Қоғам • 20 Қазан, 2022

Этнодемография: Ұлт құрамындағы елеулі өзгерістер

769 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

2009-2021 жылдары республикадағы елеулі демографиялық өзгерістер болғаны белгілі. Қазақстан халқы саны 3 млн 176 мың адамға өсті (19,8%). Халықтың жалпы өсімі оң қарқынды сақтап, көрсеткіші 33,7%-ды құрады.

Этнодемография: Ұлт құрамындағы елеулі өзгерістер

Қазақтардың үлес салмағы 2009 жылы 63,1% құраса, ал 2021 жылы 70,4%-ға жетті. Айта ке­тер болсақ, XIX-XXI ғасыр­лар­дағы санақ өткен жылдары қа­зақтардың ең жоғары үлес сал­мағы 1897 жылы байқалды, құ­рамында этностардың үлесі 82% болды.

1897-2021 санақ аралық жыл­дардағы қазақтардың өсу қар­қы­нын үш кезеңге бөлуге болады. Оның ішінде, ең жоғары өсім байқалған кезең – 2009-2021 жылдар аралығы. Осы уақыт аралы­ғын­да көрініс тапқан жоғары өсім негізінен табиғи өсімінің есебінен болды және қазақ тарихында бұрын-соңды болмаған. Туу көрсеткіштері өсті және туу­дың екінші және үшін балалар әсе­рінен қазақтың саны ұлғайды.

Келесі қазақтардың жоғары өсуі 1999-2009 жылдары байқалды. Осы уақыт аралығында қазақтың абсолюттік өсімі 2 125 мыңға (26,7%) жетті.

Абсолюттік және салыстырма­лы түрде халық санының артуы 1959-1970 жыл­дары байқалды. Аталған жылдары қазақтардың са­нының өсімі екі факторға бай­ланыс­ты болды. Қазақтың са­нының ар­туына үлкен әсер тигіз­ген ішкі фактор – туудың өсуі және өлімнің төмендеуі немесе табиғи өсім арқылы. 1955-1960 жыл­дары қазақ әйелдерінің туу жиынтығы коэффициенті 4,4-ке дейін жетіп, қөрсеткіштің әлемдік ең биік деңгейіне (4,9) жақын­дады. Сыртқы фактор – иммиг­ра­цияның ықпалы (1954–1962 жылдары Қытайдан Қазақстанға 252 мың қазақтар мен ұйғырлар көшіп келді, олар негізінен сол кездегі Алматы және Семей облыстарына қоныстанды.

Қазақ халқының табиғи өсуі­не меди­цинаның дамуы және өмір­дің әлеу­меттік-экономи­ка­лық жағ­дайын (ауру кезінде анти­био­тик­терді кеңінен қолдану, ауыл­дық жерлерде перзентхана­лар пайда болуы және т.б.) жақсарып, тірі туған­дардың саны­ның арттуына әкелді. 1959-1960 жылдар аралығында «демогра­фия­лық жарылыс» (әсіресе 1959-1961 жж.) байқалып, бірінші демо­гра­фиялық ауысудың ажырамас бөлігі ретінде болды. Осы кезеңдегі қазақ халқының жедел табиғи өсімі жалпы туу көр­сет­кішінің жоғары деңгейі арқылы қа­лыптасып және туу кезекті­лі­гі­нің артуы арқылы кө­бейді.

1970-1975 жылдары қазақтар­дың саны артып, республикада қа­зақ­тандыру үдерісінің ұлға­юы­­на алып келді. Кейбір елді ме­кен­дерде, әсіресе Жетісу және Семей облыстарында орыстар қөп шоғырланған аудан орталықтарында және ауылдарда қазақтардың саны өсе бастады.

Халықтың қазақ бөлігінің үлес сал­ма­ғы өсіп, керісінше орыстар 1970 жылдан бастап ұдайы кеміді. 1999-2009 жылдары орыстар саны 695 мың 941 адамға азайса, ал келесі 12 жылдықта олардың саны одан сайын төмендеді. Орыстар 2009-2021 жылдары 811 мың 818 адамға азайды. Бұл үрдіс орыстардың 1/5-ге (21,4%) азайғанын көрсетеді. Олардың үлес салмағы 2009 жылғы 23,7%-дан келесі он бір жылдан кейін, яғни 2021 жылы, 15,5%-ға дейін ке­міді. Сол сияқты украиндердің үлес салмағы 2,0%-ға, татарлар 1,1%-ға жетті.

1999-2009 жылдары халық санының кемуі орыс, украин, белорус, неміс пен татар арасында байқалса, ал келесі санақ бойынша (2009-2021 жж.) аталған этностардың (орыстардан басқа) саны тұрақталып, өсім пайда болды. Мысалы, украиндер 54,3 мыңға, белорустар 10 мыңға, немістер 47,7 мыңға, татарлар 14,4 мыңға артты. Көріп отырғандай, аталған этностардың арасында жалпы өсім берген немістер. Оларда эмиграция үрдісі болса да, негізінен этностың ұлғаюы (2018 жылға дейін) табиғи өсім арқылы жүзеге асты.

