Пікір • 19 Қазан, 2022

Ұлытауда жаңғырған мереке

247 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ұлытауда өткен алғашқы Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Республика күні мейрамын қайта жаңғыртып, ұлттық мереке деңгейінде атап өту туралы сөз етіп қана қоймай, сындарлы шешім қабылдағаны көпшілік көкейінен шықты.

Ұлытауда жаңғырған мереке

Коллажды жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Еліміз тәуелсіздігін жариялаған күннен бастап ел болып бұл күнде ортақ Отанымыздың қадір-қасиетін айқындап, әлемге паш етіп, мерейлі мереке ретінде атап өтетін. Кейінгі ұрпақ біле бермейтін бұл даталы күн егемендігін жариялаған дархан елде 2009 жылға дейін 25 қазанда тойланып келген еді. Шындығында 25 қазанның Республика күні болып аталып өтілуі маңызды әрі мұнда елдің бір тұтастығы үшін киелі тарихи мәлімет жатыр.

1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің шешімімен «ҚазКСР-нің мемлекеттік егемен­дігі туралы» қабылданған декларация – Қазақстанның болашақ тәуелсіздігінің іргетасы саналды. Бұл декларацияның қабылдануымен егемендігін мәлім ететін жеке территориясы, азаматтығы, мемлекет­тік бюд­жеті, халықаралық қаты­нас­тардағы дербестігі, мемлекеттік рәміздері бекітілді. Қазақстанның егемендігі және территориясының тұтастығы саяси, құқықтық және экономикалық тұрғыдан дәйектелді. Осы кезден бастап демократиялық қоғам құру мақсатында ел ішіндегі қоғамдық-саяси құрылымға біраз өзгерістер енгізіле бастады. Бұл құжат арқылы әлем картасындағы жаңа мемлекет – Қазақстан Респуб­ликасының негізі қаланды.

1992 жылдан бері тойланған Республика күні мемлекеттік мерекелер тізіміне тек 2001 жылы ғана ресми түрде енген еді. 2001 жылғы 13 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» №267 заңмен бұл күн мемлекеттік мерекелер қатарына қосылды. Бірақ 2009 жылы аталған заңға өзгерістер енгізіліп, 30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы күні ұлттық мереке болып өзгергендіктен, Республика күні мемлекеттік мерекелер тізімі­нен алынып тасталды.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мерекенің тарихи маңызын алға тартып, қайта жаңғырту керек екенін мәлімдеген соң, 29 қыркүйекте ұлттық мереке ретінде қайта бекіту туралы заңға қол қойды.

– Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек, – деді Мемлекет басшысы Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысында сөйлеген сөзінде.

Осы уақытқа дейін ұлттық мереке ретінде тойланып келген Тәуелсіздік күні мемлекеттік мерекеге айналды. Мемлекет басшы­сының пайымдауынша, бұл күн күнтізбеде мереке емес, еске алу күні сипатында аталып өтіледі. Дегенмен мемлекеттік мереке деген мәртебесі жойылмайды.

Осы жылдан бастап 25 қазан Респуб­лика күні ретінде атаулы дата­лардың біріне айналып, мем­лекет­тік мереке мәртебесіне ие бол­мақ. Еліміз үшін маңызды қадам жасал­ған сәт тарих қойнауында қа­лып қоймай, қазақстандықтар үшін құр­мет тұтатын мемлекеттік тұрғы­да маңызы бар мерекеге айналады.

 

Талапкер ӘМІРЕЕВ,

генерал-майор,

Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы

 

АЛМАТЫ