Қазақстан • 19 Қазан, 2022

Маздақ

710 рет
көрсетілді
25 мин
оқу үшін

Абыз Әбіш Кекілбайұлының ана бір жылы оңтүстіктің қасиетті орындарына ат басын бұрып, «жарты ғасырдай қап түбінде шашылып жатқан аруақтардың сүйегін Әзірет Сұлтандағы киелі орнына қайта қойып, Қаратауды қақ жарып өтіп, ескі кеніштерді ерінбей аралап, сүлдерім құрып келе жатсам, Торланның аузынан тағы да Қуаныш тосып алды», – деп жазғаны бар.

Маздақ

Қуаныш деп отырғаны – Созақ ауда­нының сол кездегі әкімі Қуаныш Айта­ханұлы еді. «Тағы да» дегені – өткен ғасырдың сексенінші жылдарының басында оңтүстікте қазақ әдебиетінің күндері өтіп, қаламгерлер Шардара өңірінде болған кезінде, өздерін қарсы алып, аудан тіршілігімен таныстырушылар арасында, аудандық кеңес атқару комитетінің төрағасы, жасы отыздан енді ғана асқан, «ойы орнықты, сөзі жүйелі екендігі білініп тұрған осы томаға көз, аққұба жігіт» бірден Әбекеңдей жазушының назарына алғаш рет іліккен екен. Сол бастапқы таныстықтан бері біраз жыл өткенде, олар ХІІ шақырылған Жоғарғы кеңесте тағы кездескен. Бұл кезде Арыс аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметінде жүрген Қуаныш кәдімгідей көшелі азамат болып кемелдене түсіпті. Осыған дейін де қамшы салдырмас іскерлігімен біршама мәлім болып қалған ол, енді депутаттық қызметінде де ел тағдыры үшін маңызы зор заң жобаларын қабылдауға біліктілікпен белсене араласып кетеді. Солардың қатарында, әлбетте, 1990 жылғы 25 қазанда Қазақ Рес­пуб­ликасының Мемлекеттік Егемендігі дек­ларациясының, сондай-ақ араға бір жыл екі айға жетер-жетпес уақыт салып, 1991 жылғы 16 желтоқсанда «Қазақстан Рес­публикасының Тәуелсіздігі туралы» Кон­ституциялық заңы қабылданғанының өзі айрықша рухты оқиғалар болып еді-ау...

Енді міне, біраздан көзтаныс сол Қуаныш заңғар жазушыны Созақ ауданы­ның әкімі ретінде қарсы алған еді. Соның алдында ғана аса қатал қыстың зарда­бына ұшырап, қиын шақтарды бастан өткерген Созақ өңірінің жағдайы енді-енді оңғарылуға бет алған шақ екен. Қуаныш осы ауданға әкім болып таға­йын­далысы­мен, шұғыл қолға алған әбжіл ұйым­дастыру­шылық шаралардың арқасында ғана елдің ахуалы шамалап түзеле бастапты. Әбекең аудан әкімімен бірге көне тарихи орындарды аралап, Көсегенің көк жонына жеткенше әңгімелесу барысында алдағы уақытта өңірді іргелі өзгерістердің күтіп тұрғанын айқын аңғарған. Қуаныш та сонда жазушымен қоштасып тұрып: «Бұл жолы еңсеңіз түсіп бара жатыр. Ендігі келгеніңізде, қара да тұрыңыз, бұдан басқаша болады», деген екен.

«Иә, содан қарадық та тұрдық», деп жазады Әбекең. – «Расында да Созақ өзгере бастады, төсегінен жаңа тұрған келіндей бойын түзеді. Халықтың да өңіне күлкі жүгірді».

Содан Әбіш ағамыз 2002 жылы, Мемлекеттік хатшы кезінде оңтүстікке барған кезекті іссапары барысында көне Сайрамға ат басын бұрады ғой. «Сайрамға келсек, Қуаныш алдымызда тағы да тұр. Түркістаннан бастап жағалай әулие ғой. Сол жағалай әулиенің шырағын маздататын шырақшы Айтаханов болғаны ма? Көрісіп жатып: «Енді Сайрамның шырағын жақ деп сені жіберді ме?!» – десем, Қуаныш кеңк-кеңк күледі. Содан шашылып жатқан «сансыз бабты» араладық. Оңаша жатқан Ыбырайым бабты көріп, қасындағы төбенің басына шықтық. Бір кезде жан-жақтағының бә­рін түгел көрсететін зәулім биік шөге-шөге әбден отырыпты. Бауырындағы майда топырақты Сайрамның қалың жұрты қазып ала-ала, ертеде билер жайғасатын тақия төбешіктер ғана қалыпты. Бір кезде ел-жұрт жылына екі рет, көктемде-күзде жиылып, мәслихат өтетін Мәртөбе осы. Дала Парламенті».

Кемеңгер қаламгердің қазақ тарихының гауһары Мәртөбе туралы, осы жерде Қазақ хандығының алғашқы хандық, құқықтық жосықтары қамтамасыз етілгені, үш тараптан келген үш жүздің ұлықтарымен әр рудың көші-қоны, қонысы мен жайлауы, сағалайтын суы, баратын өрісі пысықталып отырғаны, жан-жақтан төнуі мүмкін жаугершіліктер мен қысымшылықтарға қарсы жасалатын қам-қарекеттердің ұлы жобасы келісіп-пішілгені, мұнда ең соңғы құрылтайды Тәуке ханның өткізгені жайындағы ағыл-тегіл әңгімесі Әбекеңнің жанында жүрген облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен аудан әкімі Қуаныш Айтаханұлы екеуін дүр сілкіндіріпті. «Ендеше, бұл орынды жаңаламаймыз ба?!», десіпті олар. Содан дегендерінде тұрған. Сол жылғы тамыздың өзінде «Мәртөбе» тарихи-танымдық кешені дайын болып, қыркүйек айында онда еңбек ардагерлері, зиялы қауым, Парламент депутаттары, облыс, аудан әкімдерінің басын қосқан ұрпақтар сабақтастығына байланысты үлкен жиын өтіпті...

Қай шаруаны да тастай қатыратын Қуаныш пен абыз қаламгер Әбекеңнің жолы одан кейін Парламент Сенаты қабырғасында түйіскен. Өмірде көргені көп, түйгені мол, оңтүстіктің бірнеше ауданын басқарған зейінді азаматтың 2005 жылы Сенат төрінен саңқылдай шыққан өткір депутаттық сауалдары, қоғамның сан алуан саласына қатысты ойлары, ел экономикасын өркендетудің ділгір түйткілдері, ауыл халқының қамы, ұлт мүддесі мен тіл саясатына қатысты мәселелерді қозғауы да заңғар жазушының көңілінен әбден шығады. Қуаныш туралы «Маздай түс, шамшырақ! Айта түс, азамат!» деген жүрекжарды пікірін білдіреді.

Оның үстіне екі отбасы депутаттар үйінің бір кіреберісінде сегіз жылдай көрші боп тұрды. Бұл жөнінде Қуаныштың өзі: «Ұлы адамдар қарапайым келеді» дейді ғой. Әбекең де сондай қарапайым еді. Бәрімізге, келіндерге, балаларға, немерелерге кездесе қалып сәлемдессе, «ой, айналайындар» деп еміренетін. Әңгімелесе отырып бір шешілсе, сөзді терең тарихтан толғап, жер қойнауынан буырқанып, атқылап жатқан бұлақтай көсіле сөйлеп, ағылушы еді. Осындай парасаты биік періште адаммен қатар жүргеніміз, сыйлас болғанымыз, аға-іні, қоңсы боп араласқанымызды ең үлкен бақыт деп есептейміз», дейді.

Әлбетте, Әбекеңдей дана қаламгер­мен жақын араласу, әуелден әдебиет пен тарихқа ынтық Қуанышты ерекше жау­һар әсерлерге кенелткені анық. Осы орайда оның мектепте жүрген кезінің өзінен әдебиетке жақын болғаны еске түсер еді. Ежелгі Отырар шұратының бір пұшпағында жатқан Сталинабад ұжымшарында (қазіргі Молыке Шойман ауылы) балалық шағымыз бірге өтті. Мол сулы Шәуілдір каналының (оманарықтың) бойында орналасқан ауылдың шеткері­рек тұсында екі үй көрші тұрдық. Айтахан атамыздың және біздің үй. Тетелес ойын баласы үшеуміз ғана. Ол үйден, шаңырақтың кенжесі, алдындағы екі әпкесіне еркелеп өскен, соларға еріп бес жасында-ақ мектеп табалдырығын аттаған – Қуаныш, біздің үйден – ағам Есіркеп және мен. Екеуі сыныптас. Мен олардан бір сынып төмен оқимын. Үйімізден 400-500 қадамдай жердегі «Кеңес» жетіжылдық мектебіне бірге барамыз. Сабақтан тыс уақытта да ажырамаймыз, құлын-тайдай тебісіп бірге ойнаймыз.

Есімде қалғаны, үшінші-төртінші сы­нып­тардың өзінен-ақ кітап оқуға құмарт­қанымыз. Бұған, шамасы, сол жылдарда қазақша шығармалардың көптеп жарық көргенінің де әсері тиген болуы керек. Қазір ойлап отырсам, солардың талайы шалғайдағы Шәуілдір ауданының шағын жетіжылдық мектебінің кітапханасына да молынан келіп жатыпты. Демек ол кезде мектептерді әдеби кітаппен қамтамасыз ету жағы қатты қадағаланған болуы керек. Әйтеуір, біз жетіншіні бітіргенше, қазақтың көрнекті жазушыларының сол жылдарда жарық көрген барлық дер­лік кітабын оқып шықтық. Оған қоса әлем классикасының ең сүбелі туын­­дыларының да сол кезде қазақшаға молынан аударылған кезеңі екен ғой. Әйтеуір, Пушкин, Лермонтов, Гогольдің том-том шығармаларын, Тургеневтің «Әкелер мен балалар», «Дворян ұясы», Толстойдың «Анна Каренина», «Арылу», Шолоховтың төрт томдық «Тынық Дон» романдарын және басқа да аударма кітаптарды жетіншіні бітірмей жатып-ақ оқып тастағанымыз есте.

Әдебиетке деген осы құмарлық­тың өрісі, Қуаныш жетіжылдық мектепті үздік бітіргеннен кейін, сегізінші сыныпты Жамбыл (қазіргі Тараз) қаласында қызмет істейтін үлкен бөлесінің үйіне барып оқыған, бір жылдан кейін Жамбыл зоотехникалық-мал дәрігерлік техникумына түскен кезінде одан әрі кеңейе түсті. Қала кітапханаларының мол мүмкіндігін ­ол жазғы каникулда ауылға келген кездерін­де де байқап жататынбыз. Ауыл баласы­ның қолы жете бермейтін неше түрлі кітаптар­ды оқығанын айтатын. Демалыста жүрген­де аудандық газетте хабар-ошары да шы­ғып тұрды. Әңгіме жазуға талпыныс жасады. Журналистік мамандыққа кәдімгідей құмартты. Әйткенмен, ол оқу бітірген жылы: «техникумды үздік бітірген түлек, жоғары оқу орнына емтихан тапсырғанда, негізгі пәннен бес алса, оқуға бірден қабылданады», деген ереженің шығуы оны сол салаға түбегейлі бұрып әкетті. Оның мамандығы бойынша негізгі болып есептелетін химия пәні, Қуаныштың ең жақсы үлгерген сабағының бірі еді. Ол анау-мынау емес, бірден Мәскеудегі Скрябин атындағы атақты ветеринария академиясына түскенді қалайды. Сол кезде 71 жастағы әкесі Айтахан ақсақал да ұлының бұл ниетіне қарсы келмеген. «Балам, әрі қарай оқығың келсе талабыңды қайтармаймын. Әлі күш-қуатым бар ғой, маған қарайлама», деп, жалғыз биесін сатып, баласын жер түбіндегі Мәскеуге ақ батасын беріп аттандырып салады.

Ветеринария академиясына 1965 жылы алғашқы сабақтан бес алып бірден түсіп кеткен ол, осы шоқтықты білім ордасында да әдеттегісінше үздік оқыды. Алғыр жігіт қоғамдық жұмыстарға да белсене қатысып, академиядағы жастар одағы комитетінің бюро мүшесі, идеология саласы және шетел студенттерімен жұмыс істейтін секторға басшылық жасады. Өздерінің алдарындағы әйгілі «Жас тұлпар» ұйымының ісін жалғастырған, қазақстандық студенттердің «Арман» ұйымын құруға атсалысты. Қазақ студент­тері бас қосқан нешеме жиындарда баяндамалар жасады. Әлбетте, ондай жиындарда қазақ ұлты мен тілінің сол кездегі жағдайы, оның келешегіне қатысты мәселелер де қызу қозғалып жататын. Жазу-сызуға деген қызығушылығы да осы жерде одан әрі өрістеді. Қазақстандық басылымдарды жаздырып алып, әуелден жақсы көретін «Лениншіл жас» газетіне жастар тақырыбына, өздері атқарып жатқан бастамаларға қатысты мақалалар жазып тұрды. Жастардың жалынды жетекшісі, 1925 жылы Мәскеуде қайтыс болған аяулы тұлға Ғани Мұратбаевтың жерленген орнын анықтау, оның басына ескерткіш орнату мәселесін көтеру барысында, аза­маттық, қайраткерлік шыңдалудың алғашқы сатыларынан өтті.

Жұмыс бабымызға байланысты біз әр жақта қызмет еткендіктен, бір-бірімізді өте сирек көретінбіз. Алайда басшылық жұмыстарға жастайынан жегілген (өзі айтқандай 25 жасынан бюроға түскен) Қуаныш Айтаханұлының әр өңірде атқа­рып жатқан игілікті істері туралы үнемі хабар­дар болып отырдық. Академияны 1970 жылы үздік бітірген ол, еңбек жолын әуелі Алғабас (қазіргі Бәйдібек) ауда­н­ындағы ХХІІ партсъезд атындағы кең­шардың бас мал дәрігерлігінен бас­тады. 1973 жылы наурызда Шымкент облыстық партия комитетіне нұсқаушы, сол жылдың маусым айында Шымкент облыстық комсомол комитетінің ІІ хатшысы болып сайланды. 28 жасында қазіргі Қазығұрт ауданында партия комитетінің екінші хатшысы болып тағайындалды, 30 жасында Шардара аудандық атқару комитетінің төрағасы (Д.Қонаевтың оған айтқанындай, «республикадағы ең жас төраға») болып бекіді. Одан кейін өзіне бұрыннан көзтаныс Қазығұртқа атқару комитетінің төрағасы болып қайта оралды. Қай жерде де өзінің іскерлігімен, білік­тілігімен, экономикалық тұрғыдағы ілкімді бас­тамаларымен танылғанын сырттай естіп жаттық. Оған сырттай марқайып, мақтанып жүрдік.

1988 жылы күзде Арыс қаласы мен Ордабасы ауданы (Бөген) біріктірілген кезде Қ.Айтаханов екі партия комитетін біріктірген ауылдық зонасы бар Арыс қалалық партия комитетінің 1-хатшысы болып сайланды. 1991 жылы Коммунистік партия тараған кезде ол Арыс қалалық кеңесінің төрағасы, Арыс қаласының бірінші әкімі болып қызмет атқарды. Арыс – бұрыннан тоғыз жолдың торабында тұрған теміржолшылар қаласы, кеңес одағы кезінде Мәскеудегі Жол қатынастары министрлігі аясындағы ма­ңызды стансалардың бірі. Қуанышқа дейін аудан да, қала да болған талай жылда, Арысқа бірінші басшы қазақ ұлтынан еш тағайындалмаған екен. Соған орай барлық іс қағаздарын, идеологиялық жұмысты орысша жүргізу дағдыға еніп кетіпті. Қуаныш бірден концерттер мен ойын-сауықтарды қазақша жүргізу, айтыс, термешілер жарысын өткізу, Наурыз мейрамын тойлау, ақын-жазушылармен, әншілермен кездесулер, жас таланттарды қолдау сияқты шараларды ұйымдастыруға бастамашы болды. Ел басқарудың қазақы рәсімі қайта жаңғыртылды. Билер кеңесі, ауыл биі, төбе би сияқты жүйелер енгізілді. 

Қуаныштың ерен іскерлігі Созақ ауданының әкімі болған 1994-1999 жылдары ерекше танылғаны белгілі. Сол жылы Созақ өңірінде қыс ерте түсіп, қалың қардың аяғы қатты аязға ұласып, жолдың бәрі жабылып, ел нағыз «ақ сирақ» жұтқа ұрынудың аз-ақ алдында тұрды. Дәл осындай қысылтаяң шақ алқымнан алған – 1994 жылдың қақаған қаңтарында облыс әкімшілігі ауданды тек Айтаханұлы ғана құтқара алады деп шешіп, оны Созаққа әкім етіп тағайындайды. Тәуекелге бел буып ауданға барса, жағдай ол ойлаған­нан да ауыр. Кеңшарлар арасында қатынас тыйылған, қар басып қалған жолды тазалайтын техника жоқ. Тікұшақпен ауыл­дарды, мал отарларын аралағанда, ел ахуалының тіптен қиын екенін, жем-шөптің аз күнде бітетінін, отын, ұн, жанар-жағармайдың түгесілуге шақ тұрғанын көреді. Мал да қырыла бастапты.

Ол ауданда дереу төтенше жағдай жариялап, ауыр ахуалды облыс әкімшілігіне, Премьер-Министрге жеделхатпен хабарлап, жем-шөп, отын, азық-түліктен шұғыл жәрдем бермесе болмайтынын жеткізеді. Ауыл шаруашылығы министрлігінен арнайы комиссия шақыртып, республикалық штаб құрғызады. Сол әбжіл әрекеттің арқасында республиканың бес облысынан жем, екі облысынан шөп жеткізу, мемлекет тарапынан жанар-жағармай, көмір, ұн беру мәселесі тез арада ше­шіледі. Олардың барлығы да іле-шала эшелон-эшелон болып келе бастады. Қаратаудың асуы, Шымкенттен келетін жол жабық болғандықтан, бәрі Жаңатас арқылы Таукентке дейін жеткізіліп, ша­руашылықтар оларды сол жерден жолды қардан аршитын арнайы шақырылған қуатты техникалардың көмегімен тәулік бойы тыным таппай өз отарларына тасуға кіріседі. Солардың бәрін қақаған қыстың сұрапыл суығын елеместен, талай күн үй бетін көрмей, қолынан рациясы түспеген Қуаныштың өзі тікелей бақылап жүріпті. Осы шалт шешім, кесек қимылдың арқасында ауданның енді қырылғалы тұрған алты жүз мың малының төрт жүз алпыс мыңы аман қалыпты. Созақ елі оны бірауыздан: «бұл Құдайдың бізге жіберген құтқарушысы шығар», деп қабылдапты...

Қуаныш Айтаханұлының 1999-2003 жылдары Сайрам ауданына әкім боп та­ғайындалғаннан кейін атқарған қай­раткерлік қимылы да жұрт аузында. Мұнда да ерекше ұйымдастырушылығымен та­нылған ол, салық түсімін молайту тетік­терін табу, шағын кәсіпкерлікті дамыту арқасында төрт жылда аудан бюджетінің кірісін 1 млрд теңгеден, 4 млрд-қа дейін өсірді.

Сайрам – тарихы терең, қордалы өңір. Әлгінде айтылған қазақтың Дала Парламенті атанған Мәртөбе де осында. Дегенмен бұрынғы кеңес заманындағы қазақ тіліне деген салқынқабақ табының мұнда әлі де көрініс тауып отырғаны жаңа әкімнің назарына бірден ілігеді. Тәуелсіздіктен кейін орыс тілінің ықпалы азая бастағанымен, аудан халқының жартысынан астамын өзбек халқы құрайды деген сылтаумен өзбек тіліне басымдылық беріліп келіпті. Қуаныштың бастамасымен, алғашқы қадам ретінде, өзбек жұртымен қоян-қолтық түсінік жұмыстарын жүргізу қолға алынды. Өз тағдырын Қазақстанмен байланыстыр­ғысы келетін жас ұрпақ үшін қазақ тілінің болашағы зор екендігі, бұрынғы кезде орыс тілі қандай керек болса, келешекте қазақ тілі де сондай қажет болатыны ұғындырылды. Осы бастан өзбек тілі­мен қатар қазақ тілін де меңгеру үшін, бала­ларыңызды қазақ мектептеріне бер­сеңіздер, ұтылмайсыздар, ертеңгі күні Қазақ­стандағы жоғары оқу орнына тү­суге де оңай болады, деген түсінік қалып­тастырыла бастады. Мемлекеттік тілді насихаттайтын әртүрлі байқау, «Туған жерге тағзым» сияқты тәрбиелік мәні зор акция, «Сайрам таланттары» атты халық өнері фестивальдері ұйымдастырылды. Сайрамның орталық алаңына Абылай ханның көрнекті ескерткіші орнатылды. Біртіндеп қазақ тілінің мәртебесі де өз қалпына келе бастады. Мәртөбе туристер баратын орынға айналды.

Сайрамнан кейін өзінің туған жері – Отырар ауданында 2003 жылдың қара­шасынан бастап, аттай екі жыл әкім болып істеген кезінде де Қуаныш халық қа­мын ойлайтын жарқын істердің төрінен табылды. Сортаңданып, тұздана бастаған суармалы жерлерді қайта қалпына келтіру жұмыстары қолға алынды. 2004-2007 жылдарға арналған «Көне Отырардың қайта дамуы» атты бағдарлама жасалып, оған тиісті қаржыны бөлдірту арқасында ұзындығы 42 шақырымдық Алтынбеков, 12 шақырымдық Кенжәлиев каналдары бетонмен қапталды. Тұзды су деңгейін төмендететін арнайы су қашыртқылары қазылды.

Қашанғы әдетінше, халықтың рухани дамуына қатысты мәселелерді де назардан тыс қалдырған жоқ. Әл-Фараби сынды тұлғалар дүниеге келген ұлылар мекені – Отырар өңірінің тарихы тым тереңде. Ауданда әйгілі Арыстанбаб кесенесі, ежелгі Отырардың археологиялық орны бар, ол шаһармен қатар ғұмыр кешкен, бүгінде төбе-төбе күйінде көрініс беретін қаншама қанаттас қалалардың сілемдері де жетерлік. Ол халықара­лық туризмді өркендетуге қолайлы мекен. Демек Отырарға келген әрбір адам ең әуелі өңірдің осы ерекшелігін бір­ден сезінгені жөн емес пе. Соған орай аудан орталығы Шәуілдірдегі орталық алаң қайта күрделі жөндеуден өткізіліп, ол «Отырар даңқы» тарихи-танымдық кешеніне айналдырылды. Алаңдағы «Даңқ­­ты бабалар» саяжолында Әл-Фара­би, Арыс­танбабтан бастап, Фарабта туған Отырардың 31 даңқты перзентінің есімі алтынмен апталып жазылды. Тура ортасында Фарабидің биіктігі 17 метрлік қола ескерткіші орнатылды. Осы ретте Айтаханұлының бастамасымен 2005 жылы ұлылар мекенінің тарихын жан-жақты зерделеген «Отырар» энциклопедиясы жарық көргенін де айта кетер едік. Оған қоса «Шежірелі Отырар», «Отырар жәдігерлері» тарихи-танымдық кітаптар шығарылды.

