Руханият • 20 Қазан, 2022

«Арыстан гүрілдейді түсімізде...»

363 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Өлеңге де сыймайтын дүние көп екен; Жазушылар одағының бір кезекті құрылтайында жарыссөз тамамдалып, ел басқарма мүшелерінің сайлау қорытындысын күтіп, гу-гу әңгіме дүрілдей бастағанда Шерағам: «Қарқаралыдан келген Ақсұңқарұлы, қайдасың? «Қасқырдың монологін» оқышы? Мыналар итшілеп кетті ғой?!» деп еді!

«Арыстан гүрілдейді түсімізде...»

Қасқырдың монологі

Жек көрем итті!

Алысып жүрем,

Шабысып жүрем!

Қағынып...

Сайын даланың тағысымын – мен,

Не деген ғажап – тағылық!

Шауып түсемін!

Күш ағысымды сыйғыза алмай ішіме.

Адамның алмас пышағы сынды

Ырзамын азу тісіме!

Қасқыр – бабалар!

Бар ұлыстардың

Мазасын алып манадан –

Иттермен болған қанды ұрыстардың

Иісін сезем даладан.

Қаңқу сөз жүрек кегін үрлейді

Қорлық – қарғысқа барабар.

Бізбенен иттің тегі бір дейді...

Рас па қасқыр – бабалар?!

Өлексе үшін жұлысқан болсақ

Өмірі бітпей кегіміз,

Иттермен бірге туысқан болсақ

Не болды – ата тегіміз?!

Ала төбеттің астында қалар

Күн туғаны ма ақыры...

Неге үндемейсіңдер, қасқыр –

бабалар,

Қағынып кеткен жатыры?!

Неге үндемейсіңдер?

Ұрлық түн еді:

Жатқаным мынау – жау іші.

Аспанның астын дүрліктіреді

Үрген иттердің дауысы...

-2-

Әлі есімде, Қасымның Қарқаралыдағы 80 жылдық тойына Қазақстан Компар­тия­сы Орталық Комитетінің хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков бастаған мемлекет, қоғам қайраткерлері, ақын-жазу­шы­лар келді. Қарқаралының әкімі «Қасым туралы сөзді» мен айтуым керек! Егін­дібұлақта Тәттімбет туралы баяндаманы сол ауданның әкімі жасады ғой?»  деп отыр екен, Нұрағам (Н.Оразбек ол кезде о кісі облыстық «Ор­та­лық Қазақстан» газетінің Бас редакторы) «Сен Қасым жөнінде неңді айтасың? 100 саулықтан қанша қозы алғаныңды айтасың ба?!» деп бетін қайтарып тастаған. Нұрағамның ұсынысымен мен сонда баян­дама жасап едім. Қарқаралының өкпе тұсынан айтылған Қасым туралы сөз тыңдарман мен көрерменнің көкейіне қона кетті. Қасымның бауырында өскен Ғафекеңнің өзі сүйсініп: «Ей, Серік! Сен Қасымға болашақтың көзімен қарап, ордалы ой айттың ғой? Қаскеңе замандастарының көзімен қарап, мен де біраз аталы сөз айтқам!» деді.

Қарқаралының таңғажайып баурайы – әуелеген ән мен күй, астатөк дастарқан, шалқыған шарап... Нұрағаң – қасымда, қайда барсақ, – ілтифат пен құрмет! Нұрағам : «Мен Өзекеңе Серіктің қасында болайын, Сіздің қасыңызда менсіз де әкім-қаралар көп қой?» – дегем. Бүгінгі Қасым туралы лебізіңе сүйсініп қасыңда жүрмін ғой!» деп қояды. Түске қарай: «Айтпақшы... сен Жазушылар одағының хатшысысың ғой? Жазушыларыңа кіріп, шығып, сәлем бермейсің бе?» деген.

Кіріп келсек, Шерағаң көңілді екен, босағаны енді аттаған бізді дас­тарқанға оздырмай: «Уа, Ақсұң­қарұлы! «Қас­қыр­дың монологін оқы!» – дегені. Жатқа білетін өлеңімді есіме түсіре алмай, мелшиіп мен тұрмын босағада. «Жек көрем итті!..» – деймін, – аржағы есіме түспейді! «Жек көрем итті!...»

«Әй! Сол иттеріңнің ішінде біз жоқпыз ба өзі? Соны айтшы?!» деді Шерағам – менің халімді түсініп! «Сіз жоқсыз ғой, Шераға...» дедім сасқанымнан... тілім күрмеліп... «Е, онда төрге шық! деді Шерағам, – қалғанын есіңе түскенде оқырсың...»

Шерағам сол Қасым туралы сөзді өзі сұратып алып, «Егеменнің» бір бетіне жарқыратып шығарып еді.

Кейін ол «Адам дәрігері адам кеселін емдейді деп жазып еді, – Бір кісіні, екі кісіні, көп кісіні... Ал ақын, егер ол ақын болса, ол шын ақын болса, бүкіл адамзатты емдейді. Сондай нағыз ақындардың бірі – қасиетті Қызыларай тауында туған Серік Ақсұңқарұлы» деп жазды (Шерхан Мұртаза, «Егемен Қазақстан», 2000 ж. 29.03.).

Қайран, Шерағам... Арыстандай ақырып, о да кетті мына жарық дүниеден! Алашына айтпаған сөзі қалмады! Арғы-бергіні ақтарып-теңкеріп, ақырып, ашынып, бәрін айтты. «Елім, саған айтам, Елбасы, сен де тыңда» деп айтты! Бірақ елбасы тыңдаған жоқ оны...

  1. Алаштың арыстаны

... Бөріден –

Бөрілінің байрағынан,

Ата жау сескенетін айбарынан!

Жасынның Оты лаулап тұрушы еді, –

Шағылған Күнге Алтын Айдарынан...

Хош, Қараорманымның Арыстаны!

(Алаштың қай жауымен алыспады?).

Келмеске о да кетіп, енді бізге

Заманы Арыстанның алыстады...

Қоян да, түлкі де енді би болады.

Біздің ми сол не айтса иланады.

... Арыстан гүрілдейді түсімізде,

Ол – бізді ит пен құсқа қимағаны.

Көз жасы омырауда тарамдалған, –

Әкең де қалған өстіп, анаң қалған;

Алаштың арыстары кеткен кезде,

Осындай алмағайып заман болған.

Заманы Арыстардың алыстады,

Жағымыз, қол да тұр ма қарысқалы?

Қараорман қалды бізде, қайтем енді,

Иесі көзден ұшқан – Арыстаны...

 

Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ, 

ақын