Еске салсақ, «The Wisdom of the Great Steppe – Abai Kunanbaiuly» ұжымдық монографиясы ағылшын тілінде Анкара қаласында жарық көрген еді. Кітапта отандық және шетелдік ғалымдардың ақынның заманы, туып-өскен ортасы мен өмірі, ұлт зиялыларына ықпалы, әдеби мұрасы мен мектебі, шығармаларының қолжазбасы мен тілдік ерекшеліктері, діни көзқарасы мен тарихи дүниетанымы, философиясы, өзге де өзекті мәселелер қамтылған.
«Абай – Қазақстанның ғана емес, түбі бір түркі дүниесіне, тіпті бүкіл әлемге ортақ рухани тұлғалардың бірі. Себебі Абайдың ілімі, Абайдың шығармашылығы – жалпы түрік халқына ортақ рухани, әдеби, мәдени құндылықтардың дәстүрлі жалғасы. Сондықтан мейлі Түркияда болсын, басқа да түркі мемлекеттерінде өткен абайтануға байланысты іс-шараларға ерекше көңіл бөліп келеміз», дейді Қазақстан Республикасындағы Түркияның Төтенше және өкілетті елшісі Уфук Экіджі.
Аталған кітаптар Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Еуразия ғылыми-зерттеу институтының жобасы аясында орындалған. Жоба жетекшісі – Суат Бейлұр. Кітапты құрастырғандар: Айнұр Ахметова, Суат Бейлұр, Дәулет Жайлыбай, Алмас Жүнісбаев, Өмірбек Қанай, Данагүл Махат. «Абай Құнанбайұлы, сипаттамалы библиографиялық көрсеткіштің» І томында Абай Құнанбайұлының Қазақстан мен шетелдерде жарық көрген шығармалары мен абайтану саласындағы ғылыми еңбектерге қысқаша түсініктеме берілген. Ақынның 1909-2020 жылдар аралығында жарық көрген шығармаларының отандық және шетелдік барлық басылымдарына, абайтану саласындағы отандық және шетелдік кітап, монография, оқулық, оқу-әдістемелік құрал, библиографиялық материалдар, кандидаттық, докторлық, PhD диссертацияларға қысқаша сипаттама берілген. Библиографиялық көрсеткіштің ІІ томында М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының бірнеше тілдегі басылымдары, Абайдың әдеби мұрасы мен абайтану саласы бойынша жазылған кітап тараулары Абайға арналған конференция материалдарының жинақтарындағы ғылыми баяндамалар, мерзімді баспасөзде жарияланған мақалалар берілген. Ал жалпы алғанда ұзын саны 12 мыңнан астам дерек енгізілген.
Сондай-ақ жаңа еңбекте абайтануға қатысты зерттеулерді қазақ тілінде, өзге тілде және аралас тілде деп көрсеткен. Абайтану бойынша әр тілдегі зерттеулерді, ең алдымен түпнұсқа тілде көрсеткен. Яғни Абайды зерттеген әр елдің түрлі қарпімен (мысалы, араб, ағылшын, урду, грузин, т.б.) жазылған еңбектерді зерттеушілер ыждағаттылықпен теріп, тексеріп, кітапқа енгізгені көрініп-ақ тұр.
Таныстырылымға астаналық зиялы қауым, әдебиетші-ғалымдар мен шетелдік дипломатия өкілдері, жоғары оқу орындары мен ғылыми мекемелердің басшылары, БАҚ өкілдері қатысты.