Қазақстан • 18 Қазан, 2022

Абыройы асқақ ұстаз

399 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Алматыдағы дарынды қыз балаларға арналған лицей-интернатқа белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, бүкіл саналы ғұмырын еліміздің оқу-ағарту ісін дамытуға арнаған білікті де ұлағатты ұстаз Шәмша Беркімбаеваның есімі берілді. Қатардағы ұстаздан министр лауазымына дейін жетіп, үкіметтік деңгейде ауыл мек­тебі бағдарламасының қабылдануына мұрындық болған, қазақ мектептеріндегі білім беру жүйесін жаңғыртуға үлкен еңбек сіңірген Шәмша Көпбайқызы бүгінде көзі тірі болса 80 жастың асуын бағындырар еді...

Абыройы асқақ ұстаз

«Ақырын жүріп, анық бас, еңбе­гің кетпес далаға, Ұстаздық қылған жалықпас, үйретуден балаға» деп хакім Абай жырлағандай, Шəмша Көп­байқызы еңбек жолын қарапа­йым ауыл мұғалімінен бастап, өзінің іскерлігі мен қабілет-қарымының арқа­сында мемлекет­тік қызметтің сан түрлі саласын­да абыройлы еңбек етті. Әр жылдары мектеп директоры, Алматы облыстық партия комитеті­нің хат­шысы, Білім министрінің орын­басары, Қазақстанның Қыр­ғыз­стандағы елшілігінің бірінші хат­шысы, Алматы облысы Білім бас­қармасының басшысы қызмет­те­рін атқарды. Министр кезінде білім мен ғылым көшін алға жылжытып, бәсекеге қабілетті қоғам қа­лыптастыруда мол үлес қосты. Сенат депу­таты болған тұста да отан­дық заң­на­маны жетілдіруге атса­лысты. Қа­зақ мемлекеттік қыздар педа­го­ги­ка­лық университетінде рек­тор болған ­жылдары қазақ қыз­дарына бағыт-бағдар беруде аянбай тер төкті.

Шəмша Беркімбаева қазақ мек­тептерін дамытуға, ауылдан шық­қан дарынды балаларды, əсіресе бұрынғы «Қазақ-түрік лицейі» атан­ған, бүгінгі «Білім-иннова­ция» ли­цейлерін қолдап, жас өрендердің білім алуына орасан үлес қосты. Осы асыл мұрат жолында аянбай тер төккен ардақты ұстаздың еңбегі мен есімін ардақтау мақсатында Алматы қаласындағы дарынды қыз бала­лар­ға арналған лицей-интернатының құрылтайшылары аталған оқу орнына Шəмша Беркімбаеваның есімін беруге шешім қабылдады. Лицей де үкілі үмітті ақтап, соңғы 5 жылда 88 түлегі алпауыт шетелдік университетке қабылданып, 105 оқушы «Алтын белгі» иегері атанған. 2021 жылдан ең үздік 100 олимпиадалық мектептің құрамына еніп, 26-орында тұр.

– Мен әуелі осы шараға Пре­зидентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев­тың сәлемін жеткізуге арнайы ке­ліп отырмын, – деді Қазақстан Пре­зи­дентінің кеңесшісі Мәлік Отар­баев. – Президентіміз кезінде Шәмша Көп­­­бай­қызының қазасына қатысты мар­құмның ұстаздық ­жолынан бас­тап өте биік мәртебеге жетіп, елдің дамуына, қоғамның кемелденуіне үлес қос­қан тұлға екенін айтып, көңіл айтқан бо­латын. Бүгін мектеп құрылтайшы­ла­ры­ның ұйғарымымен Алматыда­ғы дарынды қыз балаларға арналған лицей-интернатқа есімін бергеніне бәріміз қуанып отырмыз. Негізінен мектеп тарихына үңілсек, аталған мектептің іргесін қалағандардың бірі – Шәмша Көпбайқызы болатын. Сондықтан бүгінде әлемдегі озық жүз мектептің қатарына енген аталған оқу орнының сол кісінің есімімен аталуы заңдылық және көрсетілген үлкен құрмет деп білеміз. Шәмша Көпбайқызы есімін атағанда біз адал­дық пен тазалықты бірден аңға­рамыз. Өйткені ол кісі өмір бойы еліне, мемлекетіне адал қызмет етті. Адалдық, тазалық қасиеті­нен еш­қа­шан айныған емес. Бұл қазіргі заман­да көптеген аза­мат­ымыздың бо­йынан табыла бер­мейтін қасиет. Сондықтан бүгінгі іс-шара Шәмша Беркімбаеваны еске алу күні ғана емес, адалдық пен тазалықты ту еткен есте қалатын күн деп есептейміз.

