Қоғам • 18 Қазан, 2022

Сырдағы еңбек мерекесі

217 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Сырдария өзеніндегі қатарынан бірнеше жылға созылған су тапшылығының зардабы облыстың бар саласына әсер етіп келеді. Әсіресе несібесін жерден терген диқандардың алаңы айрықша. Жерге түскен дән ораққа ілінгенше тыным таппайтын шаруалар биыл да тәуекелмен іс бастап, қара күзде көңіл тоғайтарлық нәтижеге жетті. Диқандар жалпы 188 500 гектар жерге егін екті, оның 78 600 гектары – күріш. Осы негізгі дақылдың әр гектарынан 56,7 центнерден өнім алынды.

Сырдағы еңбек мерекесі

Облыстағы егін жинау науқанын қорытындылаған «Алтын дән» салтанатты іс-шарасында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев еңбеккерлерді марапаттап, шаруалардың еңбегіне жоғары баға берді.

– Еліміздің күрішке деген қажет­ті­лігінің 90 пайызын біздің облыс диқан­да­ры өтеп келеді. Жыл сайын 100 мың тонна көлемінде экспортқа шығатын өнімге шет елдерден де сұраныс жоғары. Егіс науқаны басталар тұстағы су тапшылығы талайды дүдәмәлге түсіргені рас. Алайда Мемлекет басшысы Сырдария өзенінің жоғары ағысында орналасқан мемлекеттер арасындағы келіссөздер тиімділігіне баса назар аударып, соның нәтижесінде су көлемі былтырғыдан көбейді. Бұл ретте диқандардың ұсыныс-тілектері ес­керіліп, күріш алқабы 78 600 гектар көлемінде қалдырылды.

Күрделі жағдайға қарамастан күріш­тің әр гектарынан 70 центнерден аса өнім алған «Ақтөбе и К», «Жаңажол», «Абзал и К», «Мағжан и К», «Ақжарма и К», «Ақжарма – 1» жауапкершілігі шек­теулі се­ріктестіктерін ерекше атап өтуге болады. Сондай-ақ күріштің әр гек­тарынан 90-100 центнерден өнім алған диқан­да­ры­мызды мақтан тұтамыз.

Қамбамыз дәнге, қорамыз малға толып, халқымыздың құт-берекесі арта берсін, – деді облыс әкімі.

Су тапшылығына байланысты об­лыс­тағы күріш көлемін азайту тура­лы пі­кірлер арагідік болса да айтылып қа­лады. Бірақ бұл – өңірдегі негізгі са­ла­ның дамуын кідірістетіп, салада жұ­мыс істеп жүрген мыңдаған адамды нәпақасынан айыру деген сөз. Күріш егілмеген алқаптың сор басып, ештеңеге жарамсыз болып қалатыны тағы бар. Тұқым мен тыңайтқыш қат болып, техника талан-таражға түскен тоқсаныншы жылдар тәжірибесі осыған көзімізді жет­кіз­ді. Дегенмен, әлемдегі су ресурс­тары тапшылығы көзқарасымызды өзгер­туі керек. Мұның алғашқы қадамы су үнемдеу технологиясын енгізіп, күріштен басқа дақылдарды тамшылатып, жаңбырлатып суару көлемін ұлғайту болып отыр.

Биыл қазалылықтар 87 гектар жерге егілген жүгеріні жаңбырлатып суарып, тың тәжірибені қолға алды. Облыста ал­ғаш рет түрік компаниясымен бірлесіп 13,8 млрд теңге болатын қызанақ пастасын өндіретін зауыт салынады. Өндіріс жылына 24 мың тонна қызанақ пастасын шығарады. Оған қажетті өнім де жаңа технология арқылы өсіріледі.

Осы жылы өңір шаруаларының бақша өнімдерін егуіне де мүмкіндік жасалды. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес ірі шаруашылықтар ауылдарға 10-15 гектардан жер дайындап, 6 802 отбасы 1 833 гектарға дән тастады.

Диқандар мерейін асырған салтанатты іс-шарада ауыл шаруашылығы саласына елеулі үлес қосқан Жарылқасын Шәрiпов пен Имамзада Шағыртаевқа «Қызылорда облысының құрметтi азаматы» атағы табыс етілді. Бірқатар сала қызметкері облыс әкімінің құрмет грамотасы, Ауыл шаруашылығы министр­лі­гінің «Еңбек ардагері» медалі мен «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төс­бел­гі­сімен марапатталды.

Топ жарған озаттар қатарында «Мағжан и К» ЖШС үздік еңбеккерлеріне «Lada Vesta», «Жаңажол», «Ақжарма и К» қожа­лықтары шаруаларына «Lada Granta» автокөліктерінің кілті табысталды. «Таң ЛТД» ЖШС мен «Ақжар» шаруа қожа­лығының озаттары «Chevrolet» автокөлігін тізгіндеді.

