Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»
Өзгерістер негізінен доктринаның негізгі тұжырымдамаларын қамтыды. Одан бөлек әскерлердің жауынгерлік әлеуеті, кибершабуылдар және әскери өзара әрекеттесу бағыттары да өзгеріске түсті. Бірнешеуіне тоқталсақ, «әлемде жаппай қырып-жою қаруларының көлемін ұлғайту, сондай-ақ жаңа физикалық қағидаттарға негізделген жаппай ықпал ету қаруларын жасау Қазақстанға қауіп төндіруі мүмкін» делінген. Сонымен қатар жаңа құжатта кибершабуылдардың мемлекеттің әскери ұйымының ақпараттық жүйелеріне, мемлекеттегі жағдайды тұрақсыздандыру, оның әскери және әскери-экономикалық әлеуетін төмендету мақсатында елдің тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету жүйелеріне кері әсері бар екені көрсетілген. Осы ретте, қарулы күштер саласында ақпараттық-психологиялық және кибер әрекеттерге қарсы тұру үшін бөлімшелер құрылмақ. Доктринаға енгізілген өзгерістерде стратегиялық бағыттарда әскерлердің (күштердің), қару-жарақтың, әскери техниканың және материалдық қорлардың қажетті жиынтығын құру есебінен мемлекеттің әскери ұйымының құрлықтағы, әуедегі және әскери-теңіз құрамдас бөлігінің жауынгерлік әлеуетін ұлғайту туралы да айтылады. Әскерлердің ұтқырлығын арттыру және әскери қауіпсіздіктің қазіргі заманғы қатерлеріне ден қою үшін Ұлттық ұланның құрылымын жетілдіру, құрамын күшейту және инфрақұрылымын дамыту жөнінде шаралар дәйекті және жоспарлы түрде жүргізілмек.
Әскери доктрина деген не? Бұл құжат – ғылыми негізделген, ресми қабылданған әрі ұзақ мерзімге арналған басқыншылықты тойтару, қорғану, мемлекеттің соғысқа даярлығын, әскери саясаттың стратегиялық, техникалық, экономикалық, құқықтық және басқа да маңызды қырларын қарастыратын, болашақ мүмкін болар соғыстардың мақсаты мен маңызын, мәнін айқындайтын көзқарастар жүйесі. Құжатта әскери міндеттердің шешілу тәсілдері белгіленеді, қарулы күштерді дамытудың әскери құрылысының бағдарламасын жүзеге асырып, әскери қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін саяси күш салу мен әскери құралдардың өзара әрекеті мен үйлесуі көрініс табады.
Қорғаныс министрлігі өкілдерінің айтуынша, жаңа құжатта 70-ке жуық өзгеріс орын алған. Оның бірқатары бұрынғы шарттарға түзетулер болса, іші-нара жаңадан енгізілген тұжырымдар да бар. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қорғаныс ведомствосы мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, негізгі құжатты жаңа болмысқа бейімдеуге бағытталған жұмыстарды жүзеге асырғанын атап өткен жөн. Соңғы өзгерістерге сәйкес, негізгі ұғымдар қатарына «дағдарысты жағдай», «резервтегі әскери қызмет» сынды тағы да басқа тың терминдер нормативті түрде енгізілмек. Оның біріншісі ел аумағындағы әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарын білдірсе, екіншісінде резервтегі азаматтарды жиындар мен арнайы дайындықтарға шақырту қарастырылған.
Резервтік қызмет дегеніміз – негізгі азаматтық қызметпен қоса ерікті түрде атқаруға болатын келісімшарт бойынша қызмет. Әскери есепті, мамандығы бар және денсаулығы жарамды ел азаматтары резервист атана алады. Жиындар жауынгерлік даярлық бағдарламасына сәйкес жыл сайын және екі реттен кем емес мерзімде өткізілетін болады. Өткізу мерзімі мен олардың жиынға тартылу жасы нормативтік-құқықтық актілермен айқындалады.
Доктринада ең бірінші рет Бактериологиялық (биологиялық) және уытты қаруға тыйым салатын конвенция туралы айтылған. Сонымен бірге бітімгерлік қызметті кеңейте түсу қарастырылған. Ұтқыр және тиімді ден қою күштерін құруды көздейтін «ақылды шекара» тұжырымдамасын жүзеге асыру ұсынылған.
Жобада кибершабуылдан сақтануға көбірек назар аударылғаны байқалады. Құжатта бұл мәселе бірнеше жерде айтылған. Сонымен бірге ғарышқа назар аударылыпты. Бұрынғы құжатта бұл жоқ еді. Жаңа құжатта жазылғандай, Қазақстанға әскери қатер «ғарыштық кеңістікте басым түсу үшін күресуді күшейту» салдарынан да төнуі мүмкін. Өйткені еліміз Орталық Азияда жалғыз Байқоңыр ғарыш айлағына ие. Мәселен, еліміз үшін ғарыш саласындағы мүмкіндігін шектеуге, сондай-ақ ғарыштық кеңістіктен ықпал ету арқылы мемлекеттің әскери әлеуетін төмендетуге бағытталған әрекет те қатерлі саналатыны айтылған. Доктринада зымыран шабуылы туралы ескерту және ғарыш кеңістігін бақылау жүйесінің базалық элементтерін құру» елдің қорғаныс қабілетін нығайтуға бағытталған шаралар қатарына қосылған.