Бесігін қасиетті Алатауы тербет­кен, жер жәннаты Жетісуынан нәр алып, ата-анасының тәлім-тәр­бие­сі­не сусындап, сүйіспен­ші­лігіне бө­лен­ген Шәмша Көпбайқызы жас ма­ман ретін­де өзіне тапсырылған мін­деттерді адал атқарып, мінезінен де, жүріс-тұрысынан да бекзаттық болмы­сын байқатты. Елім, жерім деген азамат дәрежесіндегі тұлғаға айналды. Көкірегі сәулелі, жігерін намыспен қайраған қайратты жан Желтоқсан оқиғасы кезінде әді­леттілік жолында қасқайып тұрды. Қайыспады, қайтпады, қызмет үшін ешкімге басын имеді. «Егер жастарға осындай қиянат көрсетіліп жатса, ондай жерден мен кеттім» деп, қайтадан мектепке оралып, ұстаз­дық қызметін жалғастырды. Кейін­нен министр болып, мектеп пен министрліктің арасын жалғады. Ауыл мектептерінің дамуына барын салды, жанын салды. Қазақ мектебінің бағын ашты. Ол кісі ресми лауазымды қызметтерден кетсе де, еліміздің білім мен ғылым саласының үлкен жан­ашыры, тілекшісі болып отырды. Ең бір атап айтарлығы, ол кісінің жүріс-тұрысы да, киім киісі де, сөйлеген сөзі өнеге болатындай тұла бойы тұтас нағыз ұлағатты ұстаз еді.

Іс-шара барысында өз кезегінде сөз алған Ш.Беркімбаева атындағы қыздар лицейінің директоры Панел Гул мырза лицейдің 1993 жылы сол кездегі Түркия мен Қазақстан бас­шы­ларының келісімімен негізі қалан­ғанын, Шәмша Беркімбаева ми­нистр болған кезінде қазақ-тү­рік лицейлерінің ашылуына көп кө­мек көрсеткенін, лицейдің жалпыадам­­заттық, сондай-ақ ұлттық құнды­лық­тарға негізделгенін, соны­­мен қатар оқу орнының қол жет­кізген жетіс­тік­терін мақта­ныш­пен атап өтті.

Сондай-ақ «Шәмша апайдың арманы – ауыл мен қала баласының арасында алшақтық болмауын, бала­лардың халықаралық білім алуды көксегенін жеткізген Алматы қа­ла­сы білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева, Шәмша Көп­байқызының жерлестері атынан сөз алған Алматы облысы Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Айжан Нұрділдәқызы, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің арнайы құттықтауын жет­кізіп, Шәмша Көпбайқызының Қазақ ұлттық қыз­дар педагогика­­лық университетін бас­қарған тұстағы ерекше еңбегі туралы айтқан атал­ған оқу орнының ректоры Гүлмира Қанай, ҚазҰУ-дың ректоры Ж.Түймебаевтың құттықтауын оқып, тілегін білдірген ҚазҰУ-дың проректоры Хайдар Тасыбеков, Абай атындағы Қазақ ҰПУ ректоры Дархан Біләлов, С.Демирел атындағы уни­вер­ситеттің ректоры Әлімжан Иген­баев­тар Шәмша Көп­бай­қызының бүкіл саналы ғұмы­рын жас ұрпақ тәрбиесіне, ұлт мүддесіне, білім мен ғылым саласына арнаған шын мәніндегі зиялы да, парасатты жан болғанына тоқталды.

