Білім • 16 Қазан, 2022

Ауыл мектебін түлеткен тұлға

244 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Мемлекет және қоғам қайраткері Шәмша Беркімбаеваның туғанына 80 жыл толуына орай Алматыда бірқатар маңызды іс-шара өтті. Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті жанындағы Студенттер үйіне, оқу орнындағы «Ақтұмар» мұражайына, Білім-инновация қыздар лицейіне ұстаз есімі берілді.

Ауыл мектебін түлеткен тұлға

Қазақ ұлттық қыздар педа­го­ги­калық университетінде NIS дербес білім беру ұйымының ұйымдастыруымен өткен «Елім деп соққан жүрегі» атты кездесуді ректор Гүлмира Қанай ашып, игі істері кейінгі ұрпаққа өнеге болар тұлғаның еңбек жолы, тағылымды істері жайында айтып өтті. Әрі қарай жиынды кезінде осы университетте проректор болып істеген Ләззат Әділбекова естелі­гі­мен жалғастырып, «Тағы­лымды ғұмырында ұстаздық қасиетімен жастарды тәлім-тәрбие мен тәртіпке, адамгершілікке үндеп жүретін қазақтың қайраткер қызы еліне қалтқысыз қызмет атқарды» деп еске алды.

Алқалы жиында NIS Педаго­ги­калық шеберлік орталығы да­йын­даған «Шамшырақтай туған ел­дің Шәмшасы» деректі фильмі көр­сетілді.

Еңбек жолын қатардағы ауыл мұғалімінен бастап, мектеп директоры, Алматы облыстық партия комитетінің хатшысы, кейіннен Парламент Сенатының депутаты, Білім және ғылым министрі, ректор болған жылдарда ғылым, білім саласын дамытумен қатар ұлттық құндылықтарды жастар арасында дәріптеудегі, ауыл мектептерін көтерудегі қайраткер еңбегінің сәулелі сәттерін арқау еткен шағын фильмде дара мі­нез­­ді іскер тұлғаның болмысы ай­шықталды.

Ұстаздардың қоғамдағы рөлі мен мәртебесін анықтаған «П­е­­дагог мәртебесі» туралы заң­­ның қабылдануында қоғам қайраткері, академик Шәмша Беркімбаеваның қолтаңбасы жатыр. Осы орайда Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов мұғалімдердің құ­қығын қор­ғайтын, мұң-мұқта­жын қамтып, жан-жақты шаралар қабылдау жөніндегі заңның қабылдануы қоғам үшін аса қажет деген ұсы­ныс айтып, өзі министр болған жылдарда арнайы заңды іске асырып үлгермегендігін жеткізді. «Президенттің тікелей қол­да­уымен аталған заң қабыл­да­нып, ұстаздар қауымын толған­дыр­ған келелі мәселелердің ше­ші­мін тапқанын Шәмша Көп­бай­қызы үлкен қуанышпен қабыл­да­ды», деп еске алды Оқу-ағарту министрі.

Ал ректор болған жылдарда соңғы үлгідегі «Студенттер үйінің» салынуына, оқу ғима­рат­тары, жатақханалар мен асха­наларға күрделі жөндеу жұмыс­та­рының жүргізілуіне тікелей басшылық етті. Бакалавриат ма­ман­дықтарының саны артып, ма­гис­тратура ашылды. Оқу зерт­ха­на­лары жаңа құралдармен қамта­ма­сыз етілді. Жастардың білімін жетілдіру мақсатында атаулы стипендиялар тағайындалды.

Ұстаз-ғалымның жас ұрпақ тәр­биесі мен туған елінің өркен­де­уіне арнаған ізгілікті істері осы кездесудің маңызын арттыра түсті.

«Назарбаев зияткерлік мек­теп­­­тері» дербес білім беру ұйы­мы­­ның басқарма төрағасы Күләш Шәмшидинова көпшілікке­ ­Шәмша Беркімбаеваның жуыр­да жа­рыққа шыққан «Қазақ мектебі – ұлт тірегі» еңбегін таныстырды. Бұл еңбекте ұстаздың ұзақ жылдар бойы зерттеген қазақ ұлттық мектебінің ХV-ХХ ғасырлардағы қалыптасуы және даму тарихы, қазақ даласы ойшылдарының ұлттық мектеп құру және өскелең ұрпаққа ұлттық тәрбие беру тура­лы тағылымдық тұжырымдары бар. Алаш қайраткерлерінің педагогикалық мұраларындағы қазақ ұлттық мектебін құру идея­сы және ХІХ ғасырдың аяғы ХХ ғасырдың басындағы қазақ мектептері мен білім беру ұста­ным­дары берілген еңбектің лентасын саясат ғылымдарының докторы, профессор Қуаныш Сұл­танов қиып, артында қал­­ған мұрасын жас ұрпаққа на­сихаттаудың ма­ңы­зын атап өтті.

