Руханият • 19 Қазан, 2022

Көзбояуы жоқ көріністер

301 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

– Көзбояуы жоқ көріністерді жазбай кеттің. Мен іздеп жүріп оқушы едім, – деді бір жер ортасынан асып қалған ғалым кісі сөздің түбін түсіре сөйлеп.
– Сізден басқа кім оқиды?
– Менің әріптестерім мен таныстарым оқиды. Отырған жерде әңгіме қыламыз. Ол – өмірдің өзі, сен өмірдің сайқымазақ көрінісіне баға беріп отырсың ғой, – деп тәптіштеп кетті.
– Әркімнің өз бағасы бар ғой.
– Толстойдан бастап, анау Достоевский, орыс классиктерінің бәрі де күнделік жазған. Бұл, бір жағынан, күнделік сияқты нәрсе, мынау жарық жалғанға беретін бағаң. Сен оны тастама, – деп алғырлығы мен білімпаздығын алға тартты.
Күнделік деген сөз жаныма жағып кетті. Датасын қойып, күнделік жазбасақ та осының бәрі өмір күнделігіндей боп көрінеді, өйткені сүйіну мен күйіну әркімнің басында бар. Күнделік жазсақ та ерте емес, Пайғамбар жасынан астық. Айы мен күні айтылмаған күнделік менің де көргенім мен білгенім дейік.

Көзбояуы жоқ көріністер

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

* * *

Темір жол вокзалы мен әуежайға барсам, жүрегім ауырады. Есіктен кіргеннен еден жуып, терезе сүртіп, бүкеңдеп жүр­ген қазақ қыздарын көрем. Оу, Ал­матыда өзге ұлттардың өкілдері өріп жүр ғой. Базар да, бұрыш-бұрыштағы сауда нүктесі де солардың қолында. Неге солар тұрған жерінің кірін жуып, шаңын сүртпейді?

Қабанбай мен Зенков көшелерінің қиылысында «Хачапури» деген әзер­байжан наубайханасы бар. Онда да қамыр илеп, нан жайып тұрған шаштары жалбыраған қазақ қыздары. Көкірегі жүндес кавказдық қожайын сырттарынан сүйсіне қарап, нұсқау беріп, ыржиып отырған «бай баласы». Қыздардың біразы жоғары білімді, дипломдары бар. Өз жерінде өздері жалдамалы күшке айналып жүрістері анау.

Қаракөздерім күң боп жүре бере ме?

Олар бәріне дайын.

Ана болып, шұбыртып бала туып, қазақтың санын көбейтуге дайын болса екен.

* * *

Азық-түлік дүкенінің алдына барсаң шыттай боп киініп ап, алақан жайып, күлмеңдеп қарап тұрған көк көзді, сары шашты орыс әйелін көресің.

Қасында үлде мен бүлдеге оранып, аспанға түрлі-түсті шар ұшырған екі-үш сәбиі. Оу, садақа сұраған мүскіндер алба-жұлба киініп, Алладан несібе дәметіп, дірілдеп тұрмаушы ма еді? Мынаның үстіндегі киімі менің бәйбішемде жоқ, қолынан жетелеген немерем: «Маған да ұшатын шар әпер» деп қыңқылдай бастады. «Ондай шар жоқ, қымбат әрі зиян» деп немеремді жұбаттым. «Зиян болса анау бала неге аспанға атып тұр?!» деп келте жауап қайырды. Дүкеннен шығып, қара бақырын мәдениетті мүсәпірдің қалбырына тастап кетіп жатқандар да қазақтар. Сары шаштылар «алсаң мұсыл­маннан ал» дегендей, өз ұлтының өкіліне күлімсірей қарап, бастарын изеп өтіп жатыр.

Бұл жердегі қайыршылар әркез ауысып тұрады. Кеше басқаларды көргем. Өздерінің кезегі бар.

Бәрі де қазақтың қолы ашық екенін біледі, тіпті міндетсіне қарайтынын қайтерсің.

Садақа беру де мұсылманнан хрис­тианға ауысқан сияқты.

Олар пітір мерзімін де қалт жібермей сол кездері қазақтың іші-бауырына кіріп, бір үйдің баласындай мейірімін төге қалады. Қауашаққа түскен теңгенің сыңғыры «Спасибо!»-мен аяқталғанына әйтпесе құлықсыз бас изегеніне мәз боп біз кетіп бара жатамыз.  

* * *

Бір жоғары оқу орнында ұзақ жыл ректор болған академик базына айтты.

– Сексеннің ортасына келдім. Енді қанша өмір қалды дейсің. Өмірбаяндық кітап жазсам деймін. Мен айтып отыра­йы­н, сен түртіп отырсайшы.

– Базынаңызды Мұхтар Әуезовке айтыңыз.

Ол күлімсірей қарады, бірақ тіл қат­пады.

– Әйтпесе Ғабит Мүсіреповке жазғы­зыңыз. Социалистік Еңбек Ері.

– Оу, олар о дүниелік емес пе?

– Әбдіжәміл Нұрпейісовке жазғы­зыңыз (оның өмірден өтпеген кезі). КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреа­ты, Қазақстанның Еңбек Ері.

Академик бір сәт үнсіз қалды да, қолын иығыма салды.

– Бақшаңа түсіп кеткеніме, кешір. Бізде қазір ми қалды дейсің бе, талғам қалды дейсің бе? Жазатын біреу-міреуді тауып бере алмайсың ба? Жазушы деген атың бар ғой.

– Тауып бере алмаймын.

Ол бұрылып кетті.

Мен соқпақ жолмен тура тарттым.

* * *

Нан қымбаттады. 2021 жылдың ақырында шаруа наны 99 теңге еді, қаңтар қырғынынан кейін 225-ке бір-ақ көтерілді. Қазір 212 теңге боп таразы басы кілтілдеп тұр.

Ал көшеде торсеткінің көркін келті­ріп, дөп-дөңгелек боп буылған үлбі­реген әжетхана қағазын көтеріп келе жат­қандар көп-ақ. Қара нан қымбаттаған сайын шеттен келетін қат қағазды арзан кезінде алып қалайық деген әрекет қой.

* * *

Кіші Алматы өзені бойындағы жаяу соқпақта қыдырыстаған сайын жалпақ орындықта ауа толтырылған кереуетін жайып тастап, «өз үйім – өлең төсегім» деп сақал-шашы өскен славян тектес біреу жатады. Қасында қонжиып мол пішілген ала дорбасы тұрады. Оның ішінде не барын кім білсін? Кешегі індетте полисай біткен бұрыш-бұрышты қарауылдап, қадам бастырмай жатқанда әлгіге ешкімнің тісі батпады, кіші Алматы өзені дәл бір құдасының үйіндей көсіліп жатты. Осы «бомж» сұлба әркез орын ауыстырып тұрады. Кейде аялдамадан көріп қалам. Арқасында қанар қабы, қолында ала дорбасы. Кеше азық-түлік дүкенінен көрдім. Жуынып-қырынған зиялы бейне айналасына Штирлицтей аса сақ, аса маңғаз қарайды. Осындай сұлбаны біз байқағанда құқық қорғау орындары қалай байқамайды екен?

* * *

Балалық шақ туралы жазу әрі оңай, әрі қиын. Біреу әкесі өліп жастай жетім қалса, біреу анасынан айырылып, тірі жетім болғанын мөлдіретіп баяндап береді. Бірақ өзі өмір сүрген қоғам туралы жақ ашпайды, моральдық кодекс деген арықтан аттай алмай тұрып қалады. Қоғамның жақсылығы да, жамандығы да жетіп-артылады. Тасқа басылған сөзден оқырман пікір күтеді. Әйтсе де, балалық шақ туралы жазбас бұрын Л.Толстойдың «Детство»-сы мен Рю Муракамидің «Дети из камеры хранения»-сын, сосын балалар үйінің бояуы қанық суреті – В.Астафьевтің «Кража»-сын оқып шығу ләзім. «Детство» деген әннің әуені мен сөзін өзі жазған, көкірегі «Ақ гүлдердей» әппақ Юрий Шатуновтың жүрек лүпіліндей әнін бір тыңдап алу да артық емес. 48 жасында кенет өмірден өткен шығармашыл тұлға өмір бойы жетімдіктің ащы дәмін жырлаумен өтті.