Аудандар арасында «Ауыл шаруашы­лы­ғы өнімдерін өңдеу саласы» аталымы бойынша Қазалы ауданы марапат­тал­са, «Мал шаруашылығы» саласы бойынша Арал ауданы үздік шықты. «Егін шаруа­шы­лығы» аталымында Шиелі ауданы жеңімпаз болып, «Агроөнеркәсіп кешенін дамытуда ең жоғарғы көрсеткіштерге қол жеткізген үздік аудан» атағы Сырдария ауданына бұйырды. Сахна төріне шыққан озат шопан, диқан, комбайншы, агроном, бригадирлерге көп алдында құрмет көрсетілді.

Салтанатты жиынды жергілікті өнер­паз­дар жалғастырып, дала еңбек­кер­ле­рінің құрметіне мерекелік концерт қо­йыл­ды.

«Алтын дән – 2022» мерекесі аясында облыс орталығында ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылып, аудандар мен Қызылорда қаласының шаруалары тұрғындарға өз өнімдерін базардан 15-20 пайыз арзан бағада ұсынды.

Облыс әкімі сауда қатарларын аралап, халықпен пікірлесті. Облыста дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын мұндай шара­лар­дың азық-түлік бағасын ұстап тұруға тигізер септігі мол. Ала жаздай атыз жаңалаған еңбекші жұрттың маңдай те­рінің өтеуіне айналған жәрмеңкеге асыққан жұрттың қатары қалың болды. Әсіресе Аралдың балығы мен Жал­ағаш­тың ақжарманы, Сырдарияның бал татыған қауыны мен Жаңақорғанның брендіне айнала бастаған қарбызы демде алушысын тапты. Қазалының кәм­питін, Қармақшының шұбат-қымы­зын, Шиелінің картобын көптеп алып жат­қандар байқалды. Қызылорда қала­сы­ның шаруалары бұл жолы ет өнімдерін жет­кізді.

695

Облыс орталығында жүйелі өтетін жәр­меңкелерде Қызылорда қаласы мен аудан­­да­рының тұрақты орындары бар. Бұл жолы «Тағзым алаңындағы» Қызылорда қаласының сауда қатарларына 80 жүк көлігімен 300 тоннаға жуық өнім әке­лінді. Журба көшесінің бойында қар­мақшылық шар­уа қожалықтары өз өнімдерін ұсынып, 74 жүк көлігімен әке­лін­ген 240 тоннаға жуық өнім сатылды.

Титов қыстағына жалағаштық кәсіп­кер­лер 85 жүк көлігімен 250 тонна ауыл шаруа­шылығы өнімдерін жеткізді. Мұн­да картоп, жуадан бөлек, асқабақ пен бақ­ша өнімдерін базар бағасынан арзанға алған тұрғындар риза болысты.

Жанқожа батыр көшесінің бойына Сырдария ауданынан 87 көлікке тиелген азық-түлік тауарлары апарылды. Алпыс тоннадан астам күріш, дәл осы көлемде картоп, 45 тонна сәбіз, 40 тонна пияз, 90 тонна қауын мен қарбыз, 25 тонна асқабақ және 30 бас тоқты жеткізілді.

С.Торайғыров көшесіне аралдық шаруалар 60 жүк көлігімен 170 тоннаға жуық азық-түлік жеткізді. Теңізді аудан­ның кә­сіп­­керлері облыс орталығы тұрғын­да­рына мұздатылған балық өнімдері, ас тұзы, ет, құрт, ірімшік, 500 литр шұбат пен 60 бас қой әкелді.

Қазалылық еңбеккерлер жәрмеңкеге 70 жүк көлігімен 150 тоннаға жуық өнім алып келді. Аудан өнерпаздары жәр­мең­ке­ге жеткен жұртшылыққа әсерлі көңіл күй сыйлап, тоқшылық тойын думанға бөледі.

Астана даңғылының бойында жаңа­қор­­ғандық шаруалар жәрмеңке жайды. 82 жүк көлігімен жеткізілген 300 тонна өнім арзан бағада саудаланды. Ал Шиелі ауданы диқандары 260 тоннадай ауыл шаруашылығы өнімдерін сатты.

Облыс әкімі қала мен аудан әкім­де­ріне және ауыл шаруашылығы басқар­масының басшысына азық-түлік бағасын тө­мендетуге мүмкіндік беретін жәрмең­ке­лерді жыл соңына дейін әр апта сайын тұрақты түрде ұйымдастыруды тапсырды.

Республика күніне орай «Алтын дән – 2022» мерекесі аясында атшабарда ала­ман бәйге өтті. Дода биыл ұлттық ат спор­тының 4 түрінен ұйымдастырылып отыр. Оған жергілікті атсейістер баптаған жүй­ріктерден бөлек еліміздің бірнеше об­лы­сынан арнайы келген азаматтар сәйгүлігін қосты.

Бес шақырымдық тай жарыс пен 11 шақырымға созылған құнан бәйгенің жүлделері жергілікті жүйріктерге бұйыр­ды. Топ бәйгеде жамбылдық шабандоз Асылжан Назар мінген сәйгүлік көмбеге бұрын жетті.

Аламан бәйге жүлдесі жалағаштық Ержан Әлиханға бұйырды. Шабандозға 4 млн теңгенің сертификаты табысталды.

Жомарт күздегі еңбек мерекесі Сыр бо­йында осындай салтанатпен атап өтіл­ді.

 

ҚЫЗЫЛОРДА