Фестивальдің салтанатты ашылуына қатысқан Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев атаулы өнер думанының маңыздылығына тоқталып, актрисаның өнердегі өнегелі еңбегі турасында тұшымды ойларын ортаға салды.
– Шолпан Жандарбекова – ұлттық театр және кино өнері тарихында өшпес із қалдырған ерекше тұлға. «Абай жолы», «Дала үні», «Махаббат туралы поэма» және басқа да фильмдерде ойнаған. Сондай-ақ театр сахнасында 300-ге жуық образды кемеліне келтіре сомдап, сахна саласында өшпес із қалдырған әртіс. Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясында ұстаздық етіп, әртістердің алып шоғырын тәрбиелеп шығарды. Актрисаның театр өнеріне сіңірген еңбегі теңдессіз. Сондықтан да айтулы фестивальді еліміздің мәдени өміріндегі ең ауқымды және маңызды жобалардың бірі деп санаймын. Ол көрермендерді шығармашылық ұжымдармен таныстырып қана қоймай, сонымен қатар жас актерлерге, режиссерлерге және жазушыларға үлкен сахнадан мәлімдеме жасауға мүмкіндік береді, деген министр мұндай өнер оқиғаларының театр мамандары үшін маңызы мен пайдасына тоқталды: – Талай талантқа тұғыр болған осынау театр жәрмеңкесін көрермендер асыға күтеді. Жас режиссерлер мен актерлер кәсіби шыңдалып, ал аға буын өз тәжірибесін ортаға салатын фестиваль. Барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін. Шығармашылықты шыңдап, ой, тәжірибе алмасатын айтулы театр фестивалі мерекесін ашық деп жариялаймын. Талғамы биік көрерменді сахна сиқырына бөлей беріңіздер, деп түйіндеді Дәурен Абаев фестивальдің ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде. Министрдің айтуынша, Шолпан Жандарбекованың шығармашылық жолы – сүйікті ісіне адалдық пен нағыз кәсібиліктің жарқын үлгісі.
Мерейтой аясында сахна саңлағының өнердегі өрелі жолынан сыр шертетін Ерғазы Төлеудің «Шолпан жұлдыз» атты кітабының таныстырылымы өтіп, актриса шығармашылығына арналған дөңгелек үстел, Ш.Жандарбекованың шығармашылық ғұмырынан сыр шертетін көрме ұйымдастырылды. Тағылымды шарада өнер иесінің көзін көрген театр қайраткерлері, төл шәкірттері, зиялы қауым өкілдері аңыз актриса туралы әсерлі естеліктерімен бөлісті.
– Бұл Шолпан Жандарбекова, кешегі өткен Бикен Римова мен Сәбира Майқанова апаларымыз – сол бір ұрпақ енді қайтып келмейді. Ол кісілер әлдеқашан ұлттың ұлы тұлғаларына айналды. Еткен еңбектері театр тарихының беттерінде алтын әріппен жазылды. Аңыз адамдардың сахнада тудырған өнерін ешкім қайталай алмайды. Біз солардың ізін басып, көзін көргеннен кейін, солардың болмысындағы олардың айтып-айтпай еткен еңбегінен алған өнегемізбен өмір сүріп келе жатырмыз. Келешек ұрпақ үшін, әсіресе театр өнерін таңдаған жас таланттар үшін Шолпан Жандарбекова өнері мәңгі сөнбес шамшырақтай жол көрсетіп, таусылмас тағылым мектебі болып қала берері сөзсіз. Қазақ елі, киелі өнерді бағалайтын талғампаз халқы барда Жандарбекова есімі өшпейді. Таң алдында туған шолпандай жарқырай береді, – деп толғана сыр ашты Қазақстаннның халық әртісі Алмахан Кенжебекова.
23 қазанға дейін жалғасатын іс-шараға сараптамалық кеңестің шешімі бойынша іріктеуден өткен 10 театр қатысады. Қойылымдарды танымал театр сыншыларынан жасақталған қазылар алқасы бағалайды.
Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтіп жатқан фестивальді ұйымдастырушы ұжым – Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық қазақ музыкалық драма театрының директоры Айболат Жаудыр мәлім еткендей, өнер додасына қатысуға барлығы 27 театр ұжымы өтініш бергенімен, сарапшылар кеңесінің шешімімен тек 10 театр ғана іріктеуден өткен. Бабы келісіп, бағы жанған театрлар қатарында С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық-драма театрының «Жұт» (авторы – О.Жанайдаров), Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының «Оян, қалыңдық» (авторы – Г.Лорка), Ә.Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрының «Боранды бекет» (Ш.Айтматов), Ф.Достоевский атындағы Мемлекеттік Семей орыс драма театрының «Кішкентай ханзада» (А.Экзюпери), Ақмола облыстық орыс драма театрының «Шағала» (А.Чехов), Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының «Алтайдан ауған ел» (Х.Алтай, Х.Оралтай), С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрының «Текебұрқақ» (Ш.Мұртаза), М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрының «Найзағай» (А.Островский), Түркістан музыкалық драма театрының «Қорқыт» (Е.Аманшаев) және Республикалық академиялық неміс драма театрының «Андорра» (М.Фриш) спектакльдері бар.
– Қазылар алқасының шешімімен барлығы жеті аталым бойынша жүлде тағайындалатын болады. Атап айтсақ, үздік актер мен үздік актриса, екінші пландағы үздік актер мен үздік актриса, үздік сахналық шешім (сценогарфия), үздік режиссура және үздік спектакль аталымдары бойынша жүзден жүйрік шыққандар марапатталады. Фестивальдің ең үлкен жүлдесі –
1 млн теңге қаржылай сыйлық, – деді Айболат Жаудыр.
Салтанатты шара аясында көрермендер театр фойесіне арнайы қойылған актриса Шолпан Жандарбекованың шығармашылық ғұмырынан сыр шертетін көрмені тамашалап, фестиваль шымылдығын ашқан алғашқы қойылым – Қ.Қуанышбаев театры ұжымының «Алтайдан ауған ел» спектакліне баға берді.
Сондай-ақ фестиваль аясында Қазақстанның Халық әртісі Қадыр Жетпісбаевтың 80 жылдығына арналған іс-шаралар да жоғары деңгейде ұйымдастырылды. «Қаллеки» театрының алғашқы құрылу жылдарында ұжымға жетекшілік етіп, репертуарының қалыптасуына өзіндік еңбегін сіңірген Қазақстанның халық әртісі, режиссер Қадыр Жетпісбаевтың 80 жылдығына арналған қос томдық кітаптың тұсаукесері және «Бала мерген» (режиссері – Нұрфат Вахитов) қойылымының премьерасы сәтті өтті.