Әйтпесе «дейді екен» естеліктер естен тандырды.

Әлі сол «Қобыланды келед сайменен...»

Оу, «қашанғы келед сайменен» дейтін біреу табылатын шығар?

* * *

Жағымпаздарға дүре соғылудай-ақ соғылып жатыр. Әлеуметтік желіні қарап қалсаң – жағымпаз, «Жас Алашты» парақтасаң – жағымпаз. Бірақ соларың жұрттың сөзін шыбын шаққан құрлы көрмейді, сойылын соғып, көрігін басып отыр.

Жағымпаздық – өнер. Жүрегінің түгі барлар ғана жағымпаздық жолға түседі. Екінің бірі жағымпаз бола алмайды. Онда жұрттың бәрі ақ кеменің желкенін ұстап, қайықтың ескегін есіп кетер еді. Алған білімің де, айналаңдағы адамдар да жағымпаздық деген есіктен кірерде босағада қалып қояды екен.

«Адамдық түбі – адалдық, адалдық түбі – жамандық» деген-ді Ақселеу Сейдімбек. Ақселеу де адалдықтың құрбаны. Адамдар ақ сөзін айтып тұрып атылып жатыр. Олар айтпаса тұра алмайды. Олар шетке шығып, қайырлап қалған кемелер секілді. Олардың SOS-ы жүрегінде. Күндіз-түні көгілдір экраннан көз алмай, «ұялмай әнші боп» жүргендердің әулекі әуенінен бастары айналған қайран қазақ соларды «жаманның» қатарына қосады. Олар үшін мәнерлеп сөйлеп, мадақ айтқандар осы дүние дүлдүлі боп көрінеді. Гитлердің «Менің күресім» кітабындағы жаулап алған халықты мәңгі құлдықта қалдыру үшін әулекі әуеннің құшағында ұстау керек деген сөздің көрінісі осы.

Жағымпаздық – «жасампаз күш» Идеологиясы жоқ қоғамда жағым­паздық­ты жою мүмкін емес.

* * *

Ауыл шаруашылығымен айналысатын өлкеге агрономның бірінші басшы болуы – өмір заңы, қалыптасқан кадрлық ереже. Мәселен, Қызылордаға ауылдың ошағына алақанын жылытпай, кетпеннің суретін ғана көрген «қыз-әкім» келгенде бір кәнігі диқан: «Апырмай, Әуелбековтің орнына кеп отырды ма?!» деп қатты опынған екен.

Топырақтың иісін иіскеген маман егінді жерге, мыс балқытып, шойын қорытқан металлург зауытты жерге ие болушы еді. Сәбит Мұқанов «Сыр­дарияны» жазарда Шиеліге келіп, әр ауызға құлағын түре жүріп, «күріштің арқасында күрмек су ішеді» деген мә­телді естігенде солтүстіктен шыққан қаламгер қатты таңғалып, тұрып қалып­ты. «Апырмай, мен естімеген сөз ғой мынау, мен өзі күрішші туралы роман жаза алар ма екенмін?» деп абдырап, айналасына қарай беріпті. Қазір күріш пен би­дайдың айырмасын білмейтіндер диқан қауымға ақыл айтып, алдын кесіп жүр.

«Түйе тұқымын асылдандыру» деген кітапша жазып, ақырында, 1939 жылы «халық жауы» атанған Қал­жан Қоңыратбаевқа тергеуші: «Сіз фео­дализмді аңсап кітап жазыпсыз, түйенің мойны неге қисық?» деп сұрақ қойыпты. Тұтқын: «Түйеде түзу жер бар ма?» деп жауап беріпті. (Бұл сұрақ-жауап НКВД хаттамасында тіркелген). Қайта құру заманында құмды аймақтан тың өлкесіне облыстық атқару комитетін басқаруға жіберген жігітпен алдын-ала тілдескен облыс басшысы Бородин: «Маған түйекеш емес, тыңгер керек» деп Елбасының кадрын қайтарып жіберіпті.

