеше,

Ұғысар адам адаммен.

Сөз шеберден туғанда,

Толқымайтын жан бар ма?

Кей сөз ащы удан да,

Кей сөз тәтті балдан да, – деген екен Ғабдиман ақын.

Ақын мұрасы халқымен бірге жасайды. Жас ұрпақты отаншылдыққа, еңбек­қорлыққа, ұлтжандылыққа тәрбие­лей­ді.

Хош делік. Ғабдиман Игенсартов ағамыздың 120 жылдық торқалы тойы дүркіреп өтті. Әсия Игенсартова ата­сы­­ның құрметіне заманауи техникамен жаб­дықталған компьютер сыныбын жа­сақ­тап, сыйға тартты.

Осы сапарда тағы екі жақсылық болды. Біріншісі, екі айдан бері жаңбыр тамбай кетіпті. Қарқаралы жерінің шаңы көтеріліп, ағайын-жұрттың бау-бақшасы қурап кеткен екен. Сол түні аспанның кілті ашылып, жаңбыр құйды-ай бір.

Қарқаралылық ағайын мұны жақсы­лық­қа жорыды.

Ақын ағамызға ас беріліп, Құран оқы­лып, біз елордаға қарай шықтық. Жарты жолдан асқанда интернет жұмыс істеді.

Бейбіт Өксікбайұлы Исабаев ініміз Президент Қ.К.Тоқаевтың Жарлығымен Жетісу облысының әкімі болып бекіпті.

Осылай сәтті сапар болып, Астанаға оралдық.

Келесі кездескенше, қасиетті Қарқаралы!

 

Уәлихан ҚАЛИЖАНОВ,

ҰҒА академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері