Саясат • 20 Қазан, 2022

Мемлекеттілік туралы мәлімдеме

498 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Қазақ елі өзінің мемлекеттік сипатынан біртіндеп айырылып, алдымен Ресейдің бодандығына түсті. Оның отаршылдыққа қарсы және тәуелсіздік жолындағы күресі XX ғасырдың басындағы империялардың күйрей бастаған шағында да нәтиже бермеді. Большевиктердің ұлттық респуб­ликаларды құруы іс жүзінде көзбояушылық болып шықты. Елде ұлтсыздандыру үдерісі белең алып, республикалар саяси дербестігінен айырылды. Ұлттық тарих пен мәдениет идеологиялық қыспаққа түсіп, қазақ халқы өз жерінде азшылыққа айналып, оның ұлттық мүддесі жалған интернационалистік саясаттың қақпанына түсті. Ол рухани дағдарысқа ұшыратып, ана тіліміздің қолданыс шеңберін тарылтты. Қазақстанның табиғи ресурстары талан-таражға түсті. Сонымен бірге Қазақ елі «халықтар достығының лабораториясы», «жүз тілдің планетасы» ретінде тек әскери емес, саяси-әлеуметтік және идеологиялық тәжірибе алаңына да айналды. Жетістіктерден гөрі жоғалтқанымыз басым болды. Ақыр соңында алып КСРО өзінің эволюциялық даму қуатын тауысып, тоқырауға ұшырады. Кеңестік әкімшілдік-өктемшілдік жүйе қожырап, қоғам ыдырай бас­тады.

Мемлекеттілік туралы мәлімдеме

Коллажды жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Кеңес одағы басшылары шет аймақтарды этностық жағынан бейтараптандыруды күшейтіп, бұрынғы ықпалын сақтап қалуға тырысып бақты. Аймақтар қыспаққа алынып, жетпіс жылдық әсіре интернационализм өзінің шынайы бетпердесін көрсетті. Қайта құру «көсемі» М.Горбачев Қазақстанға өзінің Г.Колбин деген эмиссарын жіберіп, қазақты қалған қазақы болмысынан айырып, оны ұлт ретінде рухани жаныштауды көздеді. Алайда қазақ халқы компартияның диктатурасынан тұншығып, 1986 жылдың желтоқсанында Алматыда көтеріліске шықты. Орталық оған «қазақ ұлтшылдығы» деген баға беріп, бүкіл қазақ халқының бетіне күйе жақты. Осыған қарамастан қазақ жастарының бас көтеруі басқа республикаларда да өз жалғасын тапты. Сөйтіп, Алматы көтерілісі КСРО-ның күйреуінің алғашқы хабаршысына айналды. Бұл оқиға қазақ халқының тағдыры оның өз қолында екендігін айқын көрсетіп берді. Қоғамда саяси бастамашылық пен тиісті күштер пайда бола бастады. Республика Жоғарғы Кеңесі депутаттарының сайлауы өтіп, президенттік билікке көшу заңдастырылды. 1991 жылы тамызда мемлекеттік төңкеріс ұйымдастыруға бағытталған әрекет коммунистік дес­потияны құлатып, республика жұрт­шылығының оған деген сенімін біржолата сарқыды. КОКП бөлшектеніп, республика партия ұйымы өз дербестігін жария­лап, Қазақстан социалистік партиясы құрылды. Саяси, яғни партиялық, билікті мемлекеттік билік институттарына қайтару қолға алына бастады. Одақтас республикалар арасында бірінен соң бірі өз егемендігін жариялау үдерісі күшейді. Әуелі бұл үдерістің әлеуеті КСРО халық депутаттары құрылтайында қолдау тауып, Егеменді мемлекеттер Одағы туралы шарт әзірлеу қолға алынды. Олар егемен республикаларды халықаралық құқық субъекті ретінде тану туралы БҰҰ-ға өтініш те жолдады.

КОКП Кеңестер одағын сақтап қалу амалын соңына дейін қолданып бақты. Оның дәлелі ретінде 1990 жылдың басында ұйымдастырылған бүкілодақтық референдум мен жаңа Одақтық шартты жобасының жасалуын айтса да жеткілікті. Оның үстіне Сумгаит, Баку, Тбилиси, Ферғана, Ашғабат, Рига, Душанбедегі қолдан шиеленістірілген өрт айналамызды шарпып, ел ішіндегі Жаңаөзенге де жеткендігін естен шығармаған дұрыс. Кеңес заманынан «мұраға» қалған жаппай иесіздік, халықтың қоғам ісіне деген бойкүйездігі, нарыққа қарадүрсін көшумен әуестену сияқты дүрбелең кезге қазақ халқының жаңа тарихы тұспа-тұс келді. Демек Қазақстан егемендік жария­лау қарсаңындағы тағдыршешті және күрделі кезеңін басынан кешті.

Халықты ұлт ететін тіл болғандықтан, тіл мәселесін ту еткен қоғамдық-саяси қозғалыстар осы кезде ұлттық сипат алып, қайнаған қазан сияқты халықтық майданның кіндігіне айналды. «Қазақ тілі» қоғамы құрылды. Өйткені тіл мен егемендік егіз ұғымдар ретінде мемлекеттілікті орнықтыруда ерекше рөл атқарады. Себебі тіл болмаған жерде этностық, мәдени дербестіктің де болмайтыны ақиқат. Сондықтан болар, 1989 жылы бұл мәселе Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінде қызу талқыланды. Өкінішке қарай, қоғамдық ортадағы ахуал қазақ тілінің мемлекеттік мәртебе алуына дайын болмай шықты. Жағдайды қазақ тілінің пайдасына қарай бұру үшін үлкен күш жұмсап, күресуге тура келді. Осының нәтижесінде ғана қазақ халқының ұзақ күткен арманы орындалып «Қазақ тілі – мемлекеттік тіл» мәртебесіне ие болды. Осы тұста Желтоқсан көтерілісі, тіл мәселесі мен елдің егемендігі арасында тікелей байланыс пен қоғамдық-саяси және рухани сабақтастық барлығын да атап өту керек.

1991 жылғы Мәскеуде ұйымдас­ты­рылған тамыз мемлекеттік бүлігі қызыл империяның соңғы ақтық демі болып, одақтас республикалардың Орталықтан теріс айналуына әкеліп соқты. Дәл осы кезеңде Қазақстан ұстам­дылық пен көрегендік танытып, елде төтенше жағдай енгізуден бас тартып, 1990 жылы қабылданған «Қазақ КСР-нің Мемлекеттік егемендігі туралы Декларация» мен Ата Заңына сәйкес елдегі өкімет билігін толығымен кеңес орындарының қолына көшірді. Яғни үлкен жауапкершіліктің арқасында алауыздық пен егеске жол берілмеді. Осылайша, егемендік декларациясы тарих алдындағы үлкен парызын орындады. Демек Қазақстанның егемендігінің жариялануының тарихи тұрғыда қанша­лықты маңызды болғанына тамыз бүлігі кезінде баршамыздың көзіміз жетті. Егемендік мәлімдемесі Мәскеуде бастау алған аласапыранға қосылмай, қоғамды сабаға түсірген пәрменді құқықтық тетік­ке айналды. Декларация сонымен қатар Семей ядролық сынақ алаңын жабуға да өз септігін тигізді. Одаққа қарап келген кәсіп­орындар мен мекемелер Қазақстанға бағын­дырылып, сыртқы экономикалық қызме­тінің дербестігі мен алтын және алмас қорын құру бағытында шаралар қолға алынды. Сөйтіп, мемлекеттік егемендік ту­ралы мәлімдеме тарих алдындағы өз рө­лін орындады. Бұл қазақ халқына кезін­де айырылып қалған мемлекеттілігін қал­пы­на келтіруге мүмкіндік беретін шешім еді.

Сонымен, қазақ қоғамының егемен­діктен тәуелсіздікке қарай жүріп өткен тарихи жолы оңайға түспеді, ол текетірес пен күрес арқылы келді. Бұл күреске қолбайлау болған кедергілер де аз болмады. Туындаған проблемаларды табан­дылықпен шешуге тура келді. Бұл жерде оларды еңсерудегі 1990 жылғы 25 қазанда қабылданған «Қазақ КСР-нің Мемлекеттік егемендігі туралы» декларацияның алатын орнының ерекше екендігін тағы атап өткен жөн. Қазақ халқы бұл Декларацияға теңдесі жоқ айтыс-тартыстың барысында қол жеткізді. Өйткені Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның дүниеге келуі үшін оның әр бабы үшін күресуге тура келді. Өйткені тарихи сахнадан кетіп бара жатқан қызыл империяның соңғы басшысы одақтан шығып бара жатқан республикалар арасындағы жер дауының болу мүмкіндігін айтып, «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» заңның жобасы талқыланып жатқан кезінде онсыз да қайнап тұрған ахуалды одан да бетер шиеленістіріп жіберсе, ел ішіндегі КСРО-ны сақтап қалғысы келген оппоненттер ашықтан-ашық саяси шайқасқа шықты. Олар кімнен тәуелсіз болмақпыз, республика халқының жартысы басқа жат елде қалып қоймай ма, референдум өткізсек қайтеді деген сұрақтарды жау­дырды. Бұның артында «Қайда барар дейсің, ертең-ақ өздері қайтып келіп аяғымызға жығылады» деген ойлардың жатқаны анық еді. Міне, осының өзінен Республика Парламенті депутаттарының қандай жағдайда жұмыс істегендігін аңғару қиын емес. Сондықтан эмоция шектен шығып, пікірталас асқынып қыза түскен кездерде кейбір депутаттарды сабырға шақыруға тура келгені де белгілі. Нәтижесінде, аталған заң Желтоқсан көтерілісінен кейін бес жыл аралатып басым дауыспен қабылданады. Артынша «Алматы декларациясы» бойынша ТМД-ның құрылуына байланысты КСРО өзінің өмір сүруін тоқтатып, оның дәуренінің өткеніне күллі әлем куә болды. Осының барлығы да егемендік декларациясының жемісі. Өйткені егемендік жағдайында Қазақстан парламентаризмі жедел дамып, Жоғарғы кеңес те тез ширығып, оның депутаттары орасан зор тәжірибе жинақтай бастаған еді. Солардың ішінен депутаттық жұмыстың әдіс-тәсілі мен қыр-сырына әбден қаныққан саясаткер азаматтарды өмірдің өзі мемлекеттік және қоғамдық-саяси сахнаға шығарды.

Демек мемлекеттік егемендік туралы декларация Қазақстанның тәуелсіздікке батыл қадамдар жасауына деген сенімді­лігін нығайтты. Сондықтан бұл күнді ұлттық мейрамдар санатына енгізу тура­лы Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың шешімі халықтың көңілінен шығып отыр. Егемендік пен Тәуелсіздік сөздері іліктес, бір-бірімен сабақтас және қастерлі ұғымдар болғанымен біріншісінің орны расында да бөлек. Егемендік қазақ халқының ғасырлар бойы асыға, өзегі тала көптен күткен көзайымы болып, оның рухын көтеріп, жанына сая, көңіліне медет болды. Ендеше, ойымызды көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, халық жазушысы Әбіш Кекілбайұлының мына сөздерімен қорытындылаған жөн болар. «Ең соңынан, мәлімдеме (Егемендік туралы Декларация – Ж.Қ.) тұтастай дауысқа қойылғанда таблодағы жазуды көргендердің көпшілігінің көзі дымданып тұрды. Олардың арасында үміттің де, күдіктің де, ызаның да, «ендігі күніміз қандай болады» деген қобалжудың да, «бұл не болып кетті» деп аңтарылудың да жасы бар еді...». Бүгінгі күннің биігінен қарағанда қазақтың Абыз Әбішінің тіліне алдымен «үміт» сөзінің ілігуі кездейсоқ емес сияқты. Данышпанның айтқаны келді. Қазақ халқының үміті ақталды. Өйткені Жаңа Қазақстанның азат көші заман көшінен қалмай, оны қуып жетіп, дамыған әлем елдерімен терезесінің тең болатынына деген сенім мол. Тәуелсіздіктің бағы ашылып, ел мемлекеттілігінің нығаюы үшін тек ар-намыспен адал еңбек етіп, оған үлес қоспақ қажет.

 

Жапсарбай ҚУАНЫШЕВ,

қоғам қайраткері