«Қарапайым ауыл мұғалімінен мемлекеттік дәрежеде іс атқарған қайраткерлік қадамдары, өмірге деген құштарлығы, өзінің өсуі арқылы қоғамның өсуіне ықпал еткен тұлға жайында айтылатын естелік көп. Алғашында жас­ты­ғы­на қарамастан, өзінен кейін­гілерге қамқорлығы, жа­на­­шыр­лығы, білім алуға, еңбек етуге бау­лып тұратын ізгі қасиет­те­рі­мен ерекшеленген Сейділда Көпбаев есімді аға­сымен таныстым. Кейін­нен осы қасиеттердің барлы­ғы болашақ қайраткер тұлға Шәмша Көпбайқызының бойынан табыл­ға­нының куәсі болдық. Ол осы ізгілікті қасиет­те­рінің арқасында хал­қына қалт­қы­сыз қызмет етті», деді өз сө­зін­де Қ.Сұлтанов.

«NIS мектебінің рухани қа­лып­­тасуында да қолтаңбасын қал­дырып, идеология, мәдениет, рухани құндылықтарға байланыс­ты мұғалімдерге дәріс оқыды. Жұ­мыс кездесулерінде үнемі өз тә­­жірибесімен, кеңестерімен бө­лі­сіп, білім саласындағы жаңа­лық­тарды қадағалап отырды. Шетелдер тәжірибесіне зер салды. Бүгінде «Педагог мәртебесі» туралы заңның қабылдануында да білімге жанашыр тұлғаның қолтаңбасы жатыр. Жадымызда ұстаз, үлкен азамат ретінде қалған әрі өзі «Мен қазақтың қызымын» деп жазып кеткендей артында дүйім мұра қалдырды. Тәуелсіз еліміздің іргесінің қалануына орасан зор еңбек сіңірді. «Ауыл мектебі» мемлекеттік бағ­дар­ла­ма­сының қабылдауына тікелей ұйытқы болды. Осы бағдарлама аясында республикада 25, кейін­нен 80-нен астам мектеп салын­ды. Осы кезеңде Шәмша Көпбайқызы өзі атап өткендей, жалпы ауыл мектебіне деген мемлекеттің қамқорлығы өсті. Қоғамда үлкен бетбұрыс басталды. Ол ауыл мектептерін да­мы­ту­ға және дарынды балаларды қолдауға жағдай жасауға ерекше көңіл бөлді», деді шәкірті әрі әріптесі К.Шәмшидинова.

Оңтүстік астанадағы лицейге ұстаз есімінің берілуін көпшілік үлкен қуанышпен қабылдағанын жет­кізген Қазақ КСР халық ағар­ту ісінің үздігі, Қазақстанның Еңбек Ері Аягүл Миразова «Шәмша Көпбайқызының есімі елі­­­міздің ғылым, білім саласымен тығыз байланысты әрі қан­дай құрметке болса да лайық. Ұстаз еңбегі шәкірттері арқылы еленіп жататыны хақ. Өзінің лауазымына, қо­ғам­дағы дәрежесіне қарамастан, қатардағы ұстаз­дар­дың үніне құлақ түріп, олардың ұсыныс-тілегін тыңдай білді. Қо­ғам­да ұстаз мәртебесінің жоға­ры­лауына, еңбегінің еленуіне көп тер төкті», деп атап өтті.

Болмысы бөлек, бітімі ерек, дара мінезді, жүрегі қазақ деп соққан ұлтымыздың санаулы қай­рат­кер қыздарының бірі Шəмша Беркімбаева жайында педагогика ғылымдарының докторы, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының бас ғылыми қызметкері Жауымбай Қараев, ұлағатты ұстаздар Роза Киікбаева және Қуанышкүл Меңдеяқова жүрек­жарды естеліктерімен бө­лісті.

Жиын ұлағатты ұстаз, қайрат­кер тұлғаға «Қыз-ғұмыр» өлеңін арнаған ақын Фариза Оңғар­сынова және басқа да автор­лар шығармаларының орын­да­уын­дағы тағылымды кешпен жал­ғасты.

 

АЛМАТЫ