Бәрі қайта құрудан басталды.

«Ұялмағандар әнші болуды» да осы кезден бастады.

«Жалдамалы жазушылар» да осы кезеңде пайда болды.

Егінді біліп екпесе, арам шөп қаптайды.

Кетпенді білген шабады.

Білгенге дауа жоқ.

Білмеске сөз өтпейді.

* * *

Қазір бәрі – қоғамдық. Ғылым академиясы да, Жазушылар одағы да, т.б. қоғамдық ұйым болып есептеледі. Демек бұлар өз күнін өзі көріп, мемлекет маңдайдан сипамайтын мекемелер. Қоғамтану пәні қоғамдық ұйым­ды «белгілі бір мақсатта топтасқан, ын­ты­мақтас, ниеттес адамдардың ерікті бірлестігі, қауым, әлеуметтік топ, твор­чес­тволық одақ» деп түсіндіріп еді. Жетпіс жыл жалаулатып жүріп, бұған да жеттік. Ал енді қазір қаптаған қоғамдық ұйым. Журналистер академиясы да құрылыпты. Жөн. Қалам ұстағандардың көңілін аулайын деген шығар. Шын мәнінде, журналистика мамандық емес. Журналистика – әркімнің жүрек қалауы­мен шабар адал кетпені. Қазір бұл сала да әуесқойлардың кәсібіне айналып кетті. Академик-журналисті көргенде ғы­­лым­дағы корреспондент-мүшелерді аяп кетесің.

Қазір әр облыста журналистика фа­культеті бар. Бір кезде «Егеменнің» «ет­­жеңдісіне» шыққан «Журфак көбей­ген­мен, хабар жаза алатындар азайды» деген мақала да еске түседі. Қасиеттен айырылсаң, бәрінен айырыласың.

1980 жылы Алматы облыстық «Жетісу» газетінде тілші боп жүріп, Ма­нап Көкеновпен айтысқа түскен На­дежда Лушкинованы тауып ап, «На­дежда, сен үмітсің» деген очерк жаздым. Редакция жыл соңында материалды Журналистер Одағының сыйлығына ұсыныпты. Бәйге берерде қазылар тобының бір мүшесі: «Мына жігіт мүше емес екен ғой» деп пікір айтыпты. Сон­да төраға Балғабек Қыдырбекұлы: «Се­нің мүшеңнің қай жері артық?» деп сұрапты, дейді. Айтпағым, қоғамдық ұйымдар көбейді. Олар шығармашылық иелеріне не береді? Кейбіреулер төс­белгі таққанына мәз. «Қазақ тілінің сөз­дігінде» айтылғандай, «ниеттес адам­­дардың ерікті бірлестігі» боп жүр­гендерін мәртебе көретін сияқты. Төс­белгі таққандар көбейіп барады. Төсін ұрғандар ше?

«Шөп те өлең, шөңге де өлең» деп шырқаған «еріктілердің» еркін заманы туды.

Ағысқа қарсы жүзуге болмайды, иірім тартып кетеді.

Қара суда жүзуді қаршадайынан үйренгендер иірімнен қорқа қойса...

* * *

Көгілдір экранға көп үңілмеймін. Көз­дің де шамасы келе бермейді. Көңіл­сіз күйге түсіп, күйреуік сезімге бой ал­дыр­ғанда «Дос-Мұқасанның» ескі құра­мының орындауындағы Ғази­за Жұбанованың «Жыр жазамын жүре­гімнен» мелодиясын тыңдаймын. Көңі­лімде самал есіп, әжептәуір көте­ріліп қалам.