Қазақстанның әскери қауіпсіздігіне ықпал етуі мүмкін факторлар арасында биологиялық қатер мәселесіне көбірек көңіл бөлінген. Құжатта «Мәскеу, Лондон және Вашингтон қалаларында 1972 жылғы 10 сәуірде жасалған Бактериологиялық (биологиялық) және уытты қаруды жасауға, шығаруға және оның қорын шоғырландыруға тыйым салу және оларды жою туралы конвенцияның ережелері шеңберінен тыс шығатын процестер мен оқиғалар» елге қауіп төндіруі мүмкін екені жазылған. Біз сөзбен айтқанда, сарапшылар жаңашылдықтар арасынан гибридтік соғыс ерекшеліктеріне, ғарыштағы үстемдікке, биологиялық қару қаупін тойтаруға және зымыранға қарсы қорғаныс мәселелерін айрықша атап отыр.
Қорғаныс саласы ардагерлерінің айтуынша, бүгінде әуе-ғарыштық қарулар өте жоғары дәрежеде дамып жатыр. Ұшақтар да, зымырандар да үнемді отынмен қамтылған әрі алыс қашықтыққа қысқа уақытта ұшып бара алады. Жауға күтпеген жерден соққы бере алады. Сондай-ақ бұл шараларды өз жерінде даярлап жатқан кезінде оны жасырын түрде өткізуге мүмкіндік береді. Оның үстіне, ұшқышсыз аппараттар жаңа дәуір қаруына айналып үлгерді. Оның көп байқалмай жау тылына еркін өтіп кетіп жойқын соққы бере алатыны әлдеқашан дәлелденген. Жау ұшқышсыз аппараттарды жойса да, адами шығын жоқ. Міне, бізге осындай әуе шабуылына қарсы тойтарыс бере алатын шынайы жағдайға дайын болу керек.
Жаңа құжат – Қазақстанның тәуелсіздік алғалы бергі 6-доктринасы. Мезгіл-мезгіл қауіпсіздік мәселесін қайта қарап, уақыт талабына бейімдеп тұрған дұрыс-ақ. Алыстан мысал іздеп керек емес. Түріктердің «Байрақтары» әлемдегі соғыс жүргізу ісіне деген көзқарасты түбегейлі өзгертіп, Ресейге Әскери доктринасын қайта қарауға мәжбүр еткен еді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев заманауи жабдықталған әскер мемлекеттігіміздің берік қорғаны екенін жиі айтады. «Геосаяси тұрақсыздық, жаңа сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлер жағдайында біз ұлттық мүддемізді қорғауға, мемлекетіміздің егемендігі мен аумақтық тұтастығын сақтауға дайын болуымыз керек. Сондықтан қорғаныс әлеуетін нығайту әрдайым біздің маңызды басымдығымыз болады», деген еді ел Президенті.
Әлбетте, тәуелсіз ел болудың басты шарты сол мемлекетті қорғайтын айбынды әскерінің болуымен тікелей байланысты. Кез келген мемлекет өзінің қалыптасуын ұлттық әскерсіз, қауқарлы армиясыз құра алмайтыны айқын. Қазақтың ілгерідегі тарихына үңілсек, бір кездері бодандық бұғауынан құтылудың, азат ел болудың мүмкіндігі байқала бастаған тұста дербес елдікті көксеген Алаш қозғалысының қайраткерлері де ең алдымен ұлттық әскер құруды кезек күттірмейтін мәселе ретінде күн тәртібіне бірінші шығарғанын білеміз. Айталық, сол Алаш қозғалысындағы ардақты тұлғалардың бірі Міржақып Дулатов ұлт көсемсөзі саналған «Қазақ» газетінде «Қайтсек жұрт боламыз?» деген мақала жазады. Сол мақаласында ойын түйіндей келе, Міржақып Дулатов: «Жауап біреу-ақ, біз әскеріміз болса ғана жұрт бола аламыз», деп қайырады.
Тәуелсіз Қазақстанның айбынды әскері жауынгерлік қабілеті жоғары, қуатты қорғаныс күшіне ие. Әлемнің беделді әскери сарапшыларының пайымынша, Қазақстан әскері ТМД елдері әскерлерінің ішінде үшінші орында тұр. Ұлттық әскердің ең жаңа үлгідегі техникамен жарақтануы, білікті әскери кадрлармен қамтамасыз етілуі соның айғағы. Десе де, әскердің айбыны асқақ болуы үшін әлі де атқарылар іс-шаралар аз емес. Бұл жайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біздің мақсатымыз – шекарамызды, тәуелсіздігімізді және халқымыздың тыныштығын бұзуға бағытталған кез келген әрекетті тойтаруға дайын жинақы әрі қуатты армия құру. Біз Отанның кез келген бұйрығын орындауға дайын болу үшін өз шеберлігімізді шыңдай түсуіміз қажет. Жауынгерлерді, кіші офицерлерді осы жолда тәрбиелеу керек», деген болатын. Жаса, Қазақстан әскері!