Туризм • 20 Қазан, 2022

Сыр сафариі

131 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жыл басынан бері облысқа сапарлаған туристер саны былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 20 пайызға көбейген. Олар негізінен тартылған теңіз табанында серуендеуге, Қамбаштың емдік суларына, Көкарал мен Барсакелмес қорығына қызы­ғушылық танытып отыр. Келушілер арасында өңірдегі ежелгі қалашықтарды аралап, тарихын тани түскісі келетіндер де көп.

Сыр сафариі

Арал ауданындағы өнер­кәсіптік нысандар да турис­тер назарын аударып отыр. Олар­ға ыңғайлы болуы үшін Қам­баш көліне кірме жолдар жөнделіп, 100 орындық ав­то­тұрақ салынды. Ауданда жол тал­ғамайтын көліктермен сафа­ри жасау, түйелермен серуендеу бағытындағы экожобалар әзір­леніп жатыр.

– Жақын және алыс шетелдерден келгендер арасында біз­дегі 9 балық өңдеу зауытының жұмысына қызығушылар бар, – дейді Арал аудандық кә­сіп­керлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің маманы Данияр Қаржаубаев. – Сондай-ақ суы мөлдір Камбаш көліне бара­тындар көп. Көл қазір Қазақ­стан­дағы 50 үздік туристік нысан қатарына енді. Жыл сайын осы демалыс аумағына 100 мың­ға жуық турист келеді.

Өңірде медициналық және экотуризмді дамытуға ден қойы­лып отыр. Жыл басынан бері Сырға келген 50 мыңнан астам адамның 20 мыңы медициналық мекемелерді, қалғандары эколо­гиялық және ғарыштық экскурсияларды таңдаған. Бірақ осы сұра­нысқа ие болып отырған соң­ғы ба­ғытты толық жүзеге асыру үшін бірқатар мәселе шешімін табуға тиіс.

– Шетелдік туристердің Бай­қоңырға келуіне рұқсат бере­тін құжаттарды тексеруге 55 күн кетеді, – дейді облыстық кә­сіп­керлік және өнеркәсіп бас­қар­масының бөлім басшысы Мұхтар Жетілгенов. – Қазір ресей­лік әріптестермен осы мер­зімді 15-20 күнге дейін қысқартуды пысықтап жатырмыз. Қазақ­стандық турфирмалар үшін ғарыш айлағына кіру мүмкіндігі шектеулі екендігі де көп жұмысқа кедергі болып отыр. Бұл мәселе екі ел Үкіметі деңгейінде қара­латын болады.

 

Қызылорда облысы