Әлгінде Қуаныштың әуелден әдебиетке, жазуға жақын екендігін сөз еттік қой. Ол 2005-2017 жылдар аралығында Сенат депутаты болған кездерінде сол қабілеті әрі қарай ашылды. Сенат мінбесінен қоғамның сан алуан саласына қатысты ойларын, өткір депутаттық сауалдарды жолдай жүріп, көкірегінде қоздаған ойларын қағаз бетіне түсірді. «Ел мерейi жолында» (2010 ж.), «Сөз сұраймын» (2011 ж.), «Азамат ажары» (2014 ж.), «Елге қызмет – ең басты мiндет» (2015 ж.), «Қызмет еттім халқыма» (2017), «Өмір белестері»
(2017 ж.) атты кітаптарын дүниеге әкелді. Одан кейін де 2020 жылы «Мерей», «Сол бір жылдар» деген атпен көлемді қос том­дығы жарық көрді.

Скрябин атындағы атақты академиядан терең білім алған Қуаныштың ғылым әлемінде де өз соқпағы бар. Ол 1995 жылдан ауыл шаруашылығы ғы­лымының кандидаты, 2008 жылдан экономика ғылымдарының докторы. 2010 жылдан – Қазақ Ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының академигі, Қазақ Ұлттық ғылым академиясының құрметті мүшесі. 2008-2010 жылдары С.Сейфуллин атындағы Қазақ агро­тех­никалық университетінің кандидаттық және докторлық диссертация қорғайтын ғылыми кеңесінің мүшесі. М.Әуезов атын­дағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетінің құрметті профессоры.

Қуаныш Айтаханұлы зайыбы Айман Мағзиқызы (Ветеринария академиясында өзінен бір курс кейін оқыған керекулік ару) екеуі үш ұл-қыз және бірнеше немере тәрбиелеп отырған үлгілі отбасы. Қызы Айгүл – тұрмыста, дәрігер. 4 перзент­тің анасы. Үлкен ұлы Ерлан – Мәскеу мем­лекеттік университетін бітірген, экономист, экономика ғылымдарының кандидаты. Отырар ауданының әкімі, Шымкент қаласының әкімі қызметтерін атқарған. Екінші ұлы Нұрлан – заңгер, Англия құқығын жетік білетін маман, Лондон қаласында халықаралық құқық компаниясында жұмыс істейді. Немерелерінің алды университет бітірген, мектептерде оқиды, бала-бақшаларда тәрбиеленіп жүр. Балалары ата-анасының қазақы тәрбие ғибратына, үлкенге – құрмет, кішіге – ізет өнегесіне, ана тілінің тылсым тәліміне қалай қанығып өссе, немерелері де сол мәйекті үлгі жолын жалғастырып келеді...

Өзіне де, өзгеге де принциптік талап қоя білетін, Тәуелсіз Қазақстанның гүлденуі мен өркендеуіне өз үлесін қосуы арқылы халықтың ыстық ықыласы мен құрметіне бөленген білікті де білімді азамат Қуаныш Айтаханұлы әлі де қоғам өміріне белсене араласудан қол үзген жоқ. Осындайда алдағы күндері жетпіс бес жасты еңсергелі отыр­ған замандасымыздың өмір жолын, тынымсыз болмыс-бітімін байыптағанда, өзі студент кезінде Мәскеуден мақалалар жолдап тұрған, өзіміз де талай жыл қызмет еткен жастар газетінде танымал болған «Маздақ» айдары еске түсер еді. Ол айдар аясында негізінен алға қойған мақсаттарын орындау үшін, қабілеті мен қарымын мейлінше аямай жұмсайтын, ылғи да алға ұмтылуға, маздай жанып жүруге бейіл жандар туралы дүниелер жарияланатын. Сөзіміздің басында тілге тиек етілген, абыз қаламгер Әбіш Кекілбайұлының Қуаныш туралы «Маздай түс, шамшырақ!» деген ақжарма пікірі де осы мағынаны меңзейді. Соған орай мақаламыздың атын «Маздақ» деп қойғанды мақұл көрдік.

 

Жарылқап БЕЙСЕНБАЙҰЛЫ