Ал осы бір рухани жаңғыру деген жалаң насихат әбден рухымызды түсіріп бітті. Біз бұрынғы байлығымыздан айыры­лып қалдық. Бос сөз, нәтижесі жоқ тірлік, патронсыз алға ұмтылған жалаң «ура!» Елге барсаң, сенің кітабыңды не газет-журналға шыққан әңгімеңді оқыдым деген адамды емге таппайсың. Бәрінің айтары – «кітап жоқ, бізге газет-журнал келмейді» деген бір-ақ ауыз сөз. Олар анда-санда телехабардан жалт еткен бейнеңді «бетіңе басады», «телебезерден неге көрінбей кеттің?» деп сұрақтың астына алады. Енді телехабарлардан да бас тартатын болдық. Осындай ертоқым артқа кеткен кезеңде «Ютубты» ашып, «Ворошиловский стрелок» деген фильмді көрем. Михаил Ульянов көкеме ризамын. Нағыз сорпасы қайнаған шал, соғыс көрген қайтпас қайсар сіңір көкірек. Біздің әкелеріміз де осындай еді. Осы фильмде бәрі бар. Бірінің артын бірі жапқан құқық қорғау орындарындағы жалпақшешейлік пен жауыздық, шендінің бөлтірігін қорғап, әлсізді қасқырға талату, «жағасына» сенген жасөспірімнің өмірге түкіріп қарауы мінсіз ашылған. Режиссер Станислав Говорухин «Ворошиловский стрелок» арқылы заманның нысанасын дәл көздеп, тоғыздыққа дәл тигізген. Көркем шығарманың құдіреті де осы емес пе?

Айтпағым, сахнаға шығып сіңбіріп, маңқасын денесіне жаққан «әншіге» ду қол шапалақтаған көрермен осы фильмді көрсе ғой. Шет елдің небір киносы қазақша сайрап тұр, ауыл көрермені үшін осы «Ворошилов атқышын» неге аудармасқа?

* * *

Бала күнімізде әпкелеріміз бен қыз-келіншектер бас қосқан жерде Сәбит Мұқановтың «Ботагөзіндегі» Асқар мен Ботагөздің махаббатын сөз етіп, «аузын ашып, көзін жұмушы» еді. Өткен ғасырдың 70-80 жылдар аралығында Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық, мол жылдары» бүкіл студент қауым мен жастардың аузынан түспейтін айтулы шығармаға айналды. Кездесулерде де, қызойнақта да, әйтеуір бас қосылған жерде Ербол мен Меңтайдың махаббаты жайлы тамсана айтып, неке қияр тойларда осы екі кейіпкердің сүйіспеншілігін үлгі ғып тілек дегенің қарша борап жататын. Жарасқан «Журналистер ортасында жазушы, жазушылар ортасында журналист» десе де, Әзекеңнің аты осы кітабымен шықты. Ал қазір көңілді отырыста да, пойыз бен ұшақта да екі адам шүйіркелесе қалса, Дариға мен Болат кейіпкер боп әңгіме арқауына айналады. Өміріміздегі тірі кейіпкерлер осылар болып тұр. Адам бір тақырыпты айналсоқтай беруден де жалығады екен. 70-80 жылдары әдебиетте жұмысшы тақырыбы тың тақырып боп екінің бірі қалам тарта алмай қашқақтайтын. Ал бүгінгі тақырып жұрттың бәріне етене, ауызбен де, қаламмен де айызын қандырып жатады. Әрине, адамзат басқа түскен күйзелісін жария қылмай тұра алмайды. Мұны күйзелісті бір адамдай бастан өткерген Федор Достоевскийдің бір ауыз сөзімен түйіндесек: «человек и вообще так создан, что любит свое прожитое страдание». Біз де қазір өткен тағдырымызды қазақы ауызбен қазанға бидай ғып қуырып жатырмыз. Әділетті Қазақстанның жаңа тақырыбы болмай ма? Сүйікті кейіпкеріміз Ботагөз бен Асқар, Ербол мен Меңтай шығарма финалында оқырманды «уһ!» дегізіп, мұрат-мақсатына жетуші еді. Бүгінгі күн кейіпкерлерінен де осыны күтіп жүрміз.

 

Қуандық ТҮМЕНБАЙ,

жазушы