2009-2021 жылдар аралығында этностар арасында ең жоғары өсім өзбек пен ұйғыр этностарында байқалды. Өзбектер 1/3-ге (34,4%) көбейсе, ұйғырлар 65 мыңға өсті. Жалпы, басқа этностармен салыс­тыр­­ғанда өзбектердің 2009-2021 жылғы өсімі ең жоғары болды (157,1 мың). 1999-2009 жылдары 2009-2021 жылдармен салас­тырғанда өзбектердің өсуі екі есе кем болды.

1897-2021 жылдар аралығын­да­ғы өзбек этносының ұлғаю үрдісі үш ке­зең­нен тұрды. Мыса­лы, 1897-1929 жылдары өзбек­тер­­дің саны 99,8 мыңға артып, ең жо­ғары өсім байқалса, 1999-2009 жыл­дары 87,2 мыңға өсті, үшінші кезеңде 1959-1970 жылдары 80,4 мыңға көбейді.

XIX мен XXI ғасырларда өткен санақ мәліметтерін салыстыр­ғанда ұй­ғыр­лардың ең жоғары өсімі 2009-2021 жылдары бай­қал­ды (65,6 мың), осындай өсім үрдісі 1959-1970 жылдары да болды (61,0 мың).

Сол сияқты 2009-2021 жылдары татар, әзербайжан, корей, тәжік, дүнгендердің, белорус, күрд, поляк, қырғыз, чешен этностарының өсімі байқалды.

Қорыта келе 2009-2021 жылдары қазақтардың жоғары өсімі байқалады, бұл халық санының үлес салмағының артуына әкелді. Аз өсім берген және ке­міген этностар өздеріне жақын этнос­­­тар­ға ассимиляцияланды. 2021 жылғы санақ бойынша бірқатар этнос өзара ассимилияциядан өтіп, азайды. Мәселен, түріктердің бір бө­лі­гі әзер­байжан этносына айналып, әзер­байжандардың саны 170 мыңға жетті. Сонымен бірге түріктердін бір бөлі­гі ресми көшіп, тұрақты мекенжай ре­тінде Түркияны таңдады. Оған коса осы елге түркітердің уақытша жұмыс эмиграциясы бойынша көші-қон ағыны күшейді. Біраз украиндер, белорустар, поляктар орыс этносы өкіліне айналды. Сонымен бірге этносаралық некелерде ұйғырлар, өзбектер қазақпен неке құрған жағдайда қазақ болып жазылатын үдеріс байқалады.

2009-2021 жылдары қазақ­тар­дың жоғары өсімі байқа­лады, бұл халық санының үлес салмағының артуына әкелді. Қазақтардың үлес салмағы 70%-ға жетіп, айқын басымдыққа ие болды. Орыс­тар­дын саны 1937 жылдан бастап санақ аралығындағы жылдар ішінде 1989 жылға дейін өсіп келсе, 1989 жылдан бастап олардың өсімі күрт өзгеріп, теріс көрсеткішке ие болды. 1989 жылы орыстар саны 6 227 мың адамды құрады, 2021 жылы 3 245 мың адамға дейін азайды. Орыстар басқа еуропалық этностық топтармен салыстырғанда абсолютті санның айтарлықтай төмендеуі байқалды, бұл этностық топтар арасындағы үлесінің төмендеуіне әсер етті.

Украиндер саны 1970 жылға дейін өсіп, кейінгі жылдары азайды. 1970 жылы украиндер саны 933 мың адам болса, ал 2009 жылы 333 мың адамға төмендеді. Осылайша, 1970-2009 жылдары аралығында украиндердің саны 600 мыңға азайып, ал 2021 жыл­дан бастап өсім үрдісін бай­қаймыз.

1989 жылдан 2009 жылға дейін немістер, татарлар, белорустар арасында абсолютті санның төмендеу тенденциясы 2021 жылы тоқтады. 2009-2021 жылдары аталған этностарда санның тұрақтануы және біршама өсім байқалады. Өзбектер, ұ­й­ғырлар, әзербайжандар санының жо­ғары өсуін көрсетеді. Жиынтықта көр­­се­­тілген өзгерістер респуб­ли­каның демо­гра­фиялық доми­нан­­тының құры­лы­мын­да өзгеріс­тер­ге алып келді.

2009 жылға дейін респуб­ли­кадағы этноде­могра­фиялық до­ми­нантасында өзгерістер пайда болды. Осы жылға дейін этно­де­мографиялық құрылы­мын­да қазақтар, орыстар, белорустар, украиндер, немістер басым болды. Қазіргі кезде қазақ пен орыстан кейін, өзбектердін үлес сал­мағы өсе бастады. Сонымен бірге ұйғырлардың табиғи өсімі соңғы жылдары баяуласа да, бірақ жақын аралықта абсолюттік үлес салмағы артты. Сөйте келе, түркітілдес этностар үлесі басым бола бастады. Керісінше еуропалық этностардың (орыс, белорус, украин және неміс) үлесі азая бастады. Этно­демографиядағы өзгерістерді эко­номикалық, әлеуметтік сала­ларда, әсіресе оқу, денсаулық сақтау, білім беру, жұмыспен қамту, қызмет қөрсету салаларын­да және жергілікті атқару орган­дарында этнодемографиялық өзге­ріс­терді ескеру қажет болып отыр.

1-сурет. 1897-2021 жылдар аралығындағы халық санағының мәліметтері бойынша ұлттық құрамының үлес салмағы (%)

1

 

Ғали ДІНМҰХАММЕД,

Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының департамент директоры