Медицина • 19 Қазан, 2022

Паркинсон дертіне дауа мектеп

161 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Президенттің Іс Басқармасы Медициналық oрталығының ауруханасында паркинсон ауруы бар пациенттерге арналған мектептің алғашқы кездесуі өтті.

Паркинсон дертіне дауа мектеп

Кездесуге 20-ға жуық адам қатысты. Іс-шара барысында па­циенттер пар­кинсон ауруын емдеу және оңалту тура­лы ақпаратпен, тұрмыс, тамақтану, диетаны ұйымдастыру мәселе­ле­рімен және басқа да маңызды ұсыныстармен танысты.

«Паркинсон мектебі пациент­те­рі­міздің өтініші бойынша ұйым­дас­ты­рыл­ды. Біздің мін­де­тіміз – пациенттер мен отбасы мүшелерін емнің қыр-сырымен таныстыру. Мамандар оларға дәрі-дәрмектердің әсері туралы, оны қабылдау ерекшеліктері туралы ақпарат бере отырып, саламатты өмір салты негіз­­де­ріне, асқыну, өршудің алдын алу­ға үйретеді», дейді ПІБ Ме­ди­циналық орта­лығы ауруха­насының невролог-паркинсонологі Раушан Таутанова.

Паркинсон мектебін ұйым­дас­тыру – паркинсон ауруы бар әр пациенттің өмір сапасын жақсарта түсуге бір қадам. Бұл невролог, нейрохирург, реабилитолог, логопед және басқа да мамандар бірлескен үлкен команданың жұмысы. Осындай мектептер көптеген елде бар және олардың клиникалық және психо­логиялық тұрғыдан жақсы көмегі тиеді.

«Медициналық орталық ауруханасы әрдайым осындай іс-шараларды қол­дайды және бізде паркинсон ауруы­ бар па­циенттерге көмек көрсету үшін ресурс жеткілікті. Біз пациент­тер­ге ғы­лыми дұрыс не­гіз­дел­ген ақпарат бе­ре­міз. Осы­лай­ша, олардың күмәнді экспери­менттерге, қалай да емделу мақ­са­тында қателіктерге бой алдыр­мау­ға шақырамыз», деді невролог-паркинсонолог Раушан Таутанова.

Ұйымдастырушылар пар­кинсон мектебінің жұмысын тұрақты іс-шараға айналдыруды жоспарлап отыр. ПІБ Ме­ди­ци­налық орталығы ауруха­на­сының неврологтері жыл сайын 100-ге жуық адамға қозғалыс бұзы­лыс­тары бойынша консультация беріп емдейді. Олардың кейбірі операциялық ем алып жатыр.

Паркинсон ауруы – мидың жүй­келік жасушаларының бір­тін­деп семуі салдарынан пайда болатын ауру. Мұндайда адам­­да дірілдеу, жалпы қи­мыл­дың на­шар­лауы, қимыл-қозғалыстың қиын­дауы, үйле­сімсіздігі, тепе-теңдіктің бұ­­зыл­уы байқалады.