Ұлттың ұпайын түгендеп, руха­нияттың көшін бастап жүрген Шәмша Көпбайқызының адами қасие­тінің де ерекше болғанын ака­­демик Асқар Жұмаділдаев, жазу­шы Нағашыбек Қапалбекұлы, «Шәм­ша Көпбайқызына Алматы қала­сынан көшенің атын, туған жері Қара­сай ­ауданында мектептің атын беру­ді де ойласу керектігін» алға тарт­қан ардагер Әскербек Абаев, жазу­шы Нұрдәулет Ақышев, өмір бойы сый­ласып өт­кен құрбылары, ұлағатты ұстаздар Ділдаш Битуова, Роза Киікбайқызы тағылымды есте­ліктерімен бөлісті.

– Сөнген жұлдыздың жары­ғы мың­даған жылға жетеді. Біздің Шәмша да қазақ қыздарының ішін­дегі жарық жұлдыздың біреуі ғана емес, бірегейі еді, – деді жазушы Зейнеп Ахметова. – Кездейсоқ еш­теңе болмайды екен, осы мектепке ізгілікті іс-шара өткізуге талай рет бірге келіп едік. Бүгін сол адал еңбегі, шынайы істеген жұмысының барлығы айналып келіп, өзі жоқ болса да алдынан шығып отыр. Шәмша – есімі исі қазаққа ортақ батыр атасынан бата алып, көзін көрген кісі. Байлықтың ең үлкені кітап. Сондықтан Шәмшаның атына беріліп жатқан игілікті іске қазақ­шалап байғазы әкелдім. Ол батыр атамыздың қазақша, орысша кітаптары және ағалы-қарындас болып жақсы сыйласып, Бақытжан Момышұлының көзі тірі кезінде Шәмша туралы жазып, оны өзі оқып, рахметін білдірген Бәкеңнің де кітабын алып келдім.

р

Шара барысында Шәмша Бер­кім­баева атындағы Алматы қыздар лицейінің ресми тақтайшасының шымылдығы ашылып, құрметті қо­нақтар лицейдің кіреберіс дәлізінде ғибратты ғұмыр кешкен ұлағатты жанның тіршілігінде өзі тұтынған заттары һәм қайраткердің саналы өмірінде мемлекеттік дәрежеде алған марапаттары, жеке өзі туралы мәліметтер топтастырылған арнайы бұрышты тамашалады.

«Бұл – отандық білім саласында өзінің адал еңбегімен ұлтқа қызмет көрсетудің үлгісін жасаған Шәмша Көпбайқызының 80 жылдық мерейжасына арналған игі іс-шараның бас­­тамасы. Шәмша апайымызды әр уақыт­та жадымызда сақтап, ол кісінің «қазақ­тың қызы қандай болуы қажет, қалай еңбек ету керек» деген мақса­тын әрі қарай жалғастырады деген ниетпен іс-шараны ұйымдасты­рып отырмыз. Жүрегі ұлт деп соққан Шәмша апайдың өмір жолы қазақ­тың бар­ша қыздарына үлгі бола бермек», – деді «Білім-инновация» ­ха­лықаралық қоғамдық қорының пре­зиденті Дархан Ермаханұлы.

Құндылықтарға негізделген оқу-әдістемелік «Қадам» кітабының таныстырылымы да осы салтанатты жиын аясында өтті.

Тағылымдық іс-шара барысында Шәмша Көпбайқызының жар­қын бейнесін еске алу мақсатында ар­найы дайындалған бейнефильм көр­сетіліп, лицейде біліммен қатар өнер­ді теңдей алып жүрген оқушы қыз­дар күй тартып, ән айтып, бұрала би би­леп, жиынның көркін келтірсе, ал жинал­ған ағайын-жұрт ұлағатты ұстазға деген сағынышын басып қайтты.

 

Